Басқарудың жаңа үлгісіне нық қадам

Басқарудың жаңа үлгісіне нық қадам

Басқарудың жаңа үлгісіне нық қадам
ашық дереккөзі
29 сәуір күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгеріс енгізу үшін жалпыреспубликалық референдум өткізуді ұсынды, ал 5 мамырда осы референдумды өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. 5 маусымға белгіленген референдумды ұйымдастыруға, өткізу тәртібіне қатысты түсіндіру жұмыстары басталып кетті. Нәтижесінде 33 бапқа 56 өзгеріс енгізілмек, бұл дегеніміз – Ата Заңның үштен бірі. Мақалада «Жалпы референдум дегеніміз не?», «Өт­­кізу тәртібі қандай?» «Халық қалай дауыс бере­ді?» де­­ген жалпы сұрақтарға жауап іздеп, Пре­зиденттің сая­си күшін, ықпалын кеміту мә­селесіне қатысты заң­­намаға қандай өзгеріс ен­гізу ұсынылып отыр­ғанын қа­рас­тырып көреміз. «Ұсынылған өзгерістер қа­был­дан­са, не өзгереді?» деген мәселелерге тоқталып өтеміз. Ел болашағын шешетін шешімді дауысқа салу Осылайша, елімізде 27 жылдан соң үшінші рет референдум өтеді. Нәти­жесінде Конституцияның 33 бабына 56 өзгеріс енгізілмек. Бұл ұсынысты алға­шын­да Президент наурыз айындағы ха­лық­қа Жолдауында мәлімдеген болатын. Жол­дауда саяси реформалар жөніндегі бағ­дарламасын таныстырған Қасым-Жомарт Тоқаев ре­фор­маның алғашқы негіздері осы Президент би­лігінің суперпрезиденттік басқару фор­ма­сынан Парламенті мықты президенттік рес­публика тәсіліне түбегейлі өту, «Мықты Пре­зидент – ықпалды Парламент – есеп бере­тін Үкімет» формуласын жүзеге асыру еке­нін айтқан еді. Еліміздегі алғашқы екі референдум 1995 жылғы сәуірде тұңғыш Пре­зи­дент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту және тура осы жылғы тамызда жаңа Конс­титуцияны қабылдауға қатысты өт­кен болатын. Осылайша Тәуелсіздік ал­ған­да қабылданған алғашқы заңның күші жойы­лып, жаңа Конституция қабылданған соң президент билігі ерекше нығайып, күш­ті президенттік басқару жүйесі сол кез­де қалыптасқаны туралы көптеген сарап­шы пікірі бар. Осыдан кейін заңға Пре­зиденттің билігін одан сайын нығай­та­тын өзгерістер оқтын-оқтын енгізіліп отыр­ған. Енді сол референдумның нәтиже­сін­де қалыптасқан жүйені өзгерту үшін қай­та референдум ұйымдастырылмақ. Ал заңның кейінгі 4 түзетуі Парла­мент­те дауысқа салынып, қабылданған. Бас­тапқыда бұл жолы да «Конституцияға өз­герістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын» Парламент қарайтыны ай­тылған еді. – Осы реформаларды қолға алғанда Конс­титуцияға енгізілетін өзгерістер мен то­лықтырулардың жобасын Парламент қарайды деп ойлаған едік. Өйткені қол­даныстағы заңнамада тәртіп солай. Алайда алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондық­тан мен Ата Заңға өзгерістер мен толық­тырулар енгізу жөнінде республикалық ре­ферендум өткізуді ұсынамын, – деп тү­сін­дірген еді Мемлекет басшысы. Яғни, референдум – ел болашағына ай­рықша әсер ететін, аса маңызды мем­ле­кет­тік немесе қоғамдық мәселені дауысқа са­лып, сайлаушылардың, халықтың пікірін білу. Демократияның тікелей инсти­тут­тарының бірі. Референдумға әдетте, Конс­титуцияны қабылдау, оған өзгеріс енгізу, халықтың