Бесқала қазақтарының қобызшылық өнері

Бесқала қазақтарының қобызшылық өнері

Бесқала қазақтарының қобызшылық өнері
ашық дереккөзі

Әмудария бойындағы Бесқала өңірінде қазақтың небір айтулы өнерпаздары өткен, олар халқымыздың музыкалық мəдениетінің дамуына мол үлес қосып, кейінгі ұрпаққа мол мұра қалдырған. Аталған өңірдегі домбырашылық өнер мен күйші-композиторлар туралы біршама мәліметтер мен олардың шығармалары «Бесқала қазақтарының күйшілік дәстүрі» атты музыкалық-этнографиялық жинағымызға енгізілген болатын. Ал Бесқала қазақтары арасында әйгілі қобызшылардың есімдері аталғанмен, олардың өнеріне қатысты мəліметтер қағазға түспей, ел ішінде ауызша ғана айтылып келеді.

Бізге жеткен деректерде Бесқала ай­­­­мағында халқымыздың қобыз­шылық өнерін өркендеткен көптеген өнерпаз болғаны айтылады. Бүгінде Қа­ра­қалпақстан аймағында өмір сүрген оннан астам қазақ қобызшыларының есім­­дері анықталып отыр. Олардың кей­­бірі әдеби мұраларды жинастырушы ға­­лымдардың еңбектері мен фольк­лор­лық экспедициялар кезінде жиналған материалдардан табылса, кейбір қобыз­шылар туралы дерек­терді ел арасынан жи­нап жүйеледік. Бесқала қа­зақ­тары ара­сында қобыз аспабын серік етіп, күй тар­тып, жыр жырла­ған өнер иелерін атап айтар болсақ, Жауырбай Қалы­бай­ұлы (1795-1873), Жарықбас Жауыр­бай­ұлы (1819-1899), Сыдық Жарықбасұлы (1869-1945), Аман­тұрлы (1872-1938), ша­мамен ХІХ ғасыр­дың екінші жартысы мен ХХ ға­сырдың бірінші жартысында жа­саған Жан­ғазар Ақназаров, Аманқұл Қа­зықұлұлы (Нау­рызбек жыраудың на­ғашы атасы), би­базарлық Сәрсен жырау, Жанқылыш Жалғас, Наурыз Қарашаев, Қилыбай Үрпек­ұлы (1895-1980), Ша­мұ­рат Бек­мұратов (1925 жылы туған, қай­тыс бол­ған кезі белгісіз) тәрізді өнер­паз­дар өмір сүріп, қобыз өнерін наси­хат­таған. Филология ғылымдарының кан­ди­да­­ты, әдебиетші-ғалым Мең­ді­бай Әбіл­ұлы 2001 жылы жарық көрген «Жауыр­бай бақсы» атты ғылыми-зерт­теу еңбегінде Жауырбай, Жарықбас, Сы­дық сынды бесқалалық қобызшылар туралы жазып, жариялады. Ғалым кө­мес­кі тартып, ұмытылып бара жатқан мә­ліметтерді Тақтакөпір ауданындағы кө­некөз қарттар мен аталған өнер ие­лерінің ұрпақтарынан жинастырып, жүйе­леп, хатқа түсірген. Аталған еңбек­те бақсы Жауырбай Қалыбайұлының қобызшылық өнері мен оның жолын жалғаған Жарықбас Жауырбайұлы, Сы­дық Жарықбасұлы сынды қобызшылар жөнінде тың деректер келтірген. Бұл өнер иелерін жергілікті жұртшылық не­гізінен өнерпаз ретінде емес, бақсы ре­тінде таныған. Аталған өнер иелері ал­дына келген адамдарды қобыз сазы­мен емдеумен қатар, көне сарындар мен Қор­қыттың күйлерін шебер орындай біл­ген. Бұл жөнінде Меңдібай әбілұлы Нө­кіс қаласының тұрғыны Мырзағали Сей­текұлынан жазып алған «Мен сегіз-то­ғыз жасымда оның қобызды ыңыран­тып, Қорқыттың күйлерін тартып отыр­­­­ғанын талай есіттім» деген мәліме­тін келтіре отырып: «Сыдық бақсының тартқан күйлерін жаздырып алу, оның өнер жолындағы жемісті еңбектері, елге жасаған қызметі осы күнге дейін ес­керіл­­мей келді» деп жазады (М. Әбілұлы. Жауырбай бақсы. Алматы: «Принт» бас­пасы, 2001. 15-б). Жауырбай, Жарықбас, Сыдық сын­ды қобызшылардың өне­рін олардың туған жиені тақтакөпірлік Қилыбай Үрпекұлы (1895-1980) жалғас­тыр­ған. Қилыбай нағашыларынан алған қо­бызды беріге дейін, нақтырақ айтсақ, 1980 жылға дейін тартып келсе де, оның орындауындағы сарындар мен күйлерді жазып алуға көңіл бөлінбеген. Бердақ атындағы Қарақалпақ мем­­ле­кеттік университетінің про­­­­фес­соры Қаржаубай Жұмажановтың «Қара­қалпақ аймағындағы қазақ әде­биеті» монографиясында Бесқала қазақ­тарынан шыққан қобызбен ән, жыр орын­даған өнерпаздар жайында дерек­тер кездеседі. Нақтырақ айтсақ, Қ.Жұ­ма­жанов аталған зерттеу еңбегінде Аман­­­тұрлы атты өнерпаздың болғанын, оның ХХ ға­сырдың бірінші жартысына дейін ғұмыр кешкенін тілге тиек ете ке­ліп: «Амантұрлы жырау қазаққа да, қара­қалпаққа да қадірменді жырау бо­лып, домбыра мен қылқобызды тең игер­ген. Ол Мойнақ ауданының Махат-Шол­пан деген же­рін­де дүниеге келген. Мойнақ, Қоңырат, Шым­бай атырабын­да­ғы қа­зақ, қарақалпақ, аралдық өз­бек­терге танымал әнші, жыр­шы болған. Қарақалпақ бақ­сыларының дарынды ұстаз өкілі – Муса бақсының орындалуы қиын «Сен яр, қал енді», «Шаман шы­ға­нақ», «Жеті асырым» т.б. халық әндерін қыл­­­қобызбен орындаған, халық дас­тандарын жырлаған. Амантұрлының екі ұлт өнерін игеруі оны достық жыр­шысы ретінде танытты. Өмірінің соңы­на дейін «Қобыланды», «Қамбар батыр», «Алпамыс батыр» және халық тол­ғауларын қос тілде жырлаған», – дейді Қ. Жұмажанов. Біз 2020 жылы жарыққа шығарған «Бесқала қазақтарының күйлері» ат­ты музыкалық-этнографиялық жина­ғы­мызда белгілі күйші Тоғайбай Бей­сен­біұлының орындап жеткізуіндегі «Аман­тұр­лының күйін» нотаға түсіріп жария­ла­дық. Нөкіс қаласында өмір сүрген Шам­ұрат қобызшы туралы деректер бол­ғанымен, оның орындауындағы күй­лер мен жыр-дастандар жұртшылыққа кең насихаттауды қажет етеді. Бұл тура­лы 2012 жылы жарық көрген жүз том­дық «Бабалар сөзінде» мынадай мәлімет берілген: «Бекмұратов Шамұрат – қо­быз­­шы, қобызға дауыс қосып жыр-тер­ме, қисса-дастан айтатын байырғы дәс­­түрдің соңғы өкілдерінің бірі. Туып-өс­кен жері – Қарақалпақстанның Қоңы­рат ауданы. Қазір Нөкіс қаласында тұ­ра­­­­­ды. Қобыз шалуды нағашы ағасы Ақ­на­заров Жанғазардан үйренген. Ш.Бек­­мұратов Ұлы Отан соғысына қа­тыс­қан. Оның қобызға дауысын қосып ай­туында «Қобыланды» эпосы күйта­бақ­қа жазылған. Әйгілі сыбызғы күйшісі Сар­­малай күйлерін Шамұрат қобызға са­лып тартады» (Бабалар сөзі: Жүз­том­дық. – Астана: «Фолиант», 2012.). Қобызшылар негізінен «зікір салу алдында сарын тартушылар», «күйші-қобызшылар» және «ән, жыр орын­даушылар» болып үшке жіктелетіні белгілі. Әмудария бойындағы қазақ қо­­быз­шыларының арасынан осы айтыл­ған үш бағыттағы өнерпаздарды да кез­­­дестіреміз. Жоғарыда аталған Жауыр­бай қобызшыны халық көбірек бақсы ретін­де таниды, алайда оның асқан күйші бол­ғанын дәлелдейтін жазба деректер кездеседі: «Қондыбай бай бүкіл ауылы­мен, ағайын-туғандарымен Жауырбай бақсыны ақ киіз төсеп күтіп алады. Қара қобызымен күңіренте күй тартқанда иығына әруақ қонып, күй тартып оты­рып, түр-түсі құбылып отырады. Біресе түксиеді, біресе жадырайды, біресе кү­лімдейді, біресе қап-қара боп түтігіп ке­­теді. Күйді тыңдаушылар ғажайып се­­зімге бөленіп, ұйып тыңдап отырып қа­­лады. Дәл осы кезде көк жүзінде ұшып бара жатқан қаздар Жауырбай қобы­зы­нан таралып жатқан ғажайып күйді есі­­тіп, қайта-қайта айнала ұшып көпке дейін кете алмай жүрген деседі» (М.әбіл­ұлы. Жауырбай бақсы. Алматы: «Принт» баспасы, 2001.). Бесқала қазақтарының арасында қо­быз күйлерінің бар екенін ке­зін­де академик Ахмет Жұбанов та бай­қа­ған. Ол «Ғасырлар пернесі» еңбегінде кон­серватория жанындағы фольклор кабинетінің ғылыми қызметкері Асқан Серікбаеваның қарақалпақстандық қазақтардың арасына барып, көптеген му­зыкалық мұраларды жазып алғанын айта келіп: «Бұлардың ішінде «Жолаушы қоңыр», «Бозінген» күйлері» қобызда орын­далады» деген дерек береді. Біз жоғарыда келтірген мәліметтер негізінен зерттеуші-ғалымдар­дың назарына кездейсоқ іліккенін айта кеткеніміз жөн. Алдағы уақытта Бесқала қазақтарының музыкалық мәдениетін зерттеу барысында ол аймақтағы қобыз­шылық өнерді де арнайы зерттеу объек­тісіне айналдыруымыз қажет. Бұл ай­мақ­қа тән қобыз өнерін зерттесек, әлі де тың деректер мен құнды мұраларды көптеп тауып, қазақтың мәдени мұра­сын байыта түсеміз деген сеніміміз бар.

Күнқожа ҚАЙРУЛЛА, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы