792
Жаңаөзенге де жақсылық сыйлаған жампоз
Жаңаөзенге де жақсылық сыйлаған жампоз
Қазақ мұнайының игеріле басталғанына 120 жылдан асты. Бүгінде еліміз жылына
90 миллион тоннаға жуық мұнай өндіреді.
Дүние жүзіндегі алпауыт мемлекеттерде өндірістің өркендеп дамуы мұнай-газ қорларына барлау жүргізу мен өндіру қарқынын өте жоғары деңгейге көтерді, ал өңделген мұнай өнімдерін сату мол қаржы табудың бірден-бір тиімді жолына айналды. Бұл үрдіс біздің де даламызда мұнай мен газды өндіру және өңдеуді жолға қойды, сондай-ақ басқа да табиғи байлық кендерінің көздерін ашып, елімізді тездетіп индустрияландыруға арқау болды. Сонымен қатар өндіріс саласының қарқынды дамуы біздің атам заманнан бері қалыптасқан, тек қана ауыл шаруашылығымен айналысатын қоғамымызға жаңа жұмыс табының пайда болуына септігін тигізді. Осы тың салаларды игеруде, әсіресе мұнай-газ өнеркәсібінде көптеген қазақ азаматы маңдай терін төгіп, қиын да абыройлы жұмыстың қыр-сырын толық меңгеріп, Отанымыздың экономикалық әлеуетінің өсуіне мол үлесін қосты. Солардың арасында атақ-даңқы бүкіл Алашқа әйгілі болған Балғымбаевтар әулеті бар. Біздің мақаламыз қайраткерлер шыққан сол отбасының шоқтығы биік бір өкілі – Нұрлан аға Өтепұлы туралы болмақ.
Қазақ халқының нар тұлғасы Нұрлан Өтепұлы туралы жазылған еңбектер жеткілікті, тіпті ол өмірден озса да қазақ елі үшін атқарған қажырлы еңбегі, адамгершілігі мен ұлтсүйгіштігі ұмытылған емес. Дегенмен де Нұрекеңнің Жаңаөзенге жасаған еңбегін көзімен көрген азамат ретінде өткенге шолу жасап, ағамыздың рухы алдында інілік парызымды өтесем деген ой көптен көкейімде жүр еді.
Мен Өзен мұнайын алғашқы игерушілердің ортасында өскендіктен, Балғымбаевтар әулеті мен Нұрлан аға жайында жастайымнан қанық болдым, десе де ол кісімен алғаш рет кездесуіміздің сәті 1999 жылдың қазан айында түсті. Соның алдында Жаңаөзен қаласының әкімі Әбілхан Машани аға қыркүйектің он алтысында сенатор болып сайланған-ды. Заңға сәйкес, сайлауға үміткер болғандықтан, Мәкең тамыз-қыркүйек айларында жұмыста бола алмады. Қазан айының бірінші декадасында Нұрлан Балғымбаев «Қазақойл» ұлттық мұнай компаниясының жаңа басшысы ретінде Ақтауға іссапармен ұшып келді. Ол күндері елдің тұрмыс жағдайы өте төмен деңгейдегі кез еді, себебі өндіріс тұралап, мекемелер банкрот болып, мардымсыз жалақының өзін де мезгілімен төлей алмай жатқан уақыт. «Нұрлан Балғымбаев Ақтау қаласының әкімдігіне келеді» деген хабарды естігеннен-ақ сұрақтарымды әзірлеп, Жаңаөзен қаласында қалыптасқан жағдайларға қатысты мәселелерді жеткізу мақсатымен кездесуге бардым. Аздаған топ қала әкімшілігінің қонақүй жағындағы орталық көшені жауып тастамақ болып жүр екен, олардың қоятын талабы – зейнетақы мен жалақы мәселесін шешуді жоғарғы жаққа жеткізу.
