1082
Дариға-жүрек шөлдеді
Дариға-жүрек шөлдеді
Ұлтымыздың ұлы ақыны Мұқағалидың «Дариға-жүрек» поэмасы «Аққудай еді», «Жалған», «Намыс пен муза» деп аталатын үш бөлімнен тұрады. Күйеуінен айырылған әйелдің аянышты тағдырын мөлдіретіп, ет-жүрегіңді елжірететін шынайы сезіммен жырлаған шығарма Мұқағалидың шоқтығы биік туындыларының бірі. Біздің білуімізше, поэманың бас кейіпкері өмірде болған адам, әкесінің туған інісінің әйелі. Қазақтың қоржындас үйінің бір басында інісі, бір басында Сүлейменнің отбасы өмір сүріпті.
1941 жылы соғыс басталып, әкесін де, ағасын да қан майданға алып кеткенде болашақ ақын бар-жоғы он жастағы бала болса, он сегіздегі жеңгесінің тұрмысқа шыққанына екі-ақ ай толыпты. Поэмада жырланғандай шындығында Дариға тал шыбықтай бұралған, тән сұлулығы мен жан сұлулығы жарасқан, қазақ аруларының болмысындағы ізгі қасиеттердің бәрін бойына сіңірген келіншек болыпты. Әдемілігі соншалық, ағасы оны үйге тастамай, өзімен бірге мектепке ертіп әкетіп, сабақ біткенше келіншегін көзімен күзетіп, ерлі-зайыптылар қол ұстасып кешке үйлеріне бірге қайтқан.
Үйленгендеріне екі-ақ ай болғанда соғыс басталып, ағамыз майданға аттанып, елге оралмайды. Қаза тапқанына сенбеген жеңгесі сағынышы сарғайған мақтадай болып оны бес жыл күтеді. Күйеуі оралмайды. Он жыл өтеді. Майданға аттандырып салған жолына телміріп, екі көзі төрт болғанымен Құдай қосқан қосағы сол кеткеннен мол кетеді. Тағдырдың жазғанына не шара?
Ақыры жұбайының өлгеніне көзі жетіп, көңілі сенген жеңгесі амалының жоқтығынан басқа бір адамға тұрмысқа шығып кетеді. Күн артынан күндер, жыл артынан жылдар зымырап өте береді. Мұқағали да есейіп, елге танылған ақын болады. Бір күні ауылына келіп, той үстінде жеңгесін кездестіріп қалады. Кейінгі тиген күйеуімен тойда қонақ болған жеңгесін көрген ақынның жан дүниесінде оны жатқа қимаған қызғаныш сезімі оянады. Балалық шағы, ағасы мен жеңгесінің бақытсыз махаббаты есіне түсіп, «Қайран жеңгем» деген өлең шығарады.
Уақыт өте келе ақын бұл тақырыптың өрісін ұлғайтып, мазмұнын байытып «Дариға-жүрек» атты тылсымы терең туындыға айналдырды.
Бұл поэма жалғыз жеңгесіне ғана емес, ақиық ақынның күйеулері қан майданда қаза тапқан бүкіл қазақ әйелдеріне көркем сөздің құдіретімен қашап орнатқан мәңгілік ескерткіші. «Дариға-жүректің» әр жолында адамды бейжай қалдырмайтын суреткер сезімнің мұңы ұялаған. Шығармашылық шынайылығы арқылы жанының қат-қабатындағы құпиялардың бәрін жасырмай ақтарып салғандықтан Мұқағалидың бұл поэмасы оқырман сезіміне Шекспир шығармаларынан кем әсер етпейді.
Дүниеге кеңірек қараған Мұқағали тіршілік топырағының астында көміліп қалған рухани тереңдікті іздеп, гуманистік идеалдардың күйрегенін бізден жасырған жоқ. Осы тұрғыдан алғанда «Дариға-жүректі» қазақ ақынының махабаттан да ұлы сезімдердің бар екенін көрсеткісі келіп Шекспирдің «Ромео мен Джулеттасына» берген жауабы ретінде де қабылдауға болады. Өйткені сонеттерін ана тілімізге тәржімалаған мінезді ақын Шекспирдің шәкірті ғана емес, сонымен бірге оның бәсекелесі де.
