256
Бас прокуратура қайтыс болған Майра Рысманованың әпкесін қабылдады
Бас прокуратура қайтыс болған Майра Рысманованың әпкесін қабылдады
ҚР Баспрокуроры Жақып Асанов қадағалаушы орган ғимараты алдында өзін өртеп жібергеннен кейін қайтыс болған Майра Рысманованың әпкесін қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін Бас прокурор Жақып Асанов 18 арызданушыны, оның ішінде Майра Рысманованың әпкесі Дәния Рысманованы жеке қабылдады. Бас прокурор Рысманованың әпкесіне жақын туысының мезгілсіз қаза табуына байланысты көңіл айтып, жерлеу рәсіміне орай отбасына жәрдем көрсетілетіндігін атап өтті», - делінген Бас прокуратура таратқан ақпаратта. Ведомство ақпаратына сәйкес, ұлы Е.Ахметовтің сотталуына келіспеген Майра Рысманованың шағымы Бас прокуратураға 2016 жылдың 28 қарашасында түскен. Шағымдағы дәлелдерді тексеру үшін соттан қылмыстық іс сұратып алынған. Е.Ахметов 2015 жылдың 15 маусымында Шу аудандық сотының үкімімен ірі мөлшерде есірткі затын заңсыз сақтағаны үшін 4,5 жылға бас бостандығынан айырылған.
Үкімді Жамбыл облыстық сотының аппеляциялық сатысы да өзгеріссіз қалдырған. Үкімге байланысты еліміздің Жоғарғы сотына шағым жасалмаған. «Айта кетерлігі, Рысманованың ұлының заңсыз сотталуы туралы дәлелдері облыстың полиция қызметкерлеріне қатысты қозғалған басқа жеті қылмыстық істі тергеу барысында тексерілуде. Тергеу нәтижесіне сәйкес
Е.Ахметовті соққыға жыққаны үшін айыпталған облыстық ІІД қызметкері Жидешев Тараз қалалық сотымен сотталған. Үкім заңды күшіне енген жоқ. Істі апелляциялық тәртіппен қайта қарау ағымдағы жылдың 20 желтоқсанына белгіленген», - деп хабарлады Бас прокуратурадан.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың 6 желтоқсаны күні күндізгі сағат 12-16-да ҚР Бас прокуратурасының бақылау-өткізу пунктінде 1968 жылы дүниеге келген Майра Рысманова өзін-өзі өртеп, қалалық ауруханаға жеткізілген болатын. Бүгін ол қайтыс болды.