Аустралия 2022 жылы Қытайдың Бейжің қаласында өтетін қысқы Олимпиада ойындарына АҚШ жариялаған дипломатиялық бойкотқа қосылды, деп хабарлады turkystan.kz «The Sydney Morning Herald» сайтына сілтеме жасап. Елдің премьер-министрі Скотт Моррисон Сиднейдегі баспасөз мәслихатында Аустралия атынан ресми өкілдердің қысқы Олимпиада ойындарына қатыспайтынын түсіндірді. Сонымен қатар, ел намысын қорғайтын құрама жоспарланған спорттық іс-шараларға қатысады. Скотт Моррисонның айтуынша, бойкот туралы шешімді үкімет Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы болжамды адам құқықтарының бұзылуына, сондай-ақ, Қытайдың Аустралияның ішкі істеріне араласуына және бірқатар басқа да мәселелерге байланысты қабылдаған. Сондай-ақ, шенеунік Бейжіңнің кезінде елге қарсы жариялаған сауда санкцияларын да ұмыт қалдырған жоқ. Еске сала кетсек, 6 желтоқсан күні АҚШ билігі 2022 жылғы қысқы Олимпиадаға дипломатиялық бойкот жариялаған болатын. Бұл ресми тұлғалардың ойындарға барудан бас тартуын білдіреді. АҚШ-тан кейін Жаңа Зеландия билігі де XXIV қысқы Олимпиада ойындарына қатысудан бас тартты.
Жүктелуде...