Асхат Оралов сәулетші Жандарбек Мәлібекұлын 80 жас мерейтойымен құттықтады
Бүгін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Мемлекеттік рәміздер және ұлт архитектурасы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті деп хабарлады turkystan.kz.
Оған AMANAT партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов қатысып, еліміздің сәулет өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар Жандарбек Мәлібекұлын мерейтойымен құттықтады.
Айта кетсек, биыл мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына – 30 жыл. Сонымен қатар, қазақтың көрнекті сәулетшісі, Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібекұлы 80 жасқа толды.
«Әрбір мемлекеттің рәмізі оның дүниетанымы, арман-мақсаты, философиясы мен қағидаты десек, бұл тұрғыда Жандарбек аға халқымыздың салт-дәстүрін, тарихын, мәдениетін, жалпы ұлттық құндылықтарымызды елдігіміздің арқауы – Елтаңбамызда айшықтай білді» деп жазды Асхат Оралов өзінің Facebook желісіндегі парақшасында.
Сонымен қатар, ол құттықтауында Жандарбек Мәлібекұлының жастарға үлгі екенін айтты.
«Елдік іске елеулі еңбек сіңірген Жандарбек ағаны кейінгі буын - біз үлгі тұтамыз. Бітім-болмысынан қазақ даласының дархандығы мен даналығы, бекзаттығы мен еркіндігі есіп тұратын ағамызға мықты денсаулық, сарқылмас қуат, ұзақ өмір және толайым табыс тілеймін»,- деді Асхат Оралов.
Тағы оқи отырыңыз: AMANAT партиясы жанынан TALQYLAU қоғамдық диалог алаңы жұмысын бастады