«Мәңгі жүрегімде»: Сағынтаев үндеу жасады

«Мәңгі жүрегімде»: Сағынтаев үндеу жасады

«Мәңгі жүрегімде»: Сағынтаев үндеу жасады
ашық дереккөзі
50290
Алматы қаласының экс-әкімі Бақытжан Сағынтаев алматылықтарға үндеу жасады, деп хабарлады turkystan.kz. Ол лауазымын жаңа әкімге тапсырғанын жазып, осыдан тура 720 күн бұрын Президент Алматы әкімдігін басқаруды өзіне сеніп тапсырғанын айтып, Мемлекет басшысына ризашылығын жеткізді.
«Мен сіздермен үнемі бірге болдым. Қала өмірін жақсартуға бар күш-жігерімді арнадым. Ұзақ мерзімді «Алматы-2050» стратегиясын қабылдап, қаланы дамытудың келешегін айқындадық. Президенттің «Шетсіз қала» қағидаты негізінде қалаға қосылған аудандардың түйткілді мәселелерін шешуге баса назар аударып, «Жаңа Алматы» кешенді бағдарламасын қабылдадық. Біз әлеуметтік мәселелерді шешу үшін Алматыны агломерация ретінде дамыту және облыстың қаламен шектесетін 4 ауданында жұмыс орындарын құру жұмысын күн тәртібіне қойдық. Денсаулық сақтау жүйесі нығайтылды. Бір жылдың ішінде ең заманауи жабдықтармен жабдықталған 3 жұқпалы аурулар ауруханасын іске қостық. Пандемия кезінде денсаулық сақтау жүйесіндегі дағдарысқа жол берілмеді. Экологияны жақсарту үшін жүйелі екі шешім қабылданды: миллион ағаш отырғызу және екінші ЖЭО-ны газға ауыстыру» деп жазды Бақытжан Сағынтаев Facebook-тегі парақшасына.
Ол мектептерді жедел салу бағдарламасы қолға алынғанын, тек 2021 жылы 33 жаңа мектеп салынғанын айтты. Оның айтуынша, бұл – мектептердегі орын тапшылығын азайтуға бағытталған түбегейлі қадам болған. Сондай-ақ ол қала тұрғындарына алғыс айтты.
«Менің әрбір жұмыс күнім сіздердің көзалдыларыңызда өтті. Өздеріңізбен әрдайым кездесіп, ақылдасып отырдық. Апта сайын Akimat Live тікелей эфиріне шықтым. Атқарылған шаралар туралы үнемі хабардар болдыңыздар. Бірге атқарылған жұмыс үшін алматылықтарға алғыс айтамын! Қаламызға және барша алматылықтарға бақытты ғұмыр тілеймін! Алматы - мәңгі менің жүрегімде», - деп қорытындылады ол сөзін.

Серіктес жаңалықтары