285
Егер саяси жүйе дұрыс құрылса, қоғам дамиды – Берекет КӘРІБАЕВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор
Егер саяси жүйе дұрыс құрылса, қоғам дамиды – Берекет КӘРІБАЕВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор
– Алда өтетін референдум – Қазақстан тарихындағы жаңа бір белес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айында халыққа жолдаған Жолдауында «Әділетті Қазақстан», «Жаңа Қазақстан» ұғымдарына көп тоқталып өтті. Енді мұны жай ғана сөз емес, соған қол жеткізудегі алғашқы маңызды қадам деп айтуға болады. Мұндай маңызды қадамдар жасау үшін бізде саяси шешім көп қабылдануы қажет. Ал саяси шешімге негіз болатын – Конституцияға енгізілетін өзгерістер. Президент Жолдауда айтып өткендей, Конституция баптарының 30 пайызына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Бұрынғы суперпрезиденттік деп аталатын билік жүйесінен бас тартып, әділетті Парламенттің ықпалы басым жүйеге көшіп жатырмыз. Бұл жүйеге толығымен көшу үшін алдымен заңды құқықтық негіздер қажет екені белгілі. Осы құқықтық негіздер Конституцияға өзгерістер енгізілгеннен кейін заң жүзінде іске асырылады. Мемлекет басшысы халық алдына шығып жүргенде өзгерістер мұнымен тоқтап қалмайтынын үнемі айтып жүр. Менің ойымша, осы референдумнан кейін біздің саяси жүйемізде көптеген өзгеріс болады. Оған мен кәміл сенемін. Жалпы, қоғам жеті үлкен: саяси, экономикалық, мәдени, әлеуметтік, рухани, этникалық аспектіден тұрады. Осылардың ішіндегі ең негізгісі – саяси аспект. Егер саяси жүйе дұрыс құрастырылса, қоғам дамиды, алға басады. Сондықтан 5 маусым күні өтетін референдум – сол саяси жүйенің өзгеруіне септігін тигізетін алғашқы қадам. «Әділетті Қазақстан» деп жариялаған соң оған дейін болған әділетсіздіктердің көзін жоюға бағытталған қадам. Бұл референдум құқықтық негіз жасап, әділетті Қазақстанға жол ашып береді.