«Тозаққа түскендей болдық»: ереуіл куәгерлері үрейлерін жеткізді (ВИДЕО)

«Тозаққа түскендей болдық»: ереуіл куәгерлері үрейлерін жеткізді (ВИДЕО)

«Тозаққа түскендей болдық»: ереуіл куәгерлері үрейлерін жеткізді (ВИДЕО)
ашық дереккөзі
50355
Алматы тұрғындары қаңтар басындағы тәртіпсіздіктер мен лаңкестік шабуылдардан кейін әлі оңала қоймаған. Сарапшылар да бұл шабуылдарды лаңкестік деп бағалады. Саясаттанушылар мен теологтардың пікірінше, олар халық арасында үрей туғызуға тырысқан. Осы себепті, жолындағының барлығын қиратып, адам өлтіруге дейін барған. Оқиғаны бастан кешкен алматылықтар көрген-білгендерімен бөлісті, деп хабарлады turkystan.kz «Астана» телеарнасына сілтеме жасап. Қостанайлық Индира жаңажылдық демалыста балаларына көрікті Алматыны көрсетуді жоспарлаған. Алайда, ол келісімен, мегаполисте жаппай тәртіпсіздік басталып кеткен. Сол күндерді әлі күнге үлкен қорқынышпен еске алады.
«Қонақ үйден сол күйі шыға алмадық. Бұл нағыз соғыс еді. Тозақта болғандай күй кештік. Оқ және жарылыс дыбыстары үздіксіз шықты. Өліп қаламыз ба деп қорықтық. Түнде балалар ұйықтады, жолдасым екеуміз қашу керек жағдайда дайын болу үшін кезекпен ұйықтадық. Сол кезде пойыздар жүре бастады. Бірден Алматыдан кетуге асықтық», - дейді Индира Смакова.
Тәртіпсіздіктер басталған уақытта «Астана» телеарнасының операторы зардап шеккен. Наразыларға қарай бет алғанда, ашулы топ құрылғыны сындырып, өзін аяусыз ұрып кеткен.
«Камерамен шыққанмын, бірақ қосып үлгермедім. Сол кезде тас лақтырды, араларынан біреуі «Камераны сындырыңдар» деп айқайлады. Жақ сүйектен және басымнан соққылар алдым. Ұрып, тебе бастады. Жабық ми жарақатын алдым. Білегім әлі ауырады, саусақтарымды соңына дейін бүге алмаймын», - дейді Әсет Елімбаев.
Көпшілік Әсеттің жолы болды дейді, себебі ол уақытта лаңкестерге әлі қару әкелмеген. Саясаттанушылар қанды оқиғаны лаңкестер ұйымдастырғанына күмән келтірудің қажеті жоқ дейді. Олар алдын ала жоспарды ойластырған. Ал бірінші кезекте қазақстандықтарды қорқыту керек болған екен.
«Азаматтардың өлімі әр уақытта үрей тудырудың амалы болған. Әлеуметтік нысандарды басып алу террорлық акт ретінде тіркелуі керек. Сонымен қатар нысандар оқ астында қалған. Бейбіт тұрғындардың өлімі, басы кесілген екі курсант жайлы білеміз. Мұның барлығын террорлық акт деуге болады», - деп мәлімдеді саяси шолушы Никита Шаталов.
Қазақстандағы тәртіпсіздікке қылмыстық топтар қатыспады деуге болмайды дейді мамандар. Саясаттанушы Расул Жұмалы шет елден пәрмен берілуі ықтимал екенін қосып өтті.
«Түрлі криминалды ұйымдар бар. Сол күні қылмыс әлемінде танымал адамдардың болғанын білеміз. Шетелдіктер араласпады деуге келмейді. Еліміз үлкен, шекарамыз ауқымды», - дейді саясаттанушы Расул Жұмалы.
Ал теолог Қайрат Құрманбаев елдегі оқиғадан кейін жіберілген қателіктермен жұмыс істеу керектігін айтады. Соның ішінде жастар тәрбиесіне баса мән беру керек.
«Бұл түрлі салада реформа жүргізуге себепкер болу керек. Мұның артында дінге берік адамдар тұрған жоқ. Оларды радикалдармен шатастырмау керек. Дегенмен, барлық салада сараптама жүргізіп, жастар тәрбиесімен айналысқан жөн», - дейді «Нұр Мүбарак» yниверситетінің проректоры, теолог Қайрат Құрманбаев.

Серіктес жаңалықтары