50662
Африка мен Азияның бірнеше елінде банк ашқан қазақ
Африка мен Азияның бірнеше елінде банк ашқан қазақ
Жәнібек Мақсат – 200 милионнан астам тұрғыны бар Индонезия, Нигерия секілді алып елдерде банк ісін ілгерілетуге көмектескен білікті маман. Тіпті, тұтас мемлекетте тоқырап тұрған қаржы секторына жаңа серпіліс беріп, әр жерде филиалдардың ашылуына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына септігін тигізген. Қандай жоба жүргізсе де, көздеген мақсатына жетпей тынбайтын ол кейінгі алты жылда Мьянмар елінде жұмыс істеп жүр. Биыл ақпан айында елде болған әскери төңкеріс салдарынан онда жұмыс істеу қанша қиын болса да, ол жақтағы жұмысын тастап кете алмайтынын, қоластындағы 600-ге жуық қызметкер алдында жауапкершілік сезінетінін айтады. Осы жазда отбасын Қазақстанға көшіріп әкелген ол қазір үш ай Мьянмардағы кеңседе, екі ай елде онлайн форматта жұмыс істейді. Келесі апта Мьянмарға жол жүргелі отырған Жәнібекке хабарласып, әңгімелескен едік.
[caption id="attachment_162022" align="alignnone" width="1920"] Индонезиядағы әріптестер ортасында[/caption]
– Сіз секілді қатардағы қаржыгер маманның жергілікті банктерден бөлек, халықаралық банктердің дамуына атсалысып, тіпті бүтіндей бір мемлекеттің аумағында жаңа банк ашуға әлеуеті жетеді десе, көпшілік сене қоймас. Мамандық таңдаудан жаңылмаған сіздің алдымен бұл саланы таңдауыңызға не түрткі болғанын біле отырсақ.
– Біз мектеп бітірген жылдары Баян-Өлгейде жас түлекке жөн сілтеп, жол көрсетіп, бағыт-бағдар беретін ешкім болмады. Инженердің жұмысына қанша қызықсақ та, фабрика-зауыттар аз болғандықтан, оны келешегі жоқ мамандыққа теңедік. Ал қаржыгердің оқуын оқып алсам, кемі бір жерде есепші болып жұмыс істеп, күн көремін деп ойладым. Сөйтіп, Моңғолия ұлттық техникалық университетінде қаржы менеджменті мамандығы бойынша білім алдым. Университетті үздік бітірген соң, кредит берумен айналысатын неміс компаниясының 20-ға жуық экономист іздеп жатқанын естіп, компания өкілдеріне хабарласып, ақырында төрт кезеңнен тұрған сұхбаттасу процесінен мүдірмей өттім. Бірінші болып өткендерді Әзербайжанға 14 күнге жалғасатын тренингке жіберетін болды. Моңғолиядан ары асып көрмеген мен сол кезде 25 маманмен бірге бірінші рет шетелге шықтым. Тренинг кезінде көпшілік орыстілді аудармашының көмегіне жүгінді. Ал мен моңғол-түрік лицейінде түрік тілін жетік меңгергендіктен, ешкімнің көмегін қажет етпедім. Оған қоса, мені бір топқа жетекші етіп қойды. Оның үстіне, аудармашылар жетіспегендіктен, басқа топтағы мамандарға да көмектесіп, көрген-естігенімнің барлығын мұқият түсіндіріп жүрдім. Мұның барлығын сырттан бақылаған немістер «Әзербайжанда қалғың келмей ме? Сен секілді жастардың көмегімен түрлі жоба іске асырғымыз келеді» деп ұсыныс айтты. Осылайша, Әзербайжанның ең үлкен банктерінің бірі саналатын Access Bank-тің жаңадан ашылатын филиалдарына консалтинг қызмет көрсететін кеңесші болып жұмысқа тұрдым. Басшылық қол астыма 7-8 жасты біріктіріп, оларға кредит беру, анализ жасаудың әдістерін үйретуді тапсырды. Жалпы, банк басшылығының ұстанымы осылай: тіс қаққан маманнан гөрі, тәжірибесі жоқ, университетті күні кеше бітіргендерді жұмысқа алғанды құп көреді, өйткені тәжірибелі маманды үйренген нәрсесінен ажыратып, жаңашылдыққа өзгерту қиын деп есептейді. Әзербайжанда жұмыс істеген үш жылда үш қалада филиал ашуға көмектестім. Одан бөлек, Әзербайжанның шығыс жағындағы аймақта банк әзірлеп шығаратын өнімді дамыту бойынша менеджер қызметін атқардым. Басшылық осындағы жоба аяқталған соң, Халықаралық қаржы корпорациясының қолдауымен Индонезияның Ява аралында ашылған шағын банкті дамыту жұмысына атсалысуға шақырды. Оған дейін ағылшын тілін керек етпеген мен Индонезияға келген кезде біраз қиналғаным бар. Сосын Индонезия тілінде жалғау я жұрнақ болмағандықтан, ол тілді тез үйреніп алдым. Оған қоса, олардың үлкені де, кішісі де – инабатты, кішіпейіл. Жұмыс істеуде еш қиындық тудырмайды. Осындай керемет ортада жұмыс істеген бір жарым жылдың ішінде жобамыз үлкен табыс әкелді. Ол жақтағы жұмысты сәтті аяқтағаннан кейін басшылық мені Ямайкаға жібермекші болды. Бірақ виза алу үшін үш ай күту керек болғандықтан, ол жобадан бас тарттым. Содан соң Африканың Нигерия қаласына барып жұмыс істеу туралы ұсыныс келіп түсті.
[caption id="attachment_162020" align="alignnone" width="1920"] Нигериядағы әріптестермен[/caption]
– Сізді танитын көпшілік Африканың алыс аймақтарында банк ашуға атсалысқан қазақ дегенді жиі айтады. Халық ең көп қоныстанған, талай жылдан бері тыныштығы қашып, дүрбелең тыншымай тұрған Нигерия еліне барып жұмыс істеуге бірден келістіңіз бе?
– Индонезияда қызметтес болған неміс әріптесім Нигерияда шағын банктің ашылғанына үш жыл болса да, жұмысы ілгерілемей тұрғанын айтып, жаңа филиалдар ашуға жауапты менеджер қызметін ұсынды. Нигерия – Африкадағы халық ең көп қоныстанған ел (210 миллионға жуық адам – Ред.). Қазба байлықтарға, оның ішінде мұнайға бай мемлекет, бірақ халқы кедей тұрады. Ел басқару механизмі дұрыс жолға қойылмағандықтан, бүгінге дейін қақтығыстан көз ашпай келеді. Ұсыныс келіп түскенде Нигерияда жұмыс істеген танысым су тапшылығы болатынын, жарық жиі өшіп қалатынын, сондай-ақ қауіпсіздікті сақтауда көп қиындық бар екенін айтты, бірақ осының барлығына шыдасам, әлемнің кез келген елінде жұмыс істей алатыныма сендіріп, жігерлендіріп қойды. Сөйтіп, 2011 жылғы сәуірде отбасыммен Нигерияның 20 миллионнан астам халқы бар Лагос қаласына көшіп бардым. Ол жерде тоғыз филиалға бөлінген, жүздеген қызметкері бар шағын банкті жетілдіру ісіне атсалысып, барлық филиалды бақылауға жауапты болдым. Қай жерден филиалдар ашуға болатынын зерттеп, тренингтер өткіздім, бәсекелестердің ұстанған стратегияларын бағамдаумен айналыстым. Үйренушілердің біліктілігін екі апта кабинетте, екі апта базарда тексеріп, оларды көп нәрсеге үйреттік. Негізі, нигериялықтар еңбексүйгіштігімен, табандылығымен ерекшеленеді. Олармен бірлесе жұмыс істеген екі жылдың ішінде 18 филиал ашып, қызметкер саны 400-ге жетті. Жоба аяқталар уақытта бар білгенімізді жергілікті мамандарға үйретіп, қауырт жұмыстың тізгінін соларға ұстатып кеттім. Алайда Африканы ұнатқаным соншалық, осында тағы біраз уақыт жұмыс істеп көргім келді. Басшылық келесі жоба басталғанша Моңғолияға қайтып, алты ай күте тұруымды сұраған еді, бірақ алты ай қол қусырып бос жүру менің табиғатыма жат, сондықтан жұмыс қарастыра бастадым. Сосын 22 елде филиалы бар америкалық микроқаржы ұйымы өкілдерімен байланысып, бір айға созылған сұхбаттасу процесінен кейін Оңтүстік Африкада орналасқан Малави еліне жұмысқа жіберілдім. Мен барған кезде кредит беретін шағын ұйым депозит салатын банк дәрежесіне көтеріліп, басшылық ұлттық банкке өтініш беріп, үлкен өзгеріс болғанын күтіп жүр екен. Сондықтан келе сала ұлттық банктің талаптарына сәйкес көп процедураны өзгертуім керек болды. Одан бөлек, Замбия, Танзания елдеріне барып, ондағы филиалдарда іске асырылатын жобаларды жүргізуге атсалыстым. Келісімшарт аяқталып әрі арада түсініспеушілік пайда болған соң, жеті жыл сыртта жүргеніміз жетер деп Моңғолияға барып тұрақтауды ұйғардық. Десе де, біршама елдегі банктен ұсыныс көптеп түсті. Солардың арасынан түркиялық Şekerbank пен Еуроодақтың Газиантеп қаласында төрт айға жалғасқан, шағын бизнеспен айналысатын әйелдерге кредит беру жобасын жүргізу ұсынысын қабылдадым. Түркияда жұмыс істеп жүргенде Африкада қызметтес болған украин әріптесім хабарласып, сингапурлық мамандардың Мьянмар еліне барып бірге жұмыс істеуге мені шақырып жатқанын айтты.
[caption id="attachment_162023" align="alignnone" width="1920"] Мьянмардағы кеңсе алдында әріптестермен бірге[/caption]
– Нигериямен салыстырғанда этникалық қақтығыстар жиі болатын Мьянмарда жұмыс істеуге бірден келісе қоймаған боларсыз?
– Алғашында ол елге барғым келмегені рас. Әлемдік БАҚ-тан жергілікті халықтың мұсылмандарға қырын қарайтынын, қауіпті ел екенін жарыса жазған жаңалықты сан рет оқыдық. Сингапурлықтардан ондағы жағдайды егжей-тегжейлі сұрастырғанымда, олар «Африкадан әлдеқайда тыныш, қауіп жоқ, барлығы жаңадан басталып жатқандықтан, мұнда мүмкіндік көп. Қам жеме!» деп айтты. Сосын тәуекелге бел буып, 2015 жылдың қаңтар айында сонда қоныс аудардық. Ол елге келген кезде БАҚ-та жазылған дүниенің барлығы өтірік екеніме көзім жетті. Христиандардың шіркеуі, буддистердің ғибадатханасы, мұсылмандардың мешіті бір-біріне жақын орналасқан. Намаз уақыты келгенде азан шақырылады, айт кездерінде демалыс беріледі. Ораза кезінде де барлық ережелер сақталады. Тұрғындар ұлтына, діні мен тіліне қарамастан бір-бірін сыйлайды. Тек шекаралас жатқан Бангладешпен жер дауының жиілеуіне байланысты қақтығыстар болып тұрады. Осыны ғана байқадым. Алғашында микроқаржы саласы тәжірибе жинақтауды көздеген сингапурлық компанияда жұмыс істедім. Кейін олар бір жылға жасасқан келісімшартты ұзартқысы келген еді, бірақ мен гонконгтік инвестор тапқан голландиялықтардың жобасына қатты қызықтым. Десек те, сингапурлықтардың өтініші бойынша оларға тағы үш айдай көмектестім. Ал голландиялықтардың компаниясына жұмысқа тұрғанда басшымыз екеуміз қай жылы, қай қаладан филиал ашу керек, инвестицияны қайдан алу керек екенін нақтылап, бес жылды қамтитын бизнес-жоспар әзірледік. Сөйтіп, үкіметтен лицензия алуға өтініш жаздық. Бағымызға орай, компания қарыштап дамыды. Әу баста, кеңседе екеуміз ғана жұмыс істейтін едік, үш жыл ішінде қызметкер саны 400-ден асып жығылды. Төртінші жылы саяси мәселелерге байланысты жұмысымыз саябырлап қалды. Ал кейінгі екі жылда қатарымыз тағы 200 қызметкермен толықты. Қазір 50-ге жуық қызметкер бас кеңседе отырса, қалған 550-і мен басқаратын бөлімде белсенді түрде жұмыс істейді.
[caption id="attachment_162021" align="alignnone" width="1920"] Моңғолия Премьер-Министрімен бірге Нигерияда[/caption]
– Мьянмар десе, биылғы ақпан айының басында болған әскери төңкеріс еске түседі. Дүниежүзін дүрліктірген сол оқиғаның куәсі болған шығарсыз.
– Иә, 60 жыл бойы әскери хунта басқарған елдің қарқынды дамып, кенеттен құлдырағанын өз көзімізбен көрдік. Айта кетерлігі, біз келген кезде заманауи үлгідегі сауда орталықтары мен қонақүйлер болмады, ілгерілеу байқалмады. Бертін келе ай сайын 3-4 бесжұлдызды қонақүйлер ашылып, жаңа әуежай салынды. Әлемдегі 32 ірі банк Мьянмардан филиалын ашты. Өте көп инвестиция салынды. Кейінгі бес жылда ел экономикасы 7-ден 9 пайызға дейін өсті. Тағы бір айта кетерлігі, Мьянмар Қытай, Үндістан, Бангладеш және Таиланд елдерімен шектесетіндіктен, оның географиялық орнына қызығатындар көп. Сондай-ақ маңында орналасқан Бенгал шығанағына да көбі қызыға қарайды. Қайыра айтқанда, бүкіл әлем Мьянмарға көз тікті. Алайда бір-ақ күнде барлығы өзгеріп сала берді. Сайлауда жеңіске жеткен мемлекеттік кеңесші Аун Сан Су Чжи 2021 жылғы 1 ақпанда ант қабылдап, үкімет басына қайта келуі керек болатын. Алайда дәл сол күні таңертең ұйқыдан тұрсақ, интернет істемейді, телефонда байланыс жоқ, телеарналардың жұмысы тоқтап қалған. Әлемнен ажырап қалдық. Не болғанын түсіне алмай, дал болдық. Базардағыларға жүгіріп барып сұрасақ, олар да аң-таң. Екі сағаттан соң әскери төңкеріс болып, билікті әскери адамдар басып алғанын, заңды сайланған үкімет өкілдері тұтқындалғанын естідік. Сосын генералдар ұлттық телеарнаны іске қосып, сайлаудың әділ өтпегенін, енді елде барлығы жақсы болатынын, сондай-ақ бір жылдай үкімет басшысының жұмысын өздері атқаратынын айтып хабарлады. Мұны естіген ел бір аптадай көшеге шықпай, тыныштық сақтауға тырысты. Бірақ кейін ереуілге шығып, әскерилермен қақтығыса бастады. Әскерилер алаңға шыққан азаматтарға күш көрсетіп, қару қолданды. Қаланың шетінде тұрсақ та, күн сайын болып жатқан оқиғалардан хабардар болып отырдық. Кейіннен жұмысқа баратын жол жабылып, ол жаққа жету қиындап кетті. Түрлі жерде тұтанған өртті көрдік. Қайда барсақ та қару кезенген әскерилер алдымыздан шығады. Бұрын-соңды мұндайды тек кинодан көрген едік. Бертін келе көршілеріміз басқа елге көше бастады. Біз әлiптiң артын бағайық деп екі ай күттік. Ақырында жағдай одан сайын ушыға түскен соң, компания басшылығы «отбасыңды қауіпсіз жерге апар, барлығы бәсеңдеген соң қайтып келесің» деп ақыл айтты. Сөйтіп, осы жазда отбасыммен атажұртқа қоныс аударуды ұйғардық. Алайда пандемия кезінде Қазақстан аумағына тек он мемлекеттің азаматтарына кіру рұқсат етілген соң, елге бірден келе алмадық. Түркияға барып, барлық құжатты рәсімдеген соң Алматыға көшіп келдік. Осында тұруға рұқсат беретін ықтиярхат алып, балаларымызды мектепке орналастырдық. Осы ретте бір айта кетерлігі, Мьянмардан көшер кезде басқа елдерге барып, жұмыс істейтін мүмкіндік көп болды. Моңғолияда өз үйіміз бар. Бірақ Қазақстанға көшуіме балаларым себеп болды. Үлкен ұлым он екіде, кенжем сегіз жаста. Бірі Нигерияда, екіншісі Малавиде дүниеге келді. Туғаннан ағылшынтілді ортада өсіп-өніп келе жатқан олардың қазақшасы нашар екені айтпаса да түсінікті. Үйде олармен қазақша сөйлесуге тырыссаң да, бәрібір араласатын ортасының ықпалы орасан. Сол себепті балаларымыз қазақ екенін білсін, тілімізді үйренсін, дәстүрімізден жаңылмасын, келешегін Қазақстанмен байланыстырсын, ол үшін атажұртқа көшейік деген бастаманы бұрыннан айтып жүрген едім. Қуантарлығы, балаларым Алматыдағы ортаға тез үйреніп кетті. Тек аулаға шыққанда орысша сөйлейтін балалармен тіл табыса алмай жүргені болмаса, барлығы жақсы.
[caption id="attachment_162015" align="alignnone" width="1920"] Отбасы аясында[/caption]
– Отбасыңызды Қазақстанға көшіріп әкелсеңіз де, өзіңіз Мьянмарға барып келіп жұмыс істеп жүрсіз. Мұндай жағдайда жұмыс істеу қиын емес пе?
– Қазір үш ай Мьянмардағы кеңседе, екі ай Қазақстанда үйде онлайн форматта жұмыс істеймін. Осы жазда Мьянмарда үш ай жұмыс істеп, қазанда елге оралдым. Енді келесі апта тағы жолға шыққалы отырмын. Айта кетерлігі, Мьянмарда жағдай әлі түзелген жоқ, өңірдегі ахуал бұрынғыдан бетер шиеленісе түсті. Білуімше, соңғы сегіз айда ел экономикасы минус 18 пайызға дейін құлдырады. Қала іші тыныш, десе де ауылдық жерлерде тұрғындар әскерилерге қарсы жеке әскер құрып, аяусыз соғыс жүргізіп жатыр. Жұмыста да күн сайын бір проблема шығып, тосқауылдар пайда болады. Бір күні филиалдарға бомба түссе, екінші күні қызметкерлеріміз әскерилерге ұсталып қалып жатады. Келесі күні тағы бір қиындық туындайды. Осының барлығын реттеу менің міндетіме кіреді. Сондықтан бұған немқұрайлы қарай алмаймын. Елге келгенде таныстарымнан «Мьянмардан не іздейсің? Қауіпті ғой. Дұрысы, осы жерден жұмыс тауып алмайсың ба?» дегенді көп естідім.
[caption id="attachment_162019" align="alignnone" width="1920"] Шетелдік әріптестермен бірге[/caption]
– Расымен, өміріңізді қатерге тігіп, қарулы қақтығыстан көз ашпаған аймаққа екі ай сайын барып тұрғанша осында неге жұмыс істемеске? Сіз секілді теңдессіз тәжірибесі бар маманды елде қос қолдап демейді ғой.
– Білемін. Бірақ компания ашылған күннен бастап қарқынды жұмыстың басы-қасында болған соң барлығын орта жолдан тастап кеткім келмейді. Оған қоса, басшылық пен инвесторлар маған сенім артып отыр. «Қандай жағдай болса да қаймықпаңдар. Тіпті, болмай бара жатса тікұшақ жіберіп алдыртамыз» деп үнемі қолдап отырады. Содан соң «қуанышты сәтте қасымнан табыла білдіңіздер, бірақ сіздер осындай қиындыққа тап болғанда мен өз жөніммен жүре берейін, ренжімеңіздер» деп айтуға дәтім бармайды. Адамгершіліктен аттап кете алмаймын. Оның үстіне, қазір менің орныма басқа маман табу қиын, бұл лауазымға маман табу үшін кемі 3-4 ай уақыт кетеді. Оған қоса, қазір жұмыс қызып тұр. Бұрын бейбіт заманда жұмыс істегенде қызметкер түсінбеген сұрақты қасына барып түсіндіретін едім немесе бірге істей салатынбыз. Ал қазір онлайн форматта барлығын бақылап отыру қиын. Жоғарыда айтып өткендей, мен басшылық ететін бөлімде 600-ге жуық қызметкер еңбек етеді. Олардың алдында да жауапкершілікті сезінемін. Бірақ мен Мьянмарда мәңгілік тұрмаймын ғой. Ондағы дағдарыс үш немесе алты айға жалғасуы мүмкін. Әлбетте, барлығы түзелген соң Қазақстанда тұрақты жұмыс істегім келеді. Байқағанымдай, қазір банктердің мобильді қосымшаларын қолдану дұрыс жолға қойылған. Бірақ әлі де істелетін жұмыстар баршылық. Халықтың 70 пайызы тек бір банкпен жұмыс істейді. Бұл – үлкен қауіп-қатер. Қаржы көзін табуды білетін адамдар бір ғана банкпен жұмыс істемейді. Сосын біз тек кредит беріп қана қоймай, бизнес-жоспары бар клиенттерге түрлі мүмкіндік ұсынамыз. Елде де солай істеуге болады. Кәсіпкерлер кредит алуға қорқақтайды, ал кейбірі кредитті алып алған соң, тиімді жұмсаудың жолын білмейді. Осы және өзге сұрақтар бойынша бар білгенімді бөліскім келеді. Мьянмардағы жұмысты абыроймен аяқтаған соң мұны да іске асырармын. Бастысы, отбасым елге оралды, балаларым қазақтілді ортада өсіп жатыр. Әжем «қазақтан қыз ал, Қазақстанға бар» деп үнемі айтқандай, 15 жыл сыртта жүріп, атажұртқа қоныс аударғаныма қуаныштымын.
[caption id="attachment_162024" align="alignnone" width="1920"] Әжесі Моңғолияның Халық әртісі Қайжамал Бақышқызы және әкесі Мақсатпен бірге[/caption]
– Әже демекші, әжеңіз Моңғолияның Халық әртісі Қайжамал Бақышқызының өміріңізге тигізген ықпалы туралы жиі жазасыз. Соған қарағанда әжеңіз бауырына салып өсірген секілді ғой.
– Бізде әжелердің тұңғыш немерені бауырына басып, оны өз баласынан артық бағып-қағуында үлкен мән бар ғой. Осы дәстүрден аттап кетпеген ата-анам мені бір жасымда әжемнің бауырына салып берген. Сөйтіп, университетке оқуға түскенге дейін әжемнің қасында болдым. Әжем – 1940 жылы Баян-Өлгей аймағында ашылған қазақ театрына жұмысқа кірген тұңғыш актриса. 1982 жылға дейін сол театрда қызмет еткен, 10 жыл сол театрды басқарған. Бес жылдай уақыт Баян-Өлгей аймағының әйелдер кеңесіне басшылық еткен. Атажұрттан жырақ жүрсе де, қазақ мәдениетін, қазақ ұлтының құндылықтарын ту етіп, түрлі съезге қатысқан. Сәбит Мұқанов, Бибігүл Төлегеновалармен етене араласқан. 1960 жылы Моңғолияның Еңбек сіңірген әртісі атанды, кейін 2014 жылы Моңғолияның Халық әртісі атағына лайық деп танылды. 160 мыңнан астам қазақ тұратын Моңғолияда осы атақты иеленген жалғыз қазақ әйел – менің әжем. Ол кісі былтыр өмірден өтті. Десе де, артында қалған ұрпағы – біз ол кісінің есімін ұмыт қылмай, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу басты парызымыз деп санаймыз.
Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