Аймақтарға әлі 4 мың мал дәрігері керек

Аймақтарға әлі 4 мың мал дәрігері керек

Аймақтарға әлі 4 мың мал дәрігері керек
ашық дереккөзі
1169
  Елімізде жыл өткен сайын мал дәрігерлерінің тапшылығы айқын аңғарылып келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сүйенсек, Қазақстанда небәрі 6 мың ветеринар бар. Аймақтардың сұранысын толық өтеу үшін әлі 4 мың мал дәрігері керек екенін ескерсек, жаңа мамандар даярлау үшін 5 жыл уақыт қажет. Ветеринария саласының дамуы сөз болса, кеңес өкіметі тұсындағы колхоз, совхоздар еріксіз ауызға ілінеді. Көпті көрген кісілердің айтуынша, ол кездегі фермаларда 20-30 мың бас қой, мыңдаған бас сиыр, жылқы өсірілген. Әрбір аудандағы шаруашылықтарда, оның бөлімдерінде білікті мал дәрігерлері жұмыс істеді. Олар ел аралап, малдың ауруға шалдықпауын қатты қадағалады. Ауру мал шықса, дереу бақылауға алынып, өзге өңірге тарап кетпеуі үшін ветеринарлық жұмыстар жүргізілді. Екпе жеткілікті болды. Ал қазір бір ауданда қанша мал басы бар, соған орай санап тұрып дәрі-дәрмек беріледі. Ал есепке енбей қалған малдың бірінен ауру шықса, бүкіл малға жұқтырады. Сондай-ақ, қазір малды егуге қажетті дәрі-дәрмек шығаратын мекемелер де саусақпен санарлық. Бұрын мал ауруларының ішінде жиі кездесетіні тек бруцеллез еді. Бүгінде аусыл, сібір жарасы секілді қауіпті аурулар көбейіп кеткен. Өйткені аурудың алдын алу жұмыстары қатаң қадағаланбайды, емдеу шаралары уақытында жүргізілмейді. Қазір мал бұрынғыдай мемлекеттің меншігінде емес, халықтың өз қолында. Демек, малдың сау болуы ең алдымен оның иесін алаңдатуы керек. Өкінішке қарай, өзінің қорасындағы малын аурудан сақтандырғысы келмейтіндер көп. Ауру шыға қалса, барлық малымнан айрылып қаламын-ау деп қорықпайды. Шаруа қожалықтары жеке меншігіндегі малды ектіруге құлықсыз. Иелігіндегі малды күтіп-баптайтын білікті маман жалдауды қалтасы үшін артық шығын көреді. Өйткені ветеринарияның мән-маңызын түсіне бермейді. Ветеринарға төлеген жалақының қайтарымы мол екенін бағамдайтындар аз. Соның салдарынан қолына күректей диплом алып шыққан мал дәрігерлері басқа саладан несібе теріп жүр. Ал білім алған мамандығы бойынша қызмет етіп жүргендер мардымсыз айлықты місе тұтуға мәжбүр. Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданының ветеринар-дәрігері Болат Досмағамбетовтің айтуынша, қазіргі кезде аудандық ветеринарлық станса бастығының жалақысы 120 000 теңге болса, төрт түлікпен алысып жүрген ветеринар 38 000 теңге ғана алады. Бұдан кейін мал дәрігерінен жұмыс сапасын талап етудің өзі қиын емес пе?! Айлығы шайлығына жетпесе жұмысқа ықыласы қайдан аусын?! «Ветеринарлық стансаларда жұмыс істеп жүрген мамандардың қызметтік сапасы төмендеп кеткен. Себебі қолынан басқа жұмыс келетін ветеринарлар ақысы жоғары қызметтерге, кәсіпкерлікке ауысып кеткен. Ал олардың орнын үйде жұмыс таба алмай отырған қыз-келіншектер алмастырған. Олар біраз уақыттан соң дүниеге сәби әкеліп, бала күтіміне байланысты демалысқа кетеді. Нәтижесінде жоспарлы ветеринарлық шаралардың толығымен орындалмай қалу қаупі көп», – дейді Болат Досмағамбетов.

Күректей дипломы бар мамандар қайда жүр?

Мал дәрігерлерін даярлап жүрген ұстаздардың айтуынша, ветеринария факультетіне оқуға түсетіндердің 80 пайызы – мал емес, адам емдеуді армандаған түлектер. Алайда ҰБТ-да жинаған балы аз болып қалғандықтан, аттың басын аграрлық білім ошақтарына бұруға мәжбүр болған. Мұны Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің мысалынан байқауға болады. Ветеринар-дәрігер мамандығы бойынша аталмыш білім ордасын 2012 жылы 55 студент бітірсе, оның 14-і ұл, 41-і қыз бала. 2013 жылы да 55 түлек мал дәрігері мамандығын алып шыққан: 21-і ұл, 34-і қыз. Ұстаздардың сөзіне сүйенсек, бұрындары ветеринарлыққа оқитын бір топтағы 20-22 адамның бір-екеуі ғана қыз бала болған. Өйткені ауылдарды аралап, ірілі-ұсақты малмен жұмыс істейтіндіктен мал дәрігерінен білім-біліктен бөлек физикалық күш талап етіледі. Қоғамда «ветеринария қыздарға қол емес» деген пікірдің мықтап орныққаны сондықтан. Жыл сайын еліміз бойынша 500-600 жас ветеринар мамандығын алып шығады. Статистикаға сүйенсек, олардың 30 пайызы ғана кәсібі бойынша жұмысқа орналасады және небәрі 3-4 пайызы ауылдық жерде еңбек етеді. Күректей дипломы бар жас ветеринарлар шайлыққа жетпейтін айлыққа ауылға барғылары келмейді. Оның үстіне, ауылдағы әлеуметтік һәм мәдени өмірдің қалыс қалғандығы, кейбір елді мекендерде интернет түгілі, ұялы байланыстың жоқтығы секілді түйіні тарқатылмаған мәселелер «Дипломмен ауылға» баруға құлықсыз жастардың қатарын көбейтіп отыр. Сондықтан ауылдағы мал дәрігерлерінің дені 50-ден асқан егде адамдар, сонау кеңес заманында білім алып, колхоз-совхоздарда жұмыс істегендер. Төрт түлікті ескі жүйе бойынша емдеп үйренген олар министрлік енгізгелі отырған жаңа ветеринарлық технологияларды оңай игеріп кетеді дегенге сену қиын. Сондықтан олардың орнын бүгінгі заман талабына сай деңгейде білім алған жастар алмастыруы тиіс.

Қағаз бен компьютерге шұқшиғандар

Ветеринар мамандығына қызығушылықтың төмендеуіне әкеп соққан тағы бір себеп – мал дәрігерлерін шаршатқан қағазбастылық. Мал дәрігерлерінің қағаз жазудан, малдан алынған сынамаларды зертханаға өткізуден көрген қиындығы мен машақаты малмен алысқаннан да көп. Ветеринарлардың базынасын отандық ветеринария саласының ардагері, шығысқазақстандық маман Базарбек Сатай «Егемен Қазақ­стан» газетінде жарияланған «Ауылыңызда мал дәрігері бар ма?» деген мақаласына арқау етті. Оның айтуынша, ветеринарлар малдың қанын бруцеллезге зерттеуге алғаннан кейін оған ведомость жасайды, ол ведомосты әрбір мал түрінің жыныстық, жастық топтарына байланысты жеке-жеке жасау шарт. Бір табын ірі қараның немесе бір отар қойдың қанын алу үшін бірінші сиыр мен саулықтың қанын алып, одан соң бұқа мен қошқардың, содан кейін теке, шыбыш, тоқты, бұзау-тайынша дегендей кете береді. Осы көп қағазды жасау үшін компьютерге икемі жоқ егде мамандар еңбекақыларынан жырып кісі жалдайтын көрінеді немесе өз араларындағы заманауи техниканың тілін меңгерген мал дәрігерін басқа жұмыстан босатып, құжат толтыруға отырғызады екен. Мал дәрігерлері таң бозынан қырға шығып, қыстаққа не күзекке барады. Табында 150-180 бас ірі қара, отарда 500-700 бастай, тіпті, 1000-ға жуық ұсақ мал бар. Оларды ұстап беретін адам жетіспейді. Қаптаған қалың малдың ішінде сиыр мен құнажынды ажырату оңай емес, дене бітімдерінде көп айырмашылық жоқ. Тұтас жүн басқан саулық қой мен тұсақты, ісекті ажырату, сөйтіп, оларды рет-ретімен ұстап қан алу оңайға соқпайды. Мал дәрігерлері титықтап шаршап, қан алуды қас қарая әрең бітіреді. Одан соң үйлеріне келіп, қанның тізімін бөлек-бөлек жасау керек. Ол табынға немесе отарға қаншама адам малын қосқан. Ол адамдардың төлқұжаттарының нөмірлері, ИНН-дерін құжатқа түсіру керек. Дәрігерлердің қолында мал иелерінің дайын тұрған мағлұматтары жоқ. Оны іздеп, анадан бір, мынадан бір сұрап, телефон шалып қаншама уақытын жоғалтады. Ауылдардың көпшілігінде интернет жоқ, болған күннің өзінде жұмыс істеу жылдамдығы көңіл көншітпейді. Мал дәрігерлері қағаз бен компьютерге шұқшиып, барлық уақытын осылай өткізеді. «Әр малдың жасы мен жыныстық тобына қарай ведомость жасап не қажет? Бәріне қойылатын реакция-комплементті байланыстыру реакциясы мен розбенгал сынамасы. Анау саулық, мынау қошқар, мынау тоқты, ешкі, лақ екен деп басқа реакция қойылмайды, әрқайсысына әртүрлі диагностикумдар дозасы жоқ, бәрі бірдей, тек ірі қара мен мүйізді ұсақ малдардың реакцияға алынатын қан сары суларының мөлшері ғана бөлек. Тек қошқарларды инфекциялық эпидидимитке зерттеу үшін бөлек ведомость жасаса болады. Әрине, заман талабы ауылшаруашылық малдарының идентификациясын кіргізді. Онсыз болмайды. Негізі қаланды. Енді осының бәрін ұсақ-түйекке таңа берудің қажеттілігі қанша? Сырға нөмірін, жас мөлшерін (өте дәлдіксіз), жынысын, мал иесінің аты-жөнін, ведомостқа енгізсе, артынан әрбір жыныс тобының жиын санын, ведомостың аяғында көрсетсе жетіп жатыр. Ал өте дәл, жан-жақты мәліметтерді әкімдікте, басқадай қажеттіліктерде жинап, жасатса дұрыс болар еді. Жанталасып қара жұмыс жасап, сіңбіруге уақыт таппай жүрген дәрігерге жүктеу негізсіз. Ауыр дене жұмысымен, қол еңбегімен айналысатын маманды компьютерге жіпсіз байлап, интеллектуал жасаудың қажеті жоқ», – дейді Базарбек Сатай. Осы салада қаншама жыл тер төккен ардагер шетелдік технологияларды қысқа уақыттың ішінде өндіріске енгізе салу мал шаруашылығын өрге сүйремейді деп есептейді. Оның бұл пікірін ветеринария саласының білікті маманы, профессор Серғазы Дүйсембаев та қолдайды. Оның айтуынша, отандық ветеринария жүйесінің ақсауына өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы жекешелендіру себеп болды. Ғалым Батыста осылай екен деп кейбір кеселдерге қарсы вакцина қолдану мүлдем тоқтатылғанына қарсы. – Біз өзімізді Америка немесе Еуропа елдерімен теңестірмеуіміз керек. Оларда бұл сала жақсы дамыған, жүйелі жолға қойылған. Көп жағдайда қауіпті аурулардың ошағы өшкен деуге болады. Біздің елдегі ветеринария саласының деңгейі халықаралық талапқа сай болу мақсатында бастапқы шаралар ғана іске асырылуда. Бұрындары қауіпті кеселдердің ошақтары белгіленіп, арнайы картаға түсіріліп, ол жерлер қатаң бақылауға алынатын. Бүгінгі таңда соның бәрі назардан тыс қалып отырғаны мені қатты ойландырады. Екінші бір айтайын дегенім, шекарадағы ветеринариялық бақылаудың осалдығы. Мәселен, кейбір бұқаралық ақпарат құралдары шекара жанындағы ауданға аусыл көрші мемлекеттен келді деген мәліметтер таратып жатады. Шындығына келгенде, сол індеттің қандай жолмен келгенін бірде-бір маман тап басып айта алмайды, – дейді ғалым.

Ауру мал – ажал ошағы

Ветеринарияға атүсті қарауға болмайтынына күн өткен сайын көзіміз жете түсуде. Төрт түлікпен селбесіп өмір сүріп, олардың еті мен сүтін, қала берді терісін де қажетімізге жарататындықтан, малдың кеселі өзіміздің денсаулығымызға да кесірін тигізуі мүмкін. Мал дәрігерлерінің өз ісіне салғырттықпен қарауының ақыры қандай боларын осы жылдың жазында еліміздің бірқатар өңірлерін, атап айтқанда, Қарағанды, Алматы, Павлодар облыстарын сібір жарасы жайлаған кезде көрдік. Бір ауыл немесе ауданды емес, республиканы дүрбелеңге салған Еркіндіктегі оқиға ветеринар маманның немкеттілігі мен ауыл тұрғындарының сараңдығынан бастау алған. Мамандардың айтуынша, ауылдардың бірінде сібір жарасы вакцинаның мал ағзасына кері әсер етуінен пайда болса, енді бірінде кеселді мал көметін қорымнан тараған бактериялар тудырған. Жауапты мекемелер дертке қарсы вакцина дер кезінде егілгенін алға тартты. Мөрленген құжат та бар. Бірақ ауыл тұрғыны ауру малын арам өлтіруге қимаған. Сойып, етін сатылымға шығарған. 18 маусымда ауыл тұрғындары ауырып, сібір жарасы деген күдікпен ауруханаға жатқызылды. 20-21 маусымда екі науқас қайтыс болды. Ауылдағы мамандардың білім-білігі мен жауапкершілігін көтеру кезек күттірмейтін мәселе екенін осындайда мойындайсыз. Егер сиырдың сырқатын біле салысымен ескерту жасап, мал дәрігері қажетті шешім қабылдағанда елді дүрліктірген шулы оқиға орын алмас еді. Бұл оқиғадан кейін көп ұзамай, маусым айының соңында павлодарлық мал дәрігерлері ет базарына сатылымға түскен еттен сібір жарасын анықтап, дабыл қақты. Бірақ облыстың бас мал дәрігері де қарағандылық әріптестері сынды адам өміріне төнген қауіптің малдан екенін мойындағысы келген жоқ. Өйткені Павлодар облыстық зертхана мамандары сараптамаға жіберілген еттен ештеңе таппаған. Есесіне, Астана қаласындағы орталық зертхана облыстың өрескел қатесін түзеді. Әйтсе де, облыстық ветеринария саласының басшысы облыстық зертханаға сау, ал, бас қалаға ауру малдың еті жіберілуі мүмкін деген уәжінен жаңылмады. Тексеруге жіберілетін ет қадағаланбаса, адам өмірін жалмап жатқан ауру қалай анықталмақ? Сібір жарасы Алматы облысына да төтенше жағдай орнатқаны көпке мәлім. Кербұлақ ауданында тосын жағдайды шұғыл бақылауына алған аудан прокурорлары ветеринария саласынан біраз былық тапты. Соның ең сорақысы, жалған есеп, яғни, сібір жарасына қарсы вакцина малдарға тек қағаз жүзінде егілген. Яғни, салынбаған екпе құжатта салынды деп көрсетілген. 30 мыңнан астам вакцинаны жертөлеге жинап қойған ветеринарлардың не көздегені белгісіз. Облыс тұрғындары аймақта адам өлімі тіркелмегеніне шүкірлік етті. Мемлекет ветеринарлық қауіпсіздік мәселесін шешуді мықтап қолға алмаса, мал шаруашылығының тасы өрге домаламайды. Бұрынғыдай барлық аудандарда, қалаларда ветеринарлық стансаларды және қажетті ветеринария нысандарын қалпына келтіріп, қатаң бақылау орнату үшін ветеринарлық полиция қызметін ашу қажеттігі айтылып жүр. Шынында, ветеринария мамандары сараптан өткізген сапалы өнім ғана адам денсаулығының кепілі бола алады. Егер медицина мамандары адамды дұрыс емдемесе, заң алдында жауап береді немесе жұмысынан шеттетіледі. Бүтіндей бір өңірге қатер төндіретін жұқпалы індеттің шығуына кінәлі мал дәрігерлерін мен сол салаға басшылық ететін мамандарды да өз істерінің шикілігіне жауап беруге міндеттеу шарт. Еліміз аграрлық мемлекет болғандықтан, мал шаруашылығы өнімдерінің экономикамыздың дамуына қосар үлесі орасан. Сондықтан мал дәрігерлері өз мамандықтарының маңызын жете түсініп, өздеріне артылған жауапкершілікті сезінуі қажет. Төрт түліктің арасында кеселдің көп тарауына сырттан әкелініп жатқан малдың да әсері барын жоққа шығуға болмайды. Өйткені шетелден тасымалданатын малдың аурудан құлан таза екеніне мөр басылып, қол қойылған құнды құжаттар да кепілдік бола алмайды. Кім болса да жат жұртқа жақсысын қия қоймайтыны белгілі. Сондықтан білікті ғалымдар түлікті асылдандыру үшін шетелден мал әкелгеннен гөрі ұрық әкелген тиімді деп есептейді. Бұл, біріншіден, аурудан қорғайды, екіншіден, экономикалық тұрғыдан тиімді. Ұрық әкелу қауіпсіздеу және арзанға түседі. Соңғы уақытта елімізде қолдан ұрықтандыруға көңіл бөлінбей кетті. Қолдан ұрықтандыру бекеттерін көбейту, еркін ұрықтандыру жолдарын қайта жандандыру қажеттілігі туындап отыр. Етті сиыр үшін және сүтті сиыр үшін асыл тұқымды бұқалар әкеліп, еркін ұрықтандыру жолға қойылса, жеке адамдардың да малын асылдандыруға болар еді. Біздікі – ұсыныс. Өндіріске бүгін-ертең енгізілмесе де, назарға ілінер, естір құлаққа жетер деген ниет.  

Анар ЛЕПЕСОВА

Серіктес жаңалықтары