1479
Әдебиеттер байланысы – рухани байланыс
Әдебиеттер байланысы – рухани байланыс
Әдебиеттер арасында байланыс болмай тұрмайды, өйткені бір елдің екінші бір ел әдебиетіне тигізген игі әсері, сондай-ақ туысқан халықтар әдебиеттері арасындағы үндестік пен ықпалдастық деген де өз алдына бір әлем.
Кейінгі кездері осындай мәселеде арнайы кітаптар шығып, түркітілдес халықтардың әдеби туыстығы жайлы ізденістер кеңеюде. Соның бір мысалы ретінде өткен жылдың соңында Ташкент қаласындағы Innovatsiya-Ziyo баспасынан жарық көрген, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қайыржан Аралбаев пен филология ғылымдары бойынша философия докторы (PhD) Ширин Смамутованың «Қазақ-қарақалпақ әдеби байланыстары» атты монографиялық еңбегін атап көрсетуге болады. Жоғару оқу орындары студенттеріне арналған оқулық әрі хрестоматиялық еңбекте қазақ-қарақалпақ әдеби байланыстары бірнеше бөлімге бөліп қарастырылып, екі ел әдебиетінің тамырластығы әр қырынан қарастырылған. Оқу құралының «Қазақ-қарақалпақ халық ауыз әдебиетіндегі байланыстар, эпостардағы ортақ сюжеттер» атты алғашқы бөлімінде бірнеше түркі халықтарына ортақ «Алпамыс» дастанындағы сюжеттердің ортақтығы мен мен айырмашылықтары, қазақ-қарақалпақ эпостық және лиро-эпостық дастандарын орындаушылардың ерекшеліктері, қарақалпақтың халық дастаны «Қырық қыз» бен «Гүлдірсін» аңызы, сондай-ақ екі халықтың тұрмыс-салт жырларының үндестігі жайында айтылып, халық жырларының үлгілерінен үзінділер берілген. Кітаптың келесі бөлімі «Қазақ-қарақалпақ әдебиеттерінің Ноғайлы дәуіріндегі ортақ байланыстары» деп аталып, онда екі халыққа ортақ Сыпыра жырау, Асан Қайғы Сәбитұлы, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Мүйтен, Бұқар, Жиен жырау секілді арғы дәуір ақындарының шығармашылығы туралы зерттеулер мен әдеби шығармалар беріл- ген. «XIX ғасыр әдебиетіндегі әдеби байланыстар сипаты» үшінші бөлімде қазақ-қарақалпақ әдеби тұлғалары – Шернияз Жарылғасұлы мен Күнқожа Ыбырайымұлы туралы, Шоқан Уәлихановтың қарақалпақ әдебиеті туралы жазғандары, Әжнияз бен Қыз Меңештің айтысы, екі елдің классиктері – Абай мен Бердақ шығармашылығындағы тақырып үндестігі, сыр бойынан шыққан атақты шайыр Тұрмағамбет Ізтілеуов еңбектерінің қарақалпақ әдебиетімен байланысы туралы кең түрде талдау жасалған. «XX ғасыр кеңестік дәуірдегі қазақ және қарақалпақ әдебиетіндегі байланыстар» атты төртінші бөлімде Бейімбет Майлин мен Мырзағали Дәрібаев, Сәбит Мұқанов пен Жолмырза Аймырзаев еңбектеріндегі үндестік пен тақырып ортақтығы т.б. мәселелер төңірегінде деректер келтіріліп, мол мағлұматтар берілген. «XX ғасырдың екінші жартысындағы қарақалпақ және қазақ поэзиясы, ондағы әдеби байланыстар көріністері» деп аталатын бесінші бөлімде Асқар Тоқмағамбетов, Тілеуберген Жұмамұратов шығармашылығындағы үндестіктер мен қарақалпақ әдебиетінің ХХ ғасырдағы классик ақыны Ибрайым Юсупов поэзиясындағы Қазақстан тақырыбының жырлануы жөнінде зерттеу жүргізілген. «Қазақ-қарақалпақ әдебиетінің насихатталуы» бөлімі белгілі қазақ ақыны, халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты Байбота Қошым-Ноғайдың қарақалпақ әдеби шығармаларын қазақшаға аударуда еткен еңбегі жөнінде мәліметтер берілсе, «Байланыстар жайлы әдеби-ғылыми мақалалар шоғыры» бөлімде берілген материалдарда Әжнияз, Бердақ, Сәбит Мұқанов, Төлеген Айбергенов т.б. қаламгерлердің екі ел әдебиетіне деген ықпал-әсері жайлы айтылған. Кітаптың соңғы бөлімі «Қарақалпақстанда туған қазақ қаламгерлері шығармашылығынан» деп аталып, онда Төлеген Айбергенов, Есенғали Раушанов, Рахмет Аяпбергенов, Сабыр Адай, Ахмет Өмірзақ, Бауыржан Бабажанұлы, Мұрат Бекей, Әділ Балта, Бегабат Ұзақов өмірбаяндары мен шығармалары берілген. Қазақ-қарақалпақ халықтарының әдеби байланыстары жайлы 1977 жылы қазақ ғалымы Сәбира Тойшыбаеваның «Қазақ-қарақалпақ әдебиеттері байлынысы» шыққанын есепке алсақ, сол бағытта арадан қырық бес жылдай уақытта шығып тұрған бұл кітаптың маңызы өз-өзінен белгілі. Өзбекстандағы ЖОО-лардың қазақ тілі және әдебиеті факультеттерінде оқытылуға арналған кітаптың екі ел әдеби байланысына қызығатын қауымға берері мол.Күнқожа ҚАЙРУЛЛА