Қала тұрғындарының мақсаты Н.Балғымбаев Премьер-Министр қызметінен кеткенімен, ел алдында абыройы мен беделі өте жоғары болғандықтан, осы азаматпен кездессек, қол ұшын берер, мәселелерді шешуге ықпалын тигізер деген үлкен үміттен туындаған-ды. Кеңсеге кіріп амандасып, өзімнің Жаңаөзен қаласынан келгенімді, қала әкімінің қызметі ауысуына байланысты уақытша міндетін атқарушы екенімді жеткіздім. Жаңаөзен қаласында күрделі, шешімі күттірмейтін өзекті, шұғыл мәселелер көп еді, сондықтан іріктеп, негізгі он бір сұрақты баяндадым.
Мұқият тыңдап болған Нұрекең, «Жалғас, сен тоқта, мен бір айдан соң арнайы Жаңаөзенге іссапармен келемін», – деп сөзін жалғады да, «Жә, мына проблемалардың ішінен ең тез арада шешілуге тиіс үшеуін іріктеп айт, келесі жолыққанда қалғандарына тоқталамыз», – деді. Бұл кездесу мені ерекше таңғалдырды, себебі Нұрлан Балғымбаев еңбек жолын Жетібай кен орнында бастап, уақыт өте келе мұнай саласының нағыз майталман шебері дәрежесіне көтеріліп, сала министрі, еліміздің Премьер-Министрі лауазымдарын атқарса да, өте кішіпейіл, аса қарапайым, сабырлы, ұстамдылығымен жүздескен адамды қайран қалдыратын тұлға екенін көрдім. Өр мінезді, тентек азамат деп те сырттай көп естігендіктен, кездесуге келгенде «Қалай қабылдайды, сұрақтарымды тыңдар ма екен?» деп ойлап қобалжып келгенмін, бірақ та ел тағдыры жайлы мәселелерге келгенде ағамыз ешқандай оқыс мінез танытпай, жанашырлық танытып, қойған әрбір сұрағымды орынды санады. Шындығын айтсам, қазір өзімнің сол уақыттардағы батылдығыма таңғалам. Әсіресе, Астана қаласы қаржы министрлігінің ғимаратында өткен Үкімет мүшелерімен барлық деңгейдегі әкімдердің бетпе-бет кездесуінде Жаңаөзен қаласы үшін өзекті жеті қиын мәселені залдағы 500 адамның алдында тайсалмай айтып, жоғарғы билікке батыл қойғанмын. Дегенмен ол батылдық ел алдындағы жауапкершілік жүгінің ауырлығын толықтай сезінгенімнен болар деп ойлаймын.
2001 жылғы 5 қыркүйекте Нұрлан Өтепұлының шақыруымен Кендірліде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың келу сапарына орай бәріміз жиналдық. «Ресми қонақтарды қалай күтіп аламыз, қай жолмен жүреміз, қала мен өндіріске байланысты қандай сұрақтарды көтереміз?» деген мәселелерді шештік.
Кенет ойламаған жерден Нұрлан аға: «Жалғас, Жаңаөзен бір тәулікте қанша су пайдаланады?», – деді. Мен: «Қыста 35-40 мың текше метр, жазғы мезгілде 25-30 мыңдай», – дедім. Ол: «Неге олай? Ақтау қаласының халқы Жаңаөзен қаласының тұрғындарынан екі есе көп, бірақ тәулігіне 20 мың ауызсу және 20 мың техникалық су тұтынады, неге бұл мәселені шешпейсің?», – деді. Содан соң: «Жаңадан құрылған коммуналдық шаруашылықтағы мекемені акционерлік қоғамға аударыпсыңдар, егер ол рас болса, біз қаланы «Бас келісімшарт» бойынша қаржыландыруды тоқтатуымыз керек, бұл қалай болды, неге бізге ескертпедіңіз?», – деп сұрақтарды жаудыртып алды да, «Қазір сені жұмыстан алып тастасам қайтесің?», – деді. Мен де іркілмей: «Аға, сабыр етіңіз, түсіндіруге мұрша беріңіз, менің әкім болғаныма барлығы он бес-ақ ай болды, қазір қаланың проблемаларын толық білемін, жоспарлар мен жобалар жасақталды, бірақ шешуге уақыт пен қаржы керек», – дедім.
