Жаңалықтар

«Кешірім де сұрамады»: Аяжан Еділованың өліміне күдікті өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Алматыда Аяжан Еділованың өліміне қатысты басты сот отырысы өтті. Қалалық соттың хабарлауынша, атышулы істі судья Еркін Майшынов қараған, деп хабарлайды turkystan.kz astanatv.kz-ке сілтеме жасап.

Отырыста прокурорлар айыптау актісін оқыған, бір куәгерден жауап алынған. Марқұмның туысқан әпкесінің пікірі тыңдалған. Жәбірленуші тараптың қорғаушысының айтуынша, сот процесіне дейін айыпталушы жақтан ешкім келмеген. Күдіктінің өзі жәбірленуші жақтан  кешірім де сұрамаған. Сонымен қатар қорғаушы айыпталушыны қылмысы үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру қажет дейді.

– Адам өлтіргені үшін  максималды жаза 20 жыл болса, адам зорлағаны үшін – 12 жыл. Біздің қылмыстық кодексте бір тәртіп бар.  Егер барлық қосылған  қылмыстың жауапкершілік санаттары 25 жылдан асатын болса, оған иә 25 жыл беріледі, иә өмір бақи бас бостандығынан айрылады. Жеке басым өмір бақи бас бостандығынан айыруын сұраймын, – дейді ол.

Қорғаушы Қадыржан Ғалымжанұлының айтуынша, атышулы іс шамамен 1 жылдай қаралады. Ендігі сот отырысы 3-ші желтоқсанда өтеді. Айта кетейік, дүйім елді дүр сілкіндірген оқиға жарты жыл бұрын болған. 19 жастағы Аяжан кешкі уақытта жұмыстан шығып, үйіне қайта оралмаған. Араға екі күн салып оның бөлшектелген денесі Нұркент ықшамауданындағы пәтерден табылған. Күдікті ретінде Түркістан облысының 28 жастағы тұрғыны ұсталған болатын.

Back to top button