Алтайда атқарылған іс көп

Алтайда атқарылған іс көп

Алтайда атқарылған іс көп
ашық дереккөзі
334

Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданы Қазақстандағы жүз мыңдаған елді мекен секілді қарқынды дамып, көркейіп келеді. Десе де, осы 30 жыл ішінде аудан экономикасы бірде бәсеңсіп, бірде шарықтап отырғанымен, ұзақмерзімді тұрақты өсім байқалғанын айта кеткен жөн. Онда бірқатар құрылымдық өзгеріс, соның ішінде экономикалық және саяси бетбұрыс болды. Мұндағы мақсат – ауданның экономикасын әртараптандыру және бәсекеге қабілетті ету.

2000 жылдан бастап аудан эконо­ми­касы тұрақты өсу жолына түсті. Бұған өн­діріс, ауыл шаруашылығы, шағын және ор­та бизнестің өркендеуіне кең өріс ашқан даму институттары (мемлекеттік даму бағ­дарламалары) сеп болды. Шығыс Қазақстан облысындағы өнер­кәсібі өрге басқан аудандардың бірі са­на­латын Алтай ауданында бүгінде 72 кәсіп­орын, соның ішінде 67 шағын, 3 орта және 2 ірі кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Өнеркәсіп өндірісін арттырып, аудан тұр­ғындарын жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отырған ірі бірлестіктер ретінде Алтай кен байыту кешені, «Казцинк» ЖШС және «Бұқтырма цемент компаниясы» ЖШС-ын айтуға болады. Аудан экономикасының басым бағы-ты – аграрлық сектор. Өндірілген ауыл­шаруа­шылық өнімінің 75 пайызы егін шаруа­шылығына, ал 25 пайызы мал шаруа­шылығына тиесілі. Аудан аумағында бидай, арпа, сұлы, қа­рақұмық және күнбағыс, рапс секілді майлы дақылдар молынан өседі. Аграрлық қызметкерлердің күш салуымен ауданда жыл сайын ылғал үнемдеу технологиялары арқылы өңделетін егістік жердің ауқымы ұлғайып келеді. Бүгінде аудандағы егістік жердің 55 мың гектары немесе 77 пайызы өң­делген. Орта есеппен аудан бойынша ен­гі­зілген минералды тыңайтқыш көлемі бір гектар жерге 75 келіден немесе 5 мың тон­надан асады. Онда жоғары репро­дук­циялы тұқымдар ғана қолданылады. Жыл сайын аудандағы ауылшаруашылық құры­лымы машина-трактор паркін 7-9 пайызға жаңартып отырады. Жоғарыда аталғанның барлығы Алтай ауданында жұмыс істейтін аграрлық қызметкерлерге тұрақты түрде мол өнім жинап алуға мүмкіндік береді. Бүгінде аграрлық секторда қалыптас­қан жағдайды ескере отырып, қазір аграр­лық қызметкерлер технологиялық жаб­дық­тар мен өз бөлімшелеріндегі құрал-саймандарды жаңартып отыратынын айта кет­кен жөн. Мысалы, «Шығыс жер» ЖШС 2021 жылы «Дән тазалау кешенін салу» се­­к­ілді маңызы жоғары жобаны іске асыру­­ды жалғастырып жатыр. Бұл жоба­ның жалпы құны – 120 миллион теңге. Ол кешен іске қосылса, ауданда жоғары са­па­лы дәнді дақылдар өсіруге, сонымен қа­тар тұрғындарды жаңа жұмыс орнымен қам­тамасыз етуге мүмкіндік бергелі отыр. Ал «Янтарь Май» ЖШС-ның жұмысы бүгінде тың тыныс алып, майлы күнбағыс дәндерін өңдеу бойынша цехтарын кеңейтті. Айта кетерлігі, біздің аудандағы егістік жерлерде өсірілген ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс жоғары. Мысалы, біз жақта өсетін рапс пен күнбағыстың тұқы­мы, дәндері Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғыз Республикасы, Иран, Моңғолия мен алыс және жақын шетелдерге экспорт­талады. Аудан үшін тағы бір үлкен маңызы бар сала – мал шаруашылығы. Бұл шаруа­шы­лық­пен айналысатындар ауыл тұрғын­да­рын жыл бойына жұмыспен қамтуға жағдай жасайды. Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде ауданда жыл сайын мал шаруашы­лы­ғы өнімдерінің көлемі айтарлықтай өсіп, соның ішінде ішкі тұтыну үшін ет пен сүт өндірісі өркендеп, жеке өнімді қайта өңдеу ісі қарқын алды. Елді мекендерде 5 тауарлы-сүт фер­ма­сы жұмыс істейді. Бұл істі әрмен қарай да­мыту үшін 2021 жылы Полянское ауы­лын­да 1 000 басқа арналған тауарлы-сүт фер­масын салу бойынша ірі жобаны жүзе­ге асыру жұмысы басталды. Қазір онда қора­ларды қайта қалпына келтіру және фер­ма қызметкерлерін үй-жаймен қамта­масыз ету үшін бұрынғы балабақшаның ғимаратын реконструкциялау жұмысы қызу жүріп жатыр. Аталған тауарлы-сүт фер­масын іске қосу жылына 65 004 тон­наға дейін сүт өндіріп, құрт, сүзбе, айран секілді сүт өнімдерін жасауға септігін ти­гізеді. Алтай ауданында омарта шаруашылы­ғы да күн санап дамып келеді. Бұған ауда­ны­мыздың табиғи-климаттық жағдайы жақ­сы әсер етіп отыр. Жүрізілген зерттеу­лер­ге сенсек, ауданда ара балұяларының өсі­мі байқалады. 2011 жылдан бастап олар­дың саны екі есеге, ал бал өндіру кө­лемі жылына 340 тоннаға дейін өскен. Экономиканың маңызды саласы сана­ла­тын құрылыс саласы әлеуметтік-мәдени маңызы бар нысандарды салу жұмыстары басталған 2011 жылдан бастап қана іл­геріледі. Мектепке дейінгі тәрбие беру ісі аудан тұрғындарын алаңдатқан үлкен мәселе болды. 2011-2015 жылдар аралы­ғында бұл мәселе шешімін тапты. Алтай қаласында үш балабақша салынды, онымен бірге мүмкіндігі шектеулі балаларға ар­нал­ған күндізгі бөлім ашылды. Сереб­рянск қаласында тағы бір балабақша пайдалануға берілді, 2015 жылы Чапаево ауылында жаңа мектеп есігін ашты. 2016 жылы Алтай қаласында 100 орындық, жасанды мұзай­дыны бар жабық хоккей алаңы қолданысқа берілді. Аталған алаңның аумағы – 1 109,62 шаршы метр, ал жобаның жалпы құны – 530 000 теңге. Ал ауданда тұрғын үйлер салу ісі 2012 жы­лы қолға алына бастады. Дәл сол жылы Мак­сим Горький көшесінде 60 пәтерлі тұр­ғын үй салынды. Кейін 2013 жылы Кос­монавтов көшесінде орналасқан 80 пәтерлі тұр­ғын үй пайдалануға берілді. Бұл жаңа пәтерлердің кілтін мемлекеттік тұрғын үй қо­рынан үй алуға кезекке тұрған тұрғын­дар алды. Тәуелсіздік жылдарында Алтай ауда­нында денсаулық сақтау саласы сапалы дең­гейге көтерілді. 2018 жылы онда жаб­дық­талу жағынан ірі қалалардағы жетекші клиникалардан кем түспейтін инсульт орталығы ашылды. 2019 жылы облыс бюджеті есебінен перзентханада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аталған мекеме жалпы құны 357 миллион болатын заманауи құрал-жаб­дық­пен жабдықталды. Мұндай орта­лық­тың шала туған, салмағы жеткіліксіз ба­ла­ларды күтіп ұстауға тигізер пайдасы зор. Білім беру саласына келсек, бұл салада ау­данда 30 жыл ішінде елеулі өзгеріс бол­ды. Ауданда 1 757 тәрбиеленуші баратын мек­тепке дейінгі 10 мекеме жұмыс істейді. Жалпы, біздің өлкеде 40 мемлекеттік мектеп бар. Онда 7 525 оқушы білім алады. Ол мектептердің түгелі дерлік кеңжолақты ин­тернетке қосылған, сонымен қатар «Күн­делік» электронды күнделігіне енгі­зілген. Ал туризм саласын сөз етер етер бол­сақ, аудан аумағында осы бағытта жұмыс істеп тұрған 102 нысан бар. Туризм ны­сандарының басым бөлігі жағажай дема­лы­сымен танымал Бұқтырма су қой­ма­сының жағалауында орналасқан. Ауданда мәдениет саласын ілгерілету үшін де барлық жағдай жасалған. Өлкеде 13 клуб, 27 кітапхана және Достық үйі жұмыс істеп тұр. Ал өңірдегі спорт инфрақұрылымын сөз етсек, ауданда 177 спорт мекемесі, со­ның ішінде жалпы білім беру мекме­лерін­дегі спортзалдар, сонымен қатар Алтай, Серебрянск қалалары мен Жаңа Бұқтыр­мада жалпы саны 1 300 орындық балалар-жа­сөспірімдер спорт мектебі жұмыс іс­тейді. Жыл сайын аудандағы барлық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәр­биеленушілері, әуесқой спортшылар және жал­пы білім беретін мектептерде оқитын спортқа жақын балалар жеңіс тұғырына көтеріліп, аудан мәртебесін көтеріп жүр. Осы орайда Алтай қаласындағы ба­ла­лар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тү­­легі саналатын зілтемірші Денис Ула­нов­тың ерен еңбегін айта кеткен жөн. Ол – Дүниежүзілік универсиаданың жеңімпазы, Азияның үш дүркін чемпионы, Ресей Федерациясы Президенті кубогының күміс жүлдегері, Қазақстан рекордсмені. Ол әлем­ге Қазақстанды әйгілеп қана қоймай, сон­дай-ақ туып-өскен жері Алтайды да таныт­ты. 2016 жылы өткен төртжылд­ық­тың басты додасы – Рио-Де-Жанейро Олим­пиадасында қанжығасына қола жүл­де байлады. Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде армрестлингтен бапкер қыз­метін атқаратын Медет Рақымовтың ең­бегін атап кетпесе болмас. Медет аталған спорт түрінен Қазақстан ұлттық құрамасы са­пына қабылданған 20 спортшыны жат­тықтырған. Әсіресе, шәкірті, Азияның екі дүркін чемпионы, Паралимпиадаға қаты­сушы Сергей Андроновты баптауда оның еңбегі орасан. Еркін күрестен балалар мен жасөс­пірім­дер спорт мектебінің бапкері, спорт шебері Азамат Темірғалиев Алматыдағы спорт академиясын бітірген соң, Алтай қаласындағы спорт мектебінің даңқы шық­қан ұжымын толықтырып, үздік нәти­желерімен көзге түсті. Көптеген ха­лық­аралық және республикалық турнирлердің жеңімпазы, бірнеше халықаралық оқу-жаттығу жиындарының қатысушысы болған Азамат қазір мектеп тәрбиеленуші­леріне бар білгенін үйретіп, аудандағы спорт­тың дамуына үлкен үлес қосып отыр. Алтай қаласындағы балалар мен жа­сөс­пірімдер спорт мектебінде білім алып жат­қан ең жас спортшы, бокстан спорт ше­беріне үміткер 15 жастағы Асқар Әлішер де ауданның мақтанышы саналады. Әлішер – Шығыс Қазақстан облысының төрт дүр­кін чемпионы, Қазақстан чемпиона­ты­ның екі дүркін қола жүлдегері, көптеген ха­лық­аралық және республикалық турнирдің жеңімпазы. Жас болғанына қарамастан көптің назарын өзіне әлдеқашан аудартып, аудан­ның атын шығарып жүр.

Қалиқан Байғонысов, Алтай ауданының әкімі Шығыс Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары