Сәтбаев жолын жалғаушы

Сәтбаев жолын жалғаушы

Сәтбаев жолын жалғаушы
ашық дереккөзі
571
Портретті очеркіміздің кейіпкері Алтекеңді, елімізге белгілі қоғам қайраткері, бүгінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Алтынбек Нухұлын ару қала Алматыда, қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қатар еңбек еткен кезден білемін. Ол аталған білім ордасының Химия факультетінде, мен Журналистика факультетінде оқытушылық қызмет атқарып жүрген тұста жолымыз түйіскен. Кейіннен сонда «Қазақ университеті» газетінің бас редакторы, «Қазақ университеті» баспасының директоры лауазымдарында болған кезімде жалындап тұрған жас ғалыммен жақын танысып, тырнақалды ғылыми еңбектерінің жарыққа шығып, елге кең танылып, таралуына аз да болса септігім тиген-ді. Десек те, Алтекеңмен жақын араласқан тұсымыз сылқым Есілдің бойына жан бітіріп, бағын жандырған сәулетті елордаға қызмет бабымен ауысып келген кезімізге дөп келеді екен. Одан бері де атандай он төрт жыл зу етіп өте шығыпты-ау! 2008 жылы ол Пав­лодар мемлекеттік педагогикалық инс­титутының ректоры лауазымынан Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті төрағасының орынбасары қызметіне, мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Журналис­тика факультетінен Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне Журналис­ти­ка кафедрасының меңгерушісі болып ауы­сып келгенімізде жолымыз бас қаламызда қайта түйісті. Содан бермен етене аралас­ты­ғы­мыз артып, достығымыз жарасымды жал­ға­сын тауып келе жатқаны көңіл жадыратады. Әдетте, жаратылыстанушылар мен әлеу­меттанушы ғалымдардың тон­ның ішкі бауындай аралас-құраластығы бола бермейді. Өйткені екі сала мамандарының ділі (менталитеті) бөлектіктен болуы керек. Бәлкім, ғылыми қызығушылықтары түйісе бермейтіндіктен де солай шығар. Бірақ, бұл тәмсіл екеуміздің арамыздағы жарасымды сыйластыққа қылаудай сызат түсірген емес. Оның бірден-бір себебі Алтекеңнің бол­мы­сына байланысты деп білемін. Рухани бай, шешендік өнердің уызын қанып ішіп, бойына дарыта алғандығы соншалық, оның қалың жиында сөз саптауы – жаратылыстанушы ға­­­лымнан гөрі, құдды бір әдебиеттанушы сөйлеп тұрғандай әсерге бөлейтініне талай­лар тамсанғанының куәсімін. «Жігітке жеті өнер де аз» деген халық қағидасы ойға орала­ды осындайда. Алтекеңнің шешендік өнердің шашасына шаң жуытпаған жүйрігі бол­ма­сына қақысы да жоқ. Арғы аталары Арқаға ғана емес, алашқа аты әйгілі Бұқар жырау мен атақ­ты Шорман би әулеті болса, жаралған топырағы аузына Алла сөз салған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлынан бастап, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан сынды кілең алып акаде­мик­тер ауылы екені рас болса, сөз мәйегін тауып сөйлемеу Алтекеңе сын болмай ма?! Алма сабағынан алысқа түспейді. Сол дәннен түп жарған мәуелі бақ мол жемісін бермей қоймайтыны тағы рас. Алтекең – мәуелі бақ­тың жарқын жемісі. Өткен, 2021 жылы Алтынбек Нухұлы «Жылдың ең үздік Сена­торы» жүлдесіне ие болды. Ол да туған то­пырақ қасиетінің жемісі деп білеміз. Жеңіс оңай келмейтіні етенеден белгілі. Жыл бойғы заң шығарушылық дейтін көптің көзіне кө­ріне бермейтін, мехнаты мол, аса жауап­кер­шілікті талап ететін, көз майын тауысып ең­бектенуді қажетсінетін, түрлі кездесу, жүз­десулерде тауып сөйлеп, сүрінбей өтуді сұра­нып тұратын сенаторлық міндетін мүл­тік­сіз атқарғаны өз алдына, қоғамдық негіз­дегі қомақты қызметіне берілген әділ баға деп білеміз. Ол қандай қызмет болды екен дейсіз бе? Түгел тізбей-ақ, көптің көңілінен шыққан екі ірі ісін айтсақ та, оған көзіңізді айқын жет­­­­кіземіз. Қазақтың Қанышының ерен еңбегі – ұрпаққа үлгі. Бүгінгінің балалары Сәтбаевтың өнегелі өмірін үлгі тұтып өссе, ұлттың ертеңі жарқын болар еді. Бірақ олай болмай тұрғаны жанымызды ауыртады. Осы күн­гі жастардың бас қаһармандары – қолдан жа­салған, бүгін бар, ертең ғайып «жұлдыздар». Ән­шісымақтар мен әртіссымақтар. Бүлінген­нен бүлдіргі терген блогерлер. Одан қалса, ұр­лықпен байыған байсымақтар мен билі­гі­мен шіренген шенеуніктер. Ал нағыз құрмет­телу­ге тиіс ғалымдар мен еңбек ерлері ескеру­с­із, қажетсіз тұлғалар болып шетке ысыры­лып, дәріптеусіз далада қалуда. Оны көрген жастар қайтіп ғылымға, адал еңбек етіп, мол ризық табуға ұмтылсын? Оларды оңай ол­жаға бейімдеп жатқан өзіміз, қоғамның осы бір кінәраты – елдігіміздің ертеңі үшін үлкен қауіп. Мұны мемлекеттік идеологиямыздың үлкен олқылығы демеске лажымыз жоқ. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерей­тойы аясында сол олқылықтың орнын толтыру бағытында оң қадам жасауға нышан бай­қалғанының өзі – көңілімізге медет. Елі үшін, қасиетті жері үшін тер төккен, тіпті жа­нын пида еткен арда арыстарымызға ар­нап ескерткіштер тұрғызылуы, олардың ғиб­­­­ратты ғұмырларын көпке өнеге ету мақ­сатында деректі және көркем фильмдер тү­сіріліп, көгілдір экраннан беріле бастауын жақ­сылыққа жоримыз. Бұл бағытта әлі де атқарылар іс қыруар екенін ел зиялылары ба­ғамдап отыр. Ел құрметтеуге тиіс игі жақ­сы­ларымыздың үніне құлақ асып, мақсатты бағыттағы жұмыс жүйелі жалғасын таба берсе, ұлт ұтысқа шығары даусыз. ХХ ғасырда қазақ ғылымын әлемге паш ет­кен, сол арқылы қазақ деген халық бар еке­нін төрткүл дүниеге танытқан Қаныш Сәт­баевтың ескерткіші Тәуелсіз Қазақстан ас­танасында күні кешеге дейін болмай келуі – елдігімізге сын еді. Сол мінді түзеуде сенатор Алтынбек Нухұлының еңбегі ерен екенін айтуға тиістіміз. Елордадағы Сәтбаев көше­сінің төріне қойылған еңселі ескерткіш алыстан менмұндалап көз тартады. Жоба иде­я­сының авторы және жетекшісі Алте­кеңнің жан-тәнімен беріле істеген еңбегінің жемісі екенін көпшілікке жар сап тұрғандай әсерге бөлейді. «Қ.И.Сәтбаев халықаралық қоры» қамқоршылық кеңесінің төрағасы ретінде ұлы ғалымның ғибратты ғұмырын ұрпаққа үлгі ету мақсатында ескерткіш тұр­ғызумен шектеліп қалмай, атақты ақын Несіп­бек Айтұлына қолқа салып, поэма жаздырып, оны аудиотаспаға түсіріп, «Қазақ» радиосынан бірнеше дүркін тыңдарманға та­ныстырып, алтын қорына табыстауы – жан­кешті еңбегінің тағы бір парасы. Сәт­баевқа арналған телесериал түсіріліп, «Қа­зақстан» ұлттық телеарнасы қалың көрер­мендерінің көзайымына айналуында да сенатордың қолтаңбасы анық байқалады. Қазақтың Қанышының ғұмыр-дастанын зерттеп, зерделеумен айналысу Алтекеңді бір­тіндеп оның жолын жалғаушы деңгейіне көтеріп келеді. Жаратылыстану саласынан шық­қан ғалымдар арасынан көсемсөзшілер, яғни бұқаралық ақпарат құралдарында қо­ғамның өзекті мәселелерін көтеретін тұл­ғалар тым сирек. Алтекең радио, телеар­на­лардың үлкен аудиториясында көптің көңілінен шығар құнды ойларын мөлдіретіп айта алатындығымен бірге, баспасөзде жиі жа­рияланып тұратын көсемсөз туынды­лары­мен де ел құрметіне бөленіп келеді. Үстіміздегі жылы қазақ халқының ме­рейін тасытатын бір мерейтой ата­лып өтіледі. Ұлтымыздың рухани ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына – 150 жыл. Бір өзі бірнеше институттың атқара ал­май келе жатқан қызметін еңсерген ұлт ру­ханиятының ұлы тұлғасына қазақ елі қарыз­дар. Ол қарызды немен өтейміз дегенді әр қазақ ойлануы керек. Сенатор Алтынбек Нухұлы алғашқы болып ой салып, үлкен мінберден ұлт ұстазының ұлы тойын халықаралық мәртебелі ұйым ЮНЕСКО күн­тізбесіне енгізіп, әлем адамы деңгейінде атап өту туралы бастама көтерді. Оны әріптестері ғана емес, қалың ел қолдап әкетті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, жүрекжарды бастама нәтижелі болды. Алыстан қуанышты хабар жетті. Басқа жұрттар қол жеткізе алмай жүрген мәртебелі ұйым қазақтың Ахметінің мерейтойын әлемдік деңгейде атап өтуді ұйғарғаны туралы шешім қабылдауы – алаш асы­ғы алшысынан түскенінің айғағы. Ендігі- сі – елдігімізге сын. Одан сүрінбей өту қазақ би­­лігі мен халқына емтихан болғалы тұр. Үкі­метке қайта-қайта сұрау салып, әкім-қара­лар­ға хат жазып, елдің мазасын алып, атқамі­нерлердің жауапкершілігін арттыруға, ел зия­лыларын осы іске жұмылдыруға мұрын­дық болып жүрген сенатордың еңбегі атап өту­ге әбден лайық. Алтекең бастамашыл бол­ған іс нәтижесіз болған емес. Алла жар бол­са, еліміз бұл емтиханнан да сүрінбей өтіп, абыройы асқақтайды дегенге сеніміміз мол. Ең бастысы, Ахмет Байтұрсынұлындай ұлт жанашырының жолы даңғыл болып, ел болашағы – жастарымызды ұлт ұстазының ұста­нымымен баулу мақсаты жүзеге асса, ме­рей­тойдың нағыз нәтижесі сол болар еді... Сегіз қырлы, бір сырлы жігіт ағасы Алте­кеңнің іскерлігіне, ұйымдас­тыру­шылық қабілетінің кереметтігіне ана жылы Павлодар қаласына барған сапарымызда көз жеткізіп қайтқанымыз бар-тын. Ол кезде Пав­лодар мемлекеттік педагогикалық инсти­ту­тының ректоры болатын. Сонда ол инсти­тутты университетке айналдыру бағытында қыруар жұмыс жүргізіліп жатқанын айтып, айызымызды қандырған еді. Көп ұзамай мақсатына жетіп, білім ордасы университет болғанын естіп, қуанышын бөліскеніміз есімізде. Ректор іскерлігінің бұл да бір айқын ай­­ғағы. Қазақстан Жазушылар одағының тө­ра­ғасы, мемлекеттік сыйлықтың иегері, атақ­ты ақын Ұлықбек Есдәулетовтің шығар­ма­шылығын дәріптеуге арналған салтанатты шараға астанадан қадірлі қонақ ретінде шақырылған бір топ қаламгердің қатарында болған едік сол сапарымызда. Керемет ұйым­дас­тырылған кездесу кешінен екі күн, екі түн көр­ген-түйгенімізден алған әсерімізден одан бері бес жылға жуық уақыт өтсе де арыла ал­май келеміз. Алтекең туған жердің даңқын асыру мақсатындағы іс-әрекеттеріне есеп бер­гендей болып еді сол жолы. Өзінің жүзеге асыр­ған жобаларымен таныстырып, мейі­рі­мімізді әбден қандырды. Павлодар облы­сының қасиетті қазыналары картасын көріп, Марғұлан орталығы мен Сұлтанбет сұлтан­ның ғылыми білім беру кешенін, «Ақкелін» тарихи-мемориалдық кешені құрамындағы Мұса Шорманұлының кесенесін, Шорман би отбасының үй-жайы мен «Туған жердің тарихи тұлғалары» музейін аралап, «Павлодар об­лысының 100 тарихи тұлғасы» атты қазақ жә­не орыс тілдерінде түсірілген 200 қыс­қамет­ражды фильмнен үзінділер тамашалап, керемет күй кешіп, өмірі ұмытылмастай әсер­ге бөлендік. Кешкісін тастаяқтан (бильярд­тан) Ұлықбек Есдәулетов атындағы тур­нир ұйымдастырды. Тартысты додаға қаты­сып, жүлделі екінші орын алып, қомақты қар­жылай сыйлықты қанжығамызға бай­ладық. Одан бөлек, арнайы дайындалған ку­бок иеленіп, әріптестермен бірге мәре-сәре бо­лып тарқағанымыз естен кетпейді. Таң-тамаша қалдырғаны, таң атқанша қасымызда болған Алтекең таңғы асымызды ішіп болар-болмаста кабинетіне жинап, екі күнгі, ішінде түн ортасы ауғанға дейін жалғасқан турнир­дің фотосуреттері де бар әрқайсымызға арнап бір-бір фотоальбомды қолымызға ұстат­қанда, бұған қалай үлгерген деген ой жылт бергені жадымызда. Ұжымды бір мақ­сатқа жұмылдыра білген ұйымдастырушылық қабілет деп, міне, осыны айт! Телегей теңіз білім иесі Алтекеңнің бі­лім, ғылымдағы жетістіктері туралы сала мамандары болмаса, біз жарытып еш­теңе айта алмайтынымыз хақ. Өйткені хи­мия­дан хабарымыз аз. Дүлдүл шешендігін жо­ғарыда тілге тиек еттік. Қайраткерлік қы­ры туралы аз болса да саз хабар жеткіздік деген ойдамыз. Енді бір қыры туралы біз айт­пасақ болмайды. Ол тастаяқ шебері екені жай­лы шындық. Қай нәрсені қолға алса да, әуесқойлықпен шектелмей, кәсіби деңгейге көтеріліп барып жүзеге асыру – Алтекеңнің тума табиғаты. Қазақ зиялыларының ара­сын­да тастаяққа әуес таланттар көп, бірақ кәсіби деңгейде меңгерген жан жалғыз. Ол – Алтын­бек Нухұлы. Қалай дейсіз бе? Айтайын. Ар­найы оқуын оқып, арнайы жаттықтырушы жал­дап, сиқырлы өнердің қыр-сырын терең мең­герген, киді ұстап, шарды ұру алдындағы тұры­сының өзі кәсіби тастаяқшылардан бір айны­майтын Алтекеңнің ұрған шары ұя­сында топ етіп тулап жататынын көр­ген­дер­дің тамсанбайтыны кемде-кем. Сенаторлар арасында ғана емес, қаламгерлер мен өнер адамдарының ортасында өткізіліп тұратын түрлі тастаяқ турнирлерінде топ жарып, бас бәйгені иемденіп жүргені де сондықтан. Ендеше, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, тастаяқта ғана емес, өмірдарияңызда да тасыңыз өрге домалай берсін, Алтеке демекпіз!

Қайрат САҚ, Л.Гумилев атындағы Еуразия университеті Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор

Серіктес жаңалықтары