Менің бұл жауабыма Нұрекең рақаттанып күліп алды, содан соң «Сені мен қызметтен босата алмаймын, сені орныңнан түсіретін облыс әкімі Ләззат Кетебайұлы, дегенмен біле тұра осылай сыйлап жауап бергеніңе рақмет», – деді. Нұрекең осылай деп айтқанымен, кейінірек Жақсылық Смағұлұлынан естігенім бойынша, кеңсесінде облыс әкімі Ләззат Кетебайұлымен Жаңаөзен мәселелері жөнінде кездескенде мен туралы «Қала әкімі болуға лайықты жігіт» деп өз пікірін айтып, келісімін берген екен. Н.Балғымбаевтың тапсырмаларына жауап әзірлеу үшін Бейімбет Шаяхметов екеуіміз Жаңаөзенге кері кеттік және ертесі күні түске таман тиянақты, ауқымды анықтамаларды әзірлеп есеп бердік, құжаттармен танысып болған соң ол бізге орындауға межелі уақыт берді. Реті келгендіктен айта кетсек, сол жылдары қала әкімі Машани Әбілхан мен өндіріс басшысы Жақсылық Жанғазиевтің маған берген тікелей тапсырмасына сәйкес, біздің жаңа құрған коммуналдық шаруашылықтағы мекеме 178 көпқабатты үйдің жертөлелерін жылдар бойы жиналған қоқыстан толықтай тазалап, жөндеу жүргізіп, әктеді де жаңадан құрылып жатқан жеке пәтер иелері кооперативтерінің балансына өткізді. Нәтижесінде, Жаңаөзен қаласында елдің жылдар бойы мазасын алған «маса» проблемасы жойылған-ды, әрине бүкіл инженерлік жүйелерді ауыстыруға қажет құбырлар мен қаражатты мұнайшылар қаржыландырды. Сонымен, 6 қыркүйекте қазақ елінің Тұңғыш Президентімен екінші рет кездесіп, дастарқандас болып, тілек айту мүмкіндігіне ие болдым. Бұл, әрине біз үшін өз кезеңіндегі елеулі оқиға болған-ды.
Нұрсұлтан Әбішұлы Кендірлі бұғазын қайықпен аралап, итбалықтар мен құстардың түр-түрін көрді, жағалау қатты ұнаған болуы керек, келген бойда жеке фотографы А.Устиненконы суретке түсіруге жіберді. Жағада орналасқан балалар пионер лагерінің аймағында үш киіз үйді біріктіріп тігіп, қазақтың салт-дәстүрімен қонақасын бердік. Ас үстінде жағалаудан мұнайшыларға арнап демалыс орнын салуға рұқсатын берді.
Сөзімді әрі қарай жалғастырсам, Нұрекеңмен кездескендегі бірінші кезекті мәселе Теңге ауылындағы 860 орындық мектепті іске қосуды қолға алдық, бірақ қаржы тапшылығына байланысты үшінші қабатын көтеруге мүмкіндік болмады. Яғни, «сақалды» құрылысты аяқтауға кірістік, құрылыс-құрастыру жұмыс көлемін трест «МНГС» ұжымына, яғни бастапқы мердігерге беруге ұйғардық, себебі алдымызда қосалқы мақсат – тарау алдында тұрған мекемені қайтсе де банкроттықтан сақтап қалу қамы еді.
Екінші нысан – қалалық перзентхананы күрделі жөндеуден өткізу, сол арқылы «сальмонеллез» деген жұқпалы аурудан ғимаратты тазалау. Бұл өте қиын кез еді, өйткені қала бойынша өмірге жаңа келген сәбилер арасында шетінеу, мың балаға шаққанда қырық бір промильге жетті, жалпақ тілмен айтқанда, сәби өлімі орташа республикалық көрсеткіштен үш есе жоғары болып тұрды. Дәрігерлердің айтуынша, дамыған елдердің бұл көрсеткіші 3 промильден аспайтын көрінеді және олардың халқы перзентті болуға алдын ала дайындалып, денсаулыққа үлкен көңіл бөледі екен. Перзентханаға шұғыл жөндеу жүргізіп, қажетті жабдықтарды алып берген соң жағдай күрт түзелді, көрсеткіш республикалық деңгейге түсті. Қосымша өмірге ерте келген, салмағы өте аз шақалақтарды аман алып қалу үшін алғаш рет екі кюбез аппараты сатып алынды. Бұл бұрын-соңды болмаған баға жетпес еңбек болатын! Осы игілікті жүзеге асыруға мұрындық болған мұнайшы ағаларымызға ұрпағы өсіп-өнген Жаңаөзен халқының атынан әлі де мың мәрте алғыс айтамын. Өмірге сәбидің келуі де, өмір сүруі де, шетінеп кетуі де Алланың ісі ғой, бірақ жамандықтың жолын кесуге адамдық әрекет жасап, оның берекеті осылайша жүзеге асқан болатын.
Кейін Нұрлан Өтепұлы бастаған арнайы жұмыс тобы іссапармен келіп қаладағы барлық проблемамен егжей-тегжей танысты, түйткілді мәселелерді бірігіп, біртіндеп шеше бастадық.
Үшінші күрделі мәселе жұмыссыздық болатын. Себебі қаладағы әлеуметтік бөлімде төрт мыңнан астам адам тіркеуде болса, оның ішінде тең жартысы, екі мыңдайы ер-азамат еді, жұмыссыздық деңгейі 12,5 пайыз болды. Бұл мәселе Н.Балғымбаев құрған жұмыс тобы әзірлеп әкелген «Экологиялық бағдарлама» деген жобамен іске асырылды. Яғни, «Өзен» кен орны аймақтарында 40 жыл бойы қордаланған, топырақпен араласқан мұнай көлшіктерін, металдар мен құрылыс қалдықтарынан тазалау. Кезінде геолог-мұнайшы Сайлау Жылқайдаров ағамыз сыйлаған ғарыштан түсірілген «Өзен» мұнай кен орнының үлкен картасы менде әлі де сақтаулы, ол картада өндіріс аймағы қоқысқа әбден толғаны айқын көрінеді. Бұл жобаны іске асыру үшін он жаңа жеке мекеме ашып, әрқайсысына жүзден, барлығы мың жігітті төрт жақты «Өзенмұнайгаз акционерлік қоғамы – қалалық әлеуметтік бөлім – жаңа мекеме басшысы – жұмыссыз азамат» келісімшартымен, жұмысқа қабылдау арқылы жүзеге асырдық, әрбір азаматтың қолына 20 мың теңгеден таза жалақы берілді. Бұл жалақы өз кезеңінде едәуір айлық еді.
Осыдан соң қаладағы саяси-әлеуметтік ахуал тез жақсарды. Өзара келісілген бағдарламаға сәйкес бой көтерген «Аруана» қонақүйі Жаңаөзен қаласының көрікті, салтанатты мерекелік шараларын өткізетін орынға айналды. Біртіндеп аяқталмаған құрылыс болып, ұзақ жыл бойы тұрып қалған № 66, 67 тұрғын үйлердің құрылысын жандандыру үшін қаржы бөлінді, мердігерлікке тағы да қаржылық дағдарыстағы трест «МНГС»-ті тарттық, кейін дайын болған пәтерлер Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылар мен тыл ардагерлеріне, көпбалалы Батыр аналарға тегін берілді.
