Түркістандықтар балаларын сабақтан алып қалып, мал бақтырмақ (ВИДЕО)

Түркістандықтар балаларын сабақтан алып қалып, мал бақтырмақ (ВИДЕО)

Түркістандықтар балаларын сабақтан алып қалып, мал бақтырмақ (ВИДЕО)
ашық дереккөзі
Түркістан облысындағы Ордабасы ауданының тұрғындары балаларын сабақтан алып қалып, мал бақтырмақ ниетте деп хабарлады turkystan.kz «Астана» телеарнасына сілтеме жасап. Өйткені, жайылым жер жоқ, төрт түлікті қораға қамап қойған. Ақсары ауылының тұрғындары ауылдың дәл түбіндегі гектар-гектар жайылымдық жерді пысықайлар иемденіп алғанына қапалы. Күнкөрісіне жараған төрт түлігі қолына қарап қалған Алмасхан Нарбек шығынға батып жатқанын айтады. Түйелері соңғы бір айда ауладан аттап шықпаған. Қатарынан үш рет айыппұл төлегендіктен, үйде ұстап отыруға мәжбүр. Алдыңғы жылы алған 500 қойдың тең жартысы өліп қалғанына іші удай ашиды. Айтуынша, ауыл іргесіндегі жайылымға иелік қылған кәсіпкер аттап бастырмайтын көрінеді.
«Көктемде 10 см шөпке бүкіл ауылдың малын жайғызбай, шөптің бәрін қуратып жіберді. Не деген сұмдық?!. Ауданға, облысқа барамыз, ешкім жәрдем бермейді», - дейді Ақсары ауылының тұрғыны Алмасхан Нарбек.
Алмасхан секілді ауылдың өзге де тұрғындары малын жаятын жер таппай жүр. 2014 жылдан ауыл іргесіндегі 300 гектардай жерді ұзақ мерзімге жалға алдым деген кәсіпкер не малға, не жанға күн көрсетпей келеді.
«Байжан Маханбетов деген кісіден зәбір көріп отырмыз. Барлық жерге ие. Біреу барып мал бақса да, қалыңдау жерінен орып пайдаланайын десе де үйіне, малына зәбір көрсетіп, ұрып-соғады. Ақыр аяғында рэкеттік тірлік істейді… Сонымен қорқытып-үркітіп, бездіріп жібереді», - дейді Жексенбай Арапбайұлы.
Ауыл тұрғындары М. Байжанның қорасына малы жақындап кетсе қамап, айыппұл салатынын айтып, қынжылып отыр.
«Қанша мәрте малымызды қамап қойды. Әр малға 4 мың теңге айыппұл төлеп жатырмыз», - деді Жаңабек Жұмабеков.
Ақсары ауылында небәрі 50 шақты түтін бар. 300-дей жан қолындағы малы мен егістіктен ғана нәпақа тауып жүр. Олардың айтуынша, талайдан мал жайып келген аумаққа үш кәсіпкер иелік етіп отыр. Бірақ көресіні Байжан дегеннен көрдік дескендер жерді ұзақ мерзімге жалға алған жанның өзін қорғап алатын мықты танысым бар деп шіренетінін айтты.
«Ал енді Байжан Маханбетов бізге қарсы келгенде бет қаратпайды. Баланы да ұрады, әйелді де жылатады. «Менің «крышам» мықты, маған ештеңе істей алмайсыңдар» деп, қит етсе полицияны жетектеп келетін кәсіпкер бұл аумақты белден басып отыр», - дейді Ақсары ауылының тұрғыны Әбдіхан Нарбек.
Шуласқандар тіпті көктем шықса баламызды сабаққа да жібере алмаймыз деп отыр.
«Ертең балаларымызды сабақтан алып қаламыз. Егер малымыз қараусыз қалса, Байжан қамап алады. Сондықтан балаларымыз болмаса, бұзауға кім қарайды? Балалар мал бағады. Енді наурызда басталады біздің сабақ. Бармайды балалар. Бау-бақша егеміз бе, Байжанмен алысамыз ба, кіммен алысамыз?» - дейді ашынған ауыл тұрғыны Перизат Асан.
Ал бүкіл ауыл атынан үркіп отырған шаруаның өзі ешкімге зәбір көрсетпегенін айтты. Оның айтуынша, керісінше, шаруашылығын өркендетуге ауылдастары мүмкіндік бермей жатыр.
«Ауыл маңында жоңышқа өсетін 9 гектар жерім бар. Сол жоңышқаға малдарын әдейі түсіреді, айдайды. Мен сол кезде айтсам, әкетпейді. Содан кейін мен оны қораға әкеп қамаймын. Сөйтіп, әкімдікке, полицияға айтамын. Бәрін заңды істеп жатырмын», - деді Байжан Маханбетов.
Ал «Ақсарының ортақ жайылымы жоқ» деген аудан әкімінің орынбасары жалға беріліп кеткен гектарларды халық игілігіне заңдастырудың қамын жасап жатқанын жеткізді.
«Кәсіпкерге ескерту жасадық. Алдағы уақытта келіссөздер жүргіземіз. Келіссөздерге қанағаттанбаған жағдайда ол кісілердің талаптарын орындау мүмкіндігін қарастырамыз. Келіссөздерге көнбеген азаматтарды 3 айдан кейін біз сотқа талап арыз беру арқылы райынан қайтаруға тырысамыз», - дейді Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Қыдырбай Сейітқұл.
Алайда бұл шаруа жыл соңына дейін созылатын түрі бар. Оған дейін төрт түлік қорада күте қамалып тұра алмайтыны тағы бар. Сондықтан ауыл тұрғындарының мәселесі нақты қалай шешілетіні белгісіз.