ұлттық, аудандық, облыстық негізде өзін-өзі анықтау заңдары мәселе ре­тінде шығарылады. Ауқымына қарай ре­ферендум жалпыхалықтық, яғни елдің бүкіл аумағында жүргізіліп, бар халықты қам­титын және жергілікті, яғни белгілі бір ау­мақта өткізілетін болып бөлінеді. Референдум туралы, жалпы саяси ре­фор­малар туралы айтыла бастаған­нан-ақ қоғам пікірі қақ жарылды. Бір топ бұл бастамалардан елеулі нәтиже не өзгеріс бол­майды деген көзқарас білдірсе, өзге­ріс­тердің басы-қасында жүрген Конс­ти­ту­ция­лық кеңес өкілдері бастаманың нәтижесі елдегі саяси жүйені өзгертетінін айтады. Халық референдумға қалай қатысады? Референдум өткізу туралы бастаманы Президент көтереді, бірақ Үкімет, Пар­ламент және халық та ұсыныс айта ала­ды. Референдумға ұлтына және нәсіліне қа­рамастан, 18 жасқа толған ел азама­ты­ның барлығы қатыса алады. Тек сот ше­ші­мімен іс-әрекетке қабілетсіз деп таныл­ған­дар мен бас бостандығынан айырылғандар дауыс бере алмайды. – Референдумға барлық қазақстандық қа­тысады. Қазақстанның түкпір-түк­пірін­де дауыс беру жүреді. Яғни, әркім рефе­рен­думға қатыса отырып, сол конституциялық өз­герістерге, толықтыруларға өздерінің жауапкершілігін арттырады. Яғни, оны елдің, халықтың өзі қабылдағаннан кейін сол өзгерістерге, жаңғыруға біз бәріміз жауапты боламыз. Референдум жауапкершілікті ғана емес, көпұлтты еліміздің бірлігін де арт­тыра түседі. Бірақ тұтастығымыз бен та­тулығымызға іште де, сыртта да көз алар­тып отырғандар бар. Президенттің ай­туынша, бұл – ел ішіне іріткі салғысы ке­ле­тін әлдебір топтың құйтырқы әрекеті, – деп Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев мәлімдеген еді. Қоғамдық бiрлестiктер мен азаматтар референдумға шығарылған мәселелерге қатысты жиын, митинг өткізуге құқылы. Ре­ферендум өткiзiлетiн күнi және оған бір күн қалғанда үгiт-насихат жүргiзуге бол­майды. Референдумға қоғамдық бiрлестiктер, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйым­дардың өкілдері референдумға бақы­лау­шы болып қатыса алады. Бірақ олардың өкi­леттiгi Орталық сайлау комиссиясы бел­гi­леген тәртiппен куәландырылады. Бі­рақ байқаушыларға референдум комис­сия­ларының жұмысына араласуға бол­май­ды. Учаскелiк референдум комиссиялары кемінде он күн қалғанда азаматтар­ға дауыс беру уақыты мен орны туралы ха­барлайды. Әрбір адамға тізім бойынша бюл­летень беріледі. Егер референдумға бiр­ден бiрнеше мәселе шығарылса, әр мә­се­леге түр-түсі бойынша ерекшеленетін бө­лек бюллетень таратылады. Бюллетень белгiленбеген болса, ко­мис­сия мүшесiнiң қолы қойылмаса, бюллетеньде көрсетілген жауаптардың бiр­де-бiреуi сызылып тасталмаса, дауыс бер­гендердiң еркiн бiлдiруiн анықтау мүм­кiн болмағанда жарамсыз деп таны­лады. Ал барлық жауап сызылып тасталған бюл­ле­теньдер жарамды деп есептеледі. Заң бойынша референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысы­нан көбi дауыс беруге қатысқан болса, референдум өткiзiлген болып есептеледі. Олардың ішінде басым бөлігі шығарылған мәселені жақтап, дауыс берсе, оң шешiм қабылданады. Референдумның қорытындысы бір апта – жетi күннің ішінде жария­лануы