Озаттар ордасы

Озаттар ордасы

Озаттар ордасы
ашық дереккөзі
50284
Кейінгі кезде қазақстандық оқушылардың әлем­дік олимпиадаларда технология тұрғысынан әлдеқайда озық тұрған Америка елінің жасөс­пірім­дерімен иық тірестіріп жүргенін жиі естиміз. Тіпті, сол олимпиадаларға демеушілік жасайтын Google, Microsoft, Amazon, Apple секілді әлемдік алпауыттардың өкіл­дері оқушыларымыздың алғырлығына таңғал­ғанынан хабардармыз. Әлемдік деңгейдегі жарыстарға үздіктерді дайындаудан алдыңғы шепте жүрген білім ордаларының бірі – NURORDA мектеп-лицейі. NURORDA оқушылары Әлихан Тополов пен Саят Қазтуғанов мамыр айының ортасында Даллас қаласында (АҚШ) өткен VEX ROBOTICS 2022 әлем чемпионатында қола жүлдені иеленді. Әлихан мен Саят әлемнің 40 елінен келген 1300-ге жуық үздіктер жиналған бұл сайыста Алматыдан барған екі оқушымен бірге Қазақстан құрамасының атынан сынға түскен. Ел намысын қорғаған оқушыларды бастап апарған NURORDA мектеп-лицейінің информатика пәнінің мұғалімі, олимпиада және робототехника бойынша бапкер Дарын Ибраев бұл әлемдік жарысқа қатысу үшін қатаң іріктеу жүргізілгенін айтады. «Қазақстандық оқушылар арасында өткізілген іріктеуден суырылып шыққан төрт оқушының екеуі – біздің мектептің оқушылары. Ол екі оқушыны да робот құрастырудан ешкімге дес бермейтін мықтылардың арасынан іріктеп алдым. Әлихан мен Саят – кіші сыныптан бастап алғырлығымен көзге түсіп келе жатқан оқушылар. Жалпы, біздің мектепте бағдарламалауға көп көңіл бөлінеді. Бастауыш сыныптарда LEGO құрастыру пәндері жүргізіледі. Әлихан – LEGO-ны бағдарламалаудың шебері. Шетелге түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындар иеленіп жүр. Саят та қара жаяу бала емес. Arduino платформасы бойынша бағдарлама жасақтайды. Бұл жарысқа бір жарым жыл бойы дайындалдық. Осыншама уақыт дайындалған еңбегіміздің зая кетпей, қола жүлде иеленіп қайтқанымызға қуаныштымыз», – дейді. Белгілі болғандай, бұл жарысқа демеушілік танытқан Google, Tesla компаниялары мен NASA агенттігінің өкілдері оқушыларды сыртынан бақылап, кімнің қандай орын алғанын, қандай университетке оқуға түскісі келетінін түртіп алып, оқу кезінде демеушілік танытуға әзір екенін айтқан. Жарыстан оралғанына екі апта уақыт өтсе де, қола жүлдеден де жоғары марапатты иеленгісі келетін оқушылар мұнымен тоқтап қалғысы келмейді. Жазғы каникул кезінде де халықаралық Infomatrix жоба жарысында бағын сынап көрмекші. Демеуші табылса, әлемдегі ең ауқымды олимпиадалардың бірі саналатын, 29 маусым күні Лондонда өтетін First турнирінде Қазақстан абыройын асқақтатуды көздеп отыр. NURORDA мектеп-лицейі оқу ісі бөлімінің меңгерушісі Дамир Балмасовтың айтуынша, Әлихан мен Саяттан бөлек, мектепте елу шақты олимпиадашы бар. Соның 18-і 2021-2022 оқу жылындағы пәндік олимпиаданың республикалық кезеңіне дейін жетіп, 18 жүлде иеленген. Бұл – соңғы бес жылдағы ең үздік көрсеткіш. Осылайша, NURORDA мектебі биыл олимпиадаға даярлайтын білім ордаларының арасында үздік үштікке кіріп отыр. «Оқушы олимпиадаға бірден қатыса салмайды. Ірік­теуден, түрлі тестілеуден өтіп, олимпиадаға даярлауға жауапты бапкермен сұхбаттасады. Содан соң оқушыға бірден рес­публикалық деңгейдегі жарыста топ жаруың қажет деген талап қоймаймыз. Өз жасына сай, ай сайын өтетін мектепаралық олимпиадаларға қатыстырамыз. Осылайша, бірте-біре шыңдалып, әлемдік деңгейдегі олимпиадаға қатысатын мықтылар қатарына қосылады. Сырттай бәрі оңай көрінетін шығар, алайда көбі «ауыр жолдан» өтеді. Күйзеліп, көңіл түсетін жайттар да жоқ емес. Орын ала алмағанына қапаланады. Кейде өзге сыныптастары секілді тынығып, демалғысы келеді. Сыртта ойын-сауық құрып жүрген сыныптастарына қарап, кітапханада кітап ақтарып отырғысы келмейді. Мұндай сәтте үнемі қасынан табылатын ментор әрі бапкер қызметін атқаратын ұстаздардың көмегі көп тиеді. Олардың өздері оқушы кезінде түрлі олимпиадаға қа­тысқан соң, оқушыларды қалай қолдап, ынтасын арт­тыруды жақсы біледі», – дейді Дамир Балмасов. Енді NURORDA оқушыларының олимпиададан олим­пиада қоймай, алдына жан салмауына жақсы мүм­кіндік туып отыр. Өйткені мектеп басшылығы жасөспірім­дер­ге арналған жеке олимпиада өткізу ісін қолға алды. Дамир Балмасовтың айтуынша, NURORDA JUNIOR OLYMPIAD-тың негізгі мақсаты – 5,6-сынып оқушы­лары­ның математикалық білімін, пәнге деген қызы­ғушы­лығын арттыру, математика пәніне қабілеті жоғары оқу­шыларды анықтап, ынталандыру. Сондай-ақ, ұйым­дастыру­шылар олимпиадаға 7-сыныптан жоғары сынып оқушылары ғана қатысатындықтан, кіші сыныптарда қағылездігімен көзге түскен оқушылардың рухын көтеруді мақсат етеді. «Қазақстанда осы күнге дейін олимпиада 7-сыныптан басталатын. Былтыр жасөспірімдер арасында да жарыстар өт­кізу мәселесі көтерілді. Кіші сыныптарға арналған ауқым­ды олимпиада жоқтың қасы. Бапкерлермен ойлана келе «Неге өзімізге жеке олимпиада ұйымдастырмасқа?» деген тоқтамға кел­дік. Әңгіме басында туындаған идея үлкен іс-шараға ай­налды. Жарысты барынша кәсіби деңгейде өткізуді көздедік. Дизайнер жалдап, жеке логотип құрастырып, сертификат басып шығардық. Аталған олимпиадаға әртүрлі мектепте оқитын 600-ге жуық оқушы қатысты. Бұл жарыстың тағы бір ерекшелігі, оқушыларды осы жарысқа баптаған жетекшілерді де марапаттадық. Әдетте бізде жетекшілердің еңбегі еленбей, та­сада қалып қояды ғой. Сол үшін оқушымен қатар, жетек­ші­ні де ынталандыруды жөн санадық», – дейді Дамир Бал­масов. NURORDA-да жоғары сынып оқушыларын жігерлендіру үшін де сыйақы тағайындалады. Мысалы, IELTS емтиханына 7.0-7.5 ұпай жинаған оқушыға емтихан тапсыруға төлеген қара­жатын қайтарып береді. Ал 8.0 ұпай жинағандарға iPad, 8.5 ұпай иеленгендерге iPhone 13 тарту етіледі. Сонымен қатар SAT емтиханынан жоғары ұпай жинаған мықтыға iPad, ал ҰБТ-дан 135 ұпай жинаған үздікке MacBook Air құрылғысы салтанатты түрде табыс етіледі. Биыл білім мен ғылымға ын­таланған 21 оқушыға IELTS емтиханын тапсыруға төлеген қара­жаты қайтарылса, 8.0 ұпай алған үш оқушыға iPad сыйға тарт­ты. Сондай-ақ SAT емтиханын сәтті тапсырған бір оқу­шыға да iPad табыс етілді.

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары