Теріскейде отандық телеарналар қолжетімсіз

Теріскейде отандық телеарналар қолжетімсіз

Теріскейде отандық телеарналар қолжетімсіз
ашық дереккөзі
Солтүстік Қазақстан облысының Ресеймен шекаралас орналасқан ауыл тұрғындары отандық телеарналарға зәру. Әсіресе, егде жастағы адамдар қазақша телебағдарламаларды тамашалап, ұлттық ән-күй тыңдағысы келеді. Алайда, оның бірі жоқ болғандықтан көрші елдің телеарналарын тамашалауға мәжбүр, деп жазады turkystan.kz. Биыл ақпан айында Солтүстік Қазақстан облысында аналогтік телевизия толығымен өшіріліп, цифрлық эфирлік телевизия іске қосылған-ды.  Сол кезде цифрлық эфирлік хабар тарату облыс орталықтарында 30, ауылды жерлерде 15 телеарнаны абоненттік төлемсіз тегін тамашалауға мүмкіндік береді делінген болатын. Бүгіндері шекара бойында орын тепкен ауылдарда «Қазақстан», «Хабар», «Хабар 24», «Балапан», «Еларна», «Абай ТВ», «Евразия» телеарналары көрсетеді. Ал кейбір елді мекендерде ол да жоқ. Бұларға эфирлік арналарды қарауға техникалық мүмкіндік жоқ. Бір ғана жолы – «Отау ТВ» спутниктік телевизия жүйесін орнату. Оның сигналы әлдеқайда қуаттырақ. Онда 49 қазақстандық телеарна бар. Бірақ қондырғының өзі үшін және орнату үшін ақша төлеу керек. Ресеймен шектесетін Мамлютка, Пресновка, Булаев сияқты аудан орталықтары мен осы аудандарға қарайтын кішігірім ауылдардың барлығы да шетелдік телеарналарға телміріп отыр. Ресей стансаларының қуаты біздің аймаққа тереңнен енгізілген. Ресми дерек бойынша, Қызылжар өңірінде цифрлық телевизиямен қамту көрсеткіші 98 пайызды құрайды. Бірақ эфирмен қамтылмаған 2 пайыздың ішінде шекаралас ауылдар ескерілмеген. Олардың бір бөлігі «сенімсіз қабылдау аймағында» орналасқан деп есептеледі. Ал қалғаны ойлы-қырлы аймақта орналасқандықтан, станса сигналын қабылдай алмайтын Айыртау және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарға қарасты ауылдар. Ондағы ағайын теледидарды «Отау ТВ» арқылы ғана қарай алады. Ресеймен шекаралас ауылдар тұрғындары тығырықтан шығу үшін «Отау ТВ» спутниктік телевизия жүйесін қосыла алады. Бірақ, бұл ауылдықтар үшін қосымша шығын – 35-40 мың теңгенің ар жақ-бер жағы. Екінші жолы – «Қазақтелеком» АҚ-ның кеңжолақты интернеті арқылы «ID TV» қызметіне қосылу. Бірақ Ресейдің интернетіне тәуелді болып отырған шекаралас ауыл тұрғындары үшін бұл да мүмкін емес.