ABAI UNIVERSITY – ашық университет

ABAI UNIVERSITY – ашық университет

ABAI UNIVERSITY – ашық университет
ашық дереккөзі
850

Қазақтың тұңғыш университеті – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (Abai University) ғасырға жуық еліміздің педагогикалық білімінің басым бағыттарын айқындап келеді.

Абай атындағы ҚазҰПУ-ң 2022-2025 жылдарға арналған Даму стратегиясында университет 2025 жылға қарай Орталық Азиядағы педагогикалық білім берудің көшбасшысы болады деген мақсат қойылған. Соған қол жеткізу барысында «Abai University – ашық университет» идеясын жүзеге асырудың рөлі де маңызды. Бұл бағыт заманауи үрдіс ретіндегі интернационализацияны білдіреді. Университетті интернационалдандыру қазіргі әлемдегі білім мен ғылымның ашық ортада дамитындығын көрсетеді. Ол үшін университет халықаралық аренада өз орнын ойып алып, танымалдығын асырып, әлемдік академиялық қауымдастыққа интеграцияланып, халықаралық деңгейдегі академиялық, ғылыми және мәдени әріптестіктің тұрақты қатысушысы болуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда Абай университетінің ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелері жеткілікті. Ең басты дегендерін атап өтер болсақ – QS WUR бойынша әлемнің мың жарымнан астам университеттерінің ішінде 551-орында, THE (Times Higher Education) WUR бойынша 800-орында, ал  QS ЕЕСА – Шығыс Еуропа университеттері арасында 70-орында, QS Graduate Employability Rankings (түлектерінің жұмыс табуы рейтингісінде) ТОП-501 қатарында, нәтижесінде QS Stars Rating System бойынша бірден 4 жұлдызға ие болды, т.т. Осындай нәтижені Орталық Азия тұрмақ, ТМД елдерінің бір де бір педагогикалық университеті бүгіндікке көрсетіп тұрған жоқ.

Жоғары мектептің бәсекеге қабілеттілігі мен қызмет тиімділігін бағалаудың маңыздылығы ЖОО-ны әлемдік білім беру, ғылыми, инновациялық және зерттеу ортасына интеграциялауда ғана емес, сонымен қатар, халықаралық білім беру қызметі нарығында өз еліңнің  білім саласының тартымдылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттыру жобасы интернационалдандыру жолында айтарлықтай ілгерілеуге мүмкіндік берді. Тіпті соңғы жылдардағы «COVID-19» короновирус пандемиясынан туындаған кедергілерге қарамастан бұл процесс өз ретімен жүргізіліп келеді. Интернационалдандырудың жаңа феномені  – «виртуалды академиялық ұтқырлық» пандемия жағдайында студенттер мен оқытушылардың халықаралық ұтқырлығын өрбіту мүмкіндігіне айналғанын атап өту қажет. Өмір өзі көрсеткендей, цифрлық білім беру контенті шетелдік студенттерді оқу орнына тарту және сонда ұстап қалу құралы болуға жарайды.

Білім беруді интернационалдандырудың қазіргі түрі – интернационалдандыру 4.0 ғылым-білімнің жаһандануымен байланысты әрі ол бұрындары ара-тұра кездесіп тұратын эпизодты халықаралық байланыстардан шынайы ғылыми ынтымақтастық пен жан-жақты серіктестікке көшуге өту ретінде сипатталады.

Абай атындағы ҚазҰПУ әлемнің 33 елінің 140-тан астам университеттерімен серіктес. Олардың ішіндегі 20-дан астамы QS WUR және THE (Times Higher Education) WUR әлемдік рейтингінің  көш бастап тұрған бесжүздігіне кіретін (ТОП-500) оқу орындары. Университеттің  халықаралық  ынтымақтастық саласындағы белсенділігі бірнеше амалдардан тұрады: бірлескен немесе қосдипломды білім беру бағдарламаларын даярлау, академиялық ұтқырлықтың бар түрлерін жүзеге асыру, тиімді зерттеу әдістері және білім берудің озық технологияларымен алмасу, ғылыми инфрақұрылымды ортақтаса пайдалану және т.б.

Ауқымды құбылыс болып табылатын университеттік ғылым интернационализациясын дамыту барысында түрлі ғылыми мектеп, алуан ғылым салалары мен бағыттарын ұсынатын ғалымдардың диалогы маңызды. Ғылымдағы интернационализация ізденістердегі плюрализмді, өзге ғылыми мектептердің теориялық көзқарастарына толеранттылықты, мәдениетаралық  құзыреттілікті қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан да бірлескен зерттеулерді қаржыландыратын шетелдік ғылыми-зерттеу орталықтарымен, қаржыландырушы қорлармен тікелей байланыс орнату халықаралық ынтымақтастықтың стратегиялық маңызды бағыты болып табылады. Бұл бағытта да соңғы жылдары Абай университетінде біраз қомақты халықаралық жобалар жүзеге асырылды, атап айтсақ, American Councils «Pedagogical University Development Program» жобасы, «Нақты деректер мен ұйымдастыру мәдениеті негізінде оқытушыларды даярлау» университеттік серіктестік бағдарламасы, Erasmus+ бағдарламасының «Қазақстанда дуалды жүйені енгізу» (2021-2024) KAZDUAL халықаралық жобасы, UNESCO-ның Окаяма университетімен бірлескен «Тұрақты даму мүддесінде білім беру саласындағы азиялық озық тәжірибе орталықтары арасындағы ынтымақтастық жолымен климаттың өзгеруі мәселелері бойынша педагогикалық білім беруге жәрдемдесу» жобасы, «One Asia Foundation» қорының халықаралық білім беру жобасы.

Университет халықаралық алмасу бағдарламаларын да белсенді дамытып келеді. Erasmus+ МКМ шеңберінде Франция, Румыния, Германия, Словакия, Польша және Түркия жоғары оқу орындарымен 9 бағдарлама; DAAD бойынша Хайдельберг педагогикалық университетімен 2 бағдарлама; Түркия Республикасының MEVLANA гранттық бағдарламасы бойынша Нийде, Ахи Евран, Мармара, Мугла, Фиррат, Хаджи Байрам Вели, Сиирт университеттерімен 7 бағдарлама аясында студенттердің бір академиялық кезең бойы сол университеттерде оқуына мүмкіндік тудырып отыр. Сондай-ақ, Abai University студенттері жыл сайын франко-қазақстандық «Абай-Верн» стипендиялық бағдарламасының грантын да иеленушілер қатарынан көптеп көрінуде. Өткен жылы жүздеген студенттер Германия, Франция, Жапония, Польша, Литва, Түркия және Ресей университеттерінде оқудан және тағылымдамадан өтті. Үстіміздегі жылы университет «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасы аясында әлемнің жетекші университеттерінде (АҚШ-тың Вашингтон Университеті, Мичиган Университеті, Ұлыбританияның Баз университеті, т.б.) тағылымдамадан өтуге грант ұтып алған 14 оқытушы-профессорларын мақтан етеді. Өткен жылмен салыстырғанда университетте шетелдік білім алушылар санының өсуі (18 жақын және алыс шетелдерден 524 студент оқуда) де Абай университетінің білім беру өніміне халықаралық аренада сұраныс барлығын көрсетіп отыр.

Коронавирус тудырған шектеулерге қарамастан, Абай атындағы ҚазҰПУ білім алушыларына дәріс оқу және шеберлік сабақтарын жүргізу үшін серіктес жоғары оқу орындарынан қырыққа жуық шетелдік лекторды: Сорбонна университеті (Франция), Перпиньян университеті ВИА Домития (Франция); Сент Иштван университеті (Венгрия), Таллин университеті (Эстония), Мария Гжегожевская атындағы арнайы педагогика академиясы (Польша), Акдениз университеті (Түркия), Аль-Азхар университеті (Египет), Ресей халықтар достығы университеті (РФ), Қазан Федералдық университеті (РФ) және т.б. беделді университеттерден шақыртты. Дегенмен, «визит профессор» бағдарламасы тек өзімізге лектор шақырумен ғана бітетін бірбағытты жұмыс емес, ол өз ғалымдарымызды шетелге танымал ететін шара болуы тиіс. Сондықтан да Абай университетінің төрт оқытушысының Янка Купала атындағы Гродно мемлекеттік университетінде (Белоруссия) дәріс беріп келгендігін атап өтуіміз керек.

Abai University қазіргі заманда интернационалдандыруды дамытудың басым бағыты деп  «үйдегі интернационалдандыру» (Internationalisation at home) тұжырымдамасын таңдады. Бұл тұжырымдама университет ішінде халықаралық қатынастарды тығыз орнатуға мүмкіндік беретін орта қалыптастыруды, демек, оқытушы, қызметкер, білім алушылардың тілдік құзіреттіліктерін арттыру арқылы өз қабырғасында шетелдік серіктес университеттермен қоян-қолтық байланысты қамтамасыз ету тетігін табуды көздейді.

 Білім беру және ғылыми-зерттеу процестерін интернационалдандыру ЖОО-ны ары қарай дамытудың стратегиялық маңызды векторы болып қала береді. Осы мақсатқа қол жеткізу жолында университет әрдайым келесі міндеттерді шешпек:

■ білім беру, ғылым және инновация саласында ЖОО-ның халықаралық беделін нығайту;

■ халықаралық білім беру қауымдастығына тығыз интеграциялану;

■ бірлескен халықаралық білім беру бағдарламаларын әзірлеу және  енгізу;

■ шетелдік студенттер контингентін ұлғайту және шетелдік студенттердің университет өміріне тез бейімделуіне жан-жақты қолдау көрсету;

■ әр кез студенттер мен оқытушылардың халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламаларын үйлестіру әрі жандандыру үшін ыңғайлы жағдай тудыру;

■ халықаралық қорлар мен ұйымдардың қаражатын тарта отырып, бірлескен халықаралық ғылыми бағдарламалар мен жобалар орындауға қатысу;

■ дамыған серіктестік желісін жасақтап, түрлі халықаралық қауымдастықтарға мүшелік ету, сондай-ақ, маңызды аймақтарда университеттің өз өкілдіктерін (Абай орталықтарын) ашу арқылы университеттің ықпал ету аясын кеңейту;

■ «үйдегі интернационалдандыруды» толыққанды іске асыру мақсатында ЖОО оқытушылары мен қызметкерлерінің шет тілдерін меңгеруіне жағдай жасау.

Осы аталғандарды жүйелі түрде жүргізу нәтижесінде «ашық университет» идеясын ұстанған Абай университеті ғаламдық академиялық  қауымдастықпен бірлесе отырып, шығармашылық пен жаңашылдық жолында өз миссиясын толықтай жүзеге асыруға мүмкіндік алады.

Құлсариева Ақтолқын Тұрлыханқызы

Стратегия, цифрландыру және интернационалдандыру жөніндегі проректор

 

Серіктес жаңалықтары