Чемпиондар лигасы: «Реал» жеңе ме, «Ливерпуль» жеңе ме?

Чемпиондар лигасы: «Реал» жеңе ме, «Ливерпуль» жеңе ме?

Чемпиондар лигасы: «Реал» жеңе ме, «Ливерпуль» жеңе ме?
ашық дереккөзі
Бүгін «Стад де Франс» стадионында көптен күткен UEFA Чемпиондар лигасының финалы өтеді. Футбол жанкүйерлері испаниялық «Реал Мадрид» клубы мен ағылшындық «Ливерпуль» командалары арасындағы текетіресті тамашалайды. Шешуші әрі маңызды ойын алдында Turkystan.kz «Финалда қай команда жеңіске жетуі мүмкін?» деген сұраққа жауап іздеп көрді.  Ұлан Қонысбаев, футболшы ­– Меніңше, финалда «Реал Мадрид» жеңіске жетеді. Олардың қарсылас командаға қарағанда тәжірибесі мол. Оның үстіне команда көшбасшылары Бензема мен Винисиус бұл маусымда командасын жеңіске жетелеп, маңызды голдарды соғып жүр. Мұның алдындағы «Манчестер Ситимен» өткен ойында да корольдік клуб ойыншылары мінез көрсетіп, жеңісті соңғы минутта жұлып алды. Әрине, «Ливерпуль» де осал команда емес. Шабуыл шебінде жылдам ойыншылары Салах пен Мане бар. Олар кез келген уақытта ойын тағдырын шешіп кете алады. Жота да жақсы шабуылшы. Қорғаныста Ван Дейк бастаған бойшаң қорғаушылары бар. Сондықтан ойын тартысқа толы болатынына сенемін. Егер «Реал» Чемпиондар лигасын жеңсе келесі жолы «Алтын допты» Бензема алады деп ойлаймын. Жандос Айтбайұлы, спорт журналисі – Екі клубтың да жанкүйері емеспін. Бірақ «Ливерпульге» әрқашан бүйрегім бұрып тұрады. «Реал» ер кезегі үшке дейін деп бұған дейін жолында кездескен үш команданы да жарыс жолынан шығарды ғой. Төртіншісі тым артық боп кететін шығар. Осы жолы Клопп футболшылары жеңісті қолдан бере қоймас. Бұған дейін екеуі финалда жолығып, «Реал» жеңіске жеткенін жақсы білеміз. Екеуі де қорғанысқа жатып алатын команда емес. Алдыңғы жолы «Ситидің» жолы болмады. Әйтпесе ағылшындық клуб жақсы ойнаған. Ол ойында «Реалға» сәттілік жолдас болды. Родриго (джокер) соңғы минуттарда қос голымен ойынның тағдырын шешіп кетті. Бүгін түнде корольдік клубты «Ливерпуль» жеңеді. Менің ойымша, 3-1 есебі тіркелетін секілді. Сейіл Қожатай, Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасының баспасөз хатшысы – «Ливерпульдің» жанкүйері болған соң өзімнің командамның тілеуін тілеймін. Ойын өте тартысты болатынына еш күмән келтірмеймін. Гол көп болатын шығар. Реалдың сұрмергені Бензема нағыз бабында. Осы маусымда шешуші голдарды салып, үздік ойынымен көзге түсуде. Команданың ардагер ойыншысы Модрич те 37 жаста болғанына қарамастан жақсы ойын өрнегін көрсетіп, командаластарына бірнеше рет әдемі пас шығарып берді. Дегенмен «Ливерпуль» футболшыларының жеңіске деген құлшынысы жоғары. 2018 жылдағы финалда «Реалдан» жеңілісінің есесін қайтарғысы келеді. Салах та осы сөзді бірнеше рет айтты. Клопп финалда жеңіске жете алмай жүрген бапкер деген жаман аттан құтылуды ойлап жүргені анық. 2013 пен 2016-да Еуропа лигасының финалында, 2018-де Чемпиондар лигасының финалында сүрінді. Сол қателіктерді қайталамай, тамаша жетістікке жетуге керемет мүмкіндік туып тұр. «Ақ-қызылдар» 2:1 есебімен жеңетін шығар. Нарун Серіков, «Қайрат» футзал клубының қақпашысы ­–  Чемпиондар лигасының жеңімпазы сөзсіз «Реал» болады. Бұған дейінгі жүріп өткен жолы оңай болмады. Мықты қарсыластарының бәрін жеңді. Финалда да «Ливерпульден» басым түсіп, әлемнің үздік клубы екенін тағы бір мәрте дәлелдейтініне сенемін. Қуанышхан Өмірхан, Prosports.kz сайтының журналисі ­–  Биыл финалға ең үздік екі команда шықты. «Ливерпуль» топтық кезеңде, ал «Реал Мадрид» плей-офф кезеңінде мықты командаларды жеңді. Екеуі де чемпион болуға лайық. Тарихқа қарасақ «Реал Мадрид» мықты. 1981 жылдан бері Чемпиондар лигасының финалына 7 рет шығып, бәрінде жеңді. Ал қос команданың қазіргі деңгейін салыстырсақ, «Ливерпуль» мықтырақ. Әр позицияда ең үздік ойыншылар жиналған. Қорғанысы мен шабуылында мін жоқ деуге болады. «Реалдың» қорғанысы кішкене әлсіз болып тұр. Ең тәжірибелі деген Карвахальдің өзі көп қателеседі. Бірақ, команданың жалпы тәжірибесі теңдессіз, 2:0 жеңіліп жатса да саспайды, асықпайды. Демек, екі команданың мүмкіндігі - 50/50. Егер «Реалдың» ойыны жүріп, қорғаныстан екі-үш паспен шыға алса, онда сөзсіз жеңіске жетеді. Оларға ойынды 90 минут бақылауда ұстаудың қажеті жоқ. Ал «Ливерпуль» керісінше асықпай, айып алаңын торуылдап жүріп гол соққысы келетін шығар. Менің ойымша, «Ливерпуль» кішкене шаршаңқы, АПЛ чемпиондығынан соңғы сәтте айырылды. «Реалда» командалық көңіл күй жақсы, ойыншылар тың. Соның арқасында мадридтік клуб жеңуі мүмкін. Шыңғыс Есенаманов, «Қайрат» футзал клубының шабуылшысы ­–  Дәл қазіргі уақытта «Ливерпульге» тең келер клубты көріп тұрған жоқпын. Ойыны, ойыншылары бәрі мықты. Маусым басындағы сәтсіз ойындарынан кейін чемпиондықты уысынан шығарып алған ақ-қызылдар Чемпиондар лигасын жеңіп алуды басты мақсат санап отырғаны белгілі. Бірақ «Реалдың» тәжірибесі оларға жолдас болатын сияқты. Меніңше, ойын тең есеппен аяқталады. Овертаймда «Реал» жеңіске жететін шығар.