50891
Кеңес НҰРЛАНОВ, театр және кино актерi: Кинода өз рөлімді әлі тапқаным жоқ
Кеңес НҰРЛАНОВ, театр және кино актерi: Кинода өз рөлімді әлі тапқаным жоқ
Көпшілік театр және кино актерi Кеңес Нұрлановты «Батыр Баян» фильміндегі Ноянның рөлі арқылы жақсы таниды. Кейіннен Еркін Рақышевтің «Жетімдер» киносында сомдаған Нұрланның рөлі арқылы тағы есте қалды. Театр мен кино саласын қатар алып жүрген майталман қазіргінің режиссері мен әртісі қалай болуы керек екенін қадап айтып берді. Сондай-ақ ол Екінші дүниежүзілік соғыс туралы фильмдерді көптеп түсіру отандық режиссерлер қаперінде жүрсе екен деген тілек айтады.
Астанаға көшкелі кинодан алшақтап қалдым
Көпшілік режиссер Сламбек Тәуекелдің «Батыр Баян» фильміндегі Ноян арқылы танылғанымды үнемі айтады. Ноян – бағыма қарай маған бұйырған мықты кейіпкер. Десек те Ноянның рөлін сомдау арқылы ел арасында танымалдығым арта түсті деп айта алмаймын. Бір қызығы, мені режиссер Еркін Рақышевтің «Жетімдер» фильміндегі жетім баланың әкесі Нұрланның рөлі арқылы көп таниды. Онда шағын эпизодқа түскенім бар, десе де дүкенде немесе базарда мені көріп қалған халық «Сіз «Жетімдердегі» анау ағай емессіз бе?» деп сұрағанда таңғалатынмын. Ал «Батыр Баянның» халық көңілінен шыққаны рас, бірақ кейін «Қап-ай, ә? Мына тұсты басқаша ойнауым керек еді...» дегендей «әттеген-айлар» да аз болған жоқ. Құман аға сомдаған Төлегеннің рөлі бізге мінсіз көрінеді ғой. Бірде Құман ағамен әңгімелесіп отырғанда Төлегенді сомдауда кеткен кемшіліктерді тізіп, өкініп отырғанын естігенде таңғалғаным бар. Жалпы, киноға түссең өкініш көп болады екен. Театрда бір спектакльде жіберген қателігіңді екінші қайталап ойнағанда түзеп аласың ғой. Ал кинода олай емес. Дегенмен жылына 5-6 кино ғана түсірілетін Кеңес үкіметі кезінде біраз киноға, атап айтсам режиссер Аяған Шәжімбайдың «Жансебіл», Рүстем Тәжібаевтың «Айдай сұлу Айсұлу» секілді фильмдерге түскеніме қуаныштымын. Бұл туындылар да ел аузында жүрген «Батыр Баян» секілді халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Сөздің шыны керек, сол кезде киноға түсуге мүмкіндік көп болды. Қазір өкінішке қарай, ондай мүмкіндік аз. Қазір киноның түгелі дерлік Алматыда түсіріледі. Бас қалада жүрген соң ондағы режиссерлер әртістерді астанадан арнайы шақыра қоймайды. Қанша жерден дарынды өнер иесі болса да, олар оның жолы мен үй-жайына артық қаражат жұмсағысы келмейді. «Көзден кетсе көңілден кетеді» демекші, қазір кинодан да, телесериалдан да алшақтап қалдым. Ара-тұра осында көшіп келгеніме сол үшін өкініп қаламын. Десе де «Адамның басы – Алланың добы» дейді қазақ. Мен 2007 жылы өзім жұмыс істеп жүрген М.Әуезов атындағы академиялық драма театрынан кетемін деп еш ойлаған емеспін. Онда жұмыс істеу менің басты арманым болатын. Оқу бітірген соң сол арманыма қол жеткізіп, театрдың киелі сахнасына шыққаныма мәз болып, қанатыма қанат бітіп, дүрілдеп жұмыс істеп жүрген шағымда елордаға кеттім. Астанаға қоныс аударуыма негізгі себеп – сол жылдары бас қалада руханият пен мәдениетке баса назар аудару мәселесі күн тәртібінен түспей, мұны ілгерілету үшін жан-жақтан өнер майталмандарын шақырған еді. Сол кезде Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Ермек Аманшаев М.Әуезов театрынан есімі елге белгілі әртіс Ғани Құлжанов екеуімізді Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына жұмысқа шақырды. Мен бастапқыда бір айдай уақыт келісім бермей жүрдім. Бірақ Ермек қолқалап, тікелей қолғабыс жасаған соң бір күнде астаналық болып шыға келдім. Ол кезде Қаллеки театрының ғимараты шағын болғанымен, бір шаңырақ астында кілең дарынды қыз-жігіттердің жұмыс істеп жатқаны қуантты. Біз барғанда ешкім де жатырқамай, жатсынбай, шама-шарқымыз жеткенше осындағы руханияттың өркендеуіне атсалыстық. Сол абыроймен бастаған жұмысымызға «қылау» түсірмей, қазірге дейін осындағы қазақ өнерінің, қазақ театрының оты өшпеуі үшін аянбай жұмыс істеп келеміз. Өнерде атқарған көп жылғы еңбегімді елеп-ескерген министрліктегілер «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері» марапатына лайық деп таныды.
Үнемі жағымды рөлдерді сомдай берсең, бір орында тұрып қаласың
Бастапқыда мен тек жағымды кейіпкерлердің рөлінде ойнап жүрдім. Осыны байқаған замандасым, журналист Бауыржан Омаров «Жағымды кейіпкер» деп мақала жазғаны бар. Газетті жастанып оқитын оқырманға жас әртіс ретінде сол Бауыржан таныстырған еді. Кім болса да жағымды рөлді сомдап, жақсы жағынан танылғысы келеді, дегенмен әртістің қоржынында әртүрлі мінездегі кейіпкерлер болғаны абзал. Әйтпесе, бір орында тежеліп, болмысыңды өзгерту қиынға соғады. Осы ретте мені басқа қырынан танытқан режиссер Есмұхан Обаев ағамызға алғыс айтқым келеді. Театрда бізді үнемі қадағалап, бақылап жүрген ол бірде мені «Айман-Шолпан» спектаклінде Көтібар батырдың қасында айқайға басып жүретін Қортық шалдың рөліне бекітті. Оған дейін сахнада тек жағымды сипатты «суреттеп» келген мен ә дегенде мұны ойнап шығуға жүрексіндім. Бірақ мұным бекер екен, себебі сол рөлім өте сәтті шықты. Осыдан кейін өзімді «сындырып», әрі жағымды әрі жағымсыз кейіпкерлерді кезек-кезекпен сомдай бердім. Осы ретте көңілге түйген бір нәрсемді айта кетейін: бізде режиссерлер «Мына рөл анау әртістің фактурасы мен мінез-құлқына сай келеді» дегенді алға тартады. Бұл – дұрыс емес. Олар керісінше, әртістің болмысына жат, мінез-құлқына қарама-қайшы рөлдерді ұсынуға тиіс. Сол кезде әртіс өседі, шыңдалады. Басқа қырынан танылу арқылы болмысы да өзгереді. Әйтпегенде, табиғатына сәйкес келетін рөлдерді ғана сомдайтын болса, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүріп, ізденіске түспей, тұралап қалады.
Осы уақытқа дейін «Ана рөлді мен ойнауым керек еді» деп өкінген кездерім болған емес. Көп рөлде ойнадым, тіпті әртістердің армандап жүрген рөлдерін сомдап шықтым. Барлығы бірдей шедевр болмаса да, ауыз толтырып айтатындай мықты рөлдерді алып шықтым. Бұған айтар уәжім жоқ. Бірақ рөлсіз қалған әріптестерімнің мәселесін бейжай қалдырмаймын. Көп режиссер, әсіресе әйел әртістерді елемейді, одан да жұмысқа жастарды жұмылдырғанды жөн санайды. Біздің буынға кіретін әйел әртістер 1-2 рөлмен ғана шектеледі. Олармен жақын араласып, сырласып жүргендіктен, мұның барлығы көкейімде сайрап тұрады. Содан соң мұны қажет кезде айтып қаламын. Десе де бұл – әр театрда туындайтын мәселе. Өзін жан-жақты дамытып жүрген жастардың талантын жоққа шығармаймын, десе де, басшылар жастармен қатар, ересектерді елеп-ескеруге бағытталған жұмыс атқаруға тиіс. Әркім тарихты өзінен бастамауы керек.
Театрдан көрермендер санының үзілмеуі, театр «іргесінің» мықты болуы режиссерге байланысты. Қай театрда жақсы режиссер болса, сол театрдың бағы басым. Біз 50-70-жылдардағы режиссерлік көзқараспен жүре бермеуіміз керек. Арамызда «тәй-тәйлап» жүрген жас режиссер көп. Оның бір-екеуі біздің театрдың сахнасында спектакль қойды. Елдегі театр өнері құлдырады деуге келмейді, барлығын таң-тамаша еткен спектакльдер бар, сондай-ақ ортақол дүниелер де бар. Деңгейі тым төмен спектакльдер де жоқ емес. Режиссерді халық тәрбиелейді дейміз, сонымен қатар осы тақырыпта жиі көтеретін сыншылар да бар. Дегенмен қазіргінің режиссері бір орында қатып қалмай, рухани баюы қажет. Мейлі, ол мұхит асып оқып келсін я болмаса басқа елдің театрындағы әріптестерімен байланыс орнатсын, бастысы – дамыл таппай, іздене түссе болғаны. Тағы бір айтайын дегенім, көп режиссердің жұмысында спектакльдің формасы табылуы мүмкін, ал бірақ әртістік өнер тасада қалып қояды. Көрермен театрға тұтас спектакль көру үшін ғана емес, белгілі бір әртістің өнерін тамашалау үшін де келуі қажет. Театрдан шыққан соң басқаларға «Анау әртістің өнерін барып көріңіздерші. Шебер ойнайды!» деп айтса, бағы жанған туынды деп соны айту керек. Мәскеу театрларында көрермен әртістің қалай ойнағанын көру үшін ғана келеді. Бұл – бұрыннан бар «әдет». Бізде де осыны әдетке айналдыру қажет.
Кейбір әртістердің бағы алпыстан соң жанды
Менде бір ғана өкініш бар. Мен кинода өз рөлімді әлі тапқаным жоқ. Болашақта бір үлкен рөл бұйырады-ау, алда небір қызық рөлдер сомдаймын-ау деген үмітте жүрмін. Алпысқа тақап қалсам да, әлі күдерімді үзбеймін. Бізді алға жетелейтін – сенім мен үміт. Ересек жаста болсаң да, үміт ешқашан өшпеуге тиіс. Ақтық демің қалғанша үміттену керек, менде де сондай үміт бар. Кейбір әртістің бағы 60 жастан соң жанады. Бұған дейін киноға түспеген әртістер 65-тен асқан соң көгілдір экранда жарқылдап шыға келеді. Сол секілді мен де бір рөлдің қанатынан мықтап ұстаймын деп ойлаймын. «Осы рөлді ойнап шықсам ғой» дейтіндей қиялымда өмір сүретін нақты кейіпкер жоқ. Бірақ бұрынырақта әскери адамның рөлін ойнағым келетін. Бізде Екінші дүниежүзілік соғысы туралы фильмдер жоқтың қасы. Ал орыстар осы туралы киноны көптеп түсіреді. Сол киноларды көрсең, түркі халықтарының талайының өмірін жалмап әкеткен сол соғысқа өздері ғана қатысып, өздері ғана құрбан болған секілді көрінеді. Алдағы уақытта кімді болса да елең еткізетін осы ауыр тақырып туралы туындылар саны көбейеді деген сенімдемін.
Біраз телесериалдарда рөлдерге келісіп тұрған жерден бас тартқан кездерім болды. Олар рөлге бекітіп алған соң, еңбегіңді ақтамайтын тым аз қаражат ғана ұсына алатынын айтады. Мұндайда «Өнер үшін!» деп, жасалған жағдайға көз жұма салуға болар еді. Бірақ кеудеде намыс қайнап тұрған соң, олар оны таптап тұрғандай күй кешесің. Кейде режиссерлер киносына тегін түскеніңді қалайды. Олар «Аға, бізге осы рөлді былай-ақ сомдап беріңізші, жағдайымыз осындай болып тұр» десе, тегін түсуге бармын. Бірақ көп жағдайда режиссерлер қолына қаражат түссе болғаны, оны талан-таражға салып, қолды қылады. Осының барлығын бақылап жүрген соң, кино өнерін сауда-саттыққа айналдырғанына қарның ашады.
Ақиық ақын Мұқағали:
«Бәрін де көрдіңіздер,
Бәріне көндіңіздер,
Бәріне сендіңіздер,
Бәрін не бердіңіздер,
Сіздер алпысқа келдіңіздер...» деп алпыс жасты армандап кеткен ғой. Талайлар жетпеген алпысқа сен жеткен соң, шүкір дейсің. Әртістің өмірінде қуаныш та, қайғы да, бақыт пен қасірет те бар. Оған шыдас берсең, шынайы актер болғаның. Ал морт үзіліп қалсаң, басқа жол іздегенің жөн. Сахна еркелікті көтермейді. Негізі, сахнада ән айтып, би билеп, көңіл күй сыйлап жүрген соң көпшілік сахнадан тыс та бізде ырду-дырду өмір, ойын мен күлкіге қарық болып жүр деп ойласа керек. Ал бірақ әртіспен жақын танысып, мұң-мұқтажын тыңдаған соң шыдамдылығына қайран қалып, басын шайқайтындар бар. Кейде журналистердің әртістерден «Балаңыздың сіз секілді өнер иесі болғанын қалайсыз ба?» деп сұрап жатқанын естіп қаламын. Сондай кезде әріптестерім «Жоқ, қаламаймын, басқа мамандықты таңдайды» деп үзілді-кесілді жауап береді. Біз өмір соққысын есепке алмағанда сомдап шыққан рөлімізді жүректен өткізіп, соңында әлсіреп қаламыз. Жүрекке салмақ түседі. «Ән айтсаң, жаныңды жеп айтасың» дегендей, бізден рөлді шын беріліп ойнап шығу талап етіледі. Сол себепті әртіс болу біреуге арман болғанымен, оңай емес.
Жазып алған Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