Жаңалықтар

Риддерде өрттен зардап шеккен отбасылар жаңа баспанаға көшті

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында өрттен зардап шеккен отбасылар жаңа үйлерге көшті.

ШҚО ақпарат орталығының мәліметінше, жаңа «Ботаника» шағын ауданында 32 үй салынды. Осыдан екі жарым ай бұрын үйі отқа оранған азаматтар бүгінде жаңа баспанасының кілтін алып отыр.

«Өңірдің құрылыс компаниялары үйлерді қысқа мерзім ішінде салып бітті. Олардың әрқайсысында заманауи жылыту пештері мен ас үй гарнитуралары орнатылған. Бізге көмек көрсеткен барлық адамға үлкен рахмет айтқым келеді», – дейді орман өртінен зардап шеккендердің бірі Анна Исенева.

Құрылыс компаниялары балалар мен спорт алаңдарын, оның ішінде футбол алаңын да салған. Орталық жарықтандыру, үйлерге асфальтталған жол жүргізілді. Автобус аялдамалары да орнатылды. Жаңа шағын ауданға екі көпбалалы отбасы қоныстанған.

Шағын ауданның құрылысы алдағы уақытта да жалғасады. Жоспар бойынша биыл тағы 110 үй салу үшін учаскелер бөлінбек.

Естеріңізге сала кетсек, биыл 10 мамырда ШҚО-дағы Риддер орман шаруашылығында өрт шықты. Дала өрті 310 гектар аумақты шарпып, 1 адам қаза тапты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өрттен зардап шеккен Лесхоз кентінің тұрғындарына көмек көрсетіп, баспанамен қамтамасыз етуді тапсырған болатын.

Back to top button