50263
«Намазхан болғаны үшін сендік» - Mudarabah Capital-дың салымшылары
«Намазхан болғаны үшін сендік» - Mudarabah Capital-дың салымшылары
Танымал вайнерлер мен әртістер жарнамалаған «Astex.kz» компаниясына 160-тан астам салымшы ақша аударған. Қаржы ұйымының басшылары салымшыларға ортақ түсімнен ай сайын 20% мөлшерде сыйақы төлеп отыруға уәде берген. Жеңіл пайдаға қызыққан адамдар қаржылық пирамидаға өздерінің жиған-тергендерін ғана емес, таныстарының да ақшасын аудартқан деп хабарлады turkystan.kz Азаттық рухына сілтеме жасап.
«Жиналған себебіміздің басты мақсаты – ұсталған кейбір адамдардың «Astex.kz» компаниясына мүлдем қатысының жоқтығы. Біз тергеудің және осыған қатысы бар адамдардың жазалануын, салынған ақшалардың қайтарылуын талап етеміз. Зардап шеккен 160-170 адам бар, олардың да құқығы сақталу керек. Біз ақшаны «Astex.kz» компаниясына құйдық. «Mudarabah Capital» салымшыларының бізге қатысы жоқ. Екеуінің салымшылары екі бөлек. «Astex.kz» тендерге қатысып, одан тапқан пайданың 10-20% аралығында бізбен бөлісті. 20% көп емес, бір нәрсені сатып, пайда көру үшін 30-40% қоспаса, одан кіріс болмайды. Өйткені, инфляция жоғары, ҚҚС-ның өзі 12%. Одан басқа, офисті жалға алу, жол шығындары бар. Пайдасын бір-екі ай көрдік. Біз бұларға таныстар арқылы келдік. Қазір «Mudarabah Capital» салымшыларының қайта-қайта араласуымен тергеу ісі созылып жатыр. Бұл мәселе 2021 жылдың ақпан айында басталды. Сәуірдің 27-сі күні полицияға арыз жаздым. Мамыр айында Алмас Құрманғалиев қамалды. Мен ай сайын 20% пайда көріп отыруым керек еді. Соттың қорытындысы бойынша, олар маған 18 млн теңге қарыз. Шындығында, мен одан да көп ақша аударғам», - деді «Astex.kz» ЖШС салымшысы Ұлан Бақырбаев.«Astex.kz» ЖШС құрылтайшысы Алмас Құрманғалиев қамалғалы пайдадан қағылып, пайыздық төлем алуымыз мүлдем тоқтады дейді бүгін жиналған бір топ адам. Олардың сөзінше, адамдар тек бір «Astex.kz» қаржылық ұйымының өзіне 1 миллиард 124 миллион теңге аударған. Салымшылар қос компанияға қатысты тергеу жеке-жеке жүруі керек деп санайды. Өйткені бір-біріне қатысы жоқ адамдар пайда болып, ақшасын қайтаруды талап ете бастаған. Қаржы пирамидасына ақша құйғандардың қатарында бес баланың анасы Гүлмира Құрманбекқызы да бар. Ол банктен 29 млн теңге қарыз алып, «Astex.kz» ЖШС-не апарып берген. Компания басшылары шетінен намазхан болғандықтан олардың сөзіне сеніп қалдым дейді көпбалалы ана.
«Алмас Құрманғалиевтің інісі Шыңғыс Құрманғалиев бізге ағасы үшін ақшамызды бөліп-бөліп қайтарып жатыр. Мен құйған 29 млн теңгенің жартысын қайтарып алдым. Отбасымызбен үлкен іс бастайық деп несие алған едік. Ақша бизнеске емес, осы пирамидаға кетіп қалды. Қазір «Astex.kz» салымшылардың ақшасын қайтара бастаған кезде, «Mudarabah Capital» ЖШС ақша берген адамдар шығып, біз де қаражатымызды «Astex.kz»-ке салғанбыз деп өтірік айтып жатыр. Олар кімге ақша берді, солардан сұрау керек. Өйткені, «Mudarabah Capital» қаржы ұйымының салымшылары да, ол жақтағы қаражат көлемі де көп. Біз 4 ай аудит жасадық, бүкіл құжаттарды тексердік. 128 адамның алдындағы берешекті Құрманғалиевтің інісі Шыңғыс мойнына алып, төлеймін деп отыр. Негізі, екі компанияның бір-біріне қатысы жоқ. Шыңғыстың бізге ақшамызды біртіндеп қайтарып жатқанын естіген «Mudarabah Capital» ұйымының салымшылары көреалмаушылықпен «Astex.kz»-ке жала жауып жатыр», - дейді қаржы пирамидасына алданған Гүлмира Құрманбекқызы.Ол қазір банкке ай сайын 2,5 млн теңге көлемінде несие төлеп отырғанын айтты. Бұған дейін Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы «Mudarabah Capital» қаржылық пирамидасына қатысы бар деп танылған вайнерлер - Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовты он тәулікке қамаған болатын. Ал «Astex.kz» қаржылық ұйымының басшысы Алмас Құрманғалиевтің қамауда отырғанына бір жылға жуықтады. Оның інісі салымшылардың 120 млн теңгесін қайтарып берген. Ағасының халық алдындағы берешегін біртіндеп төлеймін дейді ол. 2020 жылы 82 миллион теңгесін осы қаржы пирамидасына салған Ілияс Нұрланұлы да ақшасын толық қайтарып алудан үмітті. Қазір жартысынан астамын өндіріпті. «Mudarabah Capital» салымшылары кедергі келтірмесе, қалғанын да қайтаруы керек дейді ол.
«Алғаш рет қаржылық ұйымға 2020 жылдың наурыз айынан бастап ақшамды салдым да, сол жылдың соңына дейін үстіндегі маржасын алып жүрдім. Проблема 2021 жылдан басталды. Біз сол кезде ұжымдық арыз жаздық, соның негізінде Құрманғалиевті қамауға алды. Біз бұл компанияға таныстар арқылы келдік. Қазір екі компанияның салымшылары бір-бірімен дауласып жатыр. Мен бұл компанияға 82 млн теңге салдым, бүгінге дейін соның 50 млн теңгеден астамын қайтарып алдым», - деді Ілияс Нұрланұлы.ІІМ Тергеу департаментінің мәліметінше, өткен жылы 31 мыңнан астам азамат қаржы пирамидаларының құрбаны болған. Әншілер мен блогерлер жарнамалаған алаяқ ұйымдар қарапайым адамдарға 54 млрд теңгенің залалын келтірген. Бүгінгі таңда ішкі істер органдарының өндірісінде осы санаттағы 70-ке жуық қылмыстық іс бар. Арыздардың негізінде 3 мыңнан астам жәбірленуші тіркелген.