Балалар жылында балалар баспасөзін қолдау керек

Балалар жылында балалар баспасөзін қолдау керек

Балалар жылында балалар баспасөзін қолдау керек
ашық дереккөзі

Адамды адам ететін тәрбие де­сек, «Баланы – жастан» деген қа­­­­зақ сөзінің ма­ғынасы ерекше. Ғы­лымда бала дүние­та­нымының қа­­лыптасуы алғашқы мү­шел жас ке­­зіне сәйкес келетінін ай­­тады. Демек, балалар әріп пен ды­быс­тың не екенін біліп, соны қол­дану ар­қы­лы жа­зып, оқып үй­ренетін кезең – аса маңыз­ды уа­қыт.

Әрине, балалар мектепте оқулық арқылы негізгі ұғымдарды оқып үйре­неді, бірақ мектептен үйренген білімді іс жүзінде бекітіп, тілін, ойын дамыта түсу үшін өз жасына сәйкес әдеби-танымдық кітап­тармен бірге балаларға арналған газет-журналдарды оқудың пайдасы зор. Бас­пасөзді оқи отыра олар өз ойын жаз­ба­ша жеткізудің не екенін түсінеді, өздері де соған талпынады. Сөйтіп көптеген оқу­шы мақала, өлең жазып өз түсінігін, көз­қарасын өзгелерге танытуға ұмтылып жа­тады. Шынына келгенде, бала жасынан жазу­мен әуестенгендердің көбінен ақын-жазу­шы, журналист шықпауы мүмкін, бірақ бала кезінде сондай қадам жасаған­дар ойын еркін, ұғынықты жеткізуге үйр­ене­ді, жүйелі ойлау қабілетіне ие болады. Міне, осы нәрсеге кеңестік кезеңде қат­ты мән берілетін, соның арқа­сын­да қазақ балалары арасында «Пионер» (тәуелсіздіктен кейін «Ұлан») газеті, «Бал­дыр­ған» журналы аса танымал болды. Тіп­ті, ол тұста бұл басылымдарды оқыма­ған қазақ баласы болған жоқ. Соның арқа­сын­да орта мектепті бітірген балалардың 90 пайызы кітап, газет-журнал оқитын дағ­ды қалыптастырды. Бұл халықтың сауат­ты болуына үлкен әсерін тигізген еді. Алай­да тәуелсіздіктің елең-алаңында күн­көріс қиыншылығы халықты баспасөзден алыс­татып жіберді. Сөйтіп балалар түгілі ересектер арасында да газет-журнал оқу үрдісі жоғалып кетуге шақ қалды. Дегенмен өтпелі мемлекетіміз өтпелі кезең қиын­шы­лығын еңсеріп, өліара кезеңде жоғалтқан құндылықтарымызды түгендей бастаған кезде өмірімізге интернет жүйесі еніп, электронды баспасөз құралдары пайда бола бастады. Сөйтіп енді түрлі газет-жур­нал­дарды, кітаптарды сайттардан оқитын болдық. Мұның әсері, әрине, экономикалық жа­ғынан тиімді еді, себебі оған газет-жур­налдарға кететін ақша шықпайды және ком­пьютер мен смартфондардан оқи салуға ыңғайлы. Одан басқа неше түрлі муль­­тимедиялық материалдар да үлкен­дер­мен бірге балалардың да назарын өзіне ауда­рып әкетті. Бұның бәрі айналып кел­ген­де баспаханада басылып, қолға ұстап оқи­тын газет-журналдардың аз таралым­мен шығып, назардан тыс қалуына әкеп соқ­тырды. Соның кесірінен газет-журнал­дың не екенін білмейтін, білсе де қолына ұстап көрмеген, есесіне туғаннан смарт­фон­­ның не екенін білетін ұрпақ өсіп шық­ты. Ғылымда дәлелденген нәрсе – кәдімгі қағазға басылып шыққан газет-жур­нал­ды оқығанда оқыған нәрсесі адамның жа­дында ұзақ сақталып қалады екен. Өйт­кені қандай материал болса да адам миына суре­тімен жазылып, мағынасы сіңіп қала­ды екен. Ал компьютер не смартфон арқы­лы оқылған материал жадтан тез шығып ке­тетұғынға ұқсайды. Бұл, біріншіден адам мен материалдың арасында биологиялық бай­ланыс (кітапты ұстап отыру, парақтау) бол­ғандықтан адам оқығанын сезе алса, компьютер не смартфон ондай жанды бай­ланыс орната алмайды. Демек, газет-жур­нал мен кітапты қолға алып оқу- дың адам өміріне маңызы ерекше деген сөз. Рас, елімізде тәуелсіздіктен бергі жер­де балалар басылымының саны кө­­­­бейді. Бірақ бәрінің де таралымы мәз емес. Мәселен, алғашқы санының шық­қа­ны­на биыл 92 жыл толғалы отырған, ба­ла­лар мен жасөс­пірімдерге арналған рес­пуб­ликалық «Ұлан» газеті мен шыға бас­та­ғанына 64 жыл тол­ғалы тұрған «Балдырған» журналының кеңес­тік кезеңдегі таралымы бірнеше жүз мыңнан асып жығылса, қазір бірнеше мың­ның айналасы. Бұл біздің болаша­ғы­мыз саналатын балалардың өздеріне аса пай­далы газет-журналдарды оқи бермей­тінін көрсетеді. Соңғы жылдары балалардың кітап оқуына көп игі қадамдар жасалып жатыр. Мәселен, 2021 жылды мемлекетіміз «Балалар әдебиеті жылы» деп белгілеп, көп­теген кітап жарық көрді. Оның ара­с­ында балаларға арналған әдеби анто­ло­гия­лар мен түрлі көркем әдеби шығармалар да мол. Ал осы жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп жария­лады. Президент Қазақстан халқын жаңа жылмен құттықтауында бұл мәселеге ерекше назар аударып: – Мен Мемлекет басшысы ретінде өс­ке­лең ұрпақтың болашағына баса мән бере­мін. Жастарға зор үміт артамын. Жас­тарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұ­мыстың, реформалардың игілігін мін­дет­ті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін бар­лық жағдайды жасауымыз керек, – дей келе, – Балаларға ерекше назар аудару ке­рек. Олардың амандығы – мемлеке­тіміз­дің табысты болашағының сенімді кепілі. Сон­дықтан келесі жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін, – деген еді. Әрине, Қазақстан Президентінің сөзін жан-жақты түсінуге болады. Ба­лалар жылында оларды қорғауға бағыт­талған әлеметтік қолдау мен денсаулығын сақтау, жалпы балаларды жан-жақты дамытуға назар аударылады. Десек те, осы атаулы жылда балаларды рухани жақтан дамытатын кітап оқу, өздерінің жасына сәйкес газет-журналдарға жазылып бас­пасөзбен дос болу тарапына қарай бастай­тын игі шаралар қолға алынса екен дер едік. Бұл мәселеде мектеп пен ата-ана және ба­лалар басылымдары біріге отырып жұ­мыс істеп, ондай игі қадамдар мемлекет тара­пынан үлкен қолдауға ие болса нұр үстіне нұр болар еді. Қазіргі қазақ тілінің сақталуы мен бүлінбеуіне қызмет етіп тұрған са­наулы ғана қазақ басылымдары бар, олар­дың ішінде ұзақ тарихы бар «Ұлан», «Балдырған» сияқты балалар басылым­дарының да маңызы зор. Демек, тіліміз сақталсын, ол іс жүзінде мемлекетіміздегі бар­лық халықтың ортақ тіліне айналып дами түссін десек, балаларымызды мек­теп­те қазақша оқытып қана қоймай, олар­ды жас кезінен ұлттық баспасөзбен дос­тастыруымыз керек. Дүйсен МАҒЛҰМОВ, Балалар жазушысы, «Балдырған» журналының бас редакторы: Аға газеттер балалар басылымдарын жиі насихаттау ке­рек
– Мемлекет басшысы осы жылды «Балалар жылы» деп жа­­­рия­лағанына балалар жазу­шы­сы ретінде, балаларға ар­нал­ған бір басылымды бас­қа­рып отырған адам ретінде қуа­нып отырмын. Сондықтан мемлекет те, халық та бұ­ған ерекше назар аударып, көптеген жаңалық жүз береді деген үмітім бар. Қазір елімізде балаларға арналған 20-дан аса газет-жур­нал жарық көріп тұр. Оның арасында газеті бар, жур­налы да бар, мемлекеттік те, жекеменшік те басы­лым­дар бар. «Ақжелкен», «Балдырған» журналдары мен «Ұлан», «Веселые ребята» газеттері мемлекет қамқор­лы­ғында. Бұл басылымдарды шығаруға қажетті қара­жат Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тара­пы­нан беріліп отыр. Соның арқасында аталған балалар ба­­­сылымдары уақытында шығып, онда істейтін қыз­мет­керлердің жалақысы уақытында беріліп тұр. Деген­мен балалар басылымдарының бүгінгі проблемасы – таралым мәселесі. Мәселен, кезінде 250, 280 мың та­ра­­­лыммен жарық көріп тұрған «Балдырған» журналының бүгін­де он мыңға түсіп қалуы, кезінде 80 мыңнан аса тара­лымға жеткен «Ұлан» газетінің қазір 5 мың дана­мен ғана шығуы – ойландыратын жағдай. Елімізде Білім және ғылым министрлігіне қарайтын 9 мың­дай мектеп, Мәдениет және спорт министрлігіне қарай­тын 8-9 мыңдай кітапхана бар екен. Осылардың әр­бірі бір дана «Ұлан» газеті мен бір дана «Балдырған» жур­налына жазылса да әжептәуір таралым болар еді ғой... Қазір балалар басылымына жазылуда ешқандай мәж­бүрлеу жоқ. Жоғарыдан тапсырма берілмейді. Бірақ мы­наны естен шығармау керек: баланың газет-журнал оқу-оқымауын еркіне беру оны ештеңеге қызықпайтын, тек смартфон арқылы өзіне керексіз дүниелердің тұ­тынушысына айналдыруы мүмкін. Баланы қадаға­ла­маса, басқа түгілі, сабағын да оқымайды ғой! Сондықтан ба­ла­ларды балалар басылымдарына қызықтыру үшін сол басылымдардың редакциясы, мұғалімдер мен ата-аналар бірігіп жұмыс істемесе болмайды. Өйтпеген күнде болашағымыз деп отырған балаларымызды ин­тернет арқылы күмәнді контент иелерінің тұтыну­шысы қылып аламыз. Сол үшін ата-ана мен мектеп балаларға арналған ұлттық басылымдар туралы айтып, оның тіл ұстартуға, ойды өсіруге, танымды кеңейтуге тигізетін пайдасын балаға түсіндіріп отырған дұрыс. Ал балалар басылымын шығарушылар өз кезегінде олар­ға маңызды, қызықты материалдарға толы газет-журнал жасап беруге күш салады. Қазір біздің журналистер балалар басылымдарын на­сихаттау үшін мектептерге барса, оларды тіпті маңы­на жолатпайтын білім ордалары бар. Айтатындары – «Еш­кімді газет-журналға зорлап жаздыра алмаймыз», «Мек­тепте ақша жинауға болмайды» т.с.с. әңгімелер. Әри­не, ешкімге зорлық жоқ, бірақ сол мектептердегі ұстаз­дар, неге өз шәкірттерінің жан-жақты болып өсуі­не қызықпайды екен? Мәселен, бұрын бүкіл бір сы­нып­тың ақшасын сынып жетекшісі жинап алып, поштаға барып біздің газет-журналдарымызға жазыла алатын. Қазір оған шек қойылған. Бүгінде бізден басқа да балалар басылымдары бар­шы­лық. Әрине, өзара бәсекелестікке заң жүзінде ешкім шек қоя алмайды. Бірақ соларда балаларға арнап газет-журнал шығара алатын мамандар бар ма? Ал балалар басылымдарында істейтін мамандардың еш жерде даярлайтыны белгілі. Бізде соны өзіміз даярлаймыз. Журналистеріміз соған бейімделіп жұмыс істейді. Біздің «Балдырған» журналы – бастауыш сынып оқу­шыларына арналған әдеби журнал. Әлі күнге шыққаннан бергі қалпын сақтап келеді. Яғни, журналда журналистік материалдар берілмейді, балаларға арналған 20-дан аса әдеби жанрды қамтып, суретті ма­териалдар береміз. Балаларға арналған әдеби журнал болғандықтан онда басылып шығатын материалдардың бәрі баланың тілін ұстартатын, ой-өрісін өсіретін та­ным­дық дүниелер. Есеп-қисапқа қатысты, «Әліппені» жеңілдетіп оқытуға арналған, жұмбақ, жаңылтпаш, поэзиялық, прозалық шығармалар – «Балдырғанды» өте керекті басылымға айналдырары сөзсіз. Өзге ба­лалар басылымдарын да қарап, зерттеп отырамыз ғой, алайда оларды біздегінің бірі бар болса, бірі жоқ екенін байқаймыз. Бірақ... сонша күш салып шығарған журналыңның оқыл­май жатқанын көргенде қиналып-ақ қаласың. Мә­селен, мен өзім 20-30 жақын-жуық ағайынға жур­налды өзім жаздырып беремін. Ал енді аяқ астынан үйлеріне барып қалсам, үйіне келіп тұрған журналдың өзін оқымайтынын байқаймын. Одан да оларға смарт­фон ұстаған қызығырақ. Ал енді ауылдық жердегі кіш­кентай оқырмандарымыздың ықыласы жақсы, бірақ сол жазылып күтіп отыратын оқырмандарымызға «Қазпошта» мекемесі журналды дер кезінде жеткізбейді. Тіпті, кей жерлерде 5-6 санын қосып бір-ақ апаратын көрінеді. Кейде журналдар жоғалып кетеді. Сосын олар бізге «журнал бар ма әлде жабылып қалды ма?» деп хабарласады. Біз әр айдың 25-і күні журналды баспадан шығарып, таратушыларға береміз. Елордада, Алматыда тұратын оқырмандардың өзіне 15-20 күнде жетеді журнал. Сөйтіп, осындай кедергілерден соң журнал оқыр­мандарын жоғалтады. Сондықтан осындай келең­сіздіктерді жою биылғы «Балалар жылынан» бастау алса деп ойлаймын. Балалардың ой-өрісін өсіретін шара­­­лар көбейсе, олардың жазғы демалысын, саяхат­тауын қамтамасыз етсе, газет-журналдармен доста­суы­на жағдай жасаса, ол болашақ үшін өте маңызды да пай­далы. Аға газеттер балалар басылымдарын жиі насихаттау ке­рек деп ойлаймын. Өйткені бүгін «Балдырғанды», ер­тең «Ұланды», арғы күні «Ақжелкенді» оқымаған бала бо­лашақта Egemen Qazaqstan, Аnа тіlі, Túrkistan га­зеттерін де оқымайды деген сөз.
Жадыра НАРМАХАНОВА, балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ұлан» газетінің бас редакторы: Балалар басылымы баланы ең бірінші адамгершілікке, ізгілікке тәрбиелейді
– Әдетте баланы жас шы­бық­қа теңейміз. Жас шыбық­ты қалай қарай исең, солай иіледі деп жатады. Ол рас, ба­лаға қандай бағыт-бағдар берсең, сондай азамат бо­лып өседі. Ал бәрін баланың еркіне салып, бала не қа­ласа соны істесін дей берсек не болады? Әрине, ба­­­­лаға салсаң, мектепке де барғысы келмейді, смарт­фон­ға ғана үңіліп отыра беруге бар. Енді осыған ата-ана көніп отыра беруі керек пе? Меніңше, қазіргі ба­ла­ларда бос уақыт көп. Көбі әлеуметтік желілерге бай­ланып қалған. Яғни уақыттың көп бөлігін әлеу­мет­тік желі «ұрлап» жатыр. Ал әлеуметтік желіде жеке қал­ған бала өзіне пайдалы дүние көріп жатыр ма, әлде жай ойын ойнап отыр ма, әлде бейтаныс адаммен сөй­лесіп отыр ма, оны көбі біле бермейді. Қазір он­лайн оқу болғандықтан қолына смартфон ұстаса, са­бақ оқып отырған болып көрінеді. Ал шын мәнінде он­лайн сабаққа да қатыспайтын балалар көп... Былтыр елімізде «Балалар әдебиеті» жылы деп жа­рияланды. Есеп үшін өте салғандай әсер қалдырды. Биыл Президентіміз «Балалар жылы» деп жариялады. Бала құқығы, денсаулығы, рухани дамуы тұрғысынан көп дүние жасалуы керек. Балалар басылымдары ру­хани дамуға көмек болатындықтан, осы төңіректе ғана ой айтқым келіп отыр. Мемлекет «Балдырған», «Ұлан», «Ақ желкен», «Дру­ж­­ные ребята» басылымдарын мемлекеттің балаларға қат­ысты саясатын жүргізу үшін қаржыландырады. Бірақ ол басылымдар балаларға жете бермейді. Қазір осыны оқып отырған адам «мемлекет қаржылан­дыр­ғаны аз ба, тиражын өздері жасамай ма?» деп айтуы мүмкін. Өкінішке қарай, біздің елімізде бірдеңе жа­саса, оған қарсы тетіктер тұрады. Бір министрлік екін­ші министрліктің не істеп жатқанынан хабарсыз. Мы­салы, балалар басылымының оқырманы кім? Мек­теп оқушылары. Мектеп оқушыларына осындай газет-журнал бар екенін таныстыратын кім? Білім сала­сы­ның өкілдері. Сондықтан әр мектеп кітапханасында қо­сымша оқулық ретінде балалар басылымы тұруы тиіс. Солай өздеріне арналған басылымның бар екенін білген бала қызығып оқуы мүмкін, өзі де сол басы­лымға автор болуына мүмкіндік көп екенін көреді. Қалап жатса, жазылады. Бұл мәселені қанша уақыттан бері Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрлігіне ұсыныс ретінде айтып келеміз. Білім және ғылым министрлігімен кездесіп, ұлт болашағы үшін осы мәселені шешуге не кедергі? Екі министрлік неге ортақ жұмысқа жұмылмайды? Қазір «Қазпошта» АҚ-ның жұмысы газет-журнал­дың таралуына көп кедергі келтіріп жатыр. Адамдар жазылған басылымын уақытылы ала алмайды. Тіпті, бір жылға жазылып, бір газет алмаған адамдар да бар. Олар жоғын жоқтап, редакцияға хабарласқанда не айтарымызды білмейміз. Ол адам келесі жылы ақша­сын тағы да далаға шашқысы келмейтіні анық. Осы­дан кейін қайдағы тираж? Сондықтан «Қазпошта» қа­ғаз газет-журналға электронды жазылу жағын іске қо­суы керек. Оның жазылу тетігі «Тикетон», «Каспи» қо­сым­шасы секілді жеңіл әрі оңай болуға тиіс. Жалпы, га­зет-журналдың тиражын ақсатып жатқан «Қаз­пошта» қызметін мемлекет өз қадағалауына алмаса бол­майды. Біздің елде қағаз жүзінде өтірік есеп көп беріледі. Өткенде Қызылорда облысында боранда қойларымен бірге адасып, далада түнеген Жанасыл деген баланың тап­қырлығына сүйсініп, газет бетіне ол туралы шағын ма­териал жарияладық. Сосын редакция қызметкер­лерінің ақшасына газет жаздырып бердік. Жанасыл аядай ғана ауылда тұрады. Ол ауылда интернет түгілі, ұялы байланыс дұрыс ұстамайды екен. Енді сондай ауыл­дың балалары өркениеттен мақұрым болып, дү­ние­де не болып жатқанын білмей отыра беруі керек пе? Ең болмаса сондай ауыл балаларына төл басы­лым­дары жетуі керек емес пе? Олар газет-журнал оқу ар­қылы өзіндей замандастары не істеп жатқанын, не ойлайтынын біліп, алға ұмтылады ғой. Қазақстанда нақты Жанасылдың ауылы секілді қанша ауыл бар екенін біз білмейміз. Сондай балалардың рухани дамуына жағдай жасалу керек. Сондықтан ата-аналар мен мұғалімдерге мынаны айт­қым келеді: сіздердің шәкірттеріңіздің, бала­ларыңыздың арасында өлең, әңгіме, ертегі жазатындар бар ма? Сурет салатындар ше? Ерекше өнерімен көп­шіліктің көзайымына айналып жүрген балалар да бар шығар? Білім бәйгесінде топ жарып, олимпиадаларда, ғылыми жоба жарыстарында оза шауып жүрген шәкірттеріңіз болмауы мүмкін емес. Ендеше, сондай талапты да талантты балалар туралы «Ұлан» газетіне жа­зыңыздар. Балалардың салған суретін, жазған әң­гі­ме-ертегілерін, өлеңдерін, жұмбақтары мен жаңылтпаштарын бізге жолдаңыздар. Оқушылар бірігіп, игі іс істеп жүрген шығар. Кітапқұмар балалар бар шығар. Ол туралы да басқаларға үлгі етіп неге жазбасқа?! Тіпті, балалар ештеңе жазбаған күннің өзінде, газет бетінде шет елдерде білім алу, тағылым­дамадан өту, мамандық таңдауға қатысты көптеген пай­далы материал жарық көреді. Сондай-ақ жаңадан жа­зылып жатқан балаларға арналған әңгіме, ертегі, өлеңдерді, шетелдік аудармаларды оқиды. Балаңызға «мынау саған арналған газет-журнал» деп арнайы уақыт бөліп жаздырып, бірге оқып, тал­қылаңыздар. «Саған арналған» деген сөздің өзі балаға деген құрметті, жанашырлықты білдіреді. Сондықтан балаға уақытты да, көңілді де бөлейік. Бала тәрбиесіне қазір көңіл бөлмесек, ертең кеш болуы мүмкін. Ал балалар басылымы баланы ең бірінші адамгершілікке, ізгілікке тәрбиелейді. Ендеше, бәрін баладан бастайық. Балалар жылында балалар басылымына жазылып, қолдау көрсетейік.