Басты міндет – халықтың әл-ауқатын жақсарту

Басты міндет – халықтың әл-ауқатын жақсарту

Басты міндет – халықтың әл-ауқатын жақсарту
ашық дереккөзі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында еліміздің былтырғы әлеуметтік-экономикалық ахуалы қорытындыланып, биылғы жаңа жоспар талқыланды.

Отырысқа Премьер-Министр Әлихан Смайы­лов, Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин, Президент Әкім­шілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу, Үкімет мү­шелері, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қала­лары­ның, облыстардың әкімдері, орталық мем­ле­кеттік органдардың және ұлттық компа­ниялардың жетекшілері қатысты. Сонымен қатар жиын кезінде Премьер-Ми­нистр Әлихан Смайылов, Ұлттық банк төрағасы Ға­лымжан Пірматов, «Самұрық-Қазына» АҚ бас­қарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Маңғыстау об­лысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Алматы облы­сы­ның әкімі Қанат Бозымбаев, Жамбыл облы­сы­ның әкімі Бердібек Сапарбаев, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Солтүстік Қазақстан облы­сының әкімі Құмар Ақсақалов сөз сөйледі. Көпірме есеп, көзбояушылық... Президент ең алдымен өткен жылғы экономикалық ахуалға тоқталды. – Өткен жылы ел экономикасы 4 пайыз­ға өсті. Өңдеу өнеркәсібі 5,5, құры­лыс индустриясы 7,6 пайызға артты. Қыз­мет көрсету саласында оң көрсеткіш бар. Сауда-саттық 9,2 пайызға, көлік саласы 3,6 пайызға артты. Дегенмен инфляция межелі деңгейден асып кетті. Бұл көрсеткіш 8,4 пайыз болды. Өкінішке қарай, «Қаңтар оқиғалары» қалыпты өмірімізді түбегейлі өзгертті. Заңсыз әрекеттердің салдарынан көптеген азаматымыз зардап шекті. Шағын және орта бизнес өкілдері шығынға ұшырады. Қазіргі мәліметтер бойынша бизнеске 100 миллиардтан астам теңге көлемінде залал келді, – деді Президент. Осы орайда Мемлекет басшысы Үкімет­тің ең басты міндеті халықтың әл-ауқатын, жағдайын жақсарту, табысын өсіру екенін баса айтып өтті. – Қазір Үкіметтің басты міндеті – ха­лық­тың әл-ауқатын жақсарту, азамат­тар­дың табысындағы алшақтықты азайту жә­не еңбек етуге қолайлы жұмыс орын­да­рын ашу. Бәріміз елдің игілігі үшін қыз­мет етуге тиіспіз, – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар Президент елде қарыз­ға батқан азаматтар мен кедейлер көбейіп бара жатқанын, 1 миллионға жуық халық ең төменгі күнкөріс деңгейінен де төмен та­быс табатынын, әлеуметтік көмек пен зей­нетақыға өмір сүріп жатқанын айтты. Әсіре байлардың үстемдігі туралы тағы бір мәрте тілге тиек етті. Дегенмен орташа жа­­­лақы мен жан басына шаққандағы та­быс мөлшері ұдайы өсіп келеді деген жал­ған, көпірме есеп берілген. Президент мұ­ның нағыз көзбояушылық екенін баса айт­ты. Осы мәселені реттеуге бағытталған шаралар да әзірленіп жатқан көрінеді. – Қазір 1 миллионға жуық адамның та­бысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жет­пейді. Бұл – соңғы 10 жылдағы ең на­шар көрсеткіш. Қазір менің тапсырмам бойын­ша Халықтың табысын арттыруға ар­нал­ған бағдарлама әзірленіп жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент барлық деңгейдегі әкім­дердің бюджет дербестігін одан ары арт­тыру қажет екеніне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, аймақтардың 82 пайы­зының дотацияда болуы дұрыс емес. – Мен бұған дейін бюджетаралық қа­тынастың жаңа жүйесін қалыптастыру туралы тапсырма берген болатынмын. Осы тап­сырманы тағы да естеріңізге саламын, – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар Президент инфляция­ны ауыздықтау бойынша нақты тапсыр­ма­лар жүктеді, бюджет қаражатын желге ұшы­ратын тиімсіз жобаларды анықтауды тапсырды. Президент еңбек ұжымдарындағы нара­зылықтың өсуі туралы ашық айтуға ш­ақырып, сонымен қатар қызметкерлердің заң­ды мүдделерін сақтап, олардың тала­бын басты назарға алу керек екенін айтты. Сауда-саттықтағы бассыздыққа тоқтау салатын кез келді Президент тағы бір түйткілді мәселе деп сауда-cаттықтағы делдалдардың баға­ны негізсіз көтеруін, жоқ жерден пайда көріп отырғанын, мұндай бассыздыққа тоқтау салатын уақыт келгенін айтты. – Сауда-саттықтағы тиімсіз делдал­дық­қа тоқтау салатын кез келді. Мысалы, 3 миллион адам тұратын Алматы қаласы мен оның төңірегіндегі елдімекен тұрғын­дары тұтыну тауарларын көбіне «Алтын орда» базарынан алады. Алматы облысы мен Алматы қаласының әкімдеріне Үкімет­пен бірлесіп, базарды тексеруді және тәр­тіп орнатуды тапсырамын. Бұл жер пай­дакүнемдер үшін нағыз майшелпекке ай­налған. Бұған Алматыдағы «Қаңтар оқи­ға­сы» кезінде анық көз жеткіздік. Бұл – басқа өңірлерге де қатысты мәселе. Қажет болса, бұл жұмысқа құқық қорғау органдары атса­лыссын. Екі ай уақыт беремін, – деді Президент. Утилизация алымы: қалдықтан нарық ашудың қажеті жоқ Көптен бері халықтың наразылығын тудырған утилизация алымы мәселесі де қозғалды. Президент шектен шықпаған жөн екенін айтып, мөлшерлемені анық­тауға тапсырма берді. – Утилизациялық алым бойынша бар­лық қаражат мемлекет пайдасына түседі деп шештік. Ендігі мәселе – мөлшерлеме дең­гейін анықтау. Жұмыс тобы осы мә­селені қызу талқылап жатыр. Бірден ай­тайын, утилизациялық алым қайта қара­лады. Бірақ шектен шықпаған жөн. Ав­то­өнер­кәсіпті дамытуға жұмсалған ақшаны желге шашудың, ескі автокөліктерді сырт­тан әкеліп, қалдықтан нарық ашудың қа­жеті жоқ. Утилизациялық немесе тіркеу алымы түпкі мақсат емес. Бастысы – тұтыну­шылар үшін автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникасының қолже­тім­ділігін қамтамасыз ету. Өндірушілер мен дистрибьюторлар тарапынан әрекет бо­лады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Жалдамалы тұрғын үйді субсидиялау: бастаманы тезірек жүзеге асыру керек Президент жалдамалы тұрғын үйді суб­­сидиялау жөніндегі бастамасын тез­детіп жүзеге асыру қажеттігіне де баса мән берді. Бұл бастама өткен жылы іске қо­сылуы керек еді. – «Отбасы банк» пен Цифрлық даму, ин­н­овациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі субсидия алатындар мен жыл­жымайтын мүлікті жалға берушілер тір­келетін арнайы цифрлық платформаны әзірлеуге тиіс. Азаматтар өздерінің қажет­тіліктеріне сәйкес әкімдіктер немесе құры­лыс компаниялары айтқан жерден емес, өздері қалаған жерден тұрғын үй таңдай алады. Әлеуметтік жағдайы нашар топтар үшін жалға алу шығынының 50 пайызы мөлшеріндегі субсидия мемлекеттен төленеді. Тұрғындар отбасылық бюджеттің артылған ақшасын азық-түлік, білім алу, медицина және тағы басқа қажеттіліктеріне жұм­сай алады. Осы жүйе бойынша өтінім­дер­ді қабылдау мерзімін биылғы 1 ма­мырдан кешіктірмеуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы. Ауыл шаруашылығы субсидиялары талан-таражға түсіп жатыр Президент соңғы 5 жылда ауыл шаруа­шылығын дамытуға 2 триллион теңгеден астам қаражат бөлінгенін еске салды. Алай­да оның айтуынша, субсидия қанша өссе де, бұл салада ауыз толтырып айтатын өз­геріс болған жоқ. Мемлекет басшысы осы саланы ретке келтіруді, аграрлық сала­ның тиімділігін арттыруға бағытталған суб­сидиялаудың жаңа жүйесін құруды тап­сырды. – Субсидия түпкі иесіне жетпей, орта жол­да талан-таражға түсуде. Тіпті, ауыл шаруа­шылығына еш қатысы жоқ салалар да оның қызығын көруде. Соңғы жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігі 960 қылмыстық іс тергеген. Со­ның 54 пайызы субсидияны жымқыруға қа­тысты болған. Мысалы, жайылымдық жер­лерді суландыруға 80 миллиард теңге бө­лінді. Бірақ оның тең жартысы желге ұшты. Осы жұмысқа қажетті құрал-жаб­дық­тың бағасы 2-3 есе артық көрсетілген. Тіпті, кей жағдайда қаржыны қағаз жүзінде игере салған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұдан бөлек Президент жерді белгілі бір тұлғалардың меншігіне өтіп кетуіне жол бермеу керектігіне тоқталды. – Ауыл шаруашылығы министрлігі бір тұл­ғаға 98 мың гектарға дейін ауыл шаруа­шылығы жерлерін иемденуге рұқсат беретін қаулы жобасын әзірледі. Бұл өл­шеу­сіз жер иелену құқығын заңдастыру әре­кеті сияқты көрінеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Үкіметке жер учаскелерінің шекті кө­лемін анықтау үшін сарапшылар мен ғы­лыми институттардың қатысуымен жұмыс то­бын құру тапсырылды. Мұны осы жыл­дың 1 мамырына дейін бекіту керек. Президент энергетика кешенін да­мытуға тағы бір басым міндеттің бірі ре­тінде тоқталды. Мемлекет басшысы был­тыр осы салада болған дағдарысты да еске сал­ды. Атап айтқанда дизель отынының, авиакеросиннің, сұйылтылған мұнай газының, электр қуатының тапшылығы байқалды. АЭС салу мәселесі қозғалды Мемлекет басшысы еліміздің энергети­ка­лық қауіпсіздігі мәселесін АЭС салу ар­қылы тез арада шешу қажет деп санайды. – Жауапты тұлғалардың атом стан­са­сын салу мәселесі жөніндегі сауалдарға жауап беруден неге жалтаратындарын тү­сін­беймін. Шындығын айту керек: егер та­за атом энергиясы болмаса, инвестиция тарт­пақ түгілі, барлық экономикадан да, ай­мақтық көшбасшылықтан да айырылып қа­ламыз. Бізге электр қуаты, әсіресе таза атом энергиясы аса қажет. Экономикалық ахуал­дан хабары жоқ популистердің сөзіне ер­мейік. Атом энергетикасының мәнін кә­сі­би деңгейде түсіндіру қажет, – деді Президент. Кедендегі былықты жөнге келтірмесек, салдары қиын Президент кеден бекеттеріндегі қор­да­ланған мәселелерді жедел шешу қажет еке­нін тағы бір мәрте айтты. Бұған дейін Пре­зидент Қытаймен шекарада көліктер тек­серілмейтінін, салық пен баж салығы төлен­бейтінін мәлімдеген еді. – Кедендегі былықты жөнге келтірмесе, салдары қиын болуы мүмкін. Қытайдың ста­тистикасы мен біздегі көрсеткіштің айыр­масы 5,7 миллиард доллар болуы – со­ның дәлелі. Қазір Қытаймен арадағы ке­ден бекетінде 12 мыңнан астам көлік электрон кезекте тұр. Құзырлы эко­но­ми­ка­лық операторлардың заңсыз іс-әрекеті туралы бұған дейін де айттым. Олар кеден­нен және басқа да бақылау органдарынан соншама жеңілдікті қалай алып отыр? Не себепті бұл мәселе назардан тыс қалған? Бұл сұрақтарға 10 күн ішінде нақты әрі то­лық жауап күтемін, – деді ол. Денсаулық сақтау саласы: тиімсіз бастамалар қайта қаралуға тиіс Президент денсаулық сақтау мәселесі жө­нінде айта келе, бұл саланың қаржыны көп қажет ететінін атап өтті. – Қолда бар қаржыны түгендеп, басым­дықтарды қайта қарау керек. Бұл – алдағы жобаларға, соның ішінде мемлекет пен же­ке­меншіктің серіктестігі арқылы салы­на­тын 20 ауруханаға қатысты мәселе. Оның әрқайсысына жұмсалатын шығын қол­даныстағы заманауи ауруханалардың құ­нынан бірнеше есе артық. Мұндай мем­лекет пен жекеменшіктің серіктестігі қа­жет емес, – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар медицина техника­ла­рын сатып алуда сыбайлас жемқорлықтың өршіп тұрғаны да айтылды. Осыған байла­нысты Президент медициналық тех­ника­ны орталықтандырылған сатып алу жүйе­сіне көшіруге тапсырма берді. – Бұл – үлкен мәселе. Өйткені бұл сала­да сыбайлас жемқорлық жоғары деңгейде екені байқалып отыр. Өңірлер жабдықтың есе­бі мен бағасын тұрақты түрде көтеріп оты­рады, оның қызметіне де көп ақша жұм­салады. Сондықтан Үкіметке меди­ци­налық техниканы «СҚ-Фармация» базасы арқылы орталықтандырылған сатып алу жүйесіне көшіруді тапсырамын, – деді Пре­зидент. Майнингке салынатын салық мөлшері артады Мемлекет басшысы майнингке салы­на­тын салықты арттыруды тапсырды. – Барлық майнинг фермаларды анық­тау, салық және кеден мәселелерін тексеру қа­жет. Алынған техникалық шарттарды, сондай-ақ олардың қызметінің басқа да қыр­ларын мұқият зерделеу керек. 15 нау­рызға дейін есеп берулеріңізді сұраймын, – деді Пре­зидент. Мемлекет басшысының айтуына қара­ғанда, мемлекет жұмысын бүкпесіз ашық жүргізетін майнингке қарсы емес. – Бұл салада жұмыс істегісі келетін­дер­дің лицензиясы болуы қажет. Электр энер­гиясын ақылға қонымды тариф бойынша алып, кірісін декларациялауы және салық төлеуі, «жасыл» энергетика жобаларын іске қосуы тиіс. Майнинг салықтарын біз де арт­тырамыз. Қазіргі қуаттың әр кило­ва­тына 1 теңге деген мөлшерлеме өте мар­дым­сыз. Үкіметке аталған салықты еселеп әрі қысқа мерзімде арттыруды тапсыра-мын, – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Цифр­лық майнингті реттеу мен дамыту жө­ніндегі шешімдердің толыққанды паке­тін әзірлеуді тапсырды. – Үкімет цифрлық майнингті реттеу мен дамыту бойынша толыққанды шешім­дер пакетін әзірлеуі керек. Нәтижені 1 сәуір­ге дейін күтемін, – деп тапсырды Қасым-Жомарт Тоқаев. Адал еңбек ету – бәрімізге ортақ міндет Президент қоғамда табысқа жетудің тө­те жолы жемқорлық пен алаяқтық деген қа­те түсінік орнығып жатыр деген ой айт­ты. – Адал еңбек ету – бәрімізге ортақ мін­дет. Өкінішке қарай, кейде жұрт, әсіресе жас­тар, маңдай терін төгіп жұмыс істегісі кел­мейді. «Ауырдың үстімен, жеңілдің ас­ты­мен» жүргенді жөн көреді. Өйткені олар «бізде адал еңбек бағаланбайды» деп ой­лай­ды. Жастар бастықтар мен ауқаттыларға жа­қын жүретін алаяқтар мен жемқор­лар­дың шалқып өмір сүріп жатқанын көріп отыр. Тіпті соларға қарап бой түзейтін бол­ды. Қоғамда табысқа жетудің төте жо­лы осы деген қате түсінік орнығуда, – деді Президент. Сондай-ақ, ол бұл қате түсініктер жойы­лу үшін масылдықтан арылу керек­тігін жеткізді. – Оған қоса тағы бір жағымсыз үрдіс бар. Кейбіреулер адал еңбекпен жетістікке же­тетін мүмкіндік жоқ екенін білген соң еш әрекетсіз қол қусырып отырады. Жұмыс істеудің орнына мемлекетке де, жақын­дары­на да масыл болуда. Өзіне жәрдемақы мен жеңілдік талап етіп, алақан жаюдан ар­ланбайды. Тіпті, жергілікті билікке қо­қан-лоққы көрсетуден де тайынбайды. Ұлт­ты жегідей жейтін осы кеселдер елімізді кері тартуда. Министрден малшыға, қар­жы­герден қара жұмысшыға дейін әрқай­сымыз бұл туралы терең ойлануымыз керек. Тиісті қорытынды жасап, дұрыс әре­кет етуіміз қажет. Сонда ғана біз өрке­ниет­ті қоғам құра аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы билік пен қоғам­ның адал еңбек пен әділ ынталандыру идео­логиясын ұстануы қажет екенін айт­ты. Бұл идеология компрадорлар мен уа­қыт өткізіп жүргендердің, масылдардың ор­нын алмастыруға тиіс. – «Жаңа Қазақстанды» құру үшін тү­сі­нік­ті әрі әділ мемлекеттік саясат жүргізілуі ке­рек. Бұл саясат шенеуніктердің жөнсіз­ді­гіне жол бермейді. Бәсекеге және тех­но­логияға негізделген экономиканы қалып­тас­тырады. Сонымен бірге, жекеменшікке, адам­ның құқықтары мен бостандығына қол сұғылмауына заң үстемдігі арқылы ке­пілдік береді, – деді Президент. – Үкіметке шетелге заңсыз шығарылған қара­жаттарды және онда сатып алынған ак­тивтерді елімізге қайтару жолдары жө­нін­де ұсыныс әзірлеуге 2 ай уақыт беремін, – де­ді Мемлекет басшысы. Айтылған мәселелерге байланысты жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді. Отырысты қорытындылай келе, Мемлекет басшысы халықтың талабы түсінікті де әділ саясат жүргізу екенін, биліктің соған сай болуы қажет екенін баса айтты.