«Дариға-жүрек» поэмасын жанрлық ерекшелігі тұрғысынан трагедиялық гуманизмге жатқызуға болады. Ақын сұрапыл соғыс жылдарының қан қақсатқан зардабы туғызған адам жанындағы дағдарысты ғана баяндамайды, адамзат баласы пір тұтып, Құдайдай табынған гуманистік идеалдардың күйрей бастағанын суреткерлік шеберлікпен жеткізеді.
Үш бөлімнен тұратын поэманың алғашқы бөлімінде бас кейіпкердің жан күйзелісін жан-жақты ашу мақсатында «Дариға-жүрек шөлдеді» деген сөз шығарманың құлақкүйіндей, мұңлы музыканың қайғылы әуеніндей болып дүркін-дүркін қайталанып отырады.
«Аққудай еді көлдегі,
Сұңқардай еді жердегі».
Айта да жүріп осы әнді,
Дариға-жүрек шөлдеді.
Санаттан жары келмеді.
Саятқа көңілін бөлмеді,
Сабырға сайтан ермеді,
Сайтанға ерік бермеді,
Дариға-жүрек шөлдеді,
Шөлдеді бірақ өлмеді....
«Дариға-жүрек шөлдеді» деген сөз қайталанған сайын зұлымдықтың тырнағы жүрегіңді аямай осып-осып өткендей күйге түсесің. Өйткені біз шығарманы оқу барысында, әдемі әлемнің ғайып болып, қалай тікенекке, сұлулықтың тапталып, қалай құбыжыққа айналып кеткенін көреміз.
Байқадыңыз ба, поэмадағы осы әрбір детальдің артында адамның жүрегін ізгілікке, сұлулыққа, мейірімділікке шөлдеткізетін қоңыр мұң қаңтарылған. Шөлдеді деген сөзді құлағың шалған сайын көңіл алдарқатар қимастық мұңға ойың шегеленіп, құйқа тамырың шымырлап кетеді. Шығарма табиғатынан жібек желдей есіп қоя беретін, жүрегіңді шымырлатқан майда мұңның шынайылығын осы сәтте ерекше сезінесің.
Мұқағали адамзаттың бәріне ортақ құндылықтарды шабыттана жырлады. Аллаға жүрегін ашқан ақын әлемде зұлымдық пен қасірет барда Құдай да өмір сүретінін білді. Егер де мына дүние тек қана мейірімділік пен ізгіліктен жаралса, Құдайдың керегі болмай қалар еді. Зұлымдық болғандықтан да әлемде Құдай бар. Ұлы Жаратушы адамгершілікті ұмытып бара жатқан пендесін ойландырып, сабасына түсіретін сөздерді ақынның тілі арқылы жүректерге жеткізеді. Сондықтан да поэманың астарында жасырынған көркемдік шындық соғыстың зұлымдық екенін біздің санамызға құйған Алланың ескертуіндей болып, көңілімізді толғандырып жатады. Соғыстың зұлымдық екенін көрсету үшін Мұқағали мылқау табиғатқа да тіл бітіреді.
Дариға солай отырсын,
Жалғаннан жарын шақырсын.
Керенау, дел-сал, ей, таулар,
Күрсінбей неге жатырсың?!
Кейімей тұрсың, кең жайлау,
Кең жайлау емес, татырсың!
Кеуіп бір қалған тақырсың!
Кейімей тұрсың, Ай да сен,
Ай емес, қара бақырсың!
Қараңды суға батырсын!
Күңірен, таулар, күңірен,
Күңірен, жайлау, күңірен,
Кеудеңнен жалын атылсын!
Кірпігіңді қақшы, Айым,
Көзіңнен жасың шашылсын.
Дариға-жүрек басылсын.
Ұлы ақын өмірде қалай от болып жанса, өнерде де солай лапылдап, өз өлеңінің жалынына өртеніп кеткен жан болғанын Мұқағалидың көзін көрген замандастарының бәрі де мойындайды. Ақын табиғатындағы кемерінен асқан тегеурінді қуат, туындыларынан да айрықша сезіліп, оның шығармаларында оттай жанған ойлардың жалыны лаулайды. Сөніп қалған сезім мен суып қалған ойды ақыннан таба алмайсың. Мұқағали шығармашылығында бәрі де қызу қозғалыста өмір сүріп, жанартаудай болып атылған тіршілікте адам жанының құпиясы мен тереңдігі ашылып жатады. Адам жанының құпиясын қопарып, рухының трагедиясын ол түп-тамырына дейін үңіліп зерттейді.
Өмірдің әділетсіздігіне қарсы шамырқанған кездегі Мұқағалидың бойындағы құйын сезімді алапат дауылмен ғана салыстыруға болады. Ол сені қара түнек басқан жолдармен жүргізіп, қайта жарқырауға тиіс жарықты іздетеді.
«Дариға-жүректе» ақын дауылды күннің аласапыраны тағдырларын шайқап кеткен әйелдік болмысқа үңіліп, жоғалып кеткен сұлулықты нәзік жандардың жүрегінен табады. Ойпырмай, нағыз сұлулық әдемі әлемде ғана емес, қараңғы түнде де самаладай жарқырай береді екен-ау!
Шекспир мен Мұқағалиды оқи отырып, ағылшын мен қазақ шайырының гуманистік ойларының ұқсастығына таңғалып, біреуінің өрнегін екіншісі одан әрі құлпырта түскен шеберлігіне сүйсінесің. Адамдық тұлғаның кемелдігіне, мүмкіндігінің шексіздігіне шүбәсіз сенгенімен, екі ақын да өз қоғамындағы гуманистік көзқарастың күйрей бастағанына бірінші болып назар аударды. Шекспир «Гамлет» трагедиясында, Мұқағали «Дариға-жүрек» поэмасында гуманизмнің рухани дағдарысын суреттеп, әлемді ізгілік емес, зұлымдық билеп тұрғанын жүрегі жылап жырлады.
Мұқағали да әлем әдебиетінің барлық ұлы ақындарындай сұлулықты пір тұтып, киесіндей қастерлейді. Әйткенмен сұлулықтың әрі құпия, әрі қорқыныш-ты құбылыс екенін әсте ұмытуға болмайды. Өйткені, онда «Құдай мен сайтан арпалысып жатыр және олардың күрес алаңы – адамдардың жүрегі». (Достоевский). Сұлулықтың да кейде тозақ отына салғандай жанды қинап, әп-сәтте құбыжыққа айналып, көзге шыққан сүйелдей болатын кездері бар.
Дариға....
Тьфу!!!
Жаман еді аты қандай!
Сорлы аға,
сойқан апты қатын алмай.
...Аузымды аңдаусыз ашып қалсам,
Жүрегім снаряд боп атылардай.
Тьфу, ит!
Қандай жаман ән салады,
Ән емес, осы екен ғой аңсағаны.
Мына бір бояуы жоқ бозала тау,
Өзіне сұлумын деп тамсанады.
Дариғаның басындағы мұнарланған қаралы бұлттың тұманы қоюлана түскен қайғысын суреттеген шақта автордың сұлулыққа ғашық болған көзқарасы өзгеріп сала береді. Ізгілік жоғалып, адамдық сезімдер аяққа тапталған, қоғамдық сана рухани құлдырауға ұшыраған заманда сұлулықтың жылуы болмайды. Поэманы оқи отырып, біз ақынның суреткерлік талантына, шығарманы шынайы еткізіп өрнектеген шеберлігіне ғана сүйсініп қоймай, «Өмірдің мағынасы не? Адам өмірінің, адам болмысының мәні неде?» деген күрмеуі күрделі экзистенциалистік сауалдардың жауабын тапқысы келген ізденісін бақылаймыз. Мынау ешқандай да Құдайлық сот жоқ, өнеге тұтатын императив қалмаған, адамгершілік жеңіліп, зұлымдыққа жол берген қоғамда қалай өмір сүруге болады? Неміс философы Фридрих Ницшенің «Құдай өлді» деген сөзінің шындыққа айналғаны ма? Ницше мен Мұқағалидан кейін зұлымдық салтанат құрған қоғамда бұрынғы, ескі рационалистік гуманизмге енді қайтып оралудың мүмкін еместігіне күмән қалмайды. Гуманизм дәуірінің аяқталуымен бірге сұлулықтың оты өшті. Жалыны сөнді.
Әйткенмен ұлы ақын өз кейіпкерін толықтай танып, дүниеден түңіліп, көңілін қараңғылық басқан пенденің жанынан да адамдық сәулені көреді. Ақын кейіпкер тағдырын суреттеп қана қоймай, өз ішіндегі жарылуды бейнелей келіп, ауыр болғанына қарамастан, сұлулықтың өлгенін бізге жасырмай айтып, өкініштен өзегі өртене жаздайды.
Самалдап барып,
саялап тынған шалғайда.
Дариға-жүрек
аққуға қосқан ән қайда?
Сұлулық шіркін
шынымен мені алдай ма?
Дариға-жүрек
және бір әнге салмай ма?!
Мұқағали – сұлулыққа өлердей ғашық ақын, «Дариға-жүректі» оқығандарға сұлулықтың біз білмейтін басқа қырлары, басқа өлшемдері ашылады.
Сұлулықтың сырын ақын адам тағдыры арқылы танығысы келеді. Әйткенмен, зұлымдықтың қанды шеңгеліне түскен сұлулық та бірте-бірте қауіпті әрі қорқынышты құбылысқа айналып бара жатқандай ма, қалай? Поэманың бел ортасына жеткенде бастапқы кездегі көзқарасымыз өзгеріп, сұлулықтың да құбылмалы замандай өзгере беретініне таңғалуды қоямыз. Енді әсем ән де адамдардың жанын жылытудың орнына, жүректерін тырнап, өзектерін өкініштің оты өртейді.
Шөпшабыс еді.
Қосымыз тұрған шатқалда,
Ұйқыдан қауым
жаңадан тұрып жатқанда,
Дариға-жүрек
ботадай келіп боздады,
Бозарып тұрып,
бозарып атқан ақ таңда.
Тыңдаған жан жоқ,
өзінше жұрттар дүрбелең.
Кімдері сөйлеп,
кімдері ұрсып кімменен.
(Қауымның мұндай
қатыгездігін білмеп ем.)
Айғай мен қайбар
айналам тегіс гулеген.
Таң атпай жатып
ойыңа түсті әлдене?
Сайқалданба енді,
үніңді өшір қар неме!
Сұмдықты бастап,
таң атпай жатып зарлама,
Үніңді өшір!
Өтірік зарлап алдама!
Пәруәрдігер,
албасты ма өзі, пері ме?!
Әруақты мына ит оятар болды-ау көрінен.
Дариға-жүрек,
мына жұрт сенен жеріген,
Көмгелі жатыр
әніңді бірге сенімен.
«Дариға-жүрек» – символистік туынды. Адамды тебірентетін, толғантатын, ойландыратын, күйіндіретін, өкіндіретін символдық белгілер онда көп. Символдық белгілер арқылы шығарманың әрі жолы, әр шумағы соғыстың қасірет, зұлымдық екенін есіңе салып жатады. Мұқағалидың адамтанудағы ізденісінен ұлы ақынның өз жанын да жегідей жеген қиналысы мен жалғызсырауын байқайсыз.
Сұлулық таңғажайып құбылыс болғанымен, оның да өмірі өлшеулі, сағаты санаулы екен. Поэманы оқу барысында ішкі бір түйсікпен кейіпкердің жан әлемін нұрландырып тұрған сұлу сәуленің сөнетін уақыты таяп қалғанын сезгендей боласың.
Шығарманың кульминациясында бас кейіпкердің құз жартастың басынан құлап өлуі – шын мәнісінде сұлулықтың мәңгілікке жоғалғанын білдіретін символдық көрініс. Жеңгесінің ажалымен бірге өмірге сән беріп тұрған сұлу әлем күйреді.
Құзар жартастан
орамал көрдім бұлғаған.
– Қош бол, тентек!
(Әзілдеп, сірә, тұр маған).
Көк көйлек көрдім,
қалықтап құздан зулаған,
– Қош бол! – деп, – Тентек...
шуылдап үні тынбаған.
– Қош бол! – деп тастар
хабарлап жатты жан-жаққа,
Неғылған сұмдық?!
Дариға ма әлде аруақ па?!
Өте алмай қалдым,
жете алмай қалдым ар жаққа.
Дариға-жүрек
Ұшты да кетті аулаққа.
Муза деп атап,
ақындар ғибрат қылатын.
Сол екен – менің періште жырым
мұратым!
Дүниенің мынау қабағын бағып тұратын,
Дариға-жүрек
өмірге берді бір ақын..
Келісу, келіспеу шарт емес. Менің ойымша «Дариға-жүрек» бір адамның басындағы трагедияны шеберлікпен суреттеген шығарма ғана емес, сұлулықты жырлаған ақындық кезеңнің аяқталғанын белгілеп берген – символистік туынды.
Мұқағалидан кейін ендігі уақытта өмірді бұрынғыдай суреттеудің мүмкін еместігіне көзің жетіп, әдебиеттің жаңа дәуірінің шымылдығы түрілгенін түсіне бастайсың.
ХХ ғасыр адамның дүниені сезінудегі ең трагедиялық және күрделі дәуірі болды. Мұндай құбылыстың обьективті алғышарттары бар-тын. ХХ ғасырда адамның әлемді қайғылы күйде сезінуіне әсер етіп, санасында өшпестей ізін қалдырған факторлар ретінде екі дүниежүзілік соғысты атауға болады.
Антрополог ғалымдардың айтуынша соғыс – өркениет көшін ілгері қарай дамытудың қозғаушы күші. Адамзат тарихында болған соғыстар сол дәуірдегі прогрестің өркендеуіне, түрлі жаңалықтардың ашылуына зор ықпалын тигізді. Бірақ ХХ ғасырда болған екі алапат соғысқа байланысты біз ондай сөзді айта алмаймыз. 1914 жылғы Бірінші дүниежүзілік соғыстың ақыры, төңкеріске әкеліп, әлемге зор қайғы-қасірет шеккізді.
ХVІІІ – ХІХ ғасыр адамзат баласы әлі де Қайта өрлеу дәуірі туғызған гуманистік идеалдарға сенетін. «Адам – барлық дүниенің өлшемі. Адам – әлемнің ең жоғары құндылығы» деген сыңайдағы сөздер Қайта өрлеу дәуірінің негізгі ұраны мен мұраты болды. Соның арқасында гуманистік идеалдардың мәңгілік екеніне сенген шығармалар туып, оқырманды имандылық пен ізгілікке баулыды.
Трагедиялық ХХ ғасыр осы ұранның күлін көкке ұшырып, адамның гуманистік мұраттарын жоққа шығарды. Әрине, оның обьективті себептері де көп. Екі алапат соғыста миллиондаған жазықсыз жандар жауыздықпен өлтіріліп, халықты қынадай қыру үшін тұңғыш рет газ қолданылып, адам тарих алдындағы бейшаралығын, дәрменсіздігін сезген кезде өнердің өлшемі болып келген гуманистік идеалдарға деген сенімге селкеу түспеуі мүмкін емес еді.
Екі үлкен соғыс болған, төңкеріс болған, адамзатты жойып жіберу үшін сұмдық тәжірибелер жасалған, тоталитарлық жүйелер үстемдік құрған ХХ ғасыр тарихы бірегей және қайталанбас әдебиетті туғызды. Соған қарамастан ХХ ғасыр әдебиеті пенде баласына адамға деген сенімін қайтарып беруге әрекет етті. Екі сойқан соғыстың сұмдығын, Хиросима, Гулаг, Бабий-Яр, Освенцимді басынан өткерген адамзат, тарих бетінде трагедиялық ізін қалдырған қанды оқиғаларды ақтай алмаса да, «Әрі қарай қалай өмір сүру керек?» деген сыңайдағы сауалдың жауабын тауып, жаңа гуманистік идеалдарды іздеуге тиіс еді. «Дариға-жүрек» поэмасы арқылы романтизммен қош айтысқан Мұқағали әлемнің ұлы ақындарымен бірге адамзаттың болашақта бақытты өмір сүруінің негізі бола алатын іргетасты табуға тырысты. Әлемнің шын мәнісіндегі парасатты, ізгілікті негіздерін іздеді.
Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