Батыс Қазақстанда мектеп суға кетті. Биліктен қайыр болмай тұр

Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданына қарасты Шалғын деген шағын ауылдың мектебін қырдан келген қызыл су түгелдей дерлік жалмап кетті деп хабарлады turkystan.kz Sarapshi.info порталына сілтеме жасап.

Осыған байланысты Салтанат Сағынғалиева есімді журналист Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен облыстық Білім басқармасының назарына жанайқайын жеткізді.

«Кітаптар мен құжаттар суға кетті. Ұстаздар мен ауыл халқы шарасыз күйде. Қоскөл ауылдық округінің әкімі мен аудандық білім бөлімінің басшысы қолдарында бір күрегі жоқ, не алып келген техникасы жоқ, келіп, құр сөзбен жұбатқандай кейіп танытып, кетіп қалды», – деп ренішін білдірді ол.

Одан кейін жағдайдың қалай болғанын айта келіп, ауыл азаматтарының трактормен құм тасып төсеп, қызметкерлер біресе су, біресе кітап пен құжат тасып жүгіргеннен шаршағанын айтты.

«Келген атқамінерлер «осы мектепті жаппай отырғанымызға рахмет айтыңдар» дегендей сөзбен түйреп, қорқытқандай болды. Халықтың осы жерде шоғырланып, түтінін түтетіп отырғандағы себебі – балаларының білім алатын мектебі ғана. Мектеп жойылса, ауыл да үдере көшпек», – деді Сағынғалиева.

Осылай дей келіп, ол бала саны аз болғасын мектеп ұстаздары мен ата-аналар патронаттық тәрбиеге бала алуды жоспарлап отырғанына, осы мәселенің алдағы оқу жылына дейін оң шешімін табатынына сенім білдірді.

«Шағын ғана мектептің талантты шәкірттері мен білімді ұстаздары көпке үлгі. Биылғы оқу жылында 17 оқушы түрлі аудандық жарыстардан жеңімпаз атанып, облыстан жүлдемен оралды. Жаңадан мектеп салып, ұстаздар мен оқушыларға жайлы жағдай жасалса, нұр үстіне нұр болар еді. Біздің осы жанайқайымызды еститін құлақ болса», – деп сөзін түйіндеді ол.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button