«Мұнайшы» мәдениет сарайын да күрделі жөндеуден өткіздік, ол үшін ғимаратты жергілікті әкімшілік балансынан шығарып, «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамына беруге тура келді, басқаша қаржы бөлу мүмкіндігі болмады. Айтпақшы, мәдениет сарайын іске қосқан соң ертесі күні болашақ орталық стадион құрылысының да қазығы қағылды. Өзен мұнайшыларының өз қолымен салған «Кендірлі» демалыс орны тоғыз ай ішінде іске қосылды және қаламыздың мақтанышына айналды. Кендірлі демалыс орнының ашылуына бес мемлекет басшысы қатысқан болса, кейін шетелдік инвесторлар кеңесінің кездесуі, Каспий теңізі маңы елдерінің экологиялық саммиті сияқты ауқымды мемлекеттік шаралар өткізілді. Жоғарыда аталған нысандарға ұзын ырғасы екі мыңға жуық адам жұмыс орнымен қамтамасыз етілді, сөйтіп өндіріс басшылары мен жергілікті әкімдердің бірлігі мен қоян-қолтық қызмет еткенінің нәтижесінде елдің тұрмыс-тіршілігі әжептәуір түзелді. Ортақ проблемалар күн тәртібінен түскен соң мұнайшылар да алаңдамай өз қызметтерімен айналасуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ мектептерді компьютерлендіру, интерактивті тақталармен қамтамасыз ету, тұрмысы төмен отбасылар мен әлеуметтік топтарды қолдау, ардагерлерге құрмет, өкпе ауруларымен емделуші жандарды қосымша тамақтандыру, ипподром салу, қалалық әуежайды күрделі жөндеуден өткізу (бір ай бойы Жаңаөзеннен Атырауға ұшақ ұшты) сияқты көптеген жұмыс Бас келісімшарт негізінде іске асырылды. Бұл ауқымды шараларды атқару кезінде «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы президенті болған аса білімді, қаламыздың әрқашанда қамқоршысы, іскер басшы, еліне елеулі азамат Мұрат Құрбанбаевтың еңбегі орасан еді.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді атам қазақ. Бүкіл Қазақстан аймақтарында орналасқан мұнай кен орындарынан келген сан алуан маман иелері өзара жарысқа түсіп, үздіктері аса бағалы сыйлықтар алды. Осы үлкен мерекелік шара соңында барлық мұнай басшылары мен ел азаматтарының алдында Нұрлан Өтепұлы менің қала басшысы ретінде атқарған еңбегімді бағалап алғыс айтқанын ешқашан ұмытпаспын.
Барлық түбек халқы жақсы білетін, 2000 жылдың қыркүйек айында республика деңгейде өткізілген Пір Бекет атамыздың 250 жылдығына арналған астың және құрылыстардың идеялық авторы Ләззат Кетебайұлы болса, ал қаржыландыру мәселесін бөлісе көтерген Нұрекең басқарған мұнайшылар еді. Барлық мәселеге зор жауапкершілікпен, тереңнен зерделеп қарайтын ағамыз өмірден тым ерте кетті, әлі де елге бергенінен беретіні көп қайран аға – ел тұлғасы, біртуар азамат еді! Мұнай министрі кезінде Нұрлан Өтепұлы 1995 жылы тамыздың 22-інде Жаңаөзен қаласында жиналыс өткізіп, ауыз және сарқынды суды тазалау, Кендірліден демалыс орнын ашу жөнінде тарихи шешім қабылдаған болатын, ол хаттама менде әлі де сақтаулы. Ұмытпасам, келесі күні Нұрекең қала мен өндіріс басшыларымен бірге Кендірліге арнайы барып, жағалауды аралап көрген болатын және араға алты жыл салып құрылысты бастатып, жоба осылай іске асты. Сапалы ауызсу жаңаөзендіктер үшін қай мезгілде де күрделі де ауыр мәселенің бірі болатын, сондықтан Еділдің суын тазалайтын «МУД-720» маркалы француздардың «Дегремон» компаниясының