791
«Қасиетті парыз» қағаз жүзінде қалмаса екен
«Қасиетті парыз» қағаз жүзінде қалмаса екен
Жер аумағы өте үлкен, халқы таздың шашындай аз Қазақстан үшін ең басты мәселе халық санын көбейту болуға тиіс. Өйткені мына дала талай елдің көз құртына айналып отыр. Осы ретте Қазақстанның бір «көзірі» бар, ол – сырттағы қазақтар. Бірақ соңғы жылдарда көш саябырсып қалды. Біз көші-қон мәселесімен айналысып жүрген қоғам қайраткері Ауыт Мұқибекпен әңгімемізде осы мәселенің себебін анықтауға тырыстық.
– Ауыт Мұқибекұлы, жақында сіздің «Қазақ әдебиеті» газетінде «Ашық хатыңыз» жарияланды. Аталған хатта сіз Президентке шекара сыртында қалған қандастарымыздың құқығын Ата Заңмен бекіту туралы ұсыныс жасапсыз. Айтыңызшы, бұл ой сізге қайдан келді және қандай қажеттіліктен туындап отыр?
– Өзіңіз жақсы білесіз, қазақтың басынан өткен аумалы-төкпелі тарихқа қарап отырсақ, бірнеше тағдыршешті тарихи сәт немесе кезең болған. Арыға бармай-ақ, бергісін еске алсақ, сондай тарихи оқиғаның бірі –1990 жылғы 25 қазандағы «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттiк егемендiгi туралы» декларациясының қабылдануы.
Осы «Егемендік туралы» декларацияның 12-бабында «Қазақ ССР-і республикадан тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тiл жөнiндегi қажетiн қанағаттандыруға қамқорлық жасайды» деген норма бар.
Кеңес Одағының толық ыдырамай тұрған кезінде Мемлекеттiң егемендiгi туралы декларация қабылдап, оған Қазақ ССР-інің аумағынан тыс жерде өмір сүріп жатқан қазақтар туралы осындай норма енгізу, шын мәніндегі көрегендік және батырлық еді.
Міне, сол декларацияның негізінде, өзіңіз білесіз, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алып, оның Конституциясы дүниеге келді. Сонымен бірге 1991 жылғы 18 қарашада Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-інде қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» №711 қаулысы қабылданды; 1991 жылы 31 желтоқсанда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ радиосы» арқылы шеттегі қазақтарға арнап, өз аузымен «Алыста жүрген ағайындарға ақ тілек» атты тарихи Жолдауын жолдады; 1997 жылғы 13 желтоқсанда тұңғыш рет қазақ тілінде «Халықтың көші-қоны туралы» заңы қабылданды...
Сөйтіп, мемлекеттің көші-қон саясаты қалыптасып, соның арқасында 1 миллионнан астам қазақ атажұртына оралды.
Реті келіп тұрғанда айта кетейін, осы «Егемендік туралы» декларацияның жобасын жасауға қатысқан Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Ғайрат Сапарғалиев, Сабыр Қасымов бастаған ағаларымның данышпандығына, көрегендігіне қайран қаламын әрі дән риза боламын. Еліміз толық тәуелсіздік алмай жатып жасалған мемлекеттік құжатқа шекара сыртында жүрген қазақтарды бадырайтып тұрып қосқанын ойласам, осы күнде көзіме ыстық жас келеді. Қадірін енді біліп жатырмын, көздері тірі кезінде сол кісілерді іздеп барып, сәлем беріп, осы еңбектеріне рақмет айтпағаныма қатты өкініп жүрмін. Солардан көзі тірі қалғаны – Сабыр Қасымов. Сабыр Ахметжанұлы ағама үнемі хабарласып, хал-жағдайын сұрап жүремін. Ұлтқа, мемлекетке қызмет ету үлгісінің шыңы деп, осы ағалардың еңбегін айтуға болатын шығар.
Бүгінде мемлекетіміз 30 жылды артқа тастап, екінші бір жаңа дәуірге – Жаңа Қазақстан құруға қадам басып отыр. Осы ұлы бұрылыс, тарихи сәтте тағдырдың жазуымен шекара сыртында қалып бара жатқан 6-7 миллион қазақтың да болашақ тағдыры туралы ойланбау мүмкін емес!
Демек, ойды туғызған – «Егемендік туралы» декларация, қажеттілікті туындатып отырған Қазақ көшіне қарсы күштер.
– Жоғарыда өзіңіз айтқан «Халықтың көші-қоны туралы» заңы және өзге де нормативтік құжаттар бар. Оның біраз кем-кетігінің толықтануына өзіңіз тынбай жүгіріп ықпал еттіңіз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз» деп отыр. Алдағы жерде де сол қалыптасқан саясатпен неге жүре бермеске?
– Әрине, жүре беруге болатын еді. Бірақ қауіп басым. «Қасиетті парызымыз» деген сөзді Қасым-Жомарт Кемелұлы 2019 жылы айтты.
Міне, содан бері тұп-тура үш жыл өтті.
Енді көшіп келушілердің осы соңғы 3 жылдық көрсеткішіне көз жүгіртсек, 2019 жылы – 17 661, 2020 жылы – 13 046, 2021 жылы 17 540 қазақ Қазақстанға көшіп келіп, қоныстаныпты. Бәрін қоссақ, 48 247 адам.
Қазақ көшінің ең шарықтаған кезеңі – 2002-2006 жылдар аралығы.
Аталған бес жылда 384 106 қандасымыз атажұртымен қауышқан болатын. Беске бөлсек, жылына 76 821 адамнан тура келеді.
Ал соңғы үш жылдың көрсеткіші 50 мыңға да жетпейді.
Әрине, бұл үшін Қасым-Жомарт Тоқаевты кінәлауға болмайды!
Президенттің тікелей тапсырмасымен «оралман» атауы «қандас» болып өзгертілді; әкімшілік құқық бұзғаны үшін келген еліне шығарып жіберу жазасын қолдануды қандастарымыздан алып тастады; Қазақстанда тұрақты тіркеуде тұратын қандастарымыз шетелде 183 күннен артық тұрса да, олардың «ықтиярхаты» жойылмайтын болды; 18 қараша – кәсіби мерекелер мен аталып өтілетін күндердің тізбесіне енгізілуде; «Отандастар қоры» бұрын екі министрлікке қараса, қазір басы бүтін Сыртқы істер министрлігінің құзырына өтті; Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ішінен Көші-қон және демография комитеті дербес комитет болып бөлініп шыққалы жатыр...
Осының бәрі сол «Қасиетті парызды» орындау үшін жасалып жатқан игі қадамдар деп бағалаймын.
Ал көштің тоқырауына ең алдымен Мәсімов пен Құлыбаев дәуірінен қалған салқындық, сосын этникалық қазақтар мол қоныстанған шығыстағы көрші ел аумағында болған жайлар қатты әсер етті. Одан қала берді, пандемия жағадан алды. Ел мен елдің арасындағы шекара жабылып жатқанда, көші-қон туралы мардымды әңгіме болмайтыны түсінікті.
Бірақ мұның бәрі уақытша жағдайлар. Ертең бәрі орнына келеді, келіп те жатыр. Көшке қауіп басқа жақтан төніп тұр.
– Сіз қазақ көшіне қарсы ішкі және сыртқы күштердің қарсылығы туралы жазып, айтып келесіз. Осы жөнінде айтыңызшы...
– Иә, көшке ішкі, сыртқы – екі жақтан да қауіп көп және екеуі де тым қатерлі! Соңғы 15 жылдағы жағдай бізді қатты түңілтті. Қазақ көшіне деген ішкі және сыртқы күштердің қарсылығына қарап отырып, төбе шашым тік тұрады. Өзіңіз ойлаңызшы, шетелде 6-7 миллион қазақ бола тұра, солардың 30 жылдан бері Отанға оралғаны – 1 миллион 90,1 мың қазақ. Егер Кәрім Мәсімов мемлекет жағынан беріліп келе жатқан 20 мың отбасылық квотаны тоқтатып, заңнамалардағы кедергілерді көбейтпегенде, Тимур Құлыбаев 2011 жылғы «Жаңаөзен оқиғасын» ұйымдастырған шеттен оралған қазақтар деп жала жауып, 2013 жылы қандастарымызға төрт жылсыз азаматтық берілмейтін етіп қатаң заң қабылдатпағанда, ұлы көш бұлай тоқырамас еді. Осыған дейін, аз дегенде 3 миллионнан астам қазақ Қазақстанға көшіп келіп алар еді. Міне, бұл – ішкі қарсы күштің кесірі.
Енді сыртқы күшке келсек, жақында ғана болған бір-ақ мысалды айтайын.
Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкин биыл ақпан айында ресейлік «Независимая газетаға» берген сұхбатында «Орыс тілін білмейтін қазақстандықтардың дені – басқа мемлекеттерден қоныс аударғандар, яғни қандастар. Бұл олардың заманауи қазақстандық қоғамға тез сіңісуіне кедергі келтіреді, бұл ел билігі үшін айтарлықтай проблемалар туғызады», – деді.
Түсінген адамға мұның астарында ауыр зіл жатыр. Бұл – өте қауіпті сигнал.
Көрсеткішті көріп отырсыз, 5-6 миллион қазақтың Отанына оралуы бес-алты жылда біте қоятын шаруа емес. Ұзаққа, тіпті ғасырға созылуы мүмкін. Мен тағы қайталап айтайын, дау жоқ, Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет тізгінін ұстап тұрғанда ұлы көштің жолын ешкім бөгей алмас. Бірақ одан арғы замандар туралы бірдеңе деу қиын. Қазақстанның әр бес жылда сайланатын болашақ президенттерінің бәрі Н.Назарбаев пен Қ.Тоқаев секілді алыстағы ағайынға құшағын айқара ашып тұрса жақсы. Өзгеше «мінезді» біреу келіп, «Көшіңді қоя тұр!» десе, қайтеміз?!
Соңғы он бес жылда көрдік қой, көштің жолын тоқтату оп-оңай екен. Кәрім Мәсімов Үкімет басына келген соң, Қазақстан азаматтығын алғысы келетін қандастарымыздан талап ететін «анықтама» көбейіп кетті. Соның бірі – қылмысы үшін алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығы бар немесе жоқ екенін дәлелдейтін «Соттылық туралы» анықтама. Бұл «анықтама» Қытайдан оралған қандастарымыздың құжат алуының жолын шорт кесті. 2017 жылы Тұңғыш Президенттің тапсырмасымен Қытайдан келген қандастарымыз бәледен әрең зорға құтылды. Содан бері бес жыл өтті, Қытайдан келген қандастар аталған анықтамасыз-ақ азаматтық алып жатыр. Ешқандай да оқыс оқиға тіркелген жоқ. Демек, барлық мемлекеттен келетін қандастардан «Соттылық туралы» анықтама талап етудің қажеті жоқ деген сөз.
Міне, осындай бір қитұрқылықпен-ақ шеттен келген ағайындарды әбден әуре-сарсаңға салып, сабылтып, зарықтырып, торықтырып, соңында атажұрттан күдерін үздіреді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы соңғы Жолдауында «Мені, ең алдымен халқымның болашағы қандай болатыны толғандырады. Қызметіме түрлі адамдардың беретін бағасынан гөрі, мемлекетімізді қорғап қалу – мен үшін аса маңызды міндет. Осы жолда жауапкершіліктің бәрін мойныма алуға дайынмын!», – деді. Сол халықтың бір бөлігі – шекара сыртында қалып отырған 6-7 миллион қазақ. Олардың ертеңгі болашағы тек Қазақстанға байланып тұр. Басқа ешбір панасы жоқ! Ал олардың атажұртқа келетін жолын мәңгілікке даңғыл етіп ашып қойсақ, түбінде мемлекетімізді қорғап қалатындардың қатарында солар да болмақ.
Сөйтіп, «Қасиетті парыз» қағаз жүзінде қалмаса екен деген мақсатпен Қазақстан Конституциясына «Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде тұратын қазақтар басқа мемлекеттің азаматы болғандығына қарамастан жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құқықты» деген норма енгізуді сұрап отырмын.
Әлемде өз этникалық топтарына қатысты азаматтық алудың оңайлатылған тәртібін беру туралы конституциялық нормалар қабылдаған мемлекеттер аз емес. Мысалы, Германия (116-бап), Румыния (7-бап), Болгария (25-бап), Польша (34-бап) және Қырғыз Республикасы қатарлы елдерді атауға болады.
– Сіздің бұл бастамаңызға билік өкілдері қалай қарап жатыр, жұрт не дейді?
– Ең алдымен айтайын, ғасырлық тарихы бар «Қазақ әдебиеті» газетінің Президенттің атына жазған «Ашық хатымды» кезек күттірмей басуын, «Түркістан» газеті назар аударып, алғашқы болып сұхбат алуын, сол қолдаудың басы деп бағалаймын.
Қарапайым халық та, танымал тұлғалар да қуана-қуана құптауда. Әсіресе, шеттен оралған ағайындар әлеуметтік желілер арқылы менің жазбамды күнді-түнге жалғап бөлісіп, қолдап пікір жазуда. «Азаулының Ыстамбұлдан несі кем?!» демекші, қандастарымыздың Ассамблеядан несі кем?!» деп, телефон шалушылардың санында есеп жоқ.
24 наурыз күні жоғарыда аталған «Ашық хатымды» Ақордаға жолдадым. Қасым-Жомарт Кемелұлының қолына тиеді деп сенемін.
Сосын Мемлекет басшысы Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарды тұжырымдау жөніндегі жұмыс тобын құрды. Сол жұмыс тобындағы үш үлкен ғалыммен, аттарын айтсам, Аманжол Нұрмағамбетов, Еркін Оңғарбаев және Марат Бәшімов ағаларымызбен сөйлесіп, ойымды айтып, «Ашық хатымды» жібердім. Бәрі де заң ғылымдарының докторлары, профессорлар. Кешегі Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Ғайрат Сапарғалиев ағаларымыздың ізін басқан, жолын қуған шәкірттері. Бұл мәселеге ешқашан бейжай қарамайды деп сенемін. Обалы кәне, Е.Оңғарбаев пен М.Бәшімов мәселенің маңызын бірден түсініп, өте жылы қабылдады.
Содан кейін Сенат пен Мәжіліс Төрағаларына және Мәжіліс депутаттары Б.Әбдіғалиұлының, Е.Саировтың, А.Сарымның атына жеке-жеке хат жаздым.
«Қазақ әдебиетінен» оқып, қолдайтынын айтып, өзі телефон соққан жалғыз депутат – Мұрат Бақтиярұлы...
– Егер, осы жолғы саяси реформа барысында сіз ұсынған жоба қабылданбаса, Қазақ көшінің ертеңгі тағдыры шынымен тығырыққа тіреле ме?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Маңызды шешімдер жұртшылықтың қатысуымен ашық қабылданады. Өйткені мемлекет әр азаматтың үніне құлақ асады», – деді.
Тағы қайталап айтайын, қазақ көшінің болашақ тағдыры туралы ешкім дөп басып ештеңе айта алмайды. Үміттен күдік он есе басым. Құдай бетін ары қылсын, болашақта Қазақ көші қатерге ұшырап, қандастарымыз далада қалып жатса, онда олардың ұлт алдындағы сұрағы өте үлкен, жазасы да тым ауыр болады. Тарих Қазақстанды ешқашан кешірмейді!
Сол үшін саяси реформаның жобасын жасаушылар да, билік тұтқасын ұстаған жігіттер де бұл мәселені тыңғылықты ойластырғаны дұрыс. Мен сеніп ұсыныс айтқан тұлғалар хаттарымызды министрліктерге сырғыта бермей, өз көзқарастарын ашық ортаға салып, кең көлемде талқылау ұйымдастыруға тиіс.
Дау жоқ, бүгін бар мүмкіндік өз қолымызда тұр. Мәрттік танытып, Қазақ көші кіретін үлкен есікті мәңгі жабылмайтындай етіп ашып қойсақ, ертеңгі ұрпақ біздің де осы ұлы шешімімізді мақтаныш ететін, ұлттық идеология ретінде бағалайтын болады.
Шеттегі қандастарымыз қазір ең бір қорғансыздың күйін бастан кешіріп жатыр. Одан да қорқыныштысы, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыста қанша этникалық қазақ сарбазы қаза тапты және тұтқынға түсті. Кейбір ақпарат көздері бұл жолғы Ресей әскерінің құрамында этникалық топтардың көптігін жазуда. Қытайдағы қазақтардың да жайы мәлім... Бұл да шеттегі қандастарымызға төнген қауіп. Қазақты ешкім аяйын деп тұрған жоқ!
Енді оларды мөлитіп, босаға сыртында қалдыруға болмайды!
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