50396
Олимпиада қызықтары
Олимпиада қызықтары
Олимпиада – төртжылдықтың басты бәсекесі ғана емес, атлеттер мен спорт жанкүйерлерінің асыға күтетін мерекесі. Ал мереке болған жерде қызық та күлкілі оқиғалар, жүректі елжіретіп, көңілдің мұзын ерітер сәттер де болады. Сондай-ақ рекордтан рекорд жаңартып, әлем жұртшылығын таң-тамаша еткен спортшылардың осы межеге дейін жүріп өткен жолына таңғалып, «осыншалық жанкешті тағдыр, өршіл жүрек иесі болар ма ең?!» деп тамсанасың.
Олимпиада басталысымен әлемдік БАҚ өкілдері канадалық сноубордшы Макс Парро туралы жарыса жазды. Макс 2018 жылы Пхенчханда өткен Қысқы Олимпиада ойындарында күміс жүлдегер атанған соң бірнеше күннен кейін қатерлі ісікке шалдыққанын біліп, спортпен қош айтысқандай болып еді. Бірақ бір жыл ішінде 12 рет химиотерапиядан өтіп, салауатты өмір салтына дағдыланған ол ақыры аты жаман ауруды жеңіп, былтыр спортқа қайта оралғанын мәлімдеген болатын. Ал үш күн бұрын слоупстайл жаттығуы бойынша финалға өтіп, ақыр соңында Бейжің Олимпиадасының чемпионы атанды. Ғажап-ақ! Макстан бөлек, әлем назарын өзіне аудартқан тағы бір мықты бар. Неміс конькишісі Клаудиа Пехштайн – Бейжің Олимпиадасына қатысып жатқан жасы ең үлкен спортшы. Оған дейін 7 Олимпиадаға қатысып, 5 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль иеленген атлеттің жасы 49-да. Кеше шетелдік БАҚ-қа берген бір сұхбатында 2026 жылы Италияның Милан қаласында өтетін кезекті Олимпиадаға қатысуға ниетті екенін айтады. 5-ақпан күні Бейжіңдегі мұз аренада Клаудиамен бірге 3000 метрге жүгірген, бірақ үздіктер қатарына ене алмаған қытайлық атлет Ақнар Ардақ та журналистер көзіне ілікті. Ақнар – осы Олимпиадада Қытай құрамасы атынан сынға түсіп жатқан қазақ қызы. Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінде дүниеге келген 23 жастағы спортшы 2016 жылы Қытай құрамасына шақырту алған. Ендігі кезекте ол Бейжіңде 1 500 метрге және 1 000 метрге жүгіру сайысында бақ сынайды. Ақнардан бөлек, Бейжіңде Қытай намысын қорғап жүрген тағы 2 этникалық қазақ бар. 1999 жылы Алтай аймағындағы Зимунай қаласында дүниеге келген Баян Жалынқызы шаңғы спортынан Қытай құрамасының сапына қабылданған. Қытайлықтармен бірге жанталаса бақ сынап жүрген екінші шаңғышы қазақ – Қадыс Беделхан. 1999 жылы Қытайдың Фукаң қаласында туған Қадыс Қытайдың ішкі біріншіліктерінде үнемі топ жарып жүрген соң, Олимпиада құрамасына шақырылған.
Осы Олимпиадада өзге ел атынан сынға түсіп жатқан ұлты қазақ атлеттер бұл үшеуі ғана емес. Биатлоннан үш дүркін Олимпиада чемпионы Дарья Домрачева спорттан қол үзген соң беларусьтер қазақ қызы Динара Әлімбековаға үлкен үміт артып отыр. Қарағанды облысына қарасты Абай қаласында дүниеге келген Динараны ата-анасы үш жасында Беларуське көшіріп алып келген. Биатлоннан әлемдік ірі бәсекелерде топ жарып жүрген Динара 2018 жылы Пхенчханда өткен Олимпиаданың эстафета сайысында жеңімпаз атанды. Бірақ Бейжіңде қатысқан екі сайыста бесінші орыннан ары аса алмай жүрген Динара кеше журналистерге берген бір сұхбатында бар әлеуетін көрсете алмай жүргеніне қынжылатынын айтады. Ендігі кезекте ол 11 ақпан күні спринтерлік сайыста бақ сынайды.
Ақ Олимпиадада Абайдың «Айттым сәлем Қаламқас» әні шырқалды. Латвиялық мәнерлеп сырғанаушы Денис Васильев бірнеше әуеннен құрастырылған қысқа бағдарламасының бірінші бөлігіне Абай Құнанбайұлының осы әнін таңдап алған. Қашан да қызыққа толы мәнерлеп сырғанау спортының сайыстары бұл жолы басқаша сипат алды. Америкалық мәнерлеп сырғанаушы Винсент Чжоу командалар сайысында өнер көрсетіп, АҚШ құрамасына күміс жүлде иеленуге көмектескен еді. Ал ертесі коронавирус жұқтырып, бүрсігүні басталатын жекелей сайысқа қатыса алмайтын болды. Төрт жыл бойы Олимпиадаға тыңғылықты дайындалып, басты доданың төртінші күні-ақ жарыстан шеттетілген америкалықты барлық әлем жұбатқандай болды.
Америкада туып-өскен 19 жастағы мәнерлеп сырғанаушы Беверли Чжу былтыр АҚШ азаматтығынан бас тартып, тарихи Отаны Қытайға қоныс аударған болатын. Қытай Олимпиадасының құрамасына қабылданған ол командалар сайысында сәтсіз өнер көрсеткен соң қытайлықтар турнир кестесінің ең соңғы орнына жайғасты. Бұған наразы болған қытайлық жанкүйерлер қаршадай қызға қысым көрсетіп, буллиң жасап жатыр. Weibo желісінде #ZhuYiFellOver хэштегі 200 млн, #ZhuYiMessedUp 80 млн қаралым жинаған. Сондағы бар гәп: «Олимпиадаға Америкада емес, Қытайда туып-өскен қытайлық атлетті қатыстыру керек еді». Командалар сайысында қытайлықтарға жоғары ұпай жинауға көмектесе алмаған Беверли 15 ақпан күні жекелей сында бақ сынамақ.
Мәнерлеп сырғанаудан екі дүркін Олимпиада чемпионы жапондық Юдзуру Ханюдың үшінші алтын аламын деген үміті «қиылып» түсті. Кеше қысқа бағдарламада бір элементті жасай алмаған ол бірінші жарыс күнінің нәтижесі бойынша 8-орынға табан тіреді. Ізінше сұхбат берген ол мұз аренасында шұңқырға аяғы кіріп кеткен соң, секіре алмағанын айтады. Бірақ Ханюды мәнерлеп сырғанаудың Құдайы санайтын жанкүйерлер оның бұлай сәтсіз өнер көрсетуіне ресейлік Андрей Мозалёв кінәлі деп тапты. Андрей жеребе бойынша Ханюдің алдында сырғанап, бір құлап, бір шатқаяқтап, өз максимумын көрсете алмаған еді. Үшінші алтын жүлде иеленбесе де тарихта есімі қалатын жапондықтың жанкүйерлері Ханю Андрей құлағаннан пайда болған шұңқырдың кесірінен секіре алмағанын, тіпті жаттығу кезінде ресейліктің әдейі кедергі келтіргенін жазып, түрлі әлеуметтік желі мен ресейліктің жеке парақшасына жағымсыз пікірлер жазуда.
Қысқы Олимпиадада тек нәтиже ғана емес, сондай-ақ атлеттердің үстіне киген спорттық киімі де үлкен рөл атқарады. Төрешілер тіпті жарыс аяқталған соң киімнен ілік табуы ықтимал. Мысалы, олар өткен аптада Бейжіңде шаңғымен трамплиннен секіруден өткен аралас сайыста басты фаворит саналған Германия мен Норвегия, сондай-ақ Жапония, Австрия құрамаларының нәтижесін есепке алмай қойды. Спортшыларға «үстіне киген комбинезондардың өлшемі дұрыс емес» деп сөгіс айтқан. Сөйтіп, жеңіс тұғырына Словения, Ресей және Канада атлеттері көтерілді.
Хоккейден Канада әйелдер құрамасы ресейліктер ПТР тест тапсырмайынша ойынға шықпайтынын айтып, кездесуді бір сағат кеш бастады. Ақылдаса келе, екі команда ойынға маска тағып шығуға мәжбүр болды. Десе де ойын ортасында тест нәтижелері белгілі болған соң, ресейліктер маскасын шешіп ойнағанмен, ойын соңына дейін маскасын шешпей шыдап баққан канадалықтар ақыры айқын басымдықпен жеңіске жетті. Кеше Финляндия командасы Ресей құрамасына қарсы ойынға маска тағып шығып, соңында ресейліктер тағы да ойсырай ұтылды. Шлем ішінен маска тағып ойнау ойыншыларға кедергі келтіреме десек, керісінше көмектесетін секілді.
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