шарт. Референдумда қабылданған конс­титуциялық өзгерістер референдум­ның қорытындылары туралы ресми хабар жария­ланған күннен бастап күшiне енедi. Ол үшін президенттің немесе мемлекеттiк органдарының актiлерiн қабылдаудың қажеті жоқ. Алғашқы қадам – заңды өзгертететін заңды өзгерту 5 мамырда Конституцияға өзгеріс ен­гізу туралы республикалық референ­дум өткізу туралы жарлықпен қатар «Рес­пуб­ликалық референдум туралы» конс­ти­туциялық заңының өзіне де өзеріс енгізу туралы шешім шықты. Жауаптылар бұл қадамды референ­дум туралы заңның ұзақ уақыт бойы қолданылмағанымен, ал ондағы кей­бір мәселелердің бүгінгі күннің тала­бы­на сәйкес еместігімен байланыстыра тү­сін­дірді. Мәжіліс депутаттары 4 мамырда «Республикалық референдум туралы» заң­ның бюллетенінің формасына да өз­геріс ен­гізген. Ал 5 мамырда Сенат Елбасының мәр­тебесін референдумда қарауға тыйым са­латын бапты алып тастап, заң жобасын мә­жіліске кері қайтарды, Мәжіліс өзгеріске сол күні келісім беріп, мақұлдады. Сөйтіп 3-баптың 2-тармағының жаңа нұсқасында енді тек «елдің тәуелсіздігі мен унитарлығы, оның аумақтық тұтастығы, басқару фор­ма­сы республикалық референдумға шы­ғарыл­майды» деген қағидалар ғана қалды. Ал 5 мамырда Мемлекет басшысы референ­дум заңына өзгеріс енгізетін заң жобасына қол қойды. Өзгерістің алды – Президенттің саяси ықпалын кеміту 5 мамырдағы видеоүндеуінде – Конс­ти­туция реформасы мемлекеттің барлық моделін кешенді түрде трансфор­ма­циялауға бағытталған. Өзгерістер су­перпрезиденттік басқару формасынан ық­палды Парламент пен жауапты Үкіметі бар президенттік республикаға өтуді көз­дейді, – деген еді Президент. Ал Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин тү­зетулердің бірінші блогы суперпрези­дент­тік модельден президенттік ре­с­пуб­ли­каға түпкілікті көшуді қамтамасыз етеді деп түсіндірді. Біріншіден, Президент өз өкілеттігі кезеңінде ешқандай саяси партия құра­­мында болмайды. Бұл тыйым Конс­ти­ту­циялық соттың, Жоғарғы Соттың, өзге де соттардың төрағалары мен судьяларына, Ор­талық сайлау комиссиясының, сондай-ақ ҚР жоғары аудиторлық палатасының төрағасы мен мүшелеріне қолданылады. Түзетудің артықшылығы – саяси бәсеке­лес­тікті арттыру және барлық саяси пар­тия­лардың дамуы үшін тең жағдай жасау. Екіншіден, Президенттің жақын туыс­тары­ның мемлекеттік қызметшілер және ква­зимемлекеттік сектор субъектілерінің бас­шылары лауазымдарын атқаруға құ­қығы болмайды. Үшіншіден, Президенттің ау­дандар, қалалар мен ауылдық округтер әкімдерін қызметінен босатуға құқығы болмайды, – деген еді Ерлан Қарин. Ол реформаларды 5-ке бөліп түсіндірген еді. Ал Әділет вице-министрі Алма Мұқа­нова реформаларды 12 блокқа бөліп, өте­тін референдум нәтижесі бойынша оң ше­шім қабылданған жағдайда Президент­тің өкілеттігіне бірқатар шектеу қойылаты­нын айтқан еді. – Референдумға шығарылып жатқан конс­титуциялық өзгерістердің ішінде қо­ғамда кеңінен талқылауға түсіп жатқан мә­селенің бірі – Президенттің лауазымына бай­ланысты шектеулер. Ол дегеніміз, ал­дымен, Президенттің жақын туыстары үшін саяси лауазымдар мен квазимем­ле­кет­тік секторда басшылық лауазымдарды ат­қаруға шектеу қойылмақ. Екіншіден, Пре­зиденттің өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партия мүшесі болуы­на тыйым салынады, – деді Алма Мұ­қанова Орталық коммуникациялар қыз­ме­ті алаңында өткен баспасөз мәс­ли­ха­тында. «Республикалық референдум туралы» заңда елдің басқару формасы референдумға түспейді деген жол бар екенін айтып өткен едік, осыған қатысты түсіндіріп өтетін бір мә­селе бар, бұл жерде біз мақсат етіп отыр­ған суперпрезиденттік басқару формасы ресми басқару формасының түрі емес, саяси баға беруге көбірек келетінін айта кет­кен жөн. Президент саяси партияға мүше бола алмайды Референдум нәтижесінде Президент саяси партияға мүше бола алмайды (43-б. 3-т.). Мұндай тыйым Орталық сайлау ко­миссиясының, Есеп комитетінің және Конституциялық кеңестің төра­ға­лары мен мүшелеріне де қатысты болаты­нын атап өткен жөн. Осылайша, заңнамадғы бұл өзгеріс Мемлекет басшысын барлық саяси ойыншылардан бірдей алыстатады, бұл бүкіл мемлекеттік аппараттың жұмысына оң әсер етеді және барлық партияның дамуына тең жағдай жасайды деген нәтиже күтіліп отыр. Сайланған президент белгілі бір саяси күштерден алыстаған жағдай­лар әлемдік тәжірибеде де бар. Мемлекет басшысының еш партияға мүше болмауы туралы ереже Қырғыз Республикасы, Хор­ватия, Эстония кейбір елдердің Конс­титу­ция­сында, Ресей, Өзбекстанның саяси пар­тиялар туралы заңында, Германия сияқ­ты елдердің арнайы нормативтік акті­лерінде бекітілген. Сонымен бірге, басқару формасы Президенттің партияға мүшелі­гі­не әсер етпейді, шектеулер президенттік жә­не парламенттік елдер арасында да кез­деседі. Президенттің жақын туыстары лауазымды қызмет атқара алмайды Заңның жаңа басылымына Мемлекет басшысының жақын туыстарының мем­­лекеттік және квазимемлекеттік құры­лым­дарда басшы лауазымдарға орна­ла­суына тыйым салу ұсынылып отыр (43-б.4-т.). Заңнамада жақын туыстарға ата-ана­лар, балалар, асырап алушылар, асы­рап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа- сіңлі­лері, атасы, әжесі, немерелері жатады. Бұл мәселе одан да бұрын көтерілген де­монополизация мәселесімен жең ұшын жалғастырып жатыр. Осылайша, эко­номикада да, саясатта да шынайы, са­лауат­ты бәсекелестік қалыптаспақ, ол бар­­­лығына тең мүмкіндік береді деп уәде еті­ліп отыр. Заңдарға қол қою тәртібі өзгермек Конституцияның қазіргі редак­ция­сын­да Президенттің өкілеттіктеріне Пар­ла­мент Сенаты ұсынған заңдарға қол қою жа­тады. Мәжілістің функцияларын күшей­ту және заңдарды қабылдау рәсімін өзгерту аясында заңдардың Президентке қол қою­ға ұсынылатын бөлігіндегі тұжырымды Се­нат қана емес, тұтастай Парламентпен бір­лесе жүзеге асыратындай өзгерту ұсы­нылып отыр (44-б. 2-тармақша). Президенттің әкімдерге қатысты өкілеттіктері қысқарады Президент Жолдауында Пре­зи­дент­тің кей өкілеттіктерін қысқартып және әкімдерді тікелей асқару құзыретін ке­мітіп, әкімдер мен мәслихаттарға шешім қабылдау кезінде дербестік беру туралы сөз қозғаған еді. Осыған байланысты Президенттің облыс және республикалық маңы­зы бар қалалардың әкімдерінің актілерін тоқтата тұру немесе олардың күшін жою ж­ө­ніндегі құқығына байланысты өзгеріс­тер енгізу жоспарланып отыр (44-баптың 3-тармақшасы, 88-баптың 4-тармағы). Яғни, ұсынысты көпшілік қолдар болса, Мемлекет басшысының ау­дан, облыс, шағын қалалар мен ауылдық округ­тердің әкімдерін тағайындау және қыз­метен босату құқы болмайды. Комиссия пікірінше, бұл реформа жер­гілікті өкілді және атқарушы ор­гандардың күшеюіне және тұтастай ал­ған­да, саяси жаңғыртуға ықпал етуі керек. Президенттің лауазымды қызметке тағайындау құзыретіне де өзгеріс енгізілмек Сонымен қатар Президенттің Конс­ти­туциялық Соттың Төрағасын тағайындауға және Жоғары Сот Кеңесінің құрамын қа­лып­тастыруға қатысты құзыретіне де өз­геріс енгізу ұсынылып отыр. Конституцияда белгіленген, қол­да­ныс­тағы тәртіпке сәйкес Прези­дент­тің өзі Жоғары Сот Кеңесінің құрамын қа­лыптастырады, сондай-ақ Конститу­ция­лық Кеңестің төрағасын тағайындайды. Енді оларға Конституциялық Соттың және Жоғары Сот Кеңесінің төрағалары қыз­ме­тіне кандидатураларды келісу құқығын Пар­ламент Сенатының депутаттарына беру ұсынылып отыр. Бұл ретте Жоғары Сот Кеңесінің құрамын қалыптастыру заң­мен айқындалатын болады (44-баптың 4-тар­мақшасы). Ермек ӘБДІРАСЫЛОВ, з.ғ.д., профессор, ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарды тұжырымдау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі: Шектеулердің өзгеріс әкелуге ықпалы болады
– Президент билікте болғанда партия басқармауы керек, әйтпегенде ертең Мәжілісте сол партияның мүшелері көпшілік болып келетін болса, онда Мәжіліс тәуелсіз деп айтуға келмейді. Бұл шектеудің, әрине өзгеріс әкелуге ықпалы болады. Екіншіден, Президенттің жақын туыстарын саяси лауазымды қызметке тағайындамау туралы шектеу ұсынылып отыр. Енді мұндай шектеудің бұрын болмауы сәтсіз тәжірибе болғанын қазір өзіміз байқап отырмыз. Президенттің жақындары көптеген ықпалды қызметтерді атқарды, оған қарап үлгі алған басқа басшылар да қорықпастан өз жақындарын жұмысқа орналастырды, осылайша елімізде таныс-тамырлық жайлап, жағымсыз тенденция қалыптасты. Мемлекет басшысы бұл мәселені Жолдауында айтқан болатын, осылайша топ мүшелері аталған норманы енгізді. Суперпрезиденттік жүйеден кетіп жатырмыз дейміз, ол үшін Президент өз өкілеттігін бөлісуі керек. Ассамблеядан бұрын Президенттің квотасымен 9 адам сайланатын, Президенттің ықпалы күшті болатын, Сенаттағы 15 адамды да Президент сайлайтын. Енді Президент тағайындайтын адам саны 10-ға азайды, оның 5-еуі Ассамблея мүшелері болады. Мәжілісті тек халық сайлайды, Мәжіліске Президенттің еш қатысы болмайды. Осының бәрі суперпрезиденттік басқару формасынан кетуге ықпал ететіні сөзсіз. Бұрын тек Президенттің өкілеттігін күшейтіп отырған болсақ, енді оған кері процесс жүреді.
Жоба бойынша жетекші ғалымдар, құқықтанушылар жұмыс істеген. Конституцияның ескі және жаңа редакциясы арасындағы айырмашылық байқалуы үшін салыстыру арқылы ұсынғанды жөн көрдік. Ел үміт пен күдік аралас кезеңнің табалдырығынан аттаған сыңайлы. Ал жауаптылар бұл саяси реформалар ұзақ ойластырылғанын, қаңтар оқиғасынан бұрын қаперде жүрген мәселе екенін айтады.