50237
Экономист Ресейге қарсы санкциялардың елімізге қалай әсер ететіні туралы айтты
Экономист Ресейге қарсы санкциялардың елімізге қалай әсер ететіні туралы айтты
Ресей мен Украина арасында болып жатқан геосаяси жағдай еліміздің экономикасына, нақтырақ айтқанда, ұлттық валютаға қаншалықты әсер етеді? Соңғы күндері көрші мемлекетке әлем елдері тарапынан салынған санкциялар мен бірқатар шектеулердің Қазақстан экономикасына тиер салқыны туралы сарапшы Мақсат Халық nur.kz сайтының тілшісіне берген сұхбатында айтып берді деп хабарлады turkystan.kz.
Сарапшының айтуынша, соңғы жағдайға байланысты Ресей қор нарығында 15-20%-ға дейін құлдырау бар.
«Ресей Президенті Путиннің шығарған жарлығына байланысты бірден рубльдің құнсыздана бастағанын көріп отырмыз. Бұның бәрі, әрине, Ресей экономикасына кері әсерін тигізіп жатыр. Одан бөлек, қазір АҚШ та, Еуропа да Ресейге қарсы санкция саламыз деген мәселеге көшіп жатыр. ДХР мен ЛХР-ге нақты сауда-саттық, инвестиция жасалмасын деген санкциялар бар. Жапония тарапынан да Ресейге қатысты жоғары, нанотехнологиялық өнімдерді сатпаймыз деген шешімдер шығып жатыр. Мінеки, осындай жағдайлар Ресейге қарсы санкциялардың артатынын көрсетеді», - деді Мақсат Халық.Оның айтуынша, бұл жағдай сөзсіз теңгеге де кері әсерін тигізеді.
«Қазір теңгенің негізінен Ұлттық банктің интервенциясы арқасында тұрған жағдайы бар. Егер рубль одан әрі құнсыздана беретін болса, теңгені ұзақ мерзімге ұстап тұра алмаймыз. Мәселенің ашығы осы. Одан кейін АҚШ-тың федералды резервтік жүйесі доллардың негізгі пайыздық мөлшерлемесін осы жылы 5 мәрте өсіреміз деп жоспарлаған. Ал J.P. Morgan осы жылы доллардың пайыздық мөлшерлемесі 9 рет қатарынан өседі деген болжамын айтып отыр. Және америкалық инвестициялық Goldman Sachs банкі оны 7 рет өсіруі мүмкін дегенді айтуда. Демек, бұндай жағдайдың бәрі доллардың құнын арттыратынын көрсетеді. Дамушы елдердің валютасы осы жылы құнсызданады», - дейді экономист.