50293
Олимпиада айшықтары
Олимпиада айшықтары
Спорт тарихында әрі жазғы, әрі қысқы Олимпиадада бақ сынаған спортшылар жетерлік. Дегенмен екі түрлі спортты жанына серік еткен спортшылардың арасында жеңіс тұғырына көтерілгендер некен-саяқ. Ал екеуінде де чемпион атанған біреу-ақ. Америкалық атлет Эдди Иган 1920 жылы Атнверпенде өткен жазғы Олимпиадада бокстан алтын медаль алса, ал 1932 жылы Лейк-Плэсидте өткен қысқы Олимпиадада бобслейшілер арасында чемпион атанды.
Эддидің бұл жетістігін қайталағысы келетіндердің қатарында кішкене күнінен скейтборд пен сноубордты қатар алып жүрген жапондық Хирано Аюму бар. Хирано алты ай бұрын отаны Жапонияда өткен жазғы Олимпиадада ойын бағдарламасына бірінші рет кіріктірілген скейтбординг сайысына қатысқан болатын. Ал алты күн бұрын ол Бейжіңде өтіп жатқан қысқы Олимпиадада сноубордшылар арасындағы сында оза шауып, алтын жүлде иеленді. Осылайша, ол аталған спорт бойынша Азиядан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды. 15 жасында 2014 жылы Сочиде өткен қысқы Олимпиадада күміс жүлде, 2018 жылы Пхенчханда өткен қысқы Олимпиадада да күміс медаль алған ол бір жыл бұрын берген бір сұхбатында алтын алмайынша көңілі тыншымайтынын айтқан еді. Бір қызығы, Хираноның туған інісі Кайсу да Бейжің Олимпиадасында Жапония намысын қорғап, тартысқа толы өткен сноубординг сайысында ағасымен бәсекелесті.
Бейжің Олимпиадасында бір-бірімен бәсекелесіп, өзара кім мықтыны анықтап жүрген бауырлар Хирано мен Кайсу ғана емес. Кейінгі он жылда биатлоннан Норвегия намысын қорғап жүрген Йоханнес Бё Бейжіңде спринт сайысында чемпион атанса, оның туған ағасы Тарьей қола жүлдені еншіледі. Осылайша олар Олимпиада тарихында бір сайыста жеңіс тұғырына көтерілген тұңғыш ағайындылар атанды. Одан бөлек, ағайынды Бё Бейжіңде әйелдер мен ерлер сайысатын аралас эстафетада Норвегия қоржынына алтын жүлде салса, екі күннен соң ерлер арасындағы эстафетада екінші алтын жүлдені жеңіп алды. Содан соң Йоханнес 20 шақырымға жүгіру сайысында қола жүлдені қанжығаласа, Тарьей 12,5 шақырымға із кесу сайысында күміс жүлдені қанағат тұтты.
Бейжіңде Олимпиададағы «тұңғыштар» сериясына енген ағайынды Бёлар ғана емес. Австриялық тау шаңғышысы Йоханнес Штрольц Бейжің Олимпиадасында комбинация жарысында алтын медаль иеленді. Бір қызығы, оның әкесі Хуберт Штрольц 1988 жылы Калгариде өткен қысқы Олимпиада ойындарында дәл осы сайыста оқ бойы озып, алтын медаль алған болатын. Осылайша, Олимпиада тарихында тұңғыш рет әкесі мен баласы бір жарыста чемпион атанды.
Бұл күндері спортсүйер қауым туыс спортшылардың жоғары кәсібилігіне сүйсініп қана қоймай, америкалық фристайлшы Колби Стивенсонның ерлігіне де тәнті болды. Колби алты жыл бұрын жергілікті жарыста аяғы сынған досын басқа штатқа апару үшін жолға шығып, ақыр соңында 12 сағатқа жалғасқан ұзақ жолда қалғып кетіп, апатқа ұшыраған ол 13 күн комада, 5 ай бойы депрессияда болды. Бас сүйегі 30 жерден сынған Колби кәсіби спортқа енді қайтып оралмайтындай болып көрініп еді. Ал бес күн бұрын Бейжіңдегі қысқы Олимпиадада өлім аузынан аман қалған Колби күміс жүлдегер атанды. Осы ретте Колбиден бөлек, көпшілікті таңғалдырған швейцариялық тау шаңғышысы Венди Холденерді де атап өтпеу мүмкін емес. 2018 жылы Пхёнчханда өткен қысқы Олимпиада ойындарында тау шаңғысы спортының үш түрінен алтын, күміс және қола жүлде алған ол бір жыл бұрын жаттығу кезінде екі қолын сындырып, өз бабын жоғалтып алған еді. Ал өткен аптада Бейжің Олимпиадасында слалом сайысында бақ сынасып, ақырында қола жүлдені місе тұтты.
Олимпиададағы «тұңғыштар» сериясына енген атлеттер туралы жалғастырсақ. Жуырда 29 жастағы Эрин Джексон (Америка Құрама Штаттары) алты жыл бұрын ғана ролигін конькиге айырбастап, мұз айдынға «тәй-тәйлеп» шыққан сәтін әлеуметтік желідегі парақшасына жүктеген еді. Ал төрт күн бұрын ол Бейжіңде 500 метрге конькимен жүгіруде алдына жан салмай, чемпиондық атаққа қол жеткізді. Сөйтті де осы спорттан Америка тарихында Олимпиаданың алтын жүлдесін иеленген тұңғыш қара нәсілді атлет атанды. 23 жасында бейтаныс спорт әлеміне «бас сұғып», бәрін нөлден бастаған Эриннің бұл жетістігі «Енді бәрі тым кеш» деп қолын бір сілтеп, сүйікті ісімен айналысуды қойып кеткен көпшілікті рухтандыратыны сөзсіз.
Әзірше Бейжіңде ешқандай жүлде алмаса да, көпшілікті жүрек тебірентерлік хикаясымен таңғалдырған 17 жастағы Уильям Флаэрти туралы әлемдік БАҚ жарыса жазып жатыр. Америкада туған, кейіннен ата-анасының жұмыс бабымен Пуэрто-Рикоға көшіп келген Уильямға дәрігерлер 3 жасында гемофагоцитарлық лимфогистиоцитоз ауру диагнозын қойып, аман қалуы екіталай екенін айтқан. Жілік майын трансплантациялаудан басқа амалы қалмағанын ата-анасына түсіндірген дәрігерлер Уильямнің 7 жастағы ағасы Чарльздің анализі 100 пайыз сәйкес келетінін, тиісінше оның інісіне донор бола алатынын айтқан. Үш сағатқа жалғасқан отаның салдары Чарльзға әсер етпесе де, Уильям біраз қиналғанын айтады. «Қалпыма келу үшін ұзақ уақыт кетірдім. Химиотерапияның салдары да ауыр тиді. Жаңылыспасам, дәрігерлер 22 тісімді жұлуға мәжбүр болды» дейді ол шетелдік телеарнаға берген сұхбатында. Денсаулығын шыңдау үшін жастайынан спортқа баулыған әкесінің қолдауымен Чарльз кәсіби спортқа араласып, нәтижесінде 2018 жылғы Пхёнчханда өткен қысқы Олимпиада ойындарына жолдама ұтып алып, тіпті ашылу салтанатында Пуэрто-Рико туын көтеріп шығады. Осылайша, ол тропикалық климатымен әлемді тамсантқан Пуэрто-Рико атынан Ақ Олимпиадаға қатысқан тұңғыш спортшы атанды. Ал ағасының ізін басқан Уильям 2018 жылы қайтыс болған әкесіне берген уәдесін орындау үшін тырысып-тырмысып, нәтижесінде Олимпиада жолдамасын қалтасына басып, араға төрт жыл өткен соң Бейжің Олимпиадасының ашылу салтанатында ағасы секілді Пуэрто-Рико туын ұстап шығу мәртебесіне ие болды. Уильям кәсіби спортпен айналысса да, денсаулығы әлі сыр беретінін айтады. 17 жаста болса да Бейжің Олимпиадасынан кейін кәсіби спортпен қош айтысатынын мәлімдеген ол 2-3 айдан соң аяғына ота жасалу керегін, ондағы сүйектің бір бөлігін алып жақ сүйегіне жалғайтынын айтады. Баласының кішкене күнінен бастап химиотерапиядан көз ашпағанына налыған анасы Энн «Біздің өміріміз трагедиялық сәттерден құралған мозайка іспетті, десе де оның ішінде мақтаныш пен үмітке орын бар», – дейді.
Осы Олимпиадада бүкіл әлем көз тігіп, құлақ түріп отырған басты мәселе бар: қарсылас шақ келтірмей, қатысқан барлық сайысында жеңіске жетіп жүрген 15 жастағы ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Олимпиаданың төртінші күні допинг дауына қалды. Олимпиаданың алғашқы күні командалар сайысында Ресей құрамасын алға сүйреп, алтын медаль алуына септігін тигізген Камиланың сынамасынан келесі күні тексеріс кезінде спортшыға тыйым салынған триметазидин препарат табылғаны белгілі болды. Осылайша, Ресей құрамасы командалық сында жеңіп алған алтын жүлдесінен айырылу, ал Камиланың жарыстан шеттетіліп, Ресейге қайтарылу ықтималдығы жоғары еді. Бастапқыда Халықаралық Олимпиада комитеті үнемі допингпен ұсталатын ресейліктердің бұл қателікті қашан, неліктен жібергенін майшаммен қарап, Камиланы тіпті жаттығуға қатыстырмай қойған еді. Алайда қыздар арасында жекелей сайыс басталатын бір күн бұрын 7 сағатқа жалғасқан жиналыста жауапты органдар Камилаға жарысты жалғастыруға рұқсат берді. Дегенмен тергеу-тексеру жұмыстары аяқталмайынша Камиланың қатысуымен өткен командалық сайыста алтын жүлде иеленген Ресей құрамасына алтын медальдарды салтанатты түрде табыстамау туралы шешім шығарды. Сондай-ақ Камила жекелей сайыста үздік үштікке енген жағдайда марапаттау рәсімі өткізілмейтін болды.