қондырғысын алдыртып, қаламызға орнатып берген-ді. «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының бас директоры Жақсылық Смағұлұлының тікелей тапсырмасына сәйкес, бұл жобаны жүзеге асыруға басынан аяғына дейін белсене араластым, тіпті «Өзен жөндеу-құрылыс» басқармасының директоры қызметін тастап, «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының құрылыс департаментіне ауысуға да тура келген-ді. Қондырғы пайдалануға берілген соң қала бойынша гепатит көрсеткіші республикалық деңгейде төмендеді, негізінен сары ауру дерті ауызсу сапасына тікелей байланысты екен. Мен бұл мақалада Нұрлан Өтепұлының жалпы мұнай-газ өнеркәсібі саласындағы атқарған ұлан-ғайыр еңбегін, республика деңгейіндегі үлкен шараларды ұйымдастырудағы біліктілігі мен қабілеті жөнінде сөз қозғаған жоқпын. Мен Нұрекең бастаған ағаларымыздың «Өзен» мұнай кен орындағы атқарған еңбектерінің кейбіріне ғана тоқталамын. Жүзеге асырылған үлкен жобалардың арасында УПСВ-1, УПСВ-2 (алдын ала мұнайды судан айыру) комплекстерінің құрылыстары өнеркәсіп үшін ерекше орын алады. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысында алғаш құрастырылған бұрғылау мұнараларын «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы игеріп отырған «Өзен» кен орнында сынақтан өткізіп, «Бұрғылау» ЖШС-на пайдалануға берілуі де өте маңызды оқиғалардың бірі болатын. Жақында «Маңғыстау» газетінің 6 қаңтардағы нөмірінде «Қазақойл» ҰМК басшыларының 1999 жылғы желтоқсанда Жаңа-өзен қаласы тұрғындарының «Қазтрансойл» акционерлік қоғамы жеткізген ауызсуы үшін қордаланған 243 миллион теңге берешегін жабудың ешбір амалын таппай, Астанадағы мұнай саласының басшылары болған ағаларға арқа сүйеп барғанмын. Бұл – Жаңаөзен тұрғындары үшін күрделі мәселе, сондықтан менің «жанайқайымды» түсініп, тауымды жықпай, тез арада шешіп бергенін аса ризалықпен жазғанмын. «Қуана білмегенге құт қонбайды» демекші, өзімді Нұрлан Балғымбаев сияқты ел тұлғасы бастаған, қазақ елінің тәуелсіздігінің іргетасын қалаған, мемлекетіміздің қалыптасуына өрелі үлес қосқан ағалармен қызметтес, әріптес, үзеңгілес інілерінің бірі болып тәлім-тәрбие алғаныма және де тапсырмаларын абыроймен орындап, сенімдерін ақтай алғаныма өзімді бақытты сезінемін.
Уақыт өте келе менің түсінгенім, сол кездегі басшы ағалар үшін елдің қамы, халықтың тұрмыс-жағдайы өндірістің күнделікті күйбең тіршілігінен анағұрлым жоғары тұрған екен. Олар Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай, «Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет еткен» жандар еді. Дәл сол мезгілдері қала мен өндіріс арасында өте іскерлік байланыс орнаған-ды, әттең кейінгі жас менеджер басшылар тек мұнаймен айналысып, әкімшіліктен сырт айналып, қала тірлігіне қатысты мәселелерді немқұрайды тыңдап, өзім білдікке салынды, тіпті жазған өтініш хаттарымызды атүсті қарап, сыртымыздан әрпіл-тәрпіл сөйлейтін кездер де болмай қалған жоқ. Ол басшылар кәсіподақтың қордаланған қаражатын мезгілімен аудармай, кәсіподақты әбден әлсіретіп, ел алдында беделіне нұқсан келтірді, сондықтан ел ендігі жерде өндіріс басшысы мен кәсіподаққа арызданбай, ереуілдеуші топ басшыларына иек артатын жағдайға жеткен-ді.
Мұнайшы жұмысшылардың әлеуметтік пакеттерін ең жоғарғы деңгейге көтеріп, республикада жұмыс берушілер арасында бірінші орын алдық деп масайрап, халыққа енді тек жұмыс істеңіздер деген талап қойып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуді мүлдем ұмытты, жұмысшы халықпен арадағы байланысты сөйтіп жүріп үзіп алған-ды. Оның кейінгі салдары бәрімізге белгілі. Өкініштісі, жас толқын басшылардың кейбіреулері Нұрлан Балғымбаев сияқты сардар басшылардың салған сара жолымен жүре алмады.
Дегенмен барлығын бірдей кінәлауға да болмас, себебі білімді, талантты жас мамандардың қажырлы еңбегімен жаңа технологиялар өндіріске енгізіліп, жаңа өндіріс мәдениеті қалыптасып келеді. Олардың алғырлығына риза болып қуанамыз, болашақта елді, өндірісті кімдер басқарады деген ой өз жауабын тапқандай. «Ауру батпандап кіріп, мысқылдап шығады» демекші, болашақта өткеннен сабақ алып, басшы кадрларды дайындау, тағайындау мәселесіне дұрыстап көңіл бөлетін уақыт жетті. Өйткені басшылық қызметке кездейсоқ адамды тағайындау, яғни оның жерлестігіне немесе руластығына қарау дұрыс емес саясат.
Қазақтың «Басшысы жақсы ел азбас, басшысы жаман ел оңбас» деген даналық сөзі осындайдан шыққан болар. Мақаланы жазудағы көздеген мақсатым, біріншіден елдің ең қиын өтпелі кезеңінде қызмет атқарған ел азаматы Нұрлан Өтепұлының Жаңаөзен қаласы мен мұнай өнеркәсібіне қосқан мол үлесін, үзеңгілес әріптестерімен бірігіп атқарған еңбегін қазіргі жас ұрпақ өкілдері біле жүрсе деген ой. Орайы келгенде айта кетейін, Нұрекең ағамыз алпысқа толғанда Атырау қаласына мерейтойға шақырды, сыйлы азаматтың ықыласын қабыл ала отырып құр қол бармадым. Өйткені мен атақты геолог Сайлау Жылқыайдаров ағамыздан Ұлы Отан соғысының ардагері, мемлекет қайраткері Өтеп Балғымбаев атамыздың Жаңаөзен қаласының алғаш қазығын қаққанын және оның өркендеуіне мол үлесін қосқаны туралы айтқан естелігін әлденеше рет естігенмін. Сондықтан Өтеп атамыздың айрықша еңбегін бағалап, оған Жаңаөзен қаласының ең үлкен көшесіне есімін беру туралы шешімді Нұрекеңе ел алдында табыстадым. Алдыңғы лек ағалар қиын-қыстау кезде еңбек етті, бірақ мойымады, себебі олар қазақтың: «Қиындықтан қайыспаған жанға құдай қарасады, тағдыр болысады» деген даналық сөзін бойына жастайынан сіңіріп өскен болса, кейін өздерінің ұстаз - басшысы, уақытында «қазақтың Маресьеві» деген абыройлы атаққа ие болған Рахмет Өтесінов ағамыздың өмірдегі ерлігі де өнеге болды деп есептеймін. «Жақсы адам – елдің ырысы» демекші, сөз соңында тірі болғанда биыл 75 жасқа келетін Нұрлан Өтепұлының топырағы торқа, иманы жолдасы болсын. Оның үлгі тұтарлық өмірінен сабақ алған, елім деп бой түзеген ұрпақтары – інілеріміз тәуелсіз еліміздің мәңгілігі үшін қажырлы еңбек етіп, әке жолын абыроймен жалғастыратынына сенімім мол.
Жалғас БАБАХАНОВ, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы