Ноғай жұрты және Әлібек Қойлақаев әлемі

Ноғай жұрты және Әлібек Қойлақаев әлемі

Ноғай жұрты және Әлібек Қойлақаев әлемі
ашық дереккөзі
1311
Түбіміз бір, арамыздың ажырауы 5 ғасырдың белдеуінде тұрған ноғай халқы туралы тарихи жазбаларда барынша айтылып келді, айтыла да берер Ноғай деген бір жұртымыз еді... Ноғай халқы туралы, одан шыққан талантты оғландар мен айымдар туралы ойланғанда қалың ел қаптай қонған Еділ еске түседі. Есіңе Еділдің түскені – ескі күнді аңсағаның. Біз аңсайтын ескі күнде не бар еді? Елдік бар еді, елдікті сақтайтын ерлік бар еді. Сол күннен жеткен Қазтуғанның Еділмен қоштасу жыры құлақтан өшіп, санаға көшкеніне қанша уақыт өтті екен десеңізші. Қайран да менің Еділім... Еділден аққан қос сызашық – Бозан мен Ақтұба бойын жайлаған берекелі елдің іргесінен тиген жау бейбіт күнді тас-талқан етті. Елдіктің туырлығын тескіледі, керегесін кескіледі. Еңіреп Еділ, боздап Бозан, қарайып Ақтұба қалды... Бұл Бозан деген суыңыз Боз биенің сүті еді-ау, Кешегі атам қазақ, ағам ноғай бір тұста, Жайық үшін жұлқыста Қиғаш үшін қырқыста Екеуі екі жаққа жол алды, Жолай жатқа тоналды, Баптағанын зор алды, Сақтағанын қор алды Шерімді ақтаратын жан таппай Сергелдеңнен мән таппай, Мен Бозанға төктім қайғымды Оның қара суға айналғаны содан-ды... Классик ақын Есенғали жырлағандай «Жайық үшін жұлқыста, Қиғаш үшін қырқыста» жүрген атам қазақ пен ағам ноғайдың «бір тұсы» бар еді. Сол қазақ пен ноғай «бір тұста»бірге жайлаған Еділдің бойындағы жұртты Қазтуғанның жыры арқылы елестеттік. Не деп жырлаушы еді қарға бойлы Қазтуған: Алаң да алаң, алаң жұрт, Ақала ордам қонған жұрт... Қарағайдан садақ будырып, Қылшанымды сары жүн оққа толтырып, Жанға сақтау болған жұрт... Салп-салпыншақ анау үш өзен, Салуалы менің ордам қонған жер... Еділдің бойын айтсаң есіңе одан да арыдағы кез түседі. Әлемді даңқымен тітіренткен, Алтын жалды арғымақ мінген Атилла – Еділдің дәуірі еріксіз жадта жаңғырады. Мен Едігеден бастасам Ертегіге кетермін, – деп жырау толғағандай, Едіге заманының өзін ертегіге айналдырсақ, Атилланың заманы миф кеңістігіне әлдеқашан сіңіп кеткен... Тарихқа назар салсақ, Алтын Орданың ыдырауы кезінде Ноғай ордасы шаңырақ көтерді. ХІV-ХV ғасырларда бұл ордаға Батыс Қазақстанның бір бөлігі тиесілі болды. Мемлекеттің атауы Алтын Орданың беклербегі, әскерінің қолбасшысы, Жошы ханның немересі Ноғай есімімен байланысты делінеді. Берке хан өлгеннен кейін Доннан Дунайға дейінгі жер Ноғайдың бақылауында болады. Оның құрамындағы рулар Каспий маңына қоныс аударып, Ноғай елі атанған екен. Ноғай ордасының негізін салушы түркі жұртына ортақ тұлға – даңқты батыр, ұлы әмір Едіге. Едіге Алтын Ордаға 15 жылдай әмірін жүргізгені белгілі. Шыңғыс әулетінен сайланатын тақ иесі Едігенің шешімімен анықталған. Ноғай ордасының Алтын Ордадан ірге бөлуінің басталуы – Едігенің билігі тұсында. ХV ғасырда Едігенің ұлы Нұраддиннің тұсында Ноғай ордасы дербес мемлекет ретінде тарихқа енеді. Жайықтың жағасындағы Сарайшықты астана тұтқан бұл орданың халқы маңғыт, қыпшақ, қоңырат, арғын, қарлұқ, алшын, тама және тағы басқа түркі тайпалары болған. Әуелде этносаяси бірлестік ретінде пайда болған мемлекеттің құрамына кірген тайпалар кейіннен ноғай халқының негізін құрады. Ноғай халқының тарихы, тағдыры көшпелі өзбектер мен қазақтарға өте жақын. Кейде тату, кейде қату қатынаста өмір сүрген екі орданы Шоқан Уәлиханов: «екі туысқан орда» деп атаса, Хақназар хан екі халыққа ортақ хан болды. Еділ бойы мен Сібір, Арал мен Сырдария бойы қазақ-ноғайға ортақ қоныс еді. ХVІ ғасырдың екінші жартысында Ноғай ордасы ыдырап, екіге бөлінді. Еділдің шығысында Үлкен Ноғайлы ордасы бой көтергенде, Еділдің батысында Кіші Ноғайлы ордасын тікті. Осы кезеңде ноғайлардың көпшілігі Қазақ хандығына, соның ішінде Кіші жүз құрамына кірді. Сөйтіп, Ноғай ордасының негізін құрған тайпалар қазақ халқының қалыптасуында үлкен орын алды. Қазақ пен ноғайдың айырылуы, аңыз-жырларға жүгінсек, Ормамбет бидің (Оразмұхаммед) өлген кезіне тұспа-тұс келеді. Ормамбет би өлгенде, Он сай ноғай бүлгенде... Қазақ пен ноғай айырылды, Қазақ сыртқа қайырылды... Одан бері неше ғасырдың жүзі ауды... Ноғай халқы басынан кешкен қасіретті жылдар, арпалысқа толы айлар халықтың жады мен жүрегінде таңбасын қалдырды. Туысқанымыздың бүгінгі ахуалы туралы білгіміз келгенде тапқан ақпаратымыз мынадай: «Ноғайлар – Еуразияны мекендеген түркі халқы. Халық саны – 400 мың адам, оның 104 мыңы Ресейде тұрады. Солтүстік Кавказ, Дағыстан, Қарашай-Шеркеш Республикасында, Ставрополь өлкесінде және Астрахан облысында қоныстанған. Бір бөліктері Украинаға қарасты Қырым өлкесінің солтүстігінде, Румынияда теңіз жағалауында және Түркияда тұрады. Дағыстанда Ноғай ауданы бар. Бірақ оның автономиялық деңгейі жоқ. Кейіннен Қарашай-Шеркеш Республикасында Ноғай ауданы құрылған. Бұл субъект 2002 жылдың жазында қабылданған шешім мен 2006 жылдың 8 қазанында өткен референдумнан кейін пайда болған». Бір кездері шаңырағы ортақ болған ноғай халқын «түбі бір туыс, қаны бір қарындас» деп жақын тұту бізге тән. Екі халыққа ортақ тұлғалар, одан қала берді фольклорлық мұра сол жақындығымыздан қалған айғақтар деп білеміз. Сөзіміздің басында айтып өткендей, ноғайдан шыққан айтулы оғландар мен айымдар туралы тебіренбей, толқымай сөйлеу мүмкін емес сияқты. Қадырия Темірболатова. 30-ға жете өртеніп кеткен ғажайып талант иесі. Елін сүйген ерек ақын. Өлімі әлі жұмбақ. Кешегі кер заманның сұмпайы саясатының құрбаны болған ару ақын Дағыстандағы Ноғай ауданында 1948 жылы дүниеге келген. 1978 жылы шілде айында Кубаның Гавана қаласында өтетін XI Дүниежүзілік жастар фестиваліне емес, жұмбақ жағдайда о дүниеге аттанып кеткен Қадырияның алмастың жарқылындай өршіл рухқа толы өлеңдері күллі ноғай жұртының, қалың қазақ елінің асыл мұрасына айналды. Қазақтың белгілі ақыны Светқали Нұржан Қадырия туралы: «Туыс жұртымыз ноғай ұлтының ғажап ақыны еді. Оның тым бағзыдан тамыр тартқан рухқа суарылған жырлары уақытында дүниені елең еткізді десем, асылық болмас. Тағдырдан езгі мен қорлаудың неше атасын көріп баққан ноғайлар оны бір сонау сары айшығы Айға шағылған Ұлық ұлыс – Алтын Орданың сәлемін алып келген аққанат періштедей, ақжалау елшідей көргені шын еді... 1978 жылы шілдеде Куба астанасы Гаванада өтпек дүниежүзілік жастар фестиваліне аттанғалы жатқан аяулы ақынды өлтіріп, сосын өртеп жіберді! Ақынның аппақ тәні қап-қара күлге айналды, алайда асқақ рухы ғарышқа самғады: ұлтын қияметке дейін желеп-жебеп тұру үшін!..», – деп жазады. Сөйтіп, ару ақынға тамаша жыр арнайды. Бұл арнау өлеңде қазақ пен ноғай тағдыры да айтылып қалатындықтан, үзінді келтірелік: ...Қазақ пен ноғай сүйреткен қайың құрықтың Тозаңы сынды Құс жолы... шалқиды желі... Нөсерлі түнде «жарығы айындырықтың» Шарпиды аппақ кемені... шарпиды мені... Құдайды «тезге салатын» бәз ертектегі Абызша кейде «тергеймін» Тәңірияны: «Суворов-сойқан ноғайды аз өртеп пе еді, Неге аман сақтап қалмадың Қадырияны?!.» Қорғай алмады қор елім зиялы қызын, Ай еді ол туған тұманда зер төгіп көктен!.. «Заңгер» мен «дәрігер» қояды «диагнозын»: «Өзінің жүрек-отына өртеніп кеткен!..» Күні кешегі Токио Олимпиадасында халқының рухын асқақтатып, байрағын көтерген, Ресей құрамасына бокс бойынша осы Олимпиададағы жалғыз алтынды әперген спортшы Альберт Батырғазиевтің жеңісіне алтынға қолымыз жетпей, сағымыз сынып отырған қазақтар кәдімгідей масаттанып, марқайып қалдық. Жұлдызы жарқырай берсін бауырымыздың! Өзім өнеріне сүйсініп, тарихи тақырыптағы графикалық суреттеріне ерекше ықыласым ауған бір талантты бауырымыз бар. Заты – ноғай, аты – Әлібек, сойы – Қойлақаев. Туған жері аңыз ақын Қадырия туған өлке. Дағыстан Республикасындағы Ноғай ауданы Тереклі-Мектеп ауылы. Осы ауылдағы Қадырия атындағы орта мектепті 1997 жылы тәмамдаған. Жоғары білім алған. Қазақстанға жиі ат басын бұрады. Әлібектің туындыларымен танысуыма Қазанның соңғы билеушісі Сүйінбике-ханбикенің кескін-бейнесін интернеттен ұшыратуым себеп болды. Белгілі суретші, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты Камил Муллашевтің қара көзі алмастай өткір кейіпте бейнеленген салтанатты Сүйінбикесі бар ғой. Осы сурет белгілі қаламгер, «Ұлы дала айымдары» сериясының авторы Шәрбану Бейсенова апайымыздың құрастыруымен шыққан «Сүйінбике» атты кітабының мұқабасынан орын алды. Ал мен кейіннен көрген Сүйінбикенің графикалық стильдегі бейнесі де ерекше әсерлі еді. Қандай қиындық көрсе де қайсарлығын жоғалтпаған, көздеріне тұнған қасіретті қатқылдау қабағымен жасырған, ұлын алдына алып, аналық мейірін төккен асқақ ару... Осыдан кейін өзім алдында ғана ноғай Арсланбек жырауды іздеп интернет желісі арқылы хабарласқан Түркиядағы ноғай ағамыздан осы туындының авторы туралы сұрап едім, оның елордаға жиі келетінін айтып, телефон нөмірін берді. Осылайша, белгілі график-суретші Әлібек Қойлақаевпен таныстық. Әлібектің сюрреализм стиліндегі заманауи суреттері де тамаша. Бірақ оның тарихи графикасы тіптен ерекше дер едім. Бұл суреттер далалық қаһармандардың қайсар рухы мен өр намысын, асқақ болмысын танытып қана қоймайды, солар болып тіл қатып, сана түбінде сартап боп шөккен бағзы бір мұңлы, сағынышты сарынды қозғайды.. Ноғай халқының тарихындағы айтулы кезеңдер мен даңқты тұлғалар кескіндері суретшінің еліне, жұртына деген мәңгілік сағынышын, таусылмас сүйіспеншілігін паш ететіндей. Осы тұстан сөзді қайтадан Едігеге бұралық. Түркі жұртының ерекше тағдырлы ерен тұлғасы туралы қазақ, татар, ноғай, қарақалпақ жұртында қаншама жыр-аңыз туындады. Тарихшылар тарапынан айтылатын әңгімелер халық жүрегіндегі Едіге бейнесіне еш көлеңкесін түсіре алмады. Ел қамын жеген Едіге ретінде түгел түркімен бірге жасаса беретін бұл қаһарманға деген құрмет еш толастамағаны белгілі. Әлібектің графикалық туындыларының ішінде Едігенің екі кескін-бейнесі бар. Бір тұлғаға қайта айналып соғуы суретшінің кейіпкеріне деген ерекше ықыласынан деуге болар. Бірінші кескін-бейненің әсері бөлекше болды. Жыр-аңыздардағы әйгілі Едіге бар айбар-сұсымен, қаһарымен, ақыл мен ашуға тең болмысымен күллі полотноны толтырып тұр. «Буырқанып, бұрсанған, мұздай темір құрсанған», «қабағына қар қатып, кірпігіне мұз тұрған» қас батыр, қаһарлы әміршінің өнерде тірілген осы бейнесінің өзі жақынға сенім, жатқа үрей туғызады. Ноғай жауынгері, жекпе-жек, батырдың майданнан оралуы, жауынгердің жан серігі тұлпар, Күлік даласындағы әйгілі шайқас, қыпшақ оғланы, кеудесіне сан жебе қадалса да аттан жығылмаған соңғы жауынгер, тәңірінің қамшысы атанған Атилла, ескі аңыздардағы Ескендір, ұлы қолбасшы, даңқты қаған Шыңғыс, орыс князі Александр Невский, азаттық жолында арпалысып өткен ұлт қаһармандары Кенесары мен Шәміл – Әлібектің тарихи графикасының мазмұнын осылай баяндауға болады. Ертегіге айналған Едігеден әрі ассақ мифке айналған Атилла бар. Еділ-Атилла. Күллі Еуропаны құлдықтың қамытынан құтқарған көшпелі тайпа оғланы. Әлібектің қылқаламынан түскен әрбір сызық-бедер ғұн билеушісінің жауынгерлік болмысын, қолбасшылық талантын, өзгелерден ерекше үстем тұрған тұлғасын айқындай түседі. Болат сауыт киінген, арқасына садағын асынып, бір қолына сүңгісін, бір қолына дулығасын ұстаған Атилланың тұрпаты дәл осы шығар... Әлібектің тарихи графикаларының әрқайсысында ел мен ердің тағдыры бейнеленген. Халық басынан кешірген қасіретті кезеңдер көрсетілген. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрып сол бейнелеулердің детальдарына айналған. Бүгінгі ұрпаққа берер тәлім-тағлымы жүректе бүлкілдеп, санада жаңғырған бағзы күндердің қаһармандық сипаты суретшінің қиялынан қылқаламына ауысып, одан қағаз бетіне көшіп, өнер әлемінің құнды жәдігеріне айналып үлгеріпті. Бұл туындылардың бізге сөзсіз әсері де, қатысы да бар. Өйткені ол туындыларда қазақтың да бастан кешкен тарихы, ерлік пен өрлікке толы өткені тұр. Ортақ тұлғалармен қатар қазақтың азаттық жолындағы күресінің символына айналған Кенесары Қасымұлының кескін-бейнесі Әлібектің тарихи галереясының мазмұнын ашып тұрған туындылардың бірі дер едім. Қап тауының Шәмілі мен қазақтың хан Кенесінің кескіндері азаттық, елдік, ерлік деген қастерлі ұғымдардың өнердегі нақты бейнесі сияқты... Сөзімізді Ноғай елімен бастап, сол жұрттың жүрегіндегі мұңы мен шерін, бағзы қаһарман кезеңді аңсаған сағынышын, сөнбеген рухын болмысына сіңірген Әлібек Қойлақаев есім-сойлы график-суретшінің шығармашылығымен тарқатып, түйіндеуіміздің мәні бар. Әлібектің болмысында тоғысқан ноғай халқының тағдырын қазақпен бірге кешкен кешегісі мен арманмен күн кешкен бүгіні қай-қайсысымызды да бейжай қалдырмайтыны анық..

Жанат Әскербекқызы, филология ғылымдарының докторы, ақын

Серіктес жаңалықтары