«Олимпиада кезінде ғана керекпіз» - қазақ спортшысының жанайқайы

Бейжің Олимпиадасының ашылу салтанатында еліміздің көк байрағын ұстаған шорт-трекші Абзал Әжіғалиев ішіне сыймай жүрген қазіргі қазақ спортындағы кемшіліктерді айтты деп хабарлады turkystan.kz.

Ол желідегі жарияланымында өзіне және Олимпиадаға қатысқан басқа да отандастарымызға шын жүректен жанкүйер болып, алаңдағандарына шексіз ризашылығын білдіріп, Бейжіңдегі додаға дейін спортшыларымыздың қандай кедергіге тап болғанын айтты. Ол қысқы спорттағы проблемаларды төмендегі жағдаймен байланыстырып, жариялады.

«Біріншіден, мұз айдынына байланысты мәселе. «Алау» қазір шорт-трекшілердің жаттығуына сай келетін Қазақстандағы жалғыз мұз айдыны. Бірақ бізге онда тұрақты дайындалуға мүмкіндік берілмейді. Біз сондықтан амалсыздан Еуропаға немесе Ресейге жаттығуға барамыз. «Алауда» бәрі жақсы болғанымен, ол ұлттық құрамаға арналмаған. Бізге таңертең және кешке дайындыққа күніне кемінде 2 сағаттан керек. Алайда, Мұз сарайы жекеменшік болғандықтан, барлығы ақшаға келіп тіреледі. Ал ұлттық құрамаларда ондай ақша жоқ. Бізде онда арнайы орын қарастырылмаған, тіпті жаттығу кезінде заттарымызды тастап кететін арнайы киім ауыстыратын жер де табылмайды. Бейжің Олимпиадасының алдында біз «Алауда» дайындалдық. Бірақ, бізге мұз тек Олимпиада алдында емес, үнемі керек. Айтпақшы, мұз тек ұлттық құрамада емес, жастар мен жасөспірімдерде де қарастырылмаған. Біздің спорттағы басты проблема – осы. Барлығы медаль сұрайды. Ал бізде тіпті қысқы спорт түрлеріне арналған база да жоқ. Ал жанкүйерлер мұндай спорттың барынан тіптен хабарсыз», – деді ол.

Одан әрі ол мұз сарайларына және спортқа қатысты басқа да проблеманың да жай-жапсарын айтты.

«Екіншіден, әр өңірде мұз сарайлары салынған. Бірақ, олардың ешқайсысы шорт-трекшілердің жаттығуына жарамайды. Тіпті, Алматыдағы да. Маттың орнына барлық жерге борт орналастырылған. Мұндайда біз жарақаттанып қалуымыз мүмкін. Алматының мұз алаңдарындағы жағдай да «Алаудағыдай». Бос уақыт жоқ, ақша жоқ… Үшіншіден, бізге керекті құрал-жабдықтарды тек заңда рұқсат етілген шамада ғана алып береді. Инвентарь алу мұздан кейінгі үлкен проблема болып тұр. Токионың алдында садақшыларда осындай проблема болды. Бұл барлық спортшылардың басынан өтіп жатыр. Бірақ оған министрлік пен басқармалар мән беріп отырған жоқ. Көңіл аударса да тек Олимпиаданың алдында есіне алады. Кәсіби спортқа тек Олимпиада кезінде емес, үнемі, тұрақты назар аударып, жұмыс істеп отыру керек. Біздің спорт үшін веложаттығулар өте маңызды. Оған велостанок, велосипед, конькиімізді қарайтын гейч пен күш өлшейтін техникалар керек. Барлық елдің командалары осы заттармен толық қамтамасыз етілген. Соған қарамастан біз оларды онсыз да жеңіп жүрміз. Дегенмен, бізге берілген уәде, уәде күйінде қалады. Әрдайым әңгіме инвентарьға келіп тірелгенде мемлекеттік сатып алудың процестеріне байланысты кешіктіріліп жатыр деп сылтауратады. Халықаралық жаттығулар біздің жабдықтарымыз жоқ деп тоқтап тұрмайды ғой. Соның кесірінен біздің механиктер өз қалталарынан ақша шығарып, конькиге арналған запчастарды сатып әпереді. Немесе бізге «заңда рұқсат етілмеген» деп айтқан соң кейбір құралдарды өз ақшамызға жинап алуға тура келеді. Себебі біз инвентарь жоқ немесе жетпейді деп бір жарысқа қатыспай қоя алмаймыз. Біздің жарыстар тендер қашан өтетінін күтіп отырмайды. Бұл тек биыл емес, жылда қайталанатын нәрсе», – деді спортшы.

Осылай дей келіп, Абзал Әжіғалиев оған облыстық Спорт басқармасының бірнеше рет велосипедті алып береміз деп уәде бергенін, алайда жергілікті шенеуніктер велосипедтің қымбат бағаға шығатынын, сондықтан оны алып бере алмайтындарын жеткізді.

– Сол себептен ең болмаса станок алып берулерін сұрадым. Өзімше демеушілерге осы өтінішімді айтып көріп едім, ол да жауапсыз қалды. Бізде спортты дамыту керек деп көп айтады. Бірақ, ана жолы айтқанымдай, қысқы спорт үнемі жазғы спорттың тасасында қалып қалады. Қысқы спорт ешкімге қызық емес. Жағдай тек өзім үшін жақсарсын деп емес, жалпы жастар да бұл спортпен айналысса, осы спорттың еліміздегі болашағының бар екенін көрсеткім келеді, – деді ол.

Спортшы бесінші проблемаға көп адамның шорт-тректі біле бермейтінін айтты.

– Жалпы шорт-трек туралы көп адам біле бермейді, көп жазылмайды. Осы спортымызды Олимпиада кезінде ғана емес, жалпы барлық кезде білсе екен дейсің.

Білесіз бе, шорт-тректі түсінетіндер аз, ал қазір көбі Олимпиада ойындарын көріп, бұл спорт түрімен айналысқысы келетіндерін жазады. Бірақ, біз көп жылдар бойы әлем кубоктарына қатысып, дүние жүзінің үздік ондығына кіреміз.  Олимпиада чемпиондарымен бірдей жүгіріп, оларды озып та жатамыз. Жеңеміз. Алайда, медаль алған кезде ешқандай қолдау болмайды, кішкене болса да осы мәселеге назар аударылып, сыйақы тағайындалса. Бұл да заң бойынша қарастырылмаған. Ал спортшылардың айлығы Қазақстандағы орташа жалақыға жете бермейді. Жеңіске жеткенде ел намысын қорғаймыз, бірақ оның жемісін көрмейміз. Бізде басқа елдердегідей демеушілік жоқ, тек мемлекетке ғана сенеміз. Осылай айтқаным дұрыс па, жоқ па білмедім. Бірақ, Олимпиададан басқа кезде ешкімге керек емес спорттан қалай нәтиже күтуге, сұрауға, талап етуге болады? – деп саңлақ ашына жазды.

Содан кейін ол 2018 жылғы Олимпиададан кейін жарақат алып, ұзақ уақыт денсаулығында кәдімгідей проблема болғанын, сол кезде құрамадан шеттетіліп, өз қаражатына емделгенін айтты.

– Бізде жарақат алсаң, ешкімге керек емессің. Ал кәсіби спортта жарақат көп кездеседі. Өзіңді, өміріңді спортқа арнап, осындай жағдайға тап болғанда жалғыз қаласың.

Қазір Олимпиада бітті. Иә, білемін, ешкім нәтижеге мәз емес. Біздің командамыз үшін бұл өте үлкен және тарихи көрсеткіш еді. Келесі Олимпиадада нәтиже жақсы болуы үшін біздегідей жарысқа жарты жыл қалғанда емес, қазірден бастап қимылдау керек. Бізде жазғы спортқа көп көңіл бөлінген соң талап та күшті. Соңында бәрі қысқы спорттан сондай нәтиже күтеді.

Менің ең үлкен арманым – еліміздің көк байрағын әлемдік ареналарда желбірету, ауылдардағы, аймақтардағы балалардың барлығы бірдей спортпен айналысып, олар да таңдау жасай алса, Қазақстанда спортшының, спортшы болудың мәртебесін білсе, оның қандай еңбек екенін білсе деймін.

Қазір бізде егер сенде медаль болса, сені жақсы көреді, сосын барып саған жағдай жасайды. Ал жүлде болуы үшін әуелі жағдай жасалынуы керек қой. Базадан бастап, қарапайым күнделікті жаттығу да осы жағдайға кіреді.

Сөз соңында мен өз командама, жаттықтырушыларыма көп рахмет айтқым келеді. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Осы уақытқа дейін талай қиындықты еңсеріп, мойымадық. Әрі қарай да биік белесті бағындыруға барымызды саламыз. Жақсы нәтижеге жету үшін аянбаймыз. Бізді үнемі қолдап, жанашыр болып отырған әрқайсысыңызға алғыс айтамын.

Еліміздегі спортты өсіретін де, өшіретін де өзіміз. Сондықтан менің осы айтқандарым тиісті жерге жетеді деп ойлаймын, – деп Абзал Әжіғалиев қорытынды жасады.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button