50899
Әсел Аяпова: Америкадағы бес жылымның тең жартысын Қазақстандағы жобаларға арнадым
Әсел Аяпова: Америкадағы бес жылымның тең жартысын Қазақстандағы жобаларға арнадым
Әсел Аяпова америкалық AES корпорациясының Арлингтондағы бас кеңсесінде робототехника мен дрондар жөніндегі бағдарламаның жаһандық жетекшісі қызметін атқарады. Мәскеу мемлекеттік университетінде экономика мамандығын меңгерген ол оған дейін Қазақстанда біраз жыл мемлекеттік және жеке құрылымдарда жемісті еңбек еткен. Елден жырақ жүргеніне бес жыл уақыт болса да, Қазақстанмен байланысы үзілмеген ол екі ел арасындағы 12 сағат уақыт айырмашылығына қарамастан елдегі ІТ, инновация, электрэнергетика мамандарына кеңес беруден аянған емес. Төрт-бес жылдан соң Қазақстанға оралып, ауқымды жобаға басшылық еткісі келетін Әселге хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
– Бір сұхбатыңызда «Мектепте оқып жүргенде үй шаруасын жылдам атқарып шығатын роботтар туралы армандадым» депсіз. Ал қазір шетелдің беделді корпорациясында роботтар мен дрондарды қолдануға жауапты команданы басқарып отырсыз. Балалық арман орындалды деп осыны айтса керек...
– Мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап сабақ оқығанды, кітапты түгесіп тастағанды жаным сүйетін. Әкем – өте қонақжай кісі, ауылда тұрғанда үнемі дастарқан жайғызып, үйге әріптестер мен достарын жиі шақыратын. Ал ондай кезде үйдің үлкені болғандықтан, анама көмектесу менің мойныма жүктеледі. Ауылды жерде ыдыс жуу, үйді реттестіру көп уақыт алатынын білесіз. Сол кезде үйдегілерге «Үй шаруасына көмектесетін роботтарым болады. Ыдыстарды бұлай қолмен жумайтын боламын» деп айтатын едім (күліп). Фантастика жанрында, ғарыш туралы фильмдерді көріп алғаным тағы бар. Расымен де, үй шаруасын атқаруға көп күш жұмсап, шаршап қалатыным есімде. Ал мен қолым бос кезде кітап оқығым келетін. Сіз айтқандай қиялдаған сол арманыма қол жеткіздім. Бірақ бұл күнге жету оңайға соққан жоқ. Оралда дүниеге келсем де, ата-анам Атырау облысының Құрманғазы ауданына қарасты Балқұдық ауылына жұмыс бабымен тұрақтаған соң, 6-сыныпқа дейін сонда білім алдым. Сосын Оралға көшіп, ондағы физика-математика лицейін тәмамдадым. Мектеп бітірер кезде елдегі беделді оқу орындардың бірінде білім алғым келген еді, алайда 90-жылдардың аяғында ел экономикасы шатқаяқтап тұрған кезде әкеммен ақылдаса келе дұрысы нархоздың Ақтөбедегі филиалында бастапқы курсты оқып, сосын Алматыдағы бөліміне ауысқан жөн болар деп шештік. Онда 2 курс оқып жүргенімде ТМД елдерінен келген профессорлар халықаралық конференция өткізді, делегаттардың арасында Мәскеу мемлекеттік университеті Экономика факультетінің деканы да бар. Университеттің ауласында ілініп тұрған хабарландырудан сол деканның өзі жетекшілік ететін факультетке бес студентті арнайы емтихан арқылы таңдап алатынын оқып қалдым. Қазақ бөлімінде оқысам да, сол емтиханға қатысып, бағымды сынап көрейін деп өтініш жазып жатқанымда нархоздағы ұйымдастырушы топтағылар «Сен онда бәрібір оқи алмайсың. Орысшаң жетпейді» деп құжаттарымды қабылдағысы келмеді. Университетте қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде атсалысып жүрген мен өзіміздің декан мен кафедра меңгерушісіне жолығып, қазақ бөліміндегі студенттерге де мүмкіндік беруін сұрадым. Ақырында емтиханнан мүдірмей өтіп, Мәскеу мемлекеттік университеті Экономика факультетіне оқуға қабылдандым.
– Сол аумалы-төкпелі кезеңде Мәскеуде оқи жүріп, ағылшын тілін үйрену үшін Лондонға барғаныңыз кімді болса да таңғалдыратыны сөзсіз.
