Ғылымға арналған ғұмыр

Ғылымға арналған ғұмыр

Ғылымға арналған ғұмыр
ашық дереккөзі
51244
Ғұлама ғалым әл-фараби: «Ғылымның сарайына кіретін адамның ары таза, жан иманы кәміл, пейілі тура болуы керек. Ондай бола алмайтын адамдар өзін де, өзгені де былғамай, ғылымнан аулық жүру керек» деген екен. Міне, осы сөздер Мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрыновқа арналып айтылғандай көрінеді. Өйткені ғұлама ғалымның сипаттамасында келтірілген ғылыми-тұлғалық қасиетті ғалымның бойынан көреміз. Академик М.Жұрынов туралы айтыла қалғанда, оның халықаралық университеттің тұңғыш ректоры, ғылыми зерттеу институтының директоры, Білім ми­нистрі лауазымдарынан бөлек, әлемдік деңгейдегі ғы­лым қайраткерлігіне, академик екеніне ерекше екпін түсіре айтылуының өзіндік себебі де бар. 700-ден астам ғылыми еңбек, 20-ға жуық монографиялық зерттеу мен 100-ден астам куәлік және патенттердің иесі атану жолында еткен еңбек, төккен тердің нәтижесінде ғана мүмкін болатынын бағамдауға болатын сияқты. Бұдан бөлек ғылыми-педагог кадрлар даярлаудағы еңбегі өз алдына бір әңгіме. Тек қырыққа жуық докторлық және кандидаттық диссертацияларға жетекшілік еткенін тілге тиек етсек те жеткілікті. Жастайынан химия мен физика пәніне жақын болуы – физикалық химия ортасында бо­латын хи­мия­лық реакциялар электр тоғының күшімен жүр­гізілетін электрохимия мамандығына деген қы­зығушылығын оятқан болар. Ғылымға деген құштарлық жас ғалымды Мәскеудегі Д.Менделеев атындағы Химия-технологиялық институтының аспирантурасына алып келді. Ғылымдағы алғашқы қадамы екінің біріне бұйыра бермейтін әлемде өзіндік орны бар мәскеулік ғылыми орталықтан басталуының өзінде үлкен мән бар сияқты. «Бас­талған істің нәтиже беріп, баянды болуы қалай бас­талуына байланысты» деген пәлсапаға иек артсақ, Мұрат Жұрынұлының жүріп өткен жолына көз жібере отырып, айтылған даналық сөздің дәл әрі дөп екенін байқағандай боламыз. Ғалымның ғылыми еңбектерге талдау жасау, зерттеу болжамдарын айқындау, зерттеу әдістері қа­жетіне қарай қолдану және жаңа тұжырымдар ұсыну бойын­ша жинаған студенттік тәжірибелер кандидаттық, док­торлық диссертацияларын жазу барысында көп сеп­тігін тигізгенін айтсақ, артық болмас. Өзіне мақсат қоя біліп, оның орындалуына ерекше мән беретін, қай мә­селені қолға алса да , ауқымды аумағымен, түбегейлі-түп­кілікті тексеріп, тұшымды тұжырым жасай білетін зеректігімен, білімділігінің арқасында қырыққа жетпей-ақ ғылым докторы дәрежесіне ие болды. Ғалымның аса бір ыждаһаттап қарастырған, тиянақты да терең талдап жаратылыстану ғылымдарының әр саласына жүргізген зерттеулерінің ішінде электрохимия бойынша өзінің айтар ойы, терең тұжырымдамасы бар ғалым екенін сала мамандары ерекше құрметтейді. «Әртүрлі табиғи қо­сылыстар негізінде фармакологиялық активті зат­тарды электросинтездеу» атты докторлық дис­сер­тациясына көрнекті ғалымдардың берген бағасына қарағанда, түрлі-түрлі табиғи органикалық заттардан өте қажетті дәрілер мен жаңа биологиялық активті заттарды синтездеп алудың жолын ұсынған және өзінің терең ғылыми зерттеулерімен биологиялық активті заттарды электросинтездеудің жаңа жолдары мен жаңа тех­нологияларын жасаған. Сондай-ақ ғалымның негізгі еңбектері фосфор өндірісінің қатты және сұйық қал­дықтарын электрохимиялық қайта өңдеу, әртүрлі металл фосфидтерін электрохимиялық жолмен алу, табиғи дәрілік заттарды өсімдіктерден электро­хи­мия­лық экстракциялау, темір, мыс және кобальт фос­фидтерін алудың жаңа әдісін жасау сияқты өте өзекті мә­селелерге арналған. Ғылым мен білім тізгінін тең ұстаған академик М.Жұры­новтың Елбасының бастамасымен ашылған Халықаралық қазақ-түрік университетінің құрылуы, қалыптасуы мен дамуындағы аңызға бергісіз қа­жырлы еңбегіне арнайы тоқталмай-ақ, ел Тәуел­сіздігімен бірге түлеген жоғары білім ордасының түркі әлемінде халықаралық мәртебеге ие университет екені әрі академик М.Жұрынов түркі әлеміндегі танымал тұлғаға айналғанын айтсақ та жеткілікті болар. Со­нымен бірге Білім министрі лауазымында болған кезде жоғары білім сапасын қамтамасыз етуде қатардағы оқытушыдан сатылап ректорлыққа дейін көтеріліп, уни­верситеттік білімді, әлемдік білім және ғылым қауым­дастығына кіріктіру (интеграция) жолында жи­нақтаған мол тәжірибесі де кәдеге жарағаны рас. Тәуел­сіздік алған алғашқы жылдардағы білім беру жүйесін жетілдіріп, бұрынғыдай Мәскеуге жалтақтамай, өзіміз ойлағандай етіп, ел дамуына әсер ететін заңнамалық құ­жаттар әзірлеу оңайға соқпағанын көзі қарақты оқыр­ман жақсы біледі деп ойлаймыз. Тәуелсіз Қа­зақстанның білім және ғылым жүйесін жаңғыртуда қол­ға алынар қомақты істер қажеттігі туындаған тұста, ми­нистр М.Жұрынов Қазақ-түрік университетінің дәре­жесін халықаралық мәртебеге көтеру барысында «аузын айға білеген» әлемнің алпауыт мемлекеттері ун­и­верситеттеріндегі білікті басшылармен байланысын ұтымды пайдалана білді. Әлемдік білім трендтерді табысты меңгерген ол ел дамуының басым бағыттары бо­лып айқындалған білім және ғылым жүйесін жаң­ғыр­туға жанын салып кіріскенін көз көргендер әлі бүгін­гі күнге дейін аңыз қылып айтып жүр. Жалпы, реті келген соң айтып жатқанымыз ғой, бол­маса бұл мақаламызда сан қырлы ака­де­мик М.Жұрыновтың ғалымдық бір қырын ғана айтуды мақсат еткен едік. Ғылым дегеннен шығады, адамның білім алуын, жүйелеу мен тексеру бағытындағы қыз­метінің түрін өзіне бағдар етіп алып, негізгі мақсаты ақи­қатқа жету және табиғат, қоғам, ойлау заңды­лық­тары, танымның өзі туралы нағыздықтың объективтік заң­дылықтарын ашуды көздеген ғылым жолын таң­даған ғалым туралы тереңінен толғансақ... Қандай қызметте болмасын, ғылым мәселесі әр­қашан ойда жүретін ғалым Қарағанды мемле­кет­тік университетінің ғылым жөніндегі проректоры бол­ып тағайындала сала жоғары оқу орнының ғылыми әлеуетін арттыруда бел шешіп кірісіп кетеді. Ол кездегі саусақпен санарлық ғылым докторларының бірі ретінде өзінің ғылыми-зерттеу бағыты бойынша ғылыми мек­теп қалыптастырып та үлгереді. Жеке электрохимия кафедрасын ашып, білікті ғылыми-педагогтік кадр дайындау ісіне айрықша атсалысып, университет қабырғасында докторантура ашуға бастамашылдық жасап, оны іске асырады. Тек елімізде ғана емес, Кеңес Одағы ғалым­дары­ның ара­сында бедел биігіне көтерілген академик М.Жұрынұлы Қарағанды қаласындағы Органикалық син­тез және көмір химиясы ғылыми-зерттеу инсти­туты­ның директоры болып тағайындалады. Қандай қыз­метте болмасын, істің бабына барып тиянақ­ты­лықты, нәтижелікті, тиімділікті ойлайтын бірінші бас­шы ғылыми зерттеу институтының жұмысын же­тілдіріп, материалдық-техникалық базасын нығайтып, елі­міздің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылым­ның үлесін еселейтін ғылыми зертханалар мен инф­ра­құрылымдар ұйымдастырып, өндірістік аймақтың эко­логиялық мәселелерін шешуге бағытталған ғылыми зерт­теулер мен монографиялық еңбектердің көптеп жарық көруіне жол ашады. Аз уақыт ішінде ғылыми инс­титут еліміздің алдыңғы қатарлы ғылыми ұйымына ай­налады. Иә, шынында ұстазым, академик Шора Сары­баевтың: «не сиқыры барын қайдам, әйтеуір, Мұрат Жұры­новтың қолы тиген жер жайнап шыға келеді» де­ген сөзі осындайда ойға оралады... Әрқашанда жаңалыққа жаны құмар жаңашыл академикке отандық ғалымдар үлкен сенім артып, 2003 жылы Ұлттық ғылым академиясының пре­зиденті етіп сайлайды. Баламалы негізде сайлауға түсіп, айқын басымдықпен жеңіске жеткен ғалымды тағы да үлкен сынақтар күтіп тұрған еді. «Бұл ән, бұрынғы ән­нен өзгерек» дегендей, бұл академия бұрынғыдай мем­лекет қаржыландыратын, ғылыми қызметкерлеріне ке­сі­м­ді (оклад) еңбек ақысы төленіп отыратын, қырық­тан астам ғылыми зерттеу институты бар мекеме құқы­ғынан айырылған ғылыми ұйым болып қайта құрылған болатын. Ұлттық ғылым академиясының жаңа мәртебесі академик М.Жұрыновтың «жігеріне құм құйып», мойыта алмады. Ғұмырын ғылымға арнаған ғалым бұл жауапкершіліктің де ауыр жүгін нық сеніммен арқалап, істің көзін тауып, ғылыми ортаның құрметіне бөлен­генін айтқанымыз абзал. «Ғылым туралы» жаңа заңның талаптарына сәйкес, ғылым мен жоғары білім интег­рациясын игеру мақсатында академияның бөлімдерін Ұлттық университеттер жанынан жасақтады. Бұл қадам ғалымдардың жоғары оқу орындарында дәріс оқып, қосымша еңбекақы алуға, академияға университеттер тарапынан қаржылай көмек көрсету мүмкіндігіне жол ашты. Ғалымдардың еңбектерін жариялау, оларды наси­хаттауда да ақпарат құралының рөлі зор екені бел­гілі. Со­нау кеңестік кезеңнен тұрақты түрде шығып ке­ле жат­қан, әлемнің 73 еліне тарайтын сегіз ғылыми жур­нал­ды қаржыландыру мәселесі академиктің атса­лысуы­мен мемлекет басшылығынан қолдау тапты. Қазір осы журналдардың төртеуі – «ҚР ҰҒА Хабаршысы», «ҚР ҰҒА Хабарлары. Химия және технологиялар серия­сы», «ҚР ҰҒА Хабарлары. Геология мен техникалық ғы­лымдар сериясы» және «ҚР ҰҒА Хабарлары. Физика-мате­матика сериясы» Clarivate Analytics халықаралық мәлі­меттер база­сына кірген Орталық Азия мемлекеттерінің ішін­дегі жалғыз ел Қазақстан екені көңіл қуантады. Ұлттық ғылым академиясының жаңа даму жолын айқындағанда француз моделінде қарас­тыруды мақсат етіп алған академия басшылығы ұзақ­мерзімді жоспарлар әзірледі. Әрине, мемлекеттің дамуы өндіріс салаларын қарыштап дамытуға байланысты екені белгілі. Сондықтан да ғалымдардың Қазақстандағы табиғи байлықтарға байланысты геология, металлургия, химиялық технология, аграрлық сектор және жараты­лыстану ғылымдар салаларындағы зерттеу жұмыстары өз жемісін беріп келеді. Еліміздегі классикалық ғылым ордасының бас­шысы ретінде академик М.Жұрыновпен еліміздің эко­номикасының дамуына ғылым үлесін арттыру жө­нінде болған әңгімеден түйген ойларымызды ортаға сала кеткенді жөн көрдік. Жалтақтауға, жалпақтауға жаны қас, өзінің азаматтық көзқарасын тайсақтамай тіке айтатын, пайым-парасаты мол, тағылымдыққа толы тұнық тұжырымдарынан бір-екі мысал келтіре кетсек. «Ұлттың жойылуы ғылымның күйреуінен басталады», «Білім мен ғылым деген бір - біріне ұштасып жатқан дүние», «Ғылым абыройын шынайы ғалымдар ғана көтереді», «Ғылым барлық уақытта шындықты іздейді», «Ғылым дамуы үшін алдымен тазалану керек», «Ғылымсыз ешқандай мемлекет өспейді», «Ғылымсыз қоғамда болашақ болмайды» деген сияқты қанатты сөздерге айналып кеткен, әр кездері еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбаттарындағы сүбелі сөздеріне қарап-ақ, ғалымның кемел білімінен, ғалымдық ғибратынан нәр алғандай боламыз. «Әлемдік дамыған елдердегідей ғылымға деген көз­қарас қалыптастыру біздің елімізде де қолға алынып ке­леді. Бізде ғаламдық ғылыми жаңалықтардан шет қал­май, ғылыми-инновациялық жолмен ел эконо­ми­касын дамыту ісіне ғылым үлесін қосу жолында барлық күш-жігерімізді аямауымыз керек» деген Мұрат Жұрынұлының ойын ел оқымыстылары қолдап отыр­ғаны отандық ғылымның ертеңіне деген сенімнің мол еке­нін көрсетсе керек. Сондай-ақ Түркі әлемі ұлттық ғылым академиялар одағының тұңғыш отырысында осы одақтың төрағасы болып қазақстандық ғалым, академик Мұрат Жұрынұлының сайлануы еліміздің ғылымына көр­се­тілген құрмет деп бағалауға әбден болады. Әлемдік ака­демиялар арасындағы әріптестік еліміздің ғылыми әлеуе­тін арттыруға мол мүмкіндік тудырып келеді.

Кәрімбек ҚҰРМАНАЛИЕВ, Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор

Серіктес жаңалықтары