Шаруалар министрдің отставкаға кетуін талап етті

Шаруалар министрдің отставкаға кетуін талап етті

Шаруалар министрдің отставкаға кетуін талап етті
ашық дереккөзі

Нұр-Сұлтанда еліміздің әр өңірінен келген шаруалар ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің қабылдауында болып, оның отставкаға кетуін талап етті, деп жазды turkystan.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап. Елордада жиналған шаруа қожалықтарының басшылары өз талаптарын министрліктің басшысына тура айтқан. Олар жазғы құрғақшылыққа төтеп беру барынша қиын болғанын алға тартып, жергілікті шенеуніктер тарапынан қолдау болмағанын мәлімдеді.

«Сізге қызметіңізден кету керек. Ал орныңызға халық үшін жаны ашитын жақсы маман табу қажет. Ренжімеңіз, бірақ Маңғыстаудағы халық ашулы, жұмысыңызға қанағаттанбайды. Қыстың екі айы ғана қалды. Қолдан келетін көмегіңізді жасаңыз. Егер былтырғы жылмен салыстырсақ, Маңғыстауда малдың төрттен бір бөлігі ғана қалды. Қалған мал басы өлді немесе Ақтөбе мен Оралда сатылды десем, өтірік емес», - деді министрге Маңғыстау облысынан келген фермер Әділбек Сағындықов.
Сондай-ақ шаруалар қуаңшылық кезінде өлген малды қайта санауды талап етті. Олардың айтуынша, 1700 мал қырылды деген ресми мәлімет шындыққа жанаспайды. Қымбаттаған жемнің бағасына да шағым айтылды. Ең қымбат шөп - Маңғыстау облысында саудаланады екен. Егер бұлай жалғаса беретін болса, мал осы қыстан аман шықпауы да мүмкін. Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері шаруалардың келетінін білмеген. Оның үстіне министрдің отставкаға кету туралы талапты тыңдауды жоспарламаған. Дегенмен, министр айтылған барлық сынға қатысты тексерулер жүргізіп, мәселелердің шешімі табылатынын айтты.
«5 қаңтарда депутаттармен бірге Маңғыстау облысына арнайы комиссия жібереміз. Қаржыландыру мәселесін Қаржы министрлігімен бірге шешетін боламыз», - деп уәде берді Ербол Қарашөкеев.