233
Мұнай нарығында серпіліс бар
Мұнай нарығында серпіліс бар
Мұнай өндірісін қысқарту туралы келісімшарттың сәтті аяқталуы нарықта ірі өзгерістерге жол ашып, бағаны 2015 жылдың ортасынан бергі максимумға көтерді egemen.kz.
ОПЕК пен оған кірмейтін өзге мұнай экспорттаушы елдердің 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап өндірісті 1,8 млн баррельге азайту туралы келісімшарт нәтижесінде бүгін Астана уақытымен сағат 17:00-де Брент маркалы мұнайдың бағасы 56,50 долларға тұрақтады. Ал американдық WTI мұнайы 53,80 долларға саудалануда.
Жоғарыда аталған келісім келер жылдан бастап өз күшіне енетіндіктен, қазір экспорттаушы мемлекеттер өндірісті барынша арттыруға тырысқан. Соның ішінде Саудия мен Ирактағы өндіріс көлемі айтарлықтай ұлғайды. Онсыз да Сауд Арабиясы қараша айында рекордтық деңгейде мұнай өндірген еді. Қазақстан бірер ай бұрын ашылған Қашаған кен орнының арқасында экспорт көлемін ең жоғарғы деңгейге жеткізген.
Нарықтағы осындай жарыстың нәтижесінде ұлттық валютамыз АҚШ доллары мен еуроға шаққандағы бағамы бір жарым ай бұрынғы минимумға дейін түсті.
Жалпы, нарық заңдылығына сәйкес, өндіріс көлемі артқанда мұнаймен күн көріп отырған елдердің валюталары әлсіреуі тиіс еді. Ал бұл жолғы керісінше үрдістің басты себебі, биржадағы саудагерлердің келер жылға қарай бейімделуі.
Сарапшылардың айтуынша, мұнай бағасы жаңа дәуірге қадам басып, құбылу деңгейі жаңаша дәлізге көтерілді. Шамамен алдағы уақытта қара алтын 50 доллардан төменге түспейтін секілді.
Ал ОПЕК келісімінің жүзеге асатынына күмәнмен қараушылар аталған құжаттың тек қағаз бетінде қалып, жеме-жемге келгенде ешбір ел нарықтағы үлесінен айырылғысы келмей, бұрынғы көлемін сақтап қалуы мүмкін екенін айтады. Онымен қоса, мүмкіндікті пайдаланып, АҚШ компаниялары да сланцтық мұнай өндірісіне қарқын бермек.
Бұған қоса нарықта жасанды түрде тапшылық жасау бәрібір ұзақ мерзімде жемісті болмайды. Бағаның көтерілуі үшін сұраныс табиғи жолмен көбею керек, дейді ресейлік сарапшылар.
Ал қараша айында мұнай өндірісін тарихта рекордтық деңгейге көтерген Қазақстан келер жылдан бастап 20 мың баррельге азайтуға міндеттелді. Ал бірер апта бұрын Энергетика министрі Қанат Бозымбаев келер жылы Қашағандағы өндірісті 9 есеге дейін көтеру туралы жоспардың барын айтқан еді. Кешегі келісімшартты ескерсек, бұл кем дегенде алдағы жарты жылда жүзеге аса қоймайтын секілді.