«Мемлекеттігімізден айырылып қала жаздадық» - депутат Склярға шүйлікті

«Мемлекеттігімізден айырылып қала жаздадық» - депутат Склярға шүйлікті

«Мемлекеттігімізден айырылып қала жаздадық» - депутат Склярға шүйлікті
ашық дереккөзі
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярды Қазақстан аумағындағы наразылыққа қатысты айыптады, деп хабарлады turkystan.kz. Депутат алдымен Склярға Ақтаудағы дүмпуге тікелей қатысы бар екенін ескертті. Оның батыс өңіріне барған кезде тек жолды қарап кететінін, халықпен кездесіп, байланыс орнатпайтынын «бетіне басты».
«Мұнайшылардың маңызды сұрақтары жауапсыз. Ешқандай мәселені шешпей, барып-келіп жүрсіз. Біз аймақтағы жұртпен кездескен кезде олар бізге мемлекеттің нақты шаралар қолданбағанын айтты. Сіз бірде-бір рет халықпен байланыс орнатпадыңыз. Келесіде халық наразылығы болатын болса, бірінші сіз барасыз! Өзіңіз 30 мың адамның қақ ортасында тікелей жауап бересіз», - деп жекіді Еділ Жаңбыршин.
Сонымен қатар ол халықтың «қойған талап орындалмаса, наразылыққа қайта шығамыз» деп отырғанын алға тартты. Оған қоса, «Өзен мұнай газ» компаниясы локализациясының шешілмегендігі де ескерусіз қалмады. Өйткені онда 19-дан бастап 30 жобаға дейін ұсынылып, халықтың жұмыс орнын ашу туралы өтініштері орындалмаған.
«Сол жерде отырған басшы Сарманбетовті орнынан босатыңыз! Ол басқа да жемқорлармен қосылып, жаңа жобаларды іске асыруға рұқсат бермей отыр. Барлық мәселеге кінәлі «ҚазМұнай газ», «Самұрық-Қазына», Үкімет болып қалды», - деп ашық айтты депутат.
Оның сөзінше, жұрт ол жерге өздерінің ақшасымен жұмыс орнын ашайық деген ниетте екен. Тек жер, инфрақұрылым беріңдер, халықты жұмысқа аламыз, керек салықтарды төлейміз деп отыр. Ал Үкімет оны жасамай әлек.
«Сендердің дұрыс жұмыс істемегендеріңнің кесірінен мемлекеттігімізден айырылып қала жаздадық. Алматыда, Таразда, Шымкентте, өзге де аймақтарда қаншама халықтың қаны төгілді. Кім жауап береді осының бәріне? Кім бұл төгілген қанды мойнына алады? Ендігі Қазақстан – басқа Қазақстан! Бұлай жүруге болмайды! Министр де, орынбасарлар да, Президентте те, бәріміз бірігіп, ел мәселесін шешуіміз керек! 30 жыл бойы елді алдап келдік. Девализация, кризис дедік, Америкада бірдеңе құлап жатыр, Еуропада тағы бірдеңе болып жатыр дедік. Халық соның бәріне шыдап келді ғой. Маған жауап бермей-ақ қойыңыз! Сіздер тек дұрыстап жұмыс жасаңыздар!» - деді кәріне мінген мәжілісмен.