«Дала мадоннасының» толыққанды бейнесі

«Дала мадоннасының» толыққанды бейнесі

«Дала мадоннасының» толыққанды бейнесі
ашық дереккөзі
862
Кірпіш кітаптардың дәуірі өтті дейтін түсініктің санамызға сыналап кіре бастағанын жасыруға болмас. Бұл пікірге бірден келісе қою қиын, әрине. Оған дәлелдемелер келтіріп, уақытты текке өткізбейік. Мәселе кітаптың қалың­дығына, не жұқалығына тірелмесе керек-ті. Бәрінен бұрын алғашқы беттен-ақ оқырманды ойлы сөйлемдерімен, оқиғаның ұзын-сонар желісінен там-тұмдап таңдайыңа бал тамызғандай, ал нақтылағанда одан әрі ешкімнің қолқалауынсыз өз-өзінен үйіріп әкететін қаламгердің шеберлігін айтсаңшы! Ондайда көлем туралы алғашқы пікірге қайта айналып оралуың тіпті мүмкін емес. Егер сондай кітап қолға түссе, оның ақырғы нүктесіне дейін оқып шыққанша мына дүниенің әлем-жәлем, кейде түсінікті, кейде түсініксіз сан түрлі құбылысын ұмытып, таңғы шықтай тап-таза ра­қат сезімге бөленетініңді жасыруға болмас! Кітаптан алатын әдемі әсерді, мейлі мың жерден небір ғажайыптарды үйіп-төгіп тастаса да, интернетпен, немесе басқа «кереметтермен» салыстыра алмайсыз. Осы тұжырым қанша рет айтылды, жазылды, әлі де күн тәртібінен түспей келеді. Бірақ қалай болған күнде де, кітапқа деген сүйіспеншілік, кітап оқуға деген құмарлық біз армандаған қалпына қайта оралары анық. Оған күмәнданбаңыз. Жуырда елордамызда еуразиялық кі­тап көрмесі өтті. Сондағы әр баспа өнім­дерінің алдында кезек күтіп тұрған жа­сөс­пірімдердің көздеріндегі кітапқа ауған жы­лылықты көргенде іштей шүкіршілікке кел­генімізді жасырып қайтейік. Мектеп оқу­шыларын «қара көбейту» үшін әдейі әкелген болар десе де, қалтасындағы соңғы тиынын са­нап, кітап сатып алып жатқандардың арасы­нан жол тауып жүрудің өзі қиын еді. Көрмеге жастар көп жиналды. Және осы көрініс бізді де бір желпінтіп тастады. Көрмеде жаңадан жарық көрген талай кі­таптың дәстүрлі тұсауы кесілді. Со­ның бірі – белгілі жазушы Мәди Айымбетовтің «Бопай ханым» тарихи романы еді. Роман кір­піш кітаптардың санатына жатпайды. Ша­ғын және қалтаға салып жүріп, кез келген аял­дамада оқи беруге ыңғайлы. ХVІІІ ғасырда өмір сүрген қазақтың бас ханы Әбілқайырдың сүйікті жары Бопай Сүйіндікқызының ғұмыр­намасына арналған аталмыш кітап баспадан шыққан бойда жұртшылық назарына ілікті. Несімен? Шамамыз келгенше осы жайды тара­тып айтсақ. Біріншіден, роман оқушысын жа­лықтырмайды, кезеңдік оқиғалар бірінен-бірі жалғасын тауып, жетектеп отырады. Және жазушының айшықты қолтаңбасы – тым сөзуарлыққа салынбай, кейіпкердің психоло­гия­лық жан тебіренісін ашудағы шеберлігі, жа­лаң баяндауға бармастан нені айтқысы келе­тінін әдемі иірімге толы құрмалас сөй­лемдер арқылы өткен ғасырдағы халқымыз бастан кешкен қым-қиғаш құбылыстарды көркем суреттей көз алдымызға дөңгелетіп әке­ле білуі көпшілігімізді тәнті етті. Иә, соңғы уақыт бедерінде Бопай жөнінде бірнеше жанрдағы әдеби дүниелер өмірге келді. Бәл­кім, әлі де жазыла берер. Неміс шатыс ағыл­шын суретшісі Джон Кэстльдің қаламынан ту­ған керемет бейне – «дала мадоннасы» атан­ған Бопайдың сырт тұлғасының өзі бір қарағанда кез келген пендені еріксіз баурап әке­теріне талас жоқ. Бұл сурет бізді былай қой­ғанда, сол кездегі алтын астаумен ас ішіп, төңі­регіне асқан тәкаппарлықпен қарайтын әрі анау-мынауды менсіне қоймайтын Санк-Пе­тербордағы талай-талай ақсүйектер қауы­мын да таңғалдырған-ды. Яғни, Бопай та­қыры­бы жалғасын тауып, әлі де жазыла беруі мүмкін. Әбілқайыр хандық құрған дәуірдің ала­сапыраны тарихтан белгілі. Хан та­ғында қамсыз-мұңсыз өмір сүріп, қымыздың қызуымен ықылық атып, таңның қалай шығып, күннің қалай батқанын да аңғармай, зерігіп бара жатса, қырдан қызыл түлкі аулап, жолай кезіккен қазақ ауылдарының атқа­мінерлері ханды ер үстінен қағып алып, сый-құрметтерін жасап бағатын «бағытты заман» ол кезде қайдан болсын. Кіші жүздің Жайық бойындағы орыс жасақтарымен, Еділ қалмақ­тарымен ұрысы дамылсыз жалғасып жатқан-ды. Екінші жағынан жоңғарлардың да ауық-ауық тірі жанға тиіспей, қолдағы азын-аулақ мал-мүлкіне ризашылығын білдіріп, көшіп-қонып жүретін қазақ ауылдарына «тіс батыру­лары» жиілеп кеткен-ді. Дүйім қазақтың жақ­сылары мен жайсаңдары, батырлары бас қо­сқан атақты Қарақұм құрылтайында Әбіл­қайырға бас ханның билігі беріледі. Қазақтың тағдыры қыл үстінде тұрғанда ел бірлігі, елдің тұтастығын сақтап, атамекенді жау табанына таптатпай, майдан қыл суырғандай саясат ұстанып, тірлік кешудің оңай емесін түсінген Әбілқайыр аса мән-мағыналы жауапкершілікті амалсыз мойнымен көтерді. Өз ішімізде де әр руды билеп-төстеп қалған шонжарлар мен істің немен аяқталатынын аңғармай, әлде­кімнің айтағына еріп, ақылды уәж тыңдаудан орнына «аттан» десе екі білегін сыбанып, өре түрегелетін «ақкөз» батырсымақтардан да аяқ алып жүре алмайтынсың. Міне, соның бәріне де ханның ақылдылығы мен көрегендігі ауадай қажет еді. Жә, өз арамыздағы кейбір кикілжің бұрық-сарық қайнағанда қайда бара­ды, түбі бір басылар, ағайын арасындағы араз­дықтың да азды-кем қолбайлау болатыны рас, ал бәрінен бұрын сыртқы жаудың тілін тап­қанды айтсаңшы. «Сыртқы жауың» мә­мілеге келуден бұрын кішкене мүлт кетіп, олардың ойынан шыға алмасаң қынабынан қы­лышын суырып, өре түрегелетін; өре түре­гелуі былай тұрсын, от тұтандыратын қару-жарағына сенгендіктен бе, әлде «бұратана ха­лықты» өз илеуіне салып, билеп-төстегісі ке­ле­тін өркөкірек мінезінен бе, әйтеуір айт­қаныңа бірден көне қоймайтын құлыптаулы «тас қамал». Сол «тас қамалдың» қан тамырына жылу жүгіртетін амал-айланы қас-қағымда қалай таппақсың?! О кезде орыс билігіне қар­сы тұрып, арман-мақсатыңды жүзеге асыру аса қиын шаруа. Олардың тыныш жатқан елдің оқтын-оқтын мазасын алып, Жайық бойындағы қазақтардың күнкөрісіне жарап тұрған малын көзбе-көз әлімжеттік жасап тартып алуындағы түпкі мақсат – Әбілқайыр хан­ның сағын сындыру, тізе бүктіру, жалы­ныш­ты ету. «Қырық кісінің» ақылын бойына жи­наған Әбілқайыр бодан болып жан сақ­тау­ды мұрат тұтпайды, келісімге келіп, мәмілеге келіп, елдің тұтастығын сақтап қалса, түпкі мақсатының орындалғаны. Романда жеріне жеткізе суреттелген Жем, Еділ бойындағы көш, Сүйіндіктің әйелі Ақсырғаның толғағы, Бопайдың дүниеге келуі, жаңа туған шаранаға Мұхаммед пай­ғам­бар­дың сүйікті қызы Бибәтиманың есімі берілуі, кейін Бопай атануы, қалмақтармен шай­қас кезіндегі Бопайдың ерлігі, жас сұлтан Әбіл­қайыр мен Бопайдың алғаш кездесуі, екі жас­тың арасындағы көзге андағайлап көріне бер­мейтін сүйіспеншілік сезім, Бөкенбай мен Әбіл­қайырдың тіл табысуы немесе Бопайдың бой­жетіп ұзатылуы, жас келіншектің қасқыр­дың жүрегіне жерік болуы секілді эпизодтарды қайталағымыз келмеді. Бұлардан саналы түрде бас тарттық. Басты нысана Бопайдың ба­ла туып, бір үйдің барша тірлігін үйіріп әкет­кеніне мәз болмай, соған ғана шүкірлік айтып, қайран уақыттың босқа өтіп жатқа­ны­на қарамай, халық қадірлеген, ақ киізге отырғызып хан сайлаған Әбілқайырдың сын сағаттарда үнемі қасынан табылып, ақыл қо­суы ғой; жанашырлық танытып, көкірегін­дегі ойын ашық айтып, ал керексіз жерде кимеле­мей, тоқтамға келіп, Әбілқайырды да өз ақылына біртіндеп иландыра білуі ғой. Әрине, бұл – ұзаққа созылатын өмірлік ұстаным, бір­ақ айналадағы күн сайын өзгеріп, күн сайын «жан алып, жан беріскен» қазақы си­туа­ция мұндай «ұзын арқан, кең тұсауды» кө­тере бермейтін-ді. Шалт қимылдап, оқыс ше­шім шығаруға тиісті сан түрлі жағдай кеңір­декке тіреліп тұрғанда жайбарақат ойла­нып-толғануға қайдан мүмкіндік туа қойсын. Сон­дайда аңғал батырдың жан-жағына алақ­тап, әлдекімнен жәрдем тілейтіні де шындық еді. Бірақ ол ханның ең сенімді адамы болуы тиіс-тін. Санкт-Петербордың арнайы мәмлегер өкілі, ішкі істер коллегиясының тіл­мә­ші, дипломат Алексей Иванович (Тәуекелов) Тевкелев үлкен мақсатпен хан ордасына келе жатыр. Қадірлі қонақтарды қарсы алуға Бопай Әбілқайырды өз уәжіне көндіріп, ержеткен тұңғыш ұлы Нұралыны жұмсайды. Мұның арғы астарында да сындарлы саясат жатқан-ды. Бәлкім, Бопайдың ханға айтқан алғашқы базынасы ма, бұйымтайы ма, әйтеуір түсіністік жағдайдағы ақыл қосқаны осы болар. Анасы Нұралының да қазірден бойын тіктеп, жақсы-жаманды ажырата аларлық кәмелет жасқа жеткен соң ел ісіне араласа бергенін жақсы кө­ре­ді. Әкеге қолқанат болудың жай-жап­са­рын түсіндіреді. Кіші жүз, Орта жүз хандары Еділ қал­мақ­тары мен Жайықтың орыс-казак­тарымен «қырғи қабақтасқандарына» қанша жыл, Оралдың естектерімен, башқұрттармен жанжал да созылып барады. Ымыраға келудің ықпалды жолын тауып, елге пайдасы тиетін амал-айланы қолданған абзал. Әбілқайырдың мөрі басылып, Анна Иоанновна патшайымға жолданған хаттың мазмұны мүлдем бодандық туралы емес, келісімге келу, түсінісу, сөйтіп бей­біт халықтың берекесін алмау жағы басым айтылған еді. Тағы да қайталайық, хаттың ал­ғаш­қы нұсқасында бодан болайық деген бірауыз сөз жоқ-ты. Патшайымға жақсы қыры­нан көрінгісі келетін Тевкелев Жайыққа бар­ған сапарының текке өтпегенін «дәлелдеу» үшін және өзінің де түпкі мақсатын жүзеге асыру үшін аудармашыларға айтып, «бодан бола­мыз» деген сөзді қостырып жібереді. Бірауыз сөздің тарихи маңызға ие болып, кейінгі ұрпақтың Әбілқайырдың сондағы «орысқа бодан болуды көксегені» кесір боп жа­бысатынын кім білген дейсіз! Иә, осы тү­сінбестік кешеге дейін дау-дамайға айналып келген-ді. Тіпті, ана жылдары аузы дуалы зиялыларымыздың кейбірі Әбілқайырдың елге, халыққа, атамекеніміздің тұтастығы үшін жасаған ерлікке тән еңбектерін ман­сұқ­тап, тарих сахнасынан сызып тастауға дейін әре­кеттенген. «Жайық кеуіп қалғанша, ақыр­за­ман болғанша қазақ бұл жерден айырыл­майды!» дейтін Әбілқайырдың өршіл рухқа суарылған айбатты сөзін де ұмытуға тырыс­тық. Ақыры қайырын берді. Әбілқайырдың орыс­қа бодан болуға түк қатысы жоғы толық­тай дәлелденді. Жазушы Мәди Айымбетов осы бір шетін мәселені романында кәдімгі майдан қыл суырғандай етіп, жеріне жеткізе жаза біл­ген. Яғни, «Бопай ханымның» авторы тари­хи романға кіріспес бұрын бізге таныс, бей­таныс болып келген архив құжаттарын жіті зерт­теген, зерделеген. Хатқа түскен құнды дерек­терді сана сүзгісінен өткізген және өз бай­ламын да жазушылық шеберлікпен оқыр­манға жеткізе білген. Марқұм Әнес Сарай ағам ғұмырым жетсе, Әбілқайырға қатысты әлгі жаңсақ түсінікті жазып кетуге тырысамын деу­ші еді, оны қаламгер інісі Мәкеңнің орын­да­ғанына ризашылығын білдіріп те жатқан болар. Ағамыздың топырағы торқа болғай! 1738 жылы Қалмақ әскерінің қолбасшысы Гал­дан-Норба әкесінің нұсқауымен Жем, Жайық бойына ендей кіріп, Әбілқайырды тізе бүктіруге әрекеттенеді. Бұл кезде Нұралы да санға емес, санатқа ілігіп, ел-жұртқа өзінің қа­рым-қабілетін біршама байқатып-ақ қал­ған-ды. Ара-тұра аңғалдығы да аңғарылып қа­латын. Бар жағдайды әрдайым ақыл тезіне салып, алдымен қабырғасымен кеңесіп, сосын барып бір тоқтамға келетін Бопайдың «енді сен де жас емессің, төңірегіңді жіті көзбен ба­қылағаның абзал» деп ұлына мына ақылын шегелеп айтатыны бар: «Балам, әкеңнің ендігі жердегі тірегі өзіңсің...» Орыс-казактардың да, қал­мақтардың да оқтын-оқтын қазақ жеріне шабуылдауының басты себебі – Әбілқайырды Пе­тербормен мәмілеге келтіру. Яғни, ішкі Ордаға еш кедергісіз кіріп-шығып, «бұратана ха­лықты» одан әрі басып-жаншып, ойына кел­генін істеп бағу. Романда Бопайдың төркін жұртына төр­кіндеп баруы, сондағы тәрбиелік мә­ні зор дәстүр-салттың көздің қарашығындай сақ­талуы, қанша жерден хан болса да, Әбіл­қайырдың күйеулік парызын ұмытпай, иба­лыққа жүгінуі тәрізді оқиғалар өмір шын­дығымен астасып, тамаша суреттелген. Автор бұл орайдағы алға қойған түпкі мақсатын то­лы­ғынан орындаған деп айтар едік. Бұл тұс­тағы және бір көңілге қона кететін жанды кө­рініс Бопайдың төркін жұртына қыдырыс­тап барғанымен, елдің әлеуметтік мәселелерін шешіп алмайынша, кезек күттірмес жағдай­ларды ыңғайламайынша той қамына бірден білек сыбана кіріспегенінің өзі жүрекке жы­лылық ұялатады. Қайынжұртындағы сапардан соң Әбілқайыр Сарайшыққа баруды, хандар жатқан киелі мекенге тәу етуді мақсат тұтады. Хан сыртта жүргенде Әбілқайырдың елде жоқ екенін білдірмей, ордаға ат басын тіреп келген ел ағалары мен батырларды Бопайдың жо­ғары дәрежеде қабылдай білуі қандай жара­сымды! Бопайдың ханның қалыңдығы ғана емес, ел тағдырына Әбілқайырмен бірге қай­ғы­рып және елдің болашағын алыстан ой­лайтын көрегендігі, ақылдылығы осы ретте айқын аңғарылады. Неплюевтің қалауымен Әбіл­қайырдың Ор қаласына аттанар алдын­дағы Бопайдың түс көруі, хан мен жандарал ара­сындағы келіспеушіліктің салқыны, осы те­кетірестің соңы немен тынарын алдын ала бол­жаған Бопайдың ел басқарудағы ыжда­ғатты іс-әрекеті кейіпкер бейнесін одан әрі жандандыра түседі. Барақ сұлтан мен Әбілқайырдың жан­жалдасуы, Бопайдың кек қайтарудағы тұрлаулы байламы да оқырманды бейжай қалдырмайды. Барақтың: «Ей, залымдар, бүйтіп қорлағанша басымды шауып алып Бо­пайға апарып беріңдер. Өлсем де өздеріне, хан ордасына азуымды ақситып, сес көрсетіп жатқанымды көрсін Әбілқайырдың қатыны!» дейтін ақырғы дем, ақырғы тынысын тебі­рен­бей оқуың тағы мүмкін емес-ау! Хан қайтыс бол­ған соң биліктің Нұралының қолына шо­ғыр­ланғаны белгілі. Бопайдың мемлекет істе­ріне жиі араласуы осы кезеңде анық бай­қа­лады. Нұралыны мойындау үшін Бопайдың Ели­завета Петровнаға мөрін басып, арнайы хат жазуы да ел тағдырына шынайы жаны ашып және уақыттан ұтылмаудың жай-жап­сарын алыстан болжаған дала аруының аса зерек толғаныстан туған саясаты еді. Нұра­лының Петербор гимназиясын бітірген әрі үлкен қаладағы ақсүйектік тірлік ауанымен ерте таныс болған қызы Тойғараға байланыс­ты линия да шығармада жан-жақты, кең ауқымда әңгіме өзегіне айналған. Тебірене оқи­сыз. Автор бұл оқиғаны қиялдан тудыр­ма­ған, тарихи деректер негізінде тұжырым­да­лып барып, қағазға түсірілген. Романның прологі қандай тартымды болса, эпиологі де оқырманға салмақты ой салады. Әбілқайырдың Бопайы мен Қасым ханның Бопайын шатастырушыларға бұл үлкен сабақ. Мәди Айымбетовтің «Бопай ха­ным» шығармасындағы «дала мадоннасы» атанған Бопай бейнесінің жан-жақты ашыла түскенін шама-шарқымызша дәлелдеуге тырыс­қанбыз. Ақырғы айтпағымызды роман­дағы мына сөйлемдермен түйіндегенді жөн көрдік: «Қасым хан сәбиіне қоятын есімді өзі таң­дады: – Мұның есімі Бопай болады бүгін­нен бастап! Төренің атақты келіні, кешегі Әбіл­қайырдай арда ханның тірегі болған Бо­пай ханымдай ақылы мен парасаты кемел, өжет мінезді қыз болсын! – деп нәрестені азан ша­қырып ат қоюға арнайы келген имамның қо­лына ұстатты»

Қуаныш ЖИЕНБАЙ

Серіктес жаңалықтары