50251
«Шөкеев қонаққа арналған шапанды өзі киіп алды»: әкімдік видеоға түсініктеме берді
«Шөкеев қонаққа арналған шапанды өзі киіп алды»: әкімдік видеоға түсініктеме берді
Түркістанға Түркия вице-президенті Фуат Октай келген кеште түсірілген видео желіде тарады деп хабарлады turkystan.kz.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаға Қ.А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен кездесуде болған қолайсыз жағдай түсіп қалған. Онда құрметті қонақтың қасында тұрған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің шапан киіп жатқанын көруге болады.
Ал бұл видео жайында желі қолданушылары «қонаққа кигізетін шапанды Шөкеевтің өзі киіп алды» деп шуласты. Осыған байланысты түсінік берген Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ баспасөз қызметі бұл шапанның негізі Шөкеевке кигізілген шапан екендігін айтты.
«Түркия Республикасының вице-президентіне білім мен ғылымның дамуына қосқан үлесі үшін «Құрметті профессор» академиялық атағы берілді. Ал Түркия Республикасының вице-президенті Фуат Октай Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің дамуына қосқан үлесі үшін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевке шапан ұсынды», - делінген оқу орнының баспасөз қызметі берген мәліметте.Ал облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов бұл жағдайды «фейк дей алмаймын» деді.
«Өмірзақ Шөкеев университеттің дамуына үлкен үлес қосты. Әсіресе, әлеуметтік инфрақұрылымдық жүйеге атсалысқаны үшін және облыстық әкімдік тарапынан грант бөлініп, көп көмек көрсетілгендіктен, университет басшылығы облыс әкіміне шапан кигізді. Оның алдында өткен жабық кездесуде вице-президентке шапан кигізіліп, сыйлық берілген болатын. Бұл жағдайдың түсіндіріліп жатқаны тараған видеоға кірмей қалған. Түсірген адам тек сол жерді көрсетті. Фейк деп айта алмаймын. Түсіндірме бар», - деді ол.Сондай-ақ видеоны түсірген адамға әкімдік пен оқу орны тарапынан ешқандай тексеру болмайтындығы айтылды.