Ғылымға нақтылық керек десек те...

Ғылымға нақтылық керек десек те...

Ғылымға нақтылық керек десек те...
ашық дереккөзі
634
Орда бұзар отыздың бел ортасынан асып бара жатқан шағым болатын. Сырлас аға марқұм Қаһарман Бабағұловпен бірге ел жақты – Сыр бойын бетке алып, сапарлатып келеміз. Зеріге қалсақ жолай тыңдау үшін бұрынғы өткен айтушылар үлгісінде үнтаспаланған көненің ән, күй, мақам үлгілерін ала шыққанмын. Бала кезінен Сырдың мақпал мақамына құлағы сартап болған Қаһаңа қазы-қарта керткендей етіп, әрбір жыршыны дәмдеп ұсынып, кімнің орындауындағы қандай шығарма екенін түсіндіріп, рет-ретімен бипаздап тыңдатып келе жатырмын. Барар жол, қайтар сапарды қоса есеп­тегенде, бас-аяғы 20-30 сағат бойы іштен тынып, бір деммен тыңдап бо­лып, Тұздыбастауға жақындағанда «Бе­рік­­жан, мынаның бәрін қайдан алғансың?» де­ді. Бесіктен белім шықпай жатып дерлік 12-13 жасымнан ел арасынан құныға жи­на­ғанымды, қалғанын ес біліп, етек жап­қан тұста түрлі мұрағат қорынан алып, то­лық­тырғанымды айтып, түсіндіріп бол­ғанша, «Мынау деген ғажап қой. Шыра­ғым-ау, қандай қазынаның үстінде отыр­ға­ныңды білесің бе? Тездетіп жарыққа шығаруымыз керек» дегені. Аталмыш жұ­­­мыстың қыруар шығыны бар екенін ай­тып, ауыз жапқанымша болмай, «Мен се­нен ақша сұрадым ба?» дегендей, ала кө­зінің астымен бір сүзіп өтті. Түсіндім, әрі қарай сөз сабақтағаным жоқ, әңгімені қиқаламай, сол жерден шорт кесе салдым. Өйт­кені бұл кісінің ерекше қасиеті: айт­пай­ды, айтса болды, ешқашан уәдесінен қайт­пайды. Жанына 20 жылдан астам уақыт ергенде бір байқағаным – осы. 2008 жылдың басында Сыр бойының му­зыкалық фольклорынан антология дайындауға бел шешіп кірістік те кеттік. Ол кезде Қазақ радиосының «Шалқар» бө­лімінде Жүрсін Ерманның қоластында жұмыс істейміз. Жүкеңе игі шаруамның шетін айтып едім, кеңшілік жасай қойды. Сонымен, радионың барлық мүм­кіндігін сарқа пайдаланып, қолдағы мұра­ны тазартуға кірістік. Тап осы кезде өрек­пі­ген көңіл нілдей бұзылып, су сепкендей ба­сылды. Қанша жылдан бері қолдан-қол­ға өтіп, сақталған мұра әбден тозған, лен­та атаулы көнерген, бір сөзбен айтқанда, сақ­талған ән, күй, мақамдардың техника­лық сапасы сын көтермейтін жағдайға жетіпті. Сол күндердің бірінде менің қол те­лефоныма бір кейуана хабар­лас­ты да, өзінің музыкатанушы Зәуре Жа­нұза­қова екенін айтты. Бір кездері ұста­зым, фольк­лортанушы ғалым Оразгүл Нұрма­ғам­бетованың шаңырағында кездесіп, үшеуара ұзақ-сонар әңгіме-дүкен құр­ға­ны­мыз бар еді. Содан ойында қалсам ке­рек. Оның үстіне, баспасөз беттерінен ме­нің мақалаларымды үзбей оқып тұра­тынын айтты. Қош, сонымен Зәуре апай қо­лындағы жиған-терген мұраны маған табыстауға ниетті екенін білдірді. Бұл жайын­да кезінде бүге-шігесіне дейін ай­тып, жазған болатынмын. Сол үшін ендігі сөз қисынын төтеден салайық. Оның ұсынған мүлкі марқұм Базаралы Мүптеке досым екеуміз мықшыңдап, мың әуреге түсіп, тазарта алмай жатқан мұраның түп­нұсқасы болып шықты. Қаласа, құлақ кесті құлына Құдай қалай болса, солай берді деген – осы! Сонымен, «Сыр сүлейін сұрасаң» ат­ты музыкалық антология жасау тә­жірибесіндегі тырнақалды туындым сол кездегі Білім және ғылым министрлігіне қарасты М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми кеңесінде, мүйізі қарағайдай академиктер тарапынан бірауыздан мақұлданды да, өндіріске бет алды. Олай жасауыма, жинаққа енген му­зыка мұрасының дені осы институт қоры­нан алынғаны себеп болды. Бір қызығы, мұнда сақталған магнитофон таспалары да түпнұсқа болмай шықты. Кезінде ғы­лыми мекемеге көшірмесін тапсырып, Зәуре апай түпнұсқаны өзінде қалдырған екен. Ол да бір алмағайып кезең еді. Қалай бол­ғанда да, мұраның жойылып кетпей, бәз-баяғы қалпында халықпен қайта қауышуына көрініп тұр екен ғой. Жарат­қан Иеден алдымен музыкатанушы Зәуре апамызға Сырдың музыкалық фольклорын ел ішінен таңбалатып, содан соң бізге Қаһар­ман ағаның демеушілігімен жарыққа шығарып, халықпен қайта қауыштыру міндеті бұйырыпты. Осылайша, біржылдық ғазабат ең­бектің арқасында жарық көрген ан­то­логияға Қызылорда облысының жеті ауданынан (Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған) 67 әнші, күйші, жыршы репертуары жайындағы мәліметтер, Сыр бойына жа­са­ған жеке жинау жұмыстарымның нәти­же­сінде және түрлі мұрағат қорынан алып жүйелеген 298 ән, күй, мақам үлгілері, тер­ме, толғау, хат, жауаптасу, эпикалық жыр­лардың үзінділері, автордың бетжабар ма­қаласы, сондай-ақ мемлекет және қоғам қай­раткері Қ.Бабағұлов пен музыкатанушы З.Жанұзақованың кіріспе мақалалары топ­тастырылып, жарыққа шығар алдында ҚР заңнамаларына сай барлық авторлық жә­не сабақтастық құқықтары қорғалды. Кейінгі кезде фольклортану мен му­­­зыкатануға қатысты құзырлы ғы­­лыми мекемелер тарапынан ел арасына ма­ман шығарып мұра жинау, оны хаттап, бел­гісін бекіту жұмыстары толық болмаса да, тоқтатты деуге болады. Оның үстіне, соң­ғы уақытта мұрағат материалдары түр­лі себептермен жүйесіздене бастады. Тіп­­ті, кейбірінің тізімде аты бар да, мұра­ғатта заты жоқ. Кезінде ғалым Ақселеу Сей­дімбек қазақта 10 мыңға жуық күй, со­ған жетеқаба ән бар екенін меңзеп жүре­тін. Бірақ бұл тек айтылған сөз күйін­де қалды. Ахаңның әлгі дерегін індетіп, қа­зақ ән-күйінің толық тізімін жасап, оны аймақтарға жіктеп, саралап, нұсқаларын ажыратып, хаттап, шоттап, нақты санын шығарып берген ешкім болған жоқ. Бүгінде осы жұмысты жалғастыруға құ­лық­ты мамандар да сирек. Әрине, оның се­бебін түсінуге болады. Көз майын сар­қа­­тын түйткілді іске ешкімнің өз еркімен же­гілгісі келмейді. Ал құзырлы мекеме­лер­дің, салаға жауапты министрліктің әзірге ондай игілікпен шаруасы шамалы болып тұр. Кейінгі жылдары мені осыншама қыруар қазынаның жайы алаңдата бере­ді. Кезінде «Қазақфильм» киносту­дия­сының арнайы тапсырысымен барлық аймақтарды қамтып, әр облыстан 20-30 тақырыптық фильм жасалды. Соның ішін­де ауыл шаруашылығы, экономика, білім, әсіресе мәдениет пен өнерге қатысты қан­шама туынды бар. Шіркін, Мәдениет ми­нистрлігі немесе әр аймақ қолға алып, қар­жы бөліп, осылардың бәрінің басын қо­сып, бір жерге жинақтап, тазартып, өң­деп, ортақ мұрағат жасар ма еді? Содан соң ке­зінде әрбір облыстың Мәскеу мен Алма­тыны қоспағанда, жергілікті жерден хабар тарататын радиоторабы болғаны белгілі. Солар қыруар мұраның сақталып қалуына мұрындық болды. Орталыққа аяғы жетпе­ген, көбін өздері «кәсіби емес» деп таныған қан­шама халық таланттары айтқан ән, тартқан күй, салған мақам жазылып, хат­та­лып қалды. Солар қайда, мұнымен ай­на­лысып отырған жергілікті жерде құзыр­лы мекеме немесе орталық бар ма? Жоқ! Міне, қазір өте өкінішті жағдайдың бірі – осы. Жасыратыны жоқ, 2008 жылы Қы­зылорда облыстық Мәдениет бас­қармасының басшысы қызметіне кіріс­кен күннен бастап, мүмкін болған тегер­шік­терді пайдалана отырып, кей жерінде бедел салып, жедел қолға алған шаруаның бірі – осы. Қазір бар ма, жоқ па, білмедім. Сол кездің өзінде сақталу жай-күйі онша көңіл көншіте қоймайтын әлгі ағыл-тегіл мұраны бар мүмкіндікті пайдаланып, ел игі­лігі мен мұраның обал-сауабын қатар ой­лай отырып, жеке мұрағатыма көшіріп ал­ған едім. Мұндай жұмыс түрі барлық об­лыс бойынша атқарылу керек, әрине. Жа­нашыр біреулер табылып, ондай игі шаруа жасалды ма, жоқ па, ол жағы тағы белгісіз. Өйткені алып одақ құлағаннан кейін мұраны айтасыз, мүліктің бәрі иесіз қал­ды. Жасыратыны жоқ, сол кезде мұра­ғат материалдарының дені «ескі» һәм «керек­сіз зат» ретінде күресінге ақтарылды. Мұн­дай күйді жеке жинаушы, ғалым­дар­дың қолындағы мұрағат мүлкі де кешті. Соның бір мысалын Талиға Бекхожина жи­наған Қарақалпақстан өңіріндегі қа­зақтың музыкалық фольклор үлгілеріне қатыс­ты өкінішпен айтуға болады. Амал қан­ша, адам өз қолын өзі кесе алмайды. Олай болса, өткенге салауат, барына қана­ғат дейміз де. Кейінгі кезде жеке мұрағатымда не­нің бар, ненің жоқ екенінен өзім де бейхабар болып жүрмін. Жасыратыны жоқ, бұрынғыдай қай мәселемен де дендеп ай­налыспайтын болдық. Былай қарағанда, біздің де ғылымдағы негізгі міндетіміз өз мәресіне жетіп жығылып тұрғанын айтуы­мыз керек. Бір көңілге демеу болатыны, жа­сымыз 30-дан асқаннан кейін халық­тың өз мұрасын өзіне қайтаруға тырыс­тық. Жұрттың сұрап, қалағанын бере бас­тадық. Әйтпесе, көптеген жидашы әй­гі­лі қаламгер Мұхтар Мағауиннің белгілі шығармасындағы атақты кейіпкердің кебін киіп кетуі бек мүмкін. Алла сондай­дан сақтасын. Алайда жеке адам қанша тырбынғанда діттеген азғантай шаруадан басқа өндіріп не істей алады? Қолындағы көл-көсір мұраны жүйелей ме, әлде табанынан таусылып, жүйелеген нәрсесін жарыққа шығару үшін демеуші іздей ме? Мәселенің қиын жері һәм құзырлы меке­мелерден көмек керек осындайда. Біздің қоғамдағы мың түрлі мәселенің әзірге бірде-бір тетігі табылмай тұрғаны, өкініш­ті. Оның үстіне, біз бұл тарапта, ісіңді жалғар шәкірт те тәрбиелеген жоқпыз. Бір ғана шәкірт баулу әрекетімен шаш етектен шаруаның түйіні тарқап, шешімі шыға қоюы да қиын-ау. Неге екені белгісіз, кейінгі кезде қан­ша жерден зерттеушілікті же­леу еткенімен, мәселенің байыбына те­рең­деп бара бермейтіндердің қатары көбейе бастады. Оның үстіне, бірыңғай сан қуалаушылық үрдісі де белең алып тұрған сияқты. Шынын айту керек, осыған дейін ән мен күйді айтпағанда түрлі аймақтарға тән жыршылық мақамдарды санап, толық есебін шығарып, ғылыми жүйелеген ешкім болған жоқ. Десе де, мұндай кәделі жұмыс­тар­дың науқаншылыққа айналып кет­пеуін қадағалаған дұрыс. Сол үшін әркім­нің көкейінде «Қазақта қанша мақам бар?» деген сауалдың тігінен тұруы және күн тәртібіне шығарылуы заңды дер едім. Бұл сауалға толымды жауап беру үшін алдымен жыршылық өнер да­мыған аймақтарды анықтап, сызбасын жасап алу шарт. Мұндай мәселе көтерілген жерде Қазақстанның қай түкпірі де атал­мыш жұмыс түрінен құр қалмауы тиіс. Жыр мақамдары сақталған өңір тек Маң­ғыстау, Ақтөбе, Қызылорда, Алматының төңірегі емес, Түрікменстан, Қарақалпақ­стан, Қытай, Моңғолия жеріндегі қандас­тар арасындағы мақам үлгілері де жи­нау­сыз екенін ескеру керек. Атырау мен Орал, Қара­ғанды мен Қарсақпай, Тараз бен Шым­кент, Көкшетау мен Ақмола, Өскемен мен Семейде жыр мақамы сақталған жоқ деп кесіп-пішіп айта аламыз ба? Олай деп айту­ға хақымыз жоқ! Басқасын былай қойғанда, қазақта толықтай әнге айналып болмаған, алайда бұл жанрдың кәдесіне асың­қырамай, аралық дәстүрді құрап жүр­ген саз-сарындар қатары қаншама? Қалай болғанда да, ендігі жерде ғы­лым­ның төрелігіне жүгінбей бол­майды. Бұл көпшіліктің дабыра қылатын мәселесі емес. Әрине, қазақ мақамдарын түгендеп, белгісін бекітетін уақыттың орайы келді. Дамыған ғылымның да тала­бы – сол. Мұндай жұмыс жүргізіле қалса, қазір сахнада қазақ мақамының қаншасы айтылып жүргені анықталып, эпикалық жыр­шылық дәстүрдің дамуы мен құл­дырауы­ның пайыздық көрсеткіші һәм сахналық жыршылық өнердің деңгейі анық­талар еді. Соның ішінде бір өңірде сақ­­талған, алайда орындаушылық имп­ро­визация, интерпретация, вариация әсері­нен құбылып, өңі өзгеріп кеткен әуендер­дің тармағы көп. Әрине, оның бәрін нұс­қаға есептей беруге және болмайды. Бұған қоса, белгілі бір авторларға телініп жүр­ген мақамдардың да аражігі тым шартты. Өйткені мақам атаулы тым ескі кезең­дердің мүлкі. Сол үшін де мақам үлгілері­нің көнекөз айтушылар тарапынан тас­паға түсірілген нұсқаға жүгіну маңызды. Бүгінде ескі мұраны мұртын бұзбай сақтап жүргендер сирек. Сол үшін де тілімізге тек мұрағат мүлкін тірек ету керек. Мысалы, мен сөз басында атап өт­кен «Сыр сүлейін сұрасаң» музы­ка­лық антологиясына енген 280 шығарманың 80-ге тарта нұсқасы ән мен күй, қалғаны мақам-саз үлгілері. Оның өзін­де әрі орындаушының бір мақамды өзін­ше құбылтып айтқан нұсқалардан көз сүрі­неді. Мен мұны бір аймақтағы музы­ка­лық фольклордың толық сандық көр­сеткіші деп те айта алмаймын, алайда қол­дағы барын беттестіре отырып, толық санын нақтылап беруге болады. Егер оны сол аймақ қажет етсе, әрине. Түбі ұлтқа пайда келтіретін әрі ғылым үшін керекті жұ­мыс болған соң дәл осы тәсілмен бұл есеп­ті Қазақстан бойынша жүргізу де мүм­кіндігі бар. Алайда ондай шаруаға шала қарпылған популистер емес, қас мамандар кірісу керек. Өйткені бір тамырдың діңін­де сан түрлі бұтақ бар. Соның бәрінен же­ке-дара нұсқа жасалатын болса, әркім­нің жеке шатаса бастағаны өз алдына, ха­лықты жаппай шатастырудың көкесі сонда басталады.

Берік ЖҮСІПОВ, фольклортанушы

Серіктес жаңалықтары