Александрдың алтынға бергісіз қоласы

Александрдың алтынға бергісіз қоласы

Александрдың алтынға бергісіз қоласы
ашық дереккөзі
Қазақстандық атлет Александр Герлиц бүгінде Қытай астанасы Бейжіңде өтіп жатқан XIII қысқы Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды. Парабиатлон сайысы бойын­ша 10 шақырым (LW6) қашық­тық­та сынға түскен Александр мәре сы­зы­ғын үшінші болып кесті. Оның алдын орап кеткен кана­да­лық Марк Аренц алтын жүлде ие­ленсе, украиналық Григорий Вов­чинскийге күміс жүлде бұйыр­ды. Осылайша, Үкіметтің 2014 жыл­ғы 19 желтоқсанда шығарған жазғы және қысқы Олимпиада ойындарының жүлдегерлеріне тағайындалған жүлде қорының сомасы туралы №1435 үкіміне сәйкес, Александр Бейжіңдегі бұл жетістігі үшін 75 000 АҚШ дол­лары (38 миллион теңгеге жуық) көлемінде сыйақы алады. Александрдың ерлігіне тәнті болған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тwitter парақ­ша­сын­да спортшыны құттықтап, «Бұл – Қазақстанның алғашқы ме­далі. Александрды шын жүрек­тен құттықтаймын және спортта бұдан әрі қарай да табысты болуы­на тілектеспін!» деп жазды. Айта кетейік, Президент ай­тып өткендей Александрдың қола медалі – осы төртжылдықтың бас­ты додасында Қазақстан құра­ма­сының қоржынына келіп түс­кен алғашқы медаль. Естеріңізде болса, бірнеше апта бұрын Бей­жің­де аяқталған қысқы Олим­пиа­да ойындарында бақ сынасқан 35 қазақстандық атлет елге құр ала­қан оралған еді. Бірақ Пара­лим­пиа­да тарихында қазақстандық атлет­тер жеңіс тұғырына бірінші рет көтеріліп тұрған жоқ. 1994 жы­лы Лиллехаммерде өткен Пара­лимпиада ойындарында шаң­ғышы Любовь Воробьёва алтын­ға бір табан жетпей, күміс жүлдені місе тұтқан болатын. Араға 24 жыл салып, 2018 жылы Оң­түстік Кореяның Пхенчхан қа­­ласында өткен қысқы Пара­лим­пиа­да ойындарында Александр Колядин классикалық стильдегі 1,5 шақырымдық спринтте қар­сы­лас шақ келтірмей, алтын медаль иеленіп, ел мерейін асырған еді. Осылайша, ол Тәуелсіз Қазақстан тарихында қысқы Паралимпиада ойындарында ең алғаш алтын жүлдегер атанған атлет атанды. Айта кетейік, 13 наурызға дейін жалғасатын, әлемнің 50 елі­нен келген 700-ге жуық спортшы қатысып жатқан XIII қысқы Пара­лимпиада ойындарында Қазақ­стан атынан Александр Герлиц, Ер­бол Хамитов, Сергей Усольцев, Юрий Березин және Денис Пет­ренко сайысқа түсуде. Олар пара­биатлон және шаңғы жарысы бойын­ша ел намысын қорғамақ.

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