50499
Мақтаралды қайта су басты
Мақтаралды қайта су басты
Жетісай мен Мақтарал аудандарында жерасты суы көтеріліп, қашыртқыдан асқан су үйлерге кірді деп хабарлады turkystan.kz «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
Ал жауын бір аптадан бері толассыз жауып тұр. Жетісай ауданында бірқатар тұрғын үй мен қора-қопсы көлкіген суға толған. Мұндағы тұрғындар аулаға резеңке етік киіп шығады. Ал суды өздігінен ағызуға шамалары жетпейді. Он ауылдық округте осындай жағдай. Әсіресе Достық ауылында қиындау. Үш күннен бері есік алдындағы қорасына жете алмағандар бар. Олар ешқандай көмектің жоқтығын айтып ашынады. Қазыбек би ауылының іргесінде егінге жиналған су жаңбырдың суы қосылған соң тасып, ауылға жайылған. Қазір 30-ға тарта баспана көлкіп тұр.
Ауданда арнайы штаб құрылған. Төтенше жағдай бөлімінің мамандары жергілікті коммуналдық және су шаруашылығы қызметкерлерімен бірлесіп, арнайы техникалармен аулалардағы суды тазартып жатыр.
Мамандардың айтуынша, Жетісай ауданында 36, Мақтарал ауданында 12 үйге су кірген. Ал суды ағызуға 44 мотопомпа, 119 адам жұмылдырылған.