– Сол кез бір жағынан қиын болғанымен, екінші жағынан мінезімді қатайтып, жігерімді шыңдаған керемет шақ болды. ММУ-ға оқуға Қазақстандағы үздік студенттердің бірі болып барғанмен, оқу жағынан біраз қиналдым. Әсіресе, ағылшын тілінен оқу үлгерімім нашар болды. Елде жүргенде бұл пәннен бестік алып жүрсем де, Мәскеуге келгенде тілді меңгерудегі деңгейім төмен болды. Бірде хабарландырудан Лондонда жазғы каникул кезінде тіл үйрететін курс бар екенін біліп, сонда барып оқуды мақсат тұттым. Ол елге барған соң екі-үш айда ағылшыншаға судай боламын деп ойладым. Алайда мұндай аз уақытта тілді жетік меңгеру мүмкін емес екеніне көзім жеткеннен кейін академиялық үзіліс алу туралы шешім қабылдадым. Бастапқыда әкем қаржылай көмектесті, кейіннен иіссу сататын дүкенде сатушы болып жұмыс істеп, қаржыдан тапшылық көре қоймадым. Сөйтіп, бір жарым жылда ағылшынды толық меңгеріп, Мәскеуге келіп, оқуымды жалғастырдым. Айта кетерлігі, ағылшын тілінің көмегі көп тиді. Кейін студенттер алмасу бағдарламасы бойынша Варшавадағы Леон Кузьминский академиясы жанындағы бизнес мектебінде бір семестр оқығаным бар.
– Мамандығыңыз экономист болса да, электр энергиясын тұтынудың тиімді көзін ұсынатын америкалық AES корпорациясының елдегі филиалына жұмысқа тұрыпсыз. Экономикадан энергетикаға ауысуға не түрткі болды?
– Негізі, өзім оқыған сала бойынша елдегі мемлекеттік және жеке құрылымдарда біраз уақыт жұмыс істедім. Мәскеуден оралған соң, сол кезде ел ішінде тренд болып жатқан жоба басқару секілді тың жұмысты істеп көргім келді. Экономист мамандығын игерген өзге отандастарым секілді бухгалтерия немесе банк саласымен шектеліп қалғым келген жоқ. Сөйтіп, «Самұрық-Қазынаның» Қазақстандағы инвестициялық қорына аналитик ретінде жұмысқа тұрдым. Онда төрт жыл жұмыс істеген соң, құрылыс саласына ауысуды әрі елордаға барып жұмыс істеуді көздедім. Ол уақытта бас қалада құрылыс қарқыны үдеп жатқан еді. Осы жерде шынын айту керек, құрылыс компаниясында жұмыс істесең, пәтер алуға жеңілдік берілетін. Екінші жағынан астанаға осы мақсатты да көздеп бардым. Сөйтіп, «Астана финанс» ұйымының Жобаларды қаржыландыру департаментінің директоры қызметіне тағайындалдым. Содан соң Алматының азаматына тұрмысқа шықтым. Тиісінше, Алматыға оралу қажет болды. Сондағы халықаралық жобасы бар жетекші компаниялардан жұмыс қарастырған едім, бірақ олардың жобалары еліміздің басқа аймақтарында іске асырылатындықтан, бас тарттым. Ал электрэнергетика саласына қалай келгенімді сөз етсем, әдепкіде AES корпорациясының қаржы бөліміне түйіндеме жіберген едім. Үш турдан өткен соң, компания өкілдері жоба басқаруға жауапты резервке тіркеп қойғанын айтты. Екі айдан кейін Шығыс Қазақстан облысында басталатын жаңа жобаның жетекшісі қызметіне тағайындалғанымды хабарлады. Сөйтіп, Өскемен жаққа отбасыммен қоныс аударып, онда электрстансаның құрылысын кеңейту командасының басқарушысы болдым. Бүгінде электрэнергетика саласына «бас сұққаныма» тұп-тура 11 жыл болды. AES корпорациясында да жұмыс істеп келе жатқаныма сонша уақыт.
– Сосын AES-тің Арлингтон қаласында орналасқан бас кеңсесіне қалай шақыртылдыңыз? Қазақстандағы жобаларды сәтті жүргізгеніңіз үшін Америкадағы басшылығыңыз сонда келгеніңізді қалады ма?
– Иә. Елде жүргенде AES-тің екі ірі жобасын іске асырдым. Америкадағы басшылық бірінші жобаны халықаралық стандартпен салыстыра отырып, жоғары бағалайтынын айтты. Бұл жобаны іске асыруда біраз ақша үнемдеп, анағұрлым қауіпсіз нысан етуге тырыстым. Ал басшылық ұсынған екінші жобаның жүгі мен жауапкершілігі біріншіге қарағанда зіл батпандай ауыр болды. Мемлекеттен рұқсат алу, халықаралық банктермен байланыс орнату оңай болмады. Дегенмен мұның барлығын тиянақты орындап шыққан соң, Америкадағылар мені дарындылар пулына енгізіп, халықаралық жобаларға жұмылдыратын мамандар қатарына қосты. Сол екінші жоба біткелі жатқанда Еуропадағы түрлі ұйымдардан ұсыныстар түсе бастады. Одан бөлек, Қазақстандағы нарықта бір-бірімізді жақсы танитындықтан, отандық холдинг басшылары да лауазымды қызметке шақырды. Мұны естіген Америкадағы басшылық белсенділік танытып, Арлингтондағы бас кеңсеге жұмысқа шақырып, дрондар мен роботтардың жұмысын бақылайтын, құрамында қызық та қиын жобасы бар бағдарламаның жетекшісі болу туралы ұсыныс айтты. Бұрын-соңды мұндай іспен айналысып көрмеген соң, қызығушылығым артып, ақырында отбасыммен 2017 жылы Америкаға көшіп келдім. Бірақ мұнда келгенде барлығын нөлден бастау қажет болды. Басшылық тың идеясы бар стратегияны іске асыру үшін команда жасақтауды міндеттеді. Сол уақытта 16-дан астам елге қызмет көрсететін бағдарламаның жұмысын бақылаумен болдым. Ақырында бізге жүктелген міндетті ойлағаннан да асырып орындап, бүгінде дрондар мен роботтар жөніндегі бағдарламалар арасында көшбасшы ұйымға айналдық. Осы ретте дрондар мен роботтардың тиімділігін қарапайым тілмен түсіндіре кетейін. Түрлі электрстансаларда жұмыс істейтін адамдар бұрын барлығын қолмен істейтін еді. Ал электрэнергетика саласының қуанышынан қаупі басым болғандықтан, ондағы мамандар абайсызда биіктіктен құлап кетуі, не болмаса токқа түсіп қалу жайты жиі кездеседі. Мұндай қауіпті болдырмас үшін қазір мамандардың бұл жұмысын дрондар мен роботтар атқара алады. Екінші жағынан бұл жұмыстың құнын арзандатуға көмегі тиеді. Мысалы, үлкен аймақты алып жатқан күн панелінің жұмысын тексеру үшін мамандар ол аумақты кемі бір ай жаяу жүріп өтуі мүмкін. Ал дрон ұшыру арқылы олардың жұмысын екі сағатта бақылауға болады.
– Сізді елдегі көпшілік iQanat білім беру қорының меценаты ретінде біледі. Өзіңіз ауылдан түлеп шыққан маман болғандықтан, ауылдық жерлерде оқып жатқан талантты жастардың болашағына бейжай қарамай, көмектескіңіз келді ме?
– iQanat қорына соңғы екі жыл бойы қаржылай көмектескеніммен, биыл жеке кітабымды шығаратын болған соң, бұл игі істен уақытша қол үзе тұрдым. ММУ-ды бітіріп, жұмыс істеп жүрген кезімде ауылым Балқұдықтағы мектепте оқып жатқан дарынды оқушылардың болашағына алаңдап, сапалы білім алуға мүмкіндігі жоқ, оларға қалай көмектессем болады деп бас қатырғаным бар. Сол кезде мұнай саласында жемісті еңбек етіп жүрген інім де бұл ойымды құптай жөнеліп, екеуміз Аяповтар әулетінің атынан қор ашып, ауылдан кемі бес оқушыны таңдап, оларға шәкіртақы тағайындамақшы болдық. Тіпті, ауылда шаруашылық басшысы болып қызмет атқаратын сыныптасыма хабарласып, оқушы таңдауға көмек сұрағаным бар. Содан соң iQanat қоры туралы естіп-біліп, олардың жыл сайын аудандарды аралап, олимпиада өткізу арқылы дарындыларды іріктеп, кейіннен Бурабайдағы арнайы мектепке қабылдайтынын, сосын шетелдің топ ондығына кіретін университеттерге оқуға түсуге интенсивті түрде әзірлейтініне қуанып, жеке қор құру туралы райымнан қайтып қалдым. Жеке қор құрғанның өзінде Америкада отырып алып, ол оқушының сабаққа барып-бармай жүргенін бақылау бір өзіме қиынға түсетін еді. Нәтижесінде, iQanat қоры арқылы тек Балқұдық емес, Құрманғазы ауданы бойынша 19 ауылдағы 19 мектеп оқушысына меценаттық көмек көрсеттім. Жалпы, жалғыз iQanat қоры ғана емес, Қазақстанда енді қолға алынып жатқан қоғамдық бастамалар мен түрлі жобаларға қатысым бар. Елде мен атсалысып жүрген жобалар санын тізіп отырсам, қазір таң атар. Бар айтарым – Америкада тұрғалы бес жылдың жартыдан астам уақытын қазақстандық жобаларға жұмсадым десем, артық айтқаным емес. 12 сағат уақыт айырмашылығына қарамастан, Қазақстанның уақытына ыңғайланып, түнге дейін қазақстандықтармен тығыз жұмыс істеп, үнемі байланысып отырамын.
– Әлеуметтік желідегі парақшаңызды шолып шықсам, Америкада емес, елде тұрып жатқандайсыз. Қазақылықтың, қарапайымдылықтың сипаты байқалады...
– Әкемнің «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген сөзін естіп, мағынасына аса жіті назар аударып өскен жанмын. Ауылда өсіп-өнгенім, үлкен кісілердің өнегесін көріп өскенім жадымнан кетпейді. Ұлы Абай, Сәкен Сейфуллин, Мұқағали Мақатаевтардың жастанып оқыған шығармалары да әлі есімде. Қанымда қазақылық қайнап жатқанда мұхитты алты айналсам да мұның барлығын естен шығарып тастау мүмкін емес. Шетте жүрсем де «Мен – өз елімнің патриотымын!» дегенді айқайлап айта аламын. Патриот атану үшін Қазақстанда тұру керек деген ағат пікір, шетелде жүріп-ақ ел мәртебесін асқақтатып, өзің түлеп шыққан қоғамға пайда келтіруге болатынына көзім жетті. Өкінішке қарай, кейбір отандастарымыз елден бір қадам аттаса болғаны, қазақ екенін ұмытып кетуге бейім тұрады. Ақыр соңында тілімізді, дәстүрімізді менсінбейді. «Біз де америкалық болғымыз келеді» деп америкалықтарға тән қылықтар істеп, үй ішінде өзара ағылшынша сөйлескенді жөн санайды. Мұндай жайттарды көрген кезде жүрегім ауырады. Сол себепті осында келген күннен бастап жүрген жерімде тілімізді, дәстүрімізді насихаттап жүрмін. Елшілік өкілдері түрлі іс-шараларға шақырған кезде ортаға шығып, қазақ отбасындағы бала тәрбиесі туралы өз ойымды ортаға саламын. Одан бөлек, балаларым арқылы өзге ата-аналарға үлгі көрсетуге тырысамын. Қазір балаларым онлайн форматта домбыра тартуды үйреніп жүр. Үйде тек қазақ тілінде сөйлесеміз. Кішкентайымды қырқынан шығарған кезде осындағы қазақтардың басын қосып, олар көрсін, үлгі алсын деген мақсатпен бесікке салу, тыштырма жасау секілді керемет дәстүрлерімізді паш етіп, бір марқайып қалдық. Мақтанғаным емес, бірақ тіліміз, діліміз, дәстүріміз туралы үндемей қалған бірде-бір күнім болған емес. Үнемі айтып жүремін.
– Сіз секілді білікті маманның ел жастарына тигізіп жатқан тағы бір көмегін атап өтпесек болмас. Facebook парақшаңызда еліміздің түрлі саласында еңбек етіп жүрген мамандарды іріктеп алып, менторлық бағдарлама бастағаныңызды айтып «Бұл менің өз Отаныма және ондағы мамандардың дамуына қосқан үлесім» деп жаздыңыз. Бұл сабақтарды тегін жүргізесіз бе әлде арада арнайы келісімшарт жасастыңыз ба?
– Төрт-бес жылдан соң Қазақстанға оралатын уақытты күтіп отырмай, қазірден бастап елге пайдам тисін деген мақсатпен үш жыл бұрын менторлық бағдарламаны қолға алған едім. Біздің ең басты құндылығымыз – уақыт. Сол себепті уақыт жоғалтпай ІТ, инновация, электрэнергетика секілді өзім мол тәжірибе жинаған салаларда жемісті еңбек етіп жүрген мамандарға конкурс жариялап, 200-ге жуық маманның ішінен он шақты маманды таңдап алдым. Бүгінде әрбіріне бір сағаттан уақыт бөліп, мүмкіндігінше бар білгенімді, оқыған-тоқығанымды бөлісіп келемін. Кәсібін дөңгелеткісі келетін жас маман өз арасында сыйлы болуы керек, басқа компания өкілдері оның кім екенін аты-жөнінен-ақ білуі тиіс. Осы және назардан тыс қалатын өзге мәселелерге мән беріп, әр сессия сайын олардың аяқ алысын, жоспарын бағамдап, бағалап отырамын. Маған хабарласып, менен сабақ алып жүрген мамандардың арасында ІТ саласын жақсы игергісі келетіндердің қарасы көп. «Самұрық-Қазынаның» жас мамандарды екі жыл бойы басшылық қызметке дайындайтын «Жас өркен» атты бағдарламасына ментор ретінде шақырылдым. Сол кезде ер мамандармен салыстырғанда қыздарымыздың өз-өзін көрсете алмай, әлекке түсетінін байқадым. «Жас өркенге» қабылданғандардың түгелі – арнайы іріктеуден өткен, «мықты басшы болады-ау» деп үміт артып отырған мамандар. Қыздардан жетістігі туралы сұрасам, «Иә, мектепті алтын белгіге бітіргенмін», «Иә, олимпиадаға қатысқаным бар» деп тыныш қана жауап береді. Ауыз толтырып, мақтанып айтатын жетістіктерін мейлінше жасырып қалуға тырысады. Осы ретте кәсіби жолға енді түскен жастарға айтарым – өз-өзіне деген сенімділігін арттыра түссін! Өз еңбегін көрсетсін! Бүгін сен бедел үшін жұмыс істесең, ертең беделің сен үшін жұмыс істеу қажет. Сол себепті өз-өзіңді көрсетіп, жалт-жұлт етіп, жалындап жүріңіздер! Тағы бір айта кетерлігі, осы күнге дейін карьера бойынша жоғарылауға жол сілтеп, жөн көрсететін кітапты көп іздедім. Бірақ қолыма тиген кітаптардың түгелі дерлік басшыңмен қалай тіл табысу керек, жалақыңды қалай өсіруге болады дегеннен ары аспайтын мәселелерді қозғаған. Мұның барлығы бір кітапта қамтылса бір жөн, әрқайсысы әр кітапқа кіріктірілген. Сондықтан жас түлектер, кәсіби мамандарға ауадай қажет кеңестер мен кейстердің барлығын топтастырып, жеке тәжірибеме сүйене отырып, селфбрендинг, коммуникация, нетворкинг, эмоционалды интеллект, менеджмент, көпшілік алдына шығып сөйлеу секілді маманға аса қажет дағдыларды кіріктіріп, жуырда «Карьера как проект» атты орыс тіліндегі кітабымды сатылымға шығардым. Бір айдан соң бұл кітап «Өз мансабым – маңызды жоба» деген атаумен қазақ тілінде жарық көрмек. Карьерасын ілгерілеткісі келетін кез келген отандасқа таптырмас оқу құралы болатынына күмәнім жоқ.
– Жаңа бір сөзіңізде «Төрт-бес жылдан соң Қазақстанға қайта оралатын уақытты күтіп отырмай, қазірден бастап елге пайдам тисін» деп қалдыңыз. Елге оралған соң электрэнергетика саласындағы жұмысыңызды жалғастырасыз ба, әлде?
– Жоспар бойынша төрт-бес жылдан соң Қазақстанға оралмақпын. Неге төрт-бес жыл деп сұрасаңыз, ММУ-ды аяқтаған соң кәсіби менеджмент саласындағы білімін толықтыратын, бүкіл әлем мойындайтын MBA бағдарламасы бойынша Стэнфорд, Гарвард секілді алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алуды армандадым. Америкаға көшкен соң бұл арманыма бір табан жақындай түстім. Дегенмен бұл университетте оқу үшін жұмыстан біржола қол үзуің қажет. Ал үнемі жұмыс істеп, түрлі процестің басы-қасында жүріп үйреніп қалған мен бұған келісе қоймадым. Сөйтіп, үздік ондыққа кіретін Дюк университетінің (Duke University) Фукуа бизнес мектебінде білім беру кредиті бойынша білімімді жетілдірдім. Алдағы уақытта сол алған білімімді практикада іске асырып, тағы бір-екі компанияда басшылық қызмет жұмыс істеп, шетелдік тәжірибемді одан сайын молайтпақ ойым бар. Сосын елге барғанда оқыған-тоқығанымды, жиған-тергенімді Қазақстан мүддесіне жұмсамақпын. Елге оралған соң мемлекеттік қызметке тағайындалсам немесе ауқымы үлкен бір жобаға, болмаса инфрақұрылыммен байланысты ірі жобаға жетекші болуды көздеп отырмын.
Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