50410
Димаш Құдайбергеннің Чехиядағы концерті дүркіреп өтті (ФОТО)
Димаш Құдайбергеннің Чехиядағы концерті дүркіреп өтті (ФОТО)
16 Сәуірде Чех Республикасының астанасы - Прага Димаш Құдайбергеннің «ARNAU» эстафетасын қабылдады деп хабарлады turkystan.kz.
DimashNews редакциясына берген сұхбатында әнші көптен күткен жеке концертінің қалай өткенін айтты.
Ол пандемия кезіндегі жанкүйерлерімен байланысы жайлы да айтты.«Иә, пандемияның 2 жылында мен әртүрлі кештер мен фестивальдерде өнер көрсеттім, бірақ жеке концертпен оралу – мүлдем басқа сезім. Атмосфера ерекше. Сондықтан, әрине, барлық Dears-қа маған көрсеткен сүйіспеншілігі мен қолдауы үшін алғыс айтқым келеді», - деді ол.
«Ұзақ үзілістен кейін сахнаға шыққан соң қобалжу болды. Бірақ сахнаға шыққан бойда барлық уайымым әп-сәтте сейілді. Біздің концерттеріміз пандемияға байланысты 2 жыл тоқтап қалғанына қарамастан, Dears-пен байланысымыз әлі де күшті», - деді әнші.
«DimashAli» шығармашылық орталығының жетекшісі Қанат Айтбаев 2 жылдан кейін концерттік атмосфераға оралу туралы ойымен бөлісті.
TipSport Arena-дағы концертте Intro-ның алғашқы аккордтарынан-ақ жанкүйерлердің эмоциялары байқалып жатты. Оның концертіне әлемнің 15-тен астам елінен тыңдармандар жиналған. Олар Прагада Димаш Құдайбергеннің аяғын жерге тигізбей қарсы алды. Айта кетсек, 2020 жылы басталған Димаштың «ARNAU» концерттік туры екі жылдан кейін қайта басталды.«Өздеріңіз білетіндей, 2020 жылы басталған індетке байланысты біз турды тоқтата тұруға мәжбүр болдық. Әрине, біз үшін оны қайтадан жалғастыра алу - үлкен бақыт. Біз Димаштың жанкүйерлерімен, сондай-ақ, әртүрлі елдердегі әріптестерімізбен кездескенімізге қуаныштымыз», - деді Қанат Айтбаев.