Әлемді әрлендірген ілтипат бизнесі

Әлемді әрлендірген ілтипат бизнесі

Әлемді әрлендірген ілтипат бизнесі
ашық дереккөзі
Көктемнің алғашқы аптасы – елімізде гүл саудасы күрт қызатын кез. Дегенмен қарыштап дамыған гүл нарығы жыл бойы адамдардың бір-біріне қуаныш сыйлауына сеп болып келеді. Гүл сыйлау үрдісін нақты қашан, қай кезде кім қалыптастырғаны беймәлім, бірақ қазір бұл – ілтипат білдірудің әлем жұртшылығының ортақ формасына айналған. Сәйкесінше, осынау әдемі бизнес жер жүзіндегі ең көп таралған әрі танымал кәсіп ретінде өркен жайды. Гүл сыйлау үрдісінің пайда болуы туралы нақты деректен гөрі аңыз көп, де­генмен әлем­­нің түкпір-түкпірінен та­был­ған заттай дә­­лелдер бізге ең көне гүл рә­сім­дері туралы ақ­парат береді. Батыста гүл арқылы діни рәсім­дер де өт­кізілген, ежелгі грек­тер құ­дай­­лар­ды, би­леушілерді және ақы­лы­мен, батырлы­ғы­мен танылған адам­дарға гүл шоқ­тарын сый­лаған. Ал Үн­дістан­да гүлдестелер құ­дай­­лар­дың мүсін­деріне қойыл­са, Жапонияда ежелгі дәуірден бері сакура, хри­зантема және бас­қа өсімдіктердің гүл атауы­на орай­лас­тырыл­ған мере­келер бар. Жапон­дар­дың дәс­­түрлі икебана өне­рінің де тамыры терең­де жатыр, қазір оны бүкіл әлем­нің фло­­рис­тері қолданады. Уақыт өте келе дәстүрлер басқаша си­­пат ала бастады, Еуропа патша­лары­­ның сарай­ларында гүлге байланысты жаңа дәстүрлер қа­лыптасты. Мәселен, пат­ша­­лар мен импера­тор­лардың сарайларында гүл өсіріп, бөлмелерді гүл шоқтарымен бе­зен­діретін арнайы дайындалған бағбандар мен декораторлар пайда болды. Римде, им­ператор Неронның билігі тұсында, мерекеге шақырылған дворяндарды гүл күлтелерін ша­шып қарсы алу үрдісі қалыптасты. Шығыс би­леушілерінің де хризантема мен пионға то­лы үлкен бақтары болды. Уақыт өте келе, пат­ша­лардың бұл дәстүрлерін байлар қай­та­лай баста­ған. Олар гүлдердің қымбат әрі жаңа сорттарын сатып алып, таңғаларлық ком­позиция жасауды бәсекеге айналдырды. Осы­лайша, ортағасырлық Еуропада бас­тал­ған гүлге табынушылық шарық­тау шегіне Ни­дерландта жеткен: сирек кездесетін гүл­дің 3 дана пиязшығын Амстердамдағы үйге айырбастаған жағдай болған екен. 1840 жылы Жюль Лашом (Jules Lachaume) Парижде өзінің әйгілі гүл дүкенін ашты жә­не ол әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр, әу бас­тағы ерек­шелігі мен танымалдығын да жо­ғалтпаған. Жюль Лашом тұңғыш флорист деп есептеледі және 1847 жылы гүл шоғын жинау мен безендіру тура­лы алғашқы кітап­тың авторы саналады. Ресейде XVIII ғасырға дейін гүл сыйлау дәс­түрі болмаған. Мұнда гүлдер сый ре­тін­де емес, әдет-ғұрып, салт-дәстүр және діни рәсім­дерді атқару кезінде пайдала­ныл­ған. Бірақ гүл өсіру мен флористиканың дамуы бұл елді де айналып өтпеген. Гүл сый­лау үрдісі Ресейге XVIII ғасырда, романтизм дәуірінде, Романовтар әулетінің тұсында кел­ген деген дерек бар. Ал біздің еліміз қызғалдақтың отаны са­налады. Қоғамда қызғалдақтың отаны Ни­дер­ланд деген де пікір бар. Алайда ға­лым­дар мұны бұрыннан жоққа шығарып келеді. Шамасы, бұл пікір осы елдегі қызғалдақ экспор­тына қатысты туындаған болса керек. Қыз­ғалдақ алғаш рет Нидерландқа XVI ға­сырдың ортасында Түркия­дағы неміс елшісі ар­қылы келген деген дерек бар. Сәуір айы­ның соңында гүлдеп, бар-жоғы 15 күн «өмір сүретін» қызғалдақ наурыз мейрамының сим­­волы саналған. Елімізде қызғалдақтың 32 түрі өседі, ал оның 12-сі біздің жерімізде ға­на кез­деседі. Ел ішіндегі шеберлер қыз­ғал­дақты ал­тын жіптермен түрліше кестелеген, ою-өрнек­те де көрініс тапқан, бірақ еш­қашан гүлді жұлып, сыйлау, безендіруге қол­дану үрдісі болмаған. Керісінше, кез кел­­ген жас өскінді жұлуға тыйым салған. Мысалы, Жетісудағы «Теңдік» қор­ға­ны­нан табылған біздің дәуірімізге дейінгі III-II ғасырлардағы сақ патшалары мен көсемдерінің киімдері қызғалдақтармен бе­зендірілген. Сон­дай-ақ бұл гүлдер Орта Азия аумағынан табылған Х-ХІІІ ғасырлар­да­ғы қыш бұйымдарда бейне­лен­ген. Қызғал­дақ­тарды Қожа Ахмет Ясауи кесе­не­сінің жіңіш­ке кірпіштерінен және Отырар қала­­сы­ның ортағасырлық керамикаларынан бай­қауға болады. Кей деректерде гүл сыйлау дәс­түрі біздің жерімізге XIX ғасырда өнер адам­дарына деген құрмет белгісі ретінде сый­ға тарту үрдісі ретінде келген делінеді. Осыған қарамастан, қазір еліміздің гүл саудасы бойынша әлемдік на­рық­та өз орны бар деп айтуға толық негіз бар. Дегенмен импорт пен экспорт арасын­да­ғы айырмашылық едәуір екенін айта кет­кен жөн. Ілтипат нарығы Еліміздің гүл нарығындағы тауар ай­на­лымы 2020 жылы 2019 жылмен са­лыс­тырғанда ша­мамен 40 пайызға тө­мендеп, 53 миллион доллар болған. Өндіріс те 40 пайызға азайған. 2019 жылы гүл им­пор­ты экспорттан 3,8 есе жо­ғары болса (им­порт 42 миллион доллар, экспорт 10,8 мил­лион доллар). 2020 жылы импорт экс­порт­тан 10 есе асып түсіпті (импорт – 29,8 мил­лион доллар, экспорт – 3 миллион дол­лар). 2020 жылы импорттың да, экспорттың да төмендеуі пандемияға, дәлірек айтқанда каран­тин шектеулеріне байланысты болды, пан­демия гүл өсіру саласына орасан зор шы­ғын әкелді. Мә­селен, өткен жылы еліміздегі ең ірі гүл өсіру­шілердің бірі Greenhouse-Qaztomat гүл өсіруден бас тартты. Енді жы­лы­жай кешенінде тек қыза­нақ пен қияр өсірі­леді. Жалпы, пандемия басталғаннан кейін­гі екі жыл ішінде гүл экспорты 80 пайыз­ға қысқарған. Отандық кәсіпкерлер өз тауар­ла­рын бар болғаны 3 миллион дол­лар­ға жөнелткен. Негізгі өткізу нарықтары – Ресей, Қырғыз Респуб­ли­касы және Өзбек­стан. Гүл өсіретін шаруашы­лық­тардың ба­сым бөлігі Алматы, Қарағанды және Павло­дар қалаларында шоғырланған. Жалпы, қазақстандық өндірушілердің нарықтағы үлесі аз. Мысалы, 2020 жы­лы елдің жылыжайынан 12,4 мил­лион­­нан астам гүл жиналған. Дәл осы кезең­де елге 56,5 миллион дана раушан гүлі им­порт­­талыпты. Ал пандемияға дейін, яғни 2019 жылы елімізде 20,86 миллион дана гүл жи­­­­налыпты. Пандемия жалпы бүкіл елдегі гүл сау­да­сын кенжелетті, көптеген дүкен он­лайн саудаға көшкен. Халықтың гүл жет­кізу қызметіне деген сұранысы бұрынғыдан да артты. Пандемияға дейін гүлдердің халық­ара­лық саудасы 8,9 миллиард дол­лар­ға бағалан­ған, ең ірі экспорттаушы – Ни­дерланд. Бұл ел ар­қылы транзитпен немесе реэкспорт арқылы әлемдегі барлық түстердің ша­мамен 52 пайызы өтеді екен. Гүл ин­дустриясы бұл елде 1970 жылдан бастап өр­­­кендей бастаған. Әлемдік дең­гейдегі ең ірі экспорттаушылар қатарына Колумбия, Эквадор, Кения және Эфиопия кіреді. Жал­пы, гүл нарығы климаты жылы елдердің эко­номикасына айтарлықтай пайда әкеліп отыр. Bloomberg гүл саудасын капитализмнің кере­меті деп бағалаған екен. Ал әлемдегі гүл сататын ең ірі нарық – АҚШ. Ең ірі гүл импорттаушылардың бес­ті­гін­де Германия, Нидерланд, Ұлыбритания және Ресей. Бір қызығы, гүл тасымалындағы әрбір күн гүлдердің құнын 15 пайызға тө­мен­детеді екен, оған қоса оларды бөлшек сау­да нүктесіне дейін 1 градус температурада сақ­тау керек. Кесілген гүлдің максималды өмір­шеңдігі 10-12 күн, тіпті температура бір рет ауытқыса, гүлдің ғұмыры 30-40 пайызға қыс­қарады. Union Fleurs халықаралық қауым­­­­­­дастығының мәліметтері бойынша, Ке­ния мен Эфиопиядан Еуропаға экспорт­тала­тын гүлдердің шамамен 20 пайызы тем­пе­ратура режимін сақтамағаннан жойы­ла­ды екен. Осыдан-ақ гүл саудасының бабы мен машақаты көп екенін аңғаруға болады. Ал қаңтардың басында елімізде гүл тап­шы­лығы байқалған. Оған қоса, баға да 1,5-2 есеге өсіпті. Оның үстіне, гүл тапшылығы мен қымбатшылық 8 наурыз қарсаңында де сезілетін болады деген болжам бар. Гүлдің қат болуы мен бағасының өсуі тек бізде емес, әлем бойынша байқалып отыр. Мәселен, Ни­дерландта энергия бағасының өсуіне бай­ла­нысты өткен жылдың қаңтарымен салыс­тырғанда гүлдердің бағасы 27 пайызға қым­­­­баттаған. Гүлдер де сөйлейді Гүл сыйлаудың да тәртібі, өзіндік жөн-жосығы бар. Олар әлемнің барлық тілінде сөйлей алады. Яғни, дұрыс таңдалған гүл шоғы көкейіңіздегі ойды, ізгі лебізіңізді сөзсіз жеткізуге мүмкіндік береді. Ең әуелі гүлдің түр-түсі ғана емес, саны да маңызды екенін айта кеткен жөн. Нақ­ты айтсақ, гүл шоғындағы гүлдер саны жұп сан емес, тақ сан болуы керек деген се­нім бар. Пұтқа табыну кезеңінде жұп сандар зұлым­дықты, сондай-ақ өмір циклінің тоқ­та­ғанын білдіреді деп есептелген, бұл сенім осыдан қалған деген дерек бар. Келесі мәселе, гүлдің түсі. Қызыл түс – өмір­дің, күш пен махаббаттың түсі. Қызғылт түс – нәзіктік, сезім пен қамқорлықтың түсі. Гүлдер тілінде бұл – талғампаздықтың, риза­шылықтың, жана­шырлықтың символы. Ал ақ гүлдер та­залықты, адалдықты білдіреді. Ақ түс жарыққа, жаңа өмірге апаратын жол­дың символы болса, көк түс – тыныштық пен құпияның түсі. Көгілдір түстес гүл шоқ­тарын жақын адамдарға қолдау білдіру үшін сыйлауға болады. Сары – күннің түсі. Сары гүл­дер байлықты, сәттілік пен қуа­ныш­ты біл­діреді, сары гүлдерді сәттілік, жақсы көңіл күй тілейтін кез келген адамға сыйға тарта ала­сыз. Басқа адамға қуаныш сыйлау, ілтипат білдіру, алғыс айту секілді ізгі ниеттен туған гүл сыйлау үрдісі осылайша бүкіл әлем халқына таралды. Сәйкесінше, бұл әлемдік нарықта гүл саудасының қарқынды дамуына ықпал етіп отыр.