50308
Астаналықтар Кіші Талдыкөлдің тартылып бара жатқанын айтып, дабыл қақты
Астаналықтар Кіші Талдыкөлдің тартылып бара жатқанын айтып, дабыл қақты
Нұр-Сұлтан тұрғындары Кіші Талдыкөлдің тартылып бара жатқанына алаңдаулы деп хабарлады turkystan.kz stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Олардың айтуынша, былтыр сот шешімімен тоқтауы тиіс болған құрылыс биыл қайта жанданған. Алайда қала әкімдігі көлдің тартылуын құрылыс жұмыстарымен байланыстырмайды.
«Олар көлдің бір жағындағы суын екінші жағына өздері пайдалану үшін құйып жатыр. Мұндай арнайы құрылғылар көл аумағында әр жерде орналасқан. Ал жүк көліктері күні-түні келіп, көлге топырақ пен қоқыс төгеді. Сонымен қатар 100-ден аса нысанның құрылысы жүріп жатыр. Басым бөлігі тұрғын үйлер, ал көлдің төртінші бөлігінде, жоспар бойынша, сауда орталығы салынуы қажет», – деді экобелсенді Әсел Мелдешова.Оның сөзінше, 16 маусымда Талдыкөлді сақтап қалуға бағытталған сот отырысы өткен. Мұнда көл аумағында су қорғау аймағын құру мәселесі көтеріліпті.
«Барлық су қоймаларында арнайы қорғау аймақтары болады. Алайда Талдыкөл үшін бұл қарастырылмаған. Жер де жекеменшікке үлестіріліп берілген. Қазір жылы жақтан ұшып келген құстарға көл тарлық етеді. Мұны көлге барған кез келген адам байқайды. Көпшілігі табиғи мекенінен айырылды», – деп қосты ол.Ал қала әкімдігі көлдің тартылуы табиғи құбылыс деп санайды. Сондай-ақ көл көктемгі еріген қар суы есебінен қалыптасатынын жеткізді.
«Көлге құятын су ағыны болмағандықтан, жаз мезгілінде кебеді. Басқарма Кіші Талдыкөл сулы-батпақты алқаптарының аумағы 30 гектар болатын рекреациялық аймақтың, яғни экопарктың жоспарын әзірлеуде», – делінген әкімдік жауабында.Дегенмен белсенді мұндай байламмен келіспейді. Оның айтуынша, көлдің қалыптасуы мен толуы туралы деректер толық зерттелмеген.
«Басшылық өкілдері 2013-2014 жылдары жүргізілген зерттеуге арқа сүйейді. Алайда бұл зерттеулер қазір өз маңыздылығын жоғалтқан. Тоқтаусыз топырақ себу, су соратын құрылғылардың қойылуынан-ақ көлдің тартылуы қолдан жасалғанын көреміз. Сонымен қатар көл мың жыл бұрын пайда болған. Бір маусымда тартылып қалатындай шағын да емес. Біз қыста өлшегенде топырақ себілген аймақтарда тереңдігі 3 метр болатынын көрдік. Нұр-Сұлтанда 2021 жылы аптап ыстық байқалмады. Сондықтан көлдің тартылуы табиғи құбылыс дегенмен келіспеймін», – дейді Әсел Мелдешова.Кіші Талдыкөл мәселесін көтеріп жүрген белсенді Шүкірбай Ділмағамбетов 2021 жылы су қоймасын көму жұмыстарын тоқтату туралы шешім қабылданғанымен, биыл қайта жанданды дейді.
«Қазір жаңа көшелер салынды. Мәселен, Роза Бағланова көшесі көлді екіге бөліп тұр. Ал екі көл бір-бірімен қосылуы үшін жол астынан арық жүргізілмеген. Осының кесірінен біз көлдің тартылуын бақылап отырмыз. Егер арық жүргізсе, үлкен құбырлар салса, негізгі көлден тартылып жатқан аймаққа су өтетін еді. Көл тартылып жатқан жоқ, оны өз қолымызбен жойып жатырмыз», – деп мәлімдеді ол.Шүкірбай Ділмағамбетов көлді көму тек жануарлар әлеміне ғана емес, климат пен кәріз жүйесіне де зиян келтіретінін алға тартты.
«Біріншіден, жануарлар саны азаяды. Тұрғындар бұрынғыдай аққу мен қоқиқаздарды бақылай алмайды. Екіншіден, көлдің тартылуы тікелей климатқа әсер ететінін естен шығармау керек. Себебі көл суы буланып, бұлт пайда болады. Үшіншіден, көлдің аумағы тарылған соң, су деңгейі көтеріледі. Ал артық су жерге сіңеді. Бұл кәріз жүйесінің толуына алып келуі мүмкін. Көлді көміп, барлық мәселеден арыламыз деген қате пікір», – дейді белсенді.