460
Аманат арқалаған азамат
Аманат арқалаған азамат
Асыл адам
Иә, қазақ асыл деп қымбат, бағалы, аса құнды затты айтады. Ол уақыттың, адамның, заманның, табиғаттың сан алуан сынында мұқалмайтын, сынбайтын, бүлінбейтін бүтін күйінше ұзақ сақталатынымен құнды. Құнды болған соң асыл. Осындай қасиеттер бойына дарыған, құрыштай берік, болаттай бекем жандарды да «асыл» дейміз. Асыл сөзі тәніне ғана емес, оның жан дүниесіне де қатысты айтылады. Рас жасы үлкендердің ақыл есі қарттыққа бой алдырса да тәні кәрілікке берілмеген болса, «сүйегі асыл» екен дейміз. Ал тәні де, жаны да сол қартаймаған, ойы орнықты, сөзі тиянақты, кісілігіне кір жұқтырмай келе жатқан адамды «жаны асыл», «асыл жан» дейміз. Сондай асыл жанның бірі – Пернебек Момынұлы.
Туған жер
Тегі – асыл адамның әлбетте өзі де асыл. Әр перзент тегінен ғана тамыр тартпайды, туған жерінен да нәр алады. Пернекеңнің туған жері түгін тартса, майы шығатын, қазық қақса, қарағаш өсетін, әр бұтасы жеміс, әр жапырағы дәрі Оңтүстіктегі Түлкібас ауданына қарасты «Қарағаш» деп аталатын өңірде, «Көкбұлақ» ауылында дүниеге келген. Тас бұлағы таңдайын жібіткен, топырағы табанын жылытқан, саумал самалы тұлымын желпіген, күннің нұры ажарын аймалаған баланың болашағына миат болған, қуат берген де осы туған жері екені даусыз.
Заман
Табиғаттың тамылжыған жаймашуақ мезгілі де, қақаған қаңтары да болатыны секілді тағдырдың да қатал сәттері пендені сынға алатыны хақ. Пернекең дүниеге келген жыл – қазақ даласына аштық нәубеті жайыла бастаған 1931 жыл болатын. Осы зұлматтан аман-есен өтіп, енді ат жалын тартып мінерінде әкесі Момын Әлімқұлұлы (1888-1939) өмірден озды. Бұл жылдар сталиндік-голощекиндік қуғын-сүргін өршіген, елдің зәре-құтын алған кез еді. Адамдар бірінен-бірі жасқанған, сақтанған, қорыққан, әр сәті үрейлі жылдар болатын. Алты жасар Пернебек бала болса да, ағайын туыстың бір-бірімен араласпай қалғанынан осы сұмдықты сезді.
Ана
Отбасына түскен бар ауыртпалықты анасы Ырысжан Бердімбетқызы (1906-1992) көтерді. Ырысжан ана халық әуендері мен өлеңдерін жадына көп тоқыған және соларды шаңқобызбен сүйемелдеп айтып жұртты тамсандыратын өнерпаз болатын. Ел басына түскен қиыншылыққа мойымай ұлдары Балқыбекті, Пернебекті, Молдабекті, Саудабекті қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай азамат етіп өсірді. Солардың ішінде өнер жолына Пернебек ерекше ықыласымен келді. Оған бірден-бір себеп анасының өнерге деген іңкәрлігі еді.
Бағаның бәрі кілең бес...
Пернекең 1939 жылы Свердлов атындағы колхоздың бастауыш мектебінде де, 1944 жылдан Каганович атындағы орталау метепте де ,1948-51 жылдары «Балықты» қазақ мектеп-интернатында да, 1951-56 жылдары Алматы мемлекеттік Құрманғазы атындағы консерваторияда да үздік оқыды. Оның осы оқу орындарында білім алғаны туралы куәлікте, аттестатта, дипломда қойылған бағаның бәрі кілең бес!
Шыңға ұмтылған
Пернекеңнің студент шағында альпинизммен айналысқанын бұрынғылар білсе де, кейінгілер біле бермейді.Үстінде алпинистерге арналған су өткізбейтін кәстүм, табанында тісі бар қалың да ауыр бәтеңке, арқасында 18-20 келідей салмағы бар үрүкзәк, қолында мұзойғыш балға алты сағат табан аудармай тауға өрмелеген алғашқы сыннан сүрінбей өткен ол кейін Алатаудың «Солнечный», «Теке» секілді асуларын асып, «Юбилейная» асқарына шыққан соң теориялық емтихандарын тапсырып, «Кеңестер одағының 1-дәрежелі альпинисі» деген куәлік алған болатын. 1953 жылы «Жастық», «Мәншүк Мәметова» асқарларын, «Комсомол», «Жас гвардия», «Маяковскиий», «Дзержинскиий» шыңдарын бағындырып, одан соң аты жоқ 4 330 метрлік және 4 335 метрлік екі асқарға шығып, олардың бірін «Советтік альпинизм», екіншісін» «Ұшқын» деп атаған сапарлар қорытындысы бойынша ІІ дәрежелі спорттық разряд жеңіп алған Пернекең 1954-55 оқу жылында 4 350 метрлік «Егіздер», 4 700 метрлік «Ақ–Тау», 4800 метрлік «Саланов» асқарларын, «Ақтұз» асуы мен «Корженевскиий», «Горина» мұздықтарын асып барып «Талғар» шыңына көтерілгені кейінгі өмір жолына үлкен өнеге берді. Оның бойына алған бетінен қайтпайтын қайсарлық пен табандылық, еңбекқорлық пен тындырымдылық, намысқойлық пен жігерлілік секілді асыл қасиеттерді сіңірді.
Ұстаз аманаты
Пернекеңнің ұстазы – әйгілі академик Ахмет Жұбанов. 1954 жылдың қазан айы еді. Бір күні ұстаз Оралық Комитеттің кезекті мәжілісінен жабырқаулы келді. Өзіне етене жақын Пернебек секілді шәкірттерін жинап алып: – Мен Орталық Комитеттің кеңейтілген пленумынан келдім кәзір. Пленумды жүргізіп отырған саяси хатшы Нұрымбек Жангелдин: «шетелдің, орыстың классикалық музыкалық аспаптарын игереміз, ескінің қалдығы – домбыра мен қобызда күй тартып, ән салуды азайту керек» дегенді айтты. Маған сөз берілмеді. Сендерге айтарым, қарақтарым! Болашақ сендердікі. Қазақ халқы аман болса, оның тілі, домбырасы, қобызы өзімен бірге болары сөзсіз. Сендерге сенемін. Болашақта халқымыздың төл аспаптарын дамыта келе, ұлт мәдениетін әлем елдерінің мәдениетімен теңестіресіңдер!» – деп нық сеніммен сөзін аяқтаған.
Пернебек секілді шәкірттердің жүрегін сыздатып, санасына салмақ салған аманат шындығында ауыр еді. Өйткені оның астарында ұлт мәдениетінің тағдыры тұрды.
Содан бері Пернекең ұстаз аманатына адалдықпен ұлтымыздың төл мәдениетін әлемге әйгілеу мақсатында талмай еңбек етіп келеді.
Семейде
Семейдегі музыка училищесінің ашылғанына бір-ақ жыл болған. Әйгілі Ахмет Жұбановтың шәкірті, консерватория түлегі Пернебек жастығына қарамастан осы оқу орнына директорлыққа тағайындалды. Өзі оқыған жоғары оқу орнында қазақ тобына музыка сабақтарының бәрі орыс тілінде өтіп еді. Мұнда да дәл солай екен. Ең қиыны балалар тұрақты оқитын меншікті оқу ғимараты жоқ. Студенттерге жатақхана жоқ. Оқытушыларға пәтер жоқ. Кілең қазақ ортасында қазақ тілінде өтілуі тиіс музыка пәндерінен қазақша бағдарлама атымен жоқ. Оқушылар саны көбейіп үш ауысым бойынша Пионерлер сарайының бөлмелерінде сабақ беруге, білім алуға мәжбүр. Осы өзекті мәселелерді Пернебек алдымен қала басшылығына айтты. Шешілмеді. Облыс басшылығына жазды, шешімін таппады. Республикалық деңгейдегі басшылыққа зарын айтты. Естір құлақ болмады. Одақтық деңгейдегі осы сала басшылығына да жазды. Қашан оң жауап алмайынша жас Пернебекте тыным болмады. «Мазасыз деректір» атанды.
Гурьевте
«Мазасыз деректір» көтерген мәселе республикаға тарады. Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Нұртас Оңдасынов: «Пернебек Момынов көтерген өзекті мәселені Семейдегілер шеше алмаса, мен шешемін, маған беріңдер училищені», – депті. Министрлік Семейдегі училищені Гурьевке көшіруді ойластыру мақсатымен, «мазасыз деректрді» сол жаққа іссапарға аттандырады. Нұртас Оңдасынов Пернебекті сондағы басшы адамдардың қасына қосып, Сейілхан Құсайыновпен бірге музыка мамандарын даярлауға лайық ғимарат іздеп, таңдауға жібереді. Пернекең Гурьевте де музыка училище жоқ екенін біліп, бұл мәселеге бар ынтасымен кіріседі де лайықты ғимарат тауып, ол ғимарат иелерінің қарсы болғанына қарамастан Оңдасыновқа барады. «Осы ғимарат лайық. Өйткені мұнда дәліз бар. Бөлмелері бөлек-бөлек. Әр аспап мамандарының жеке-дара дайындалуына жақсы», – деп дәлелді ұсынысын нық айтады. Ұсынысын қабылдаған бірінші хатшы Н.Оңдасынов Обком пленумында Гурьевте музыка училищесінің ашылатынын хабарлап, қанша оқушы, неше ұстаз және қызметші болатынын, оларға жатын орын, асхана, оқу бөлмелері мен жабдықтарын дереу дайындау жөнінде қаулы қабылдатады. Сөйтіп, «мазасыз деректір» іссапарда оншақты күн жүріп, Құрманғазы мен Динаның туып-өскен жерінде музыка училищесінің ашылуына мұрындық болады. Бұл училищеде оқуға жергілікті жердің де дарынды балаларын жинау науқаны бірден басталып та кеткен еді.
Дәулет Мықтыбаев және Мұқан Төлебаев рухы
Ашығын айтқанда, Пернекең училищені Гурьевке көшіруге іштей қарсы еді, қиялы қырық бөлініп, енді кімнен музыка училищесін орнында қалдыруды сұрайтынын білмей дал болып Семейіне келген. Келсе... Семейдегі музыкалық училищені жауып, оқушылар мен мұғалімдерді сонау Гурьевке көшіреміз деген Новиков орнынан кетіпті. Облысқа бірінші хатшы болып қазақшаға судай М.Сужиков деген келіпті. Келген бетте мәселені қайта қарапты да, училищені қалдыруға, оған барлық жағдай жасауға шешім қабылдапты. Пернебектің қуанышында шек болмады. Бар ынтасымен жұмысқа белсене кірісті. Сабақ кестесіне қазақтың ұлттық аспаптарын кәсіби негізде оқыту бағдарламаларын енгізді. Музыка сабақтарын қазақ тілінде оқытуды жолға қойды. Осы жылдары ол қазақ қыл қобызының кейінгі ұрпаққа ұласуына алтын көпір болған даңғайыр қобызшы Дәулет Мықтыбаевтың қызы Тамарамен отау құрады. Пернекеңнің түрткі болуымен 1960 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулысы қабылданып, музыкалық училищеге қазақ кәсіби музыкасының негізін қалаушы, композитор Мұқан Төлебаевтың есімі беріледі.
Осыдан кейін Пернекеңінің алдағы өміріне Дәулет Мықтыбаев пен Мұқан Төлебаев рухы жол көрсетер шырақ болып үнемі жарқырап тұрды.
Алматыда
Ол келесі жылы ҚазКСР Орта және жоғары оқу орындары министрі Қали Біләловтің келісімімен Алматыдағы Петр Чайковский атындағы музыка училищесіне ауысады. Қанша дегенмен алға қойған мақсаттарға жету үшін астанада өмір сүрген қолайлы. Алматы білім мен ғылымның және өнердің алтын бесігі болған соң, мұнда үнемі ізденуге мүмкіндік мол. Пернекең «Қазақ операсының даму жолдары» деген зерттеу еңбек жазып қазақ (1962) және орыс (1963) тілдерінде кітап етіп шығарды. Бұл оның тырнақалды туындысы еді. Кейін қазақ мектебіндегі 3 сыныпқа арналған «Ән музыка сабағы» оқулығы (1967), «Музыканы тыңдап, түсіне білу» кітапшасы(1969), 6 сыныпқа арналған «Ән музыка сабағы» оқулығы (1974) жарық көрді. Оның ұлттық музыка мамандарын даярлау ісіндегі ерен еңбегі А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық музыка мектебінде 13 жыл бойы (1968-1981) директорлық қызметпен жалғасты. Мұнда да ғылыми ізденістерін тоқтатқан жоқ. Нәтижесінде, 1978 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педгогикалық институтының ғылыми кеңесінде «Қазақстанда жас балаларға музыкалық тәрбие мен білім беру ісінің қалыптасуы мен дамуы» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. Осы жоғары оқу орнында кафедра меңерушісі, декан қызметтерін атқарды. Доцент атағын алды. Кейін Т.Жүргенов атындағы мемлекеттік өнер институтына доцент болып ауысты. Ұтымды ұйымдастыру, байыпты басшылық жасауға әбден машықтанған Пернекең білім беруді, оқып, үйретуді ғылыммен ұштастыруды бір сәтке есінен шығарған емес. Бұған оның әр жылдарда шығарған нұсқаулықтары, көмекші құралдары, әдістемеліктері, оқу құралдары, оқулықтары дәлел. Солардың қатарынан «Қазақ музыкасының қысқаша тарихы» атты еңбегін айрықша атап өтуге болады. Бұл еңбек үш томнан тұрады. Біріншісінде жастарға музыкалық-эстетикалық тәрбие беру ісінің өзекті мәселелері сөз болса, екінші және үшінші томдарында ұлттық музыка тарихының бастауларынан тартып бүгінгі күнге дейінгі жетістіктері және ұлтымыздың өнері мен мәдениетін биікке көтеріп, әлемге әйгілеген тұлғалар туралы айтылады.
Үшаралда
Алматыға оралған жылдары өзінің ұлы ұстазы академик Ахмет Жұбановтың аманатына адалдығын дәлелдеген тағы бір игі істердің жүзеге асуына мұрындық болғанын бүгінгі халық біледі.
1963 жылы Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы әйгілі ақын әрі сазгер Бәкір Тәжібаев шақырып алып, Талдықорған облысы Алакөл ауданы өнерпаздарының еңбегі мен өнерін көзбен көріп бағалап, ауданда «халық театрын ашуға бола ма, болмай ма?» деген сұраққа нақты жауап тауып келу керек екенін айтады да, министрлік бұл істі музыканың тәжірибелі әрі білімді де білікті маманы Пернебек Момыновқа сеніп тапсырғанын айтады. Сол тапсырма бойынша Пернекең Алакөл ауданына барып отыздан астам өнерпаздың басын құраған драма үйірмесінің, саз-аспапты ансамблінің, жекелеген әншілер мен күйшілер, бишілердің, сиқыршылардың, сықақшылардың, суретшілердің 12 күн бойы әр ауылда көрсеткен өнерлерін ерінбей-жалықпай көріп, саралап, сараптап келіп, «Талдықорған облысы Алакөл ауданындағы өнерпаздар ұжымына «Халық театры» атағын беруге әбден болады» деп ұсыныс жасайды министрлікке. Осы ұсыныс нәтижесінде Үшаралда халық театры ресми түрде ашылады. Көп ұзамай Оқу министрлігінің Республикалық ғылыми-зерттеу, музыкалық-эстетикалық әдістемелік кабинеті ашылып, Пернекең соған алғашқы меңгеруші болып тағайындалады. Келесі, яғни 1965 жылы министрлік Пернебек Момыновты тағы да Алакөл ауданына жібереді. Жіберген себебі – ол ауданда музыка мектебін ашуға бола ма, болмай ма, соны біліп, жан-жақты сараптамамен ұсыныс жасау қажет еді. Аудан жұртшылығының сұранысын қанағаттандыру мақсатында бұл жолы да Пернекең өзінің тәжірибесі мен білік-білімін жұмсап, аудандағы барлық мүмкіндікті тексере, екшей келе, «ауданда жеті жылдық музыка мектебін ашуға болады» деген ұсынысын жеткізеді басшылыққа. Сөйтіп, бұл ауданда алғашқы музыка мектебінің ашылуына да өз тарапынан ықпал етеді. Бұл ісін – ұстаз аманатын бір мысқал болса да орындағаным деп түсінеді Пернекең.
Ахмет Жұбанов
атындағы
мектепте
Қызық. Академик Ахмет Жұбановтың табандылығының арқасында республика аумағындағы ауыл балаларының музыкалық сауатын ашу мен дарынын жетілдіру мақсатында ашылған мамандандырылған мектеп- интернатта сабақтың бәрі орысша өтеді, өйткені оқу бағдарламасының бәрі орысша. Орысша болатын себебі қазақ тілінде оқу бағдарламаларын жасау, қазақтың музыкалық төл аспаптары бойынша сабақ беру жолға қойылмаған. Директор «біз орысша және еуропаша музыкалық білім берсек, өркениетке тез жетеміз және мәдениетті боламыз», – дейді екен. Және сол ұстанымынан қайтпайды екен. Бұл ауылдан келген орыс тілін білмейтін дарынды қазақ балаларына үлкен салмақ салғаннан бұрын олардың қабілетінің жетілуіне үлкен кедергі еді.
Пернекең бұл ұстанымға мүлдем қарсы болды. Бұл мәселені Республикалық ғылыми-зерттеу, музыкалық-эстетикалық әдістемелік кабинет басшысы ретінде талай жерге айтты, жазды да. Тіпті, әлгі директор «домбыра мен қобызды мектепте емес, училищеде, консерваторияда оқып, үйренсе де жеткілікті» деп қоймады. Көп ұзамай ол директор орнынан кетіп, Пернекең өзінің ұлы ұстазы ашқан мектепке директор болып келді де, барлық қордаланған мәселелерді шешуді өз қолына алды. Сабақ қазақ сыныптарында таза қазақша өтетін болды. Оқуға қабылдау және байқау, конкурс бағдарламаларына енген тапсырманың үшеуін қазақ, біреуін орыс, біреуін еуропа музыка мәдениетіне байланысты етіп тұрақтандырды.
Қазақты ұлтсыздандыру науқанының қолшоқпарлары «тек кәрі-құртаңның бақсы-балгердің ғана ұстайтын аспабы» деп мансұқтаған қобыз аспабын мектеп жасынан бастап үйретуді жолға қойғаны – Пернебек Момыновтың осы мектепте ұлттық музыка өнерінің тарихында алтын әріптермен жазылатын ұлы еңбегі. Бұған дейін Құрманғазы атындағы қазақ консерваториясының ректоры Еркеғали Рахмадиев ел ішінен қобызшылар Жаппас Қаламбаевты және Дәулет Мықтыбаевты алдырып, студенттерге қобыз үйретуді бастаған еді. Бір жылдан соң Жапекең өмірден озып, ұлттық төл өнерді қайта тірілту алдын жауапкершілігі Дәукеңнің мойнында қалады. Дәулет Мықтыбаев алғашқы шәкірттерінің бірі Әбдіманап Жұмабековке А.Жұбанов атындағы мектепте тұңғыш ашылған қобыз класына ұстаздық етуді тапсырады. Алғашында, әрине қиын болған. Уақыт өте келе игі іс жүйесін тауып, қазақ қобызының бағы ашыла берді. Қазір қазақтың қара қобызын әлем біледі. Әлем оны скрипканың атасы деп мойындайды.
Міне, ұлттық өнердің көміліп бара жатқан бұлағының көзін аршып, ұлы мұхиттарға құюына жол ашқан Пернебек Момыновтың осы ісін тарих ешқашан ұмытпайды.
Халық қадірлейтін
қайраткер
Өзі еңбек еткен републикалық арнаулы мамандандырылған мектептерде ғана емес, Т.Жүргенов атындағы өнер институтында да, Қ. Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-түрік университетінде де, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында да ұлттық руханияттың өркендеуіне септігін тигізер игі бастамаларымен әрдайым жұрт назарында келе жатқан ҚР еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Пернебек Момыновты қазақ өнерін әлемге әйгілеген мыңдаған шәкір-тімен бірге бүкіл қазақ елі ерекше құрметтейді, асыл жан деп қадірлейді.
Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ, филология ғылымдарының кандидаты, мәдениет зерттеуші