Бүгін Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу қарсаңында салтанатты жиналыс болып өтті. Іс-шара аясында Министр Дәурен Абаев министрліктің және саланың ерекше көзге түскен қызметкерлеріне мемлекеттік наградаларды табыстады.
«Халқымыздың азат ел болуды ғасырлар бойы армандағанын білесіздер. Бабалардың сол ұлы мұратын орындау бақыты бүгінгі біздің ұрпақтың еншісіне бұйырды. Тәуелсіздік – халқымыздың ең басты игілігі және біздің міндетіміз – оны көзіміздің қарашығындай сақтап, күнделікті өмірімізде нығайтып отыру», - деді Дәурен Абаев.
Министр Тәуелсіздік жылдарындағы мемлекеттің негізгі жетістіктерін атап өтіп, ведомствоның қызметкерлерін және қатысқан қонақтарды БАҚ-ты дамыту, мемлекеттік қызмет көрсету, байланыс және Интернетке қолжетімділік сапасын арттыру саласында қол жеткізген табыстары үшін алғыс білдірді.
Тәуелсіздік мерейтойына Министрліктің үш қызметкеріне және ақпарат және байланыс саласындағы 9 қызметкерге «Құрмет» ордені, «Ерең еңбегі үшін» медалі және Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы мемлекеттік наградалар берілді. 100-ден астам адам, оның ішінде Министрліктің 19 қызметкері «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
Сонымен қатар, «Ақпарат саласының үздігі», «Үздік байланысшы» ведомстволық наградаларымен, «Еңбек ардагері» медалімен, сондай-ақ Ақпарат және коммуникациялар министрінің Құрмет грамотасымен саланың 198 қызметкері марапатталды.