Жаңалықтар

Рақымшылық: Қанша адам түрмеден босатылады?

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған амнистия бойынша қай санаттар және қанша сотталушы босатылатынын айтып берді, деп хабарлайды turkystan.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, азаматтарға және жалпы мемлекетке қауіп келтірмейтін қылмыс жасаған адамдарға амнистия жасау шешімі қабылданған еді. ҚР Ішкі істер министрлігі «Рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының заң жобасын қоғам талқылауына ұсынды.

«Рақымшылыққа орташа және жеңіл қылмыс жасаған адамдар ілігеді. Сосын кәмелет жасына толмағандар, кәрілік жасына жеткендер, І, ІІ топтағы мүгедектер мен жүкті және кәмелетке толмаған балалары бар әйелдер санаты нақты бекітілген», – деді Е. Тұрғымбаев Хабар телеарнасындағы «Ұлттық мүдде» бағдарламасында.

Министрдің айтуынша, рақымшылықпен мыңға жуық сотталушы мен пробациялық бақылаудағы 3 мыңнан адам босатылады.

«Сонымен бірге, бұл рақымшылықтың екінші бөлігі – жаза мерзімін азайтуға арналады. Осылайша, жаза өтеу орындарындағы 1300 адамның және пробациялық бақылаудағы 7 мың адамның жаза өтеу мерзімі азайтылады. Оның ішінде кәмелет жасына толмаған 12 сотталушының да мерзімі азаяды. Және үшінші бөлік – өндірістегі қылмыстық істерге қатысты болмақ. Қазіргі уақытта 5 мыңға жуық қылмыстық іс қаралып жатыр және рақымшылыққа сай келетін баптар бойынша 316 адам қамауда отыр. Олар өз айыбын мойындап, рақымшылыққа өтінім бере алады. Ал егер өздерін жазықсыз деп санаса, тергеу амалдары әрі қарай жалғасады», – деп түсіндірді Е. Тұрғымбаев.

Back to top button