50657
Қазақстан әскері жауынгерлік дайындығын күшейтіп жатыр
Қазақстан әскері жауынгерлік дайындығын күшейтіп жатыр
Елімізде әскердің жауынгерлік дайындығы пысықталады. Бақылап тексеру аясында құрамалар мен бөлімдер тұрақты орналасу пункттерінен шығып, жауынгерлік техникамен оқу-жаттығу полигондарына марш жасайды деп хабарлады turkystan.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскердің жауынгерлік дайындығын түбегейлі нығайту жөніндегі міндеттерін іске асыру шеңберінде бұл шара биыл жаңа пішінде өткізіліп жатыр.
Бас штабтың жоспарына сәйкес, құрамалар мен әскери бөлімдер оқу дабылымен көтеріледі. Тұрақты орналасу пункттерінен шығып, жауынгерлік техникамен оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындау үшін оқу-жаттығу полигондарына марш жасайды.
Әскери техника автокөлік жолдарымен және арнайы жабдықталған лектермен қозғалады. Бірқатар әскери бөлімдер темір жол көлігімен жылжымалы құрам платформаларын пайдалана отырып, белгіленген жерлерге жеткізіледі.
Полигондарда тактикалық, оның ішінде түнгі жағдайда да оқу-жаттығулар мен атыстар өтеді. Әскерлерді бақылаудың бұл түрі әскери бөлімдердің жауынгерлік даярлығын, олардың алыс қашықтыққа жету қабілетін, техника мен қару-жарақтың, жеке құрамның дайындығын, сондай-ақ командирлердің ұрыс кезінде бөлімшелерді басқару қабілетін жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді.
ҚР Қарулы күштеріндегі әскерлерді бақылау тексерісі 4 сәуірде басталды. ҚР Қорғаныс министрлігі ведомствоның ресурстарында жарияланатын ресми ақпараттарға ғана сенуді сұрайды